Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шағын жинақты мектептерді есептемегенде, барлық сыныпты қашықтан оқыту жолдарын қарастырған дұрыс деп ұсыныс айтты:

"Мектепте дәстүрлі оқытуды бастау – балалар арасында ауру жұқтыру деңгейін арттырып, вирустың мектептен тыс таралуына себеп болуы мүмкін. Жыл сайын респираторлық вирусты инфекция жұқтыратындардың 70 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. ЖРВИ-дің маусымдық деңгейде артуы мен коронавирус инфекциясы бойынша жағдайдың күрделілігіне байланысты жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында шағын жинақты мектептерді есептемегенде, барлық сыныпты қашықтан оқыту жолдарын қарастырған дұрыс деп есептеймін".

Оқи отырыңыз: Мектеп формасы, қашықтан оқу, электронды оқулықтар. Жаңа оқу жылында оқушылар қалай білім алады?

Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әріптесінің ұсынысын қолдай отыра, биылғы оқы жылы қалай болатынына түсініктеме берді. Оның айтуынша, бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтінішімен қатаң санитарлық талаптарды сақтай отыра кезекші сыныптар ашу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл шара бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігіне байланысты қолға алынып отыр. Бұл ретте балалар тек бір кабинетте білім алады. Ал әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету үшін бір ауысымдағы топта 10-15 бала ғана білім алатын болады және кей пәндер қашықтан оқытылады.

"Шағын жинақты ауыл мектептерінде балалар мектепке келіп білім алады. Бұл республика бойынша барлық оқушылардың 4 пайызы. Мұндай мектептер саны 1 934 болса, оларда 127 мың бала білім алады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Педагог жалақысы, бір ауысымды мектеп, оқулық сапасы. Білім берудегі күрмеулі мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Дегенмен, эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқу жүйесі бірте-бірте аралас (қашықтан оқу және мектепте білім алу) жүйеге қайта көшуі мүмкін. Бұл бойынша министрліктің стратегиясы әзір.

Премьер-министр Асқар Мамин министрлердің мәлімдемелерінің қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігіне, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне және өңір әкімдіктеріне қашықтан оқу жүйесіне дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

11 шілдеде журналистермен кездесуінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы жаңа оқу жылында білім берудің үш нұсқасы қарастырылып жатқанын айтқан еді.