Тікелей эфир

Шымкентте сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа наркозсыз ота жасалды

Дәрігерлер командасы
Дәрігерлер командасы
Бұл – Шымқалада мұндай сырқат түріне жасалған алғашқы күрделі ота.

Шымкенттегі №2 қалалық аурухана базасында тың әдіспен жасалған операция кезінде хирургтер наркозды қажет етпейтін және асқынуларға әкелмейтін хирургиялық ем тәсілін қолданды, деп хабарлады Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы. 

Биылғы 21 қыркүйекте аталған ауруханаға 1986 жылғы науқас келіп түскен. Ол сүйек буындарының ауырсынуы, дене бітімінің кішіреюі мен бойының шөгуіне шағымданған.  

Онымен қоса, науқас бүйректің созылмалы сырқатының салдарынан 9 жыл бойы гемодиализ қабылдағаны белгілі болды. Ал тексеру барысында, сондай-ақ науқаста кальций-фосфор алмасу процесі бұзылғаны анықталған. Осыған орай, шұғыл арада дәрігерлер консилиумы құрылып, науқасты аман алып қалу үшін дәрігерлер күрделі ота жасауға шешім қабылдаған.

№2 қалалық аурухана базасында науқасқа қалқанша маңы безі артерияларының эмболизация отасы жасалынды. Операция сәтті аяқталып, соның нәтижесінде науқастың ауырсынуы басылған.  

"Операциядан кейін науқастың сүйек буынындағы, қанындағы парат-гормон деңгейі 7 күнде 1733 пг/мл-ге дейін төмендеді және одан да төмен түседі деп отырмыз. Сондықтан науқас қатаң бақылауға алынып, әр аптада қанына анализ жасалады. Бір науқастың өмірін аман алып қалу үшін бірнеше дәрігер бірігіп, бір команда болып жұмыс істедік", – деді дәрігер-нефролог Мадияр Қыстаубаев.  

Консилиум құрамында білікті дәрігерлер – №2 қалалық ауруханың бас дәрігер орынбасары А. Жакибаев, нефрология бөлімшесінің меңгерушісі, м.ғ.к. Ж. Рсалиева, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс нефрология бойынша бас маманы М. Қыстаубаев және нефрология бөлімшесінің дәрігерлері Р. Кенешбаева мен П. Мирзаханов болды.

Дереккөз: Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары