Informburo.kz денсаулық саласы мамандарына күрделі кезеңде түрлі қиындықтарды еңсеруге арналған нақты практикалық кеңестерден тұратын "Мамандарға қамқорлық. Қиын кезеңге практикалық кеңестер" кітабының мәтінін ұсынады.

Кітаптың алғашқы бөлімін төмендегі сілтеме арқылы өтіп оқуға болады:

"Өзіңізге де, өзгелерге де қамқор болыңыз". Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге арналған 84 практикалық кеңес

Екінші бөлім. Кризистің бел ортасында не істеу керек?

Дұрыстап дайындалдық, қысылтаяңда қалай әрекет ететінімізді, нені жақсырақ істеуіміз керек, нені істемегеніміз жөн екенін анықтадық. Бірақ оның өзі жеткілікті болмауы мүмкін. Сол жағдайдан аса қиналмай өту үшін тағы не істеуге болады?

Жағдай өзіңіз үшін тым ауыр болып кеткенде не істеуге болады?

№27. Өзіңізді сақтаңыз

Ең алдымен өзіңізге қамқор болсаңыз ғана өзгелерге қамқорлық көрсете аласыз. Мұны ары қарай түсіндірудің қажеті жоқ шығар. Ұшақта төтенше жағдай бола қалса, өзгелерге көмектесу үшін оттегі маскасын алдымен өзіңіз киіп алуыңыз керегін білесіз ғой.

№28. Өзгелерге қарайлай жүріңіз

Әріптесіңізден жағдайы жақсы ма, көмек керек емес пе деп сұрап тұрған дұрыс.

№29. Көмек, қолдау сұрауға арланбаңыз

Қиналған сәтте көмек сұрай білген маңызды. Орныңызды ешкім баса алмайды деп жанталасып, күйіп кетсеңіз, ешкімге керегіңіз болмайды. Көмек сұрауды кеңірек те қарастырсаңыз болады: жаратушыға жалбарынып дұға тілеңіз, қиын-қыстау кезеңде көмек сұрап басшылыққа жүгініңіз.

№30. Жақынырақ болыңыз

Қазір физикалық контакт жасауға болмайтын кезеңде, қатар тұрып, бір-біріңіздің көзіңізге қарасаңыздар да болады. Көзқарас арқылы жүрегіңіз жақын екенін, өзгелерге жаныңыз ашитынын көрсете аласыз.

№31. Әзілдей біліңіз

Ең алдымен өзіңізге де, өзгелерге де, жағдайға да күле қараңыз. Қиын жағдайға күлкі қаруға айналып, жанымызды тыныштандыра алады.

№32. Өзгелердің теріс энергиясына қарсы тұрыңыз

Эмоция да жұғады. Әлдекімнің не әлдебір жағдайдың энергиясы сізге көмектесетінін сезесіз бе? Олай болмаса, ондай адамдардан аулақ жүріңіз немесе олардың қатынасы мен мінез-құлқы туралы сөйлесіп көріңіз. Скептицизм ("ой көрдік қой"), цинизм ("айтпап па едім") немесе өзін-өзі ақтап алуға ұмтылу ("мен үкімет емеспін ғой") үміттен айырады, ал үміт – бізге қазір бар керегі.

№33. Әріптестеріңізбен сөйлесіңіз

Әріптестеріңіз негатив ахуалға түсіп кетсе, тым өсекшіл болып кетсе және бір-біріне теріс ықпал ете бастаса, олармен сол туралы сөйлесіңіз. Бұл өсектен не пайда бар деп, жұмысқа қайта кірісуге дайын ба, қашан кірісе алатынын сұраңыз. Әріптестеріңізге қандай да бір көмек, қолдау керек пе және сіз сол қолдауды көрсетуге жарайсыз ба деп байқап көріңіз. Әрине, өсек өзге дүниеден алыстап, тынығуға септігі тиюі мүмкін, алайда жағдайды ушықтырып, негатив ахуалды одан бетер қиындатып жатқан жоқ па, соған көз жеткізіңіз. Біртұтас дүниенің ары қарай дұрыс қызмет етуіне әрқайсымыз жауаптымыз. Өзгелерге қамқор болғанды мойнына алған әдетте дұрыс бола бермейді, алайда қиын-қыстау кезде оның көмегі зор.

№34. Жағдайға сырткөз ретінде қараңыз

Соның арқасына жағдайды сырттан көріп, бағалай аласыз. Ол сіздің сол жағдайдағы өз әрекетіңізді көзге елестетуге мүмкіндік береді. Кейде сол қашықтықты ұстана отырып, перспективалық көзқарасқа оралуыңыз керек болады.

№35. Ас пен су

Бір адамдар қиын жағдайда тамақты көп іше бастаса, енді бірі мүлде ас пен судан қалады. Бұл жағынан өзіңіз үшін баланс ұстанғаныңыз жөн.

№36. Ойын ойнаңыз

Ойын тыныштандырып, тынықтырады. Өз бетіңізбен не тағы бір адаммен ойнауыңызға болады. Бірге ойнаған көңілдірек әрі ойыңызды жұмыстан басқа жаққа бұрады.

№37. Жазып жүріңіз

Істегелі жоспарлап жүрген ісіңізді күнделікке жазып қоюды ұмытпаңыз.

№38. Өмірді қиындатпаңыз

Төзуге болмастай көрінген кезеңде өмірді не оңай не қиын ете аласыз. Стакан жартылай толып тұр, не жартылай бос дегенді еске алыңыз. Өмірді оңай, жеңіл етіңіз. Жағымды ойлап жүргеннің өзі түптің-түбінде сізге көбірек көмектесуі мүмкін. Әрине, осы жолда туындайтын прблемаларды және олардың салдарын мойындамау туралы айтып отырғанымыз анық. Бірақ, позитив күйді ұстансаңыз, әріптестеріңізбен де араңыз жақсарып, қиындықты оңай еңсеруге жетелейтіні де анық.

№39. Тыныс алу жаттығуын жасаңыз

Тынышталып, тынығудың жақсы бір тәсілі - 3*5 тыныс алу техникасы: терең тыныс алып, деміңізді беске дейін санап ұстап тұрып, шығарыңыз. Осыны 5 минут бойы қайталаңыз. Уақытты өлшеуге смарт-сағатты пайдалансаңыз болады. Ал бұдан өзге де тыныс алу мен тынышталуға алуан түрлі жаттығулар бар.

№40. Ұқсастыру/бөлектеу жаттығуы

Бұл жаттығу не істеп жүргеніңізді, сезгеніңіз бен ойлағаныңызды бақылау әрекетін қайыра өз ішіңізге бағыттайды. Жаттығуға 5 минут бөліңіз. Көзіңізді жұмып, бірнеше рет терең тыныс алыңыз. Назарыңызды бір нүктеге жинақтаңыз. Өн-бойыңызды төбеңізден табаныңызға дейін "скандап" шығыңыз. Өзіңізден "Жағдайым қалай?" деп сұраңыз. Содан кейін өзіңізге "Менің тәнім бар, бірақ мен тән ғана емеспін" деңіз. Енді назарыңызды денеңізден бұрып, сезімдеріңізге шоғырлап, өзіңізден: "Қай сезім алдыңғы қатарда, қай сезім кейінгі орында?" деп сұраңыз. Сол сезімдерді бақылап көріңіз, бірақ сынап, сөкпеңіз. Өзіңізге: "Менің сезімім бар, бірақ мен сезім ғана емеспін". Енді ойыңызды тура солай "скандап", өзіңізге: "Менің ойым бар, бірақ мен ой ғана емеспін" деңіз. Содан соң тыныштыққа қосылып, сіз – ғаламның бір бөлігі екеніңізді және жалғыз емес екеніңізді еске алыңыз. Сәл тынығыңыз. Бірнеше рет терең тыныстап, көзіңізді ашып, жұмысқа оралыңыз.

№41. Дыбыс

Айналаңыз у-шуға толып, мазаңызды ала бастаса, тіпті соған шыдамай бара жатсаңыз, өзіңізді шыны ыдыстың ішінде жүрмін деп елестетіңіз. Ол шыны ыдыс үнемі сізге ілесіп, айналадағы беймаза шудан қорғайды. Дыбыстар толастаған жоқ, бірақ енді олар сіздің шыны құтыңыздың сыртында, ал құтының іші тыныш. Сырттағы дүние азан-қазан, іші – тыптыныш.

№42. Ісімізді ойымыз анықтайды

Жанымызды жабырқатып, мұңға батыратын не? Ол нәрсеге ықпал ете аламыз ба? Осы жағдай туралы ойларыңыз мұңайта ма әлде сезімдеріңізді сол ой оята ма, әлде керісінше ме? Әдетте сырттағы жағдайға ықпал ете алмаймыз, бірақ оған қандай жауап реакция көрсетіп, өз бойымыздағы соған сай болып жатқан процестерді бақылай аламыз. Бұл оңай емес, бірақ осы кітапшадағы кеңестердің пайдасы болуы мүмкін. Мысалы, ешқандай көмегі жоқ ойлардан арылыңыз. Жағдайдың еркіне беріліңіз. Болары болсын. Санаңызды басқа жаққа бұрып, өзге нәрселерді ойлағаныңызға көз жеткізіңіз. Қобалжи бергеннің пайдасы жоқ. Айталық, ұқсастыру/ бөлектеу жаттығуына жүгінсеңіз, көмегі болары сөзсіз.

№43. Кінәлау шегі немесе шешім шегі

Түптеп келгенде, әр проблемаға екі тұрғыдан қарауға болады: біріншісі – кінәлау: "неге бұлай болды?". Екіншісі – шешімін табу: "Енде не істейміз?". Проблеманы шешудің практикалық жолдарын жылдам табуды қажет ететін жағдайларда оны сараптап, ой елегінен өткізіп барып шешімін іздеуге уақыт жетпей жатады. Бірақ шешімі бар. Айталық, "Неге кешіктің?" деп сұрағанның орнына, оның барынша конструктив шешімін тауып, "Уақытында келе аласыз ба?" деп сұраған жөн. "Бұлай істеуге қалай дәтің барды?" деп айыптап, кінәлаудың орнына, "Орнын қалай толтыра аласың?" деп, назарды басқа жаққа бұрдыңыз. Шешім шегіне жүгінудің артықшылығы – ол кінаны жуып-шайып, әр тарапқа пайдалы әрі конструктив шешімге ойысады.

№44. Ширығу, тынығу және ұйқы

Әдетте шируғыды өз бойыңыздан сезінесіз. Қарыңыз, мойныңыз сіресіп, ішіңіз бұрап, жағыңыз қарысып қалғандай болады. Ширығу бойыңыздың кез келген тұсында пайда болуы мүмкін. Шынында біздің денеміз стресті жеңе алуға жарақталған, бірақ үнемі олай бола бермейді. Релакс үнемі керек бола бермейді, бірақ бір сәт денеңізді босатып, дәл қай тұсы ширығып тұрғанын түсініп алуға көмектеседі.

  • Бойыңызды шолып шығыңыз. Жұмыста жүргеніңізде өз бойыңызды ойша "скандап" шықсаңыз болады. Тынысыңыз бойыңыздан ағып өткенін елестетіңіз. Шапшаң болсын, баяу болсын, әйтеуір тынысыңыз өн бойыңызды көктей өтіп бара жатқанын елестетіңіз. Ауа денеңіздің қай тұсынан еркін өтіп, қай тұсында кідіріп қалатынын сезуіңіз мүмкін. Ауа кідіріп қалған жерге келгенде тереңірек, молырақ тыныс алып көріңіз. Өзіңізді мәжбүрлемеңіз. Денеңіз әлі де тырысып тұрғандай сезсеңіз, өзіңізге бәрі дұрыс деп айтып көріңіз. Дұрыс деген міндетті түрде дұрыс емес, бары сол. Соған мән бере отырып, әлі де тарамай тұрған ширығуды сезе отырып, бойыңыздағы барды сезінгеніңізге келісесіз.
  • Қай жерде тұрсаңыз да, дәл сол сәтте денеңізді босатуға тырысыңыз. Дәл осы тұрған қалпыңызда. Табаныңыз жерге қалай тиіп тұрғанын сезініңіз. Біреулер табанының сырт жағына салмақ салады, енді біреулер өкшесін баса тұрады. Қалай тұрсаңыз да, бірнеше секунд табаныңыз жерге тиіп тұрғанын сезініңіз. Содан кейін бір сәтке аяғыңыздың ұшына тұрып, сәл керіліңіз де, қайта жерге түсіңіз. Түскен кезде екі аяғыңыздың да табанын нық тіреп түсуге тырысыңыз. Аяғыңыз, беліңіз бен иығыңыздағы ширығу кетіп, денеңіз босай бастағанын сезесіз. Кей адам ол босаңсуды шүйдесінен де сезеді: қуат құйылғандай болады. Осы тұрған күйіңізден алға жүріп, екі табаныңыз да жерге толық тигенін қадағалап, нық басыңыз. Бұл жаттығуға 15-20 секунд қана кетеді.
  • Ұйықтаңыз. Аз-аздан ұйықтағанның пайдасы жоқ. Ұйықтап кете аламай қиналасыз ба? Олай болса, релакс жаттығуын жасап көріңіз. Жатыңыз немесе арқаңызды сүйеп отырыңыз. Тыныш ұйықтап кете алатын жерде жатқаныңызға не отырғаныңызға көз жеткізіңіз. Көзіңізді жұмып, қабағыңызды босатыңыз. Дем шығарып, сәл кідіре тұрыңыз. Денеңіз қайтадан дем алатын сәтті өзі анықтасын. Сөз оны өзіңіз істемеуіңіз керек. Денеңіздің ырқына көніңіз. Енді бетіңізді босатыңыз: құйқа, ми, маңдай, көз – бәрі босаңсығанын күтіңіз. Көзіңізді ашқыңыз келіп кетсе, ашыңыз да, қайтадан ақырындап қабағыңызды төмен түсіріңіз. Тіліңізді сезініп, ерніңізді, ауыз айналасындағы бұлшықетті босаңсытыңыз. Аузыңыз сәл ашылғанда тіліңіздің ұшын тісіңіздің арасынан сәл шығарып, босатып жіберіңіз. Мойын, алқым, өңешіңізді босатыңыз. Басыңызды алға, артқа бұрып, мойныңызды босаңсытыңыз. Бұл әсер етпесе, назарыңызды бетіңіз бен мойныңызға қаратып, бұлшықетіңіз түгел босағанын, тым болмаса босаңсуға талпыныс барын елестетіңіз. Енді өзіңізді табиғат аясында, көл ортасында қайықта не орманда гамакта жатырмын деп елестетіңіз. Жалғызсыз. Қайық не гамак ақырын тербеліп тұр. Енді иығыңыз төмен түскенін елестетіңіз. Күн көзі денеңізді ақырын сипағанын сезесіз. Көл бетінің жыбырлаған естисіз. Денеңіз әбден босаңсып, дәл қазір ештеңе істеудің керегі жоқ екенін білесіз. Судың шылпылдағаны алыстай береді, алыстай береді...

№45. Эмпатия сарқылуынан сақтаныңыз

Жаны қиналып жатқан адамға қамқор болу үшін кейде сол жан қиналысын түсінуіңізге тура келеді. Біз әлеуметтенген жаратылыс иесіміз, сондықтан сіздің өзгелерге жаныңыз ашиды. Ол сіздің жан қиналысыңыз емес, екінші кезекте, сонда да сіздің бір бөлшегіңізге айналыуы мүмкін. Өзге адамдардың жан қиналысына мүлде қарамай кетуге де болмайды, бірақ онымен біртұтас болып кеткен де дұрыс емес. Соның салдарынан "эмпатия сарқылуы" аталатын таусылу сезімі туындайды. Жұмысыңызды жалғастыру үшін сіз бекем болуыңыз керек. Сізге мына бірнеше кеңес пайдалы болуы мүмкін. Әріптесіңізбен сөйлесіңіз. Керек болса, не сезіп жүргеніңізді, көңіліңіз қалғанын, шаршағаныңызды, шошып жүргеніңізді, жабығып не ашуланып жүргеніңізді айтыңыз. Тіпті қосылып, осы жағдайға деген ашуыңызды төгіп, бірге ұрсып алған да көмектеседі. Сөйтсе де, әр нәрсені атымен атап, негатив сезімге бой алдырып кетпеңіз. Осы істегендеріңіз сізге не әріптесіңізге жеңілдік әкелетін-әкелмейтінін біліп, сол сезімді ортақ бөлісіңіз.

Бір-біріңізге қарайлап жүріңіз. Бас бармағыңызды көрсетіп, көзіне тіке қарап, не жанынан өтіп бара жатып бас изесеңіз де, бар екеніңізді білдіріп тұрыңыз. Сондай-ақ бір сәтке көзіңізді жұмып, терең тыныстаған да пайдалы болады. Жұмыстан тыс кімнің қолдауы сізге көп көмектесетінін есіңізге түсіріңіз. Серігіңіз, балаларыңыз, достарыңыз, сыныптастарыңыз не бұрынғы әріптесіңіз болуы мүмкін. Үйіңізде жануар ұстасаңыз, онымен бірге өткен көңілді сәттерді еске алыңыз. Сіз біреудің жан қиналысын бойыңызға сіңіріп алып, эмпатияңыз сарқылып бара жатқанын мойындаңыз. Бастысы, дұрыс жұмыс істеп жүргеніңізді және өзгелердің жан қиналысына қосылудың да шегі бар екенін түсініңіз. Өзгелердің, мысалы, әріптестеріңіздің шегі қандай екені маңызды емес, сіздің өз шегіңіз бар.

Көзге көрінбейтін бір сызық денеңізді көктеп өтіп, сыртыңыздан буып тұрғанын елестетіңіз. Өзгелердің жан қиналысына қатысты жағымсыз сезімнің бәрін әлгі сызықтың сыртында қалдырғаныңызды елестетіңіз. Бұған дейін саналы сезіну немесе соған ұқсас курстан өтіп, психотерапевт не коучпен ширығу және қатаңдық туралы сөйлесіп көрсеңіз, бұл да соған ұқсайды. Өзіңіз сол кезде білген техникалар туралы ойлап, оларды жұмыста да тәжірибе жасап қолданып көріңіз.

№46. Өзіңізді кінәлі, қолыңыздан ештеңе келмейтіндей сезінуіңіз мүмкін

Медицина қызметкері ретінде істей алатыныңыздың шегі бар. Адамдар өлуі мүмкін және біз олардың көбіне көмектесе алмаймыз. Қаласақ та, қаламасақ та, қысылтаяң шақта біз медик ретінде біреуді тағдырдың тезіне қалдыра салуға мәжүр боламыз. Әрине, "қалыпты" жағдайда олай етпес едік. Қолымыздан не келетінін, қоламызда не бар екенін білген соң, пациенттерге сол барды барынша береміз. Ол максимумнан артық ештеңе істей алмаймыз және сол істей алмайтынымыз жанымызды жейді.

Одан кейін маман ретінде қолымнан түк келмейді деп, өзімізді кінәлі сезіне бастаймыз. Ал кімге көмек көрсетеміз, кім ол көмектен қағылады дегенді шешуге, апат жағдайында пациенттерді іріктеу кезінде шешім қабылдауға келгенде, өзімізді одан бетер кінәлі сезінеміз. Уәж, санаға жүгіну ол сезімді әлсірете алмайды. Есіңізде болсын, біздің психикамызға ерекше салмақ түседі. Емдеу протоколдары мен келісімдерді дұрыс қолданудың өзі біздің психикамызға түскен жарақатты емдей алмайды. Сіз не істесеңіз де, не істемесеңіз де, оның бәрі сіздің еркіңізден тыс жағдайлар аясында болып жатқанын түсінген аса маңызды. Ол денсаулық сақтау саласы, тұтас медицина, өмір заңдылықтары не тіпті жаратушының ықпалындағы дүниелер. Бұл сезім әр адамда әр түрлі болғанымен, үнемі сізден жоғары әлдене бар екені есіңізде болсын. Бұл тұрғыдан алғанда, сіз кінәлі емессіз және мойныңызда жауапкершілік жоқ. Сіз денсаулық сақтау жүйесі не медицинаның өзі емессіз. Сіз өмірдің өзі не жаратушы емессіз. Сіз – осы болып жатқан жағдайдың бір бөлшегісіз және қолыңыздан келгеннің бәрін істеп жүрсіз. Қалғаны дәрінің, өмірдің және жаратушының ырқында.

№47. Үрей мен батылдық

Үрей сезімі миыңыз сізді қауіптен, белгісіздіктен, агрессиядан, айыптау не жолы болмай қалудан сақтағысы келгенде туады. Үрей сізді және жақындарыңызды бактерия не вирус жұқтыраудан да қорғайды. Сонымен қатар пациенттермен не олардың отбасымен бетпе-бет келерде де үрей, қорқынышты сезінуіңіз мүмкін. Не болмаса, орындалуы мүмкін еместей көрінетін шешімдерді қабылдар алдында қорқасыз. Қорқа тұра әрекет ете берсеңіз, ол батылдық деп аталады. Қорқып тұрғаныңызды мойындап, сонда да келесі қадамды жасасаңыз, сіз батылсыз. Бұл беймаза күйді еңсеруге көмектесетін түрлі әдістер бар, ал сізге қайсы қолайлы болатыны сіздің тәжірибеңізге, көзқарасыңыз бен мінезіңізге байланысты. Бастысы, үрейіңізді де, батылдығыңызды да іште жасырмай, өзгелермен бөлісіңіз. Оған әріптесіңізді, үйдегі өзге ересектерді (балалармен тек шынымен үрейіңізге ие бола алмай бара жатсаңыз ғана бөлісіңіз), тіпті үйдегі жануарыңызды ортақ қылсаңыз болады. Жамағат мүшесі болсаңыз, жамағаттан біреуге қоңырау шалып, сөйлесіп көріңіз. Таныс молда не пастор сізбен сөйлесіп, уайымыңызды бөлісуге кетәрі болмайды. Алайда, міндетті түрде осы күйіңізге біреуді ортақ қылу керек екенін білген маңызды. Тіпті, шешімін таппасаңыз да, сізге бір адам болса да арнайы көңіл бөлді, жаныңызды жеген сезімді айты бере алдыңыз. Тіпті, жалғыз болсаңыз да, соның арқасында керек кезінде сізге қол созатын адамдар бар екенін білдіңіз. Бұған дейін сөйлесіп, одан да тереңірек менталдық немесе психологиялық проблемалар туралы айтып беріп жүрген психотерапевт немесе коуч бар болса, оларға хабарласыңыз, сізбен қуана сөйлесеріне сенімдіміз. Тіпті оларға баяғыда жүгінген болсаңыз да, олардың есінен шығып кетсеңіз де, олар сізді тыңдап, сізбен сөйлеседі. Сіздің батылдығыңыз өзгелердің, ең алдымен өзіңіздің мақтауыңызға лайық. Батыл болғаныңыз, тынбай жұмыс істеп жүргеніңіз үшін мақтау естуге өзіңізге рұқсат беріңіз. Өзіңізді марапаттаңыз. Үзіліс жасап, шылым шегіп алыңыз (темекіні қоюды кейінге қалдырыңыз), тәтті тоқаш жеп алыңыз (диета күте тұрады), бірақ алкоголь мен есірткі кейін залалын тигізуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Батыл әріптестеріңіз де бар екенін біліп жүріңіз. Олардың батылдығын көретініңізді, бағалайтыныңызды білдіріңіз.

№48. Сәл кідіріңіз

Әріптесіңізге/досыңызға сіз сәл аялдауыңыз керек екенін білдіретін сәтті өткізіп алмаңыз. Шегіне жетіп тұрғанда әрекетті тоқтату керек. Шегіңіз қайда екенін, қай кезде тоқтау керегін білсеңіз, сол сәтті анық межелеп алған дұрыс. Күйіп кетіп, міндетін орындауға орала алмайтын адамдардың пайдасы жоқ. Бәріміз ауық-ауық тынығу керек.

№49. Дұға етіңіз

Бұрын ешқашан жаратушыға жалбарынып көрмесеңіз де, дұға жасап көріңіз.

№50. Өзіңізге қамқор болыңыз

Қысылтаяңда әріптестеріңізбен қалай қарым-қатынас жасайсыз?

№51. Сіздің әріптесіңізге де үлкен қысым түсіп тұр, ол да өзіне ие бола алмай қалуы мүмкін

Бұл факт, оны ескеруіңіз керек. Сіз сияқты, әріптесіңіз де кейде терісіне сыймай кетеді. Мейірімді болыңыз, оған қолдау көрсетіңіз не осы кітапшадағы кеңестерді ұсыныңыз. Бастысы – кейде тек иығыңызды қиқаң еткізіп, ештеңе істемей қоя салған да маңызды.

№52. Кешірім сұраңыз

Ашуыңызға ие бола алмай қалдыңыз ба? Мына жағдай сізге тым ауыр екенін айтып, кешірім сұраңыз.

№53. Құлағалы жүрген әріптесіңізге көмектесу үшін не істей аласыз?

Ең алдымен, әріптесіңізге көмектесе алатын адам өзіңіз екеніне және оған қуатыңыз жететініне көз жеткізіп алыңыз. Бастысы, әріптесіңізге не керегін сұрап, оған ақыл-кеңес айтуға асықпай, жай ғана тыңдаңыз. Кейде сөйлеп отырған адамның жанында үндемей отырған да үлкен көмек. Әріптесіңізге хабарласып жағдайын айтып, кеңес алатын біреуді ұсыну да сіздің үлкен көмегіңіз болмақ. Әсіресе, ол мазасы кетіп, ашуланып, қайта-қайта ызаға беріліп, жалғызсырап, томаға-тұйық, түнеріп жүретін болып кетсе, көңілі қалып, ештеңеге араласқысы келмесе, тығырықтан шыға алмайтындай көрінсе – әрекет етіңіз.

№54. Салыстыру

Сіз – жаһандық проблеманың ішіндегі кішкентай түйіршік екеніңіз, оны жалғыз шеше алмайтыныңыз есіңізде болсын. Бұл жағдай сіздің ғана басыңызға түсіп отырған жоқ. Сіздің міндетіңіз – артық та емес, кем де емес, міндетіңізді орындау ғана. Бұл – ортақ жұмыс.

№55. Ыңғайлы максималар

"Алаған қолым береген" екенін де ұмытпаған жөн шығар. Оның да көмегі тимесе, "Өзіңе солай істемесін дегенді өзгеге жасама" деген мәтелге жүгінуге болады.

№56. Бір-біріңізге қамқор болыңыздар

Бәріміз көмекке зәруміз және бірге болсақ, көбірек істей аламыз.

Жалғасы бар.