Көлік іші салқын. Пешті қалай жөндеуге болады?
Қыс қаһарына мінгелі пеш тазалау және жөндеу бизнесі қызып тұр. Қызмет құны да аспандаған. Абай болмасаңыз, біліксіз шеберлер мен баға құнын шамадан тыс шарықтататын қулардың құрбаны да болуыңыз мүмкін. Сол үшін де ең алдымен көлік пешінің қалай жұмыс істейтінін өзіңіз түсініп алғаныңыз абзал. Сонда алаяқтардан аман боласыз.
Пештің жұмыс істеу тәсілі: көліктің моторы қызған кезде оны суыту үшін құйылған арнайы сұйықтық көлік пеші арқылы айналып өтеді. Сөйтіп, жылу арнайы шланг арқылы көлік ішіне өтіп, ол жылынады.
Көліктің жылыту жүйесін диагностикалаудың ең қарапайым тәсілі – оны іске қосу. Егер көлік ішінде жылуды қосқан кезде суық жел үрлесе не жылуы әлсіз болса, онда жылыту жүйесінің ішінде кінәрат бар болғаны.
Кінәрат түрлері:
- Фильтрдің бітелуі, сұйықтықтың (антифриз не тосол) қатып қалуы не жылыту жүйесінде ауаның болуы;
- Жылу жүйесін қосу қақпағының дұрыс жұмыс істемеуі (көп жағдайда, жылуды іске қосып, өшіретін арнайы батырма не бұранда дұрыс жұмыс істемегендіктен, жылу берілмеуі мүмкін. Мұндай жағдай әдетте кондиционер жүйесімен жабдықталған көліктерде болады);
- Пештің ішіндегі ақаулар. Бұл ақауларды көлік пешіне жалғанған екі жіңішке құбыр арқылы тексеруге болады. Құбырдың біреуі не екеуі де салқын болса, онда ақау пеште болғаны.
Оқи отырыңыз: Көлік доңғалақтарын қашан ауыстыру керек. Мамандар биыл қыста ауа райы қандай болатынын айтты
Көлік пешін жөндеу мамандары радиаторға антифриз не тосол құйған кезде ішіне ауа кетіп қалса, көлікті тоқтатып, сәл суығаннан кейін шлангілер арқылы артық ауаны шығаруға тырысу керектігін айтады. Көлікті бірнеше мәрте оталдырып, "газды" басу арқылы ауаның шығуын тездетуге болады.
Ал ақау пештің нақ өзінде екені айқын болған жағдайда, арнайы мамандарға жүгінген абзал. Дегенмен, ақша үнемдегіңіз келсе, өзіңіздің жөндеуіңізге де болады. Оның жолын түсіндіріп береміз.
Жоғарыда жазып өткеніміздей, пеш шлангілері салқын болса, онда ақау пештің ішінде жасырынған деген сөз. Оның да үш себебі бар:
- Пеш бітелген болуы мүмкін. Яғни, ішіне қоқыс жиналып не антифриз секілді сұйықтыққа араласқан герметик сынды химиялық заттар қатып, бітеліп қалады. Пештің бітелуіне сапасыз антифриз де себеп. Бұл жағдайда пешті химиялық әдіспен тазалау мүмкіндігі бар. Ол үшін пешке жалғанған екі шлангіні шығарып, сорғы (насос) орнатылған жіңішке құбырға бекітеді де, оны 10-20 литрлік ыстық су құйылған ыдысқа жалғайды. Суға еріткіш химиялық ұнтақ қосылады. Сорғыны іске қосқанда, химиялық ұнтақ қосылған ыстық су пешті айналып, тазалай бастайды. Тазалау процесін жарты сағат уақытқа созып, дәл осы әдіс арқылы таза сумен 5 минут шайған абзал.
- Помпа ақауы. Бұл жағдайда көлік моторын суытуға арналған помпасы пешке кірген сұйықтықты қайта сора алмайды. Тиісінше, сұйықтық циркуляциясы дұрыс жүзеге аспайды. Бұл жағдайда помпаны ауыстыру не қосымша сорғы орнату қажет. Мұндай сорғы көлік аккумуляторынан не өзге тоқ көзінен қуат алып жұмыс істейді.
- Шлангілер орнының ауысып кетуі. Егер көлік диагностикасы дәл осы ақауды анықтаса, оның жарасы жеңіл. Жіңішке құбырларды өз орнына жалғау мәселені шешеді.
Оқи отырыңыз: Аяздан моторының майы қатып қалған көлікті қалай оталдыруға болады?
Пешті тазалаудың басқа тәсілдері қандай? Кей шеберлер пешті ашып тазалап, қайтадан дәнекерлейді. Пешке арнайы фильтр қойып, қоқысты тазалауға да болады. Дегенмен, мамандардың айтуынша, пешті химиялық жолмен тазалау ең дұрысы. Өйткені, басқа тәсілдер әрі қымбат, әрі сенімсіз.
- Радиаторға құятын сұйықтықтың сапасына мән беріңіз;
- Пештің жылуын тарататын фильтрді уақытылы тазалап не ауыстырып тұрыңыз;
- Радиаторда не моторда ақау болғанда химиялық қоспаларды (мәселен, герметикті) қолданудан аулақ болыңыз;
- Көліктің есік-терезесінің дұрыс жабылуын, артық тесіктің болмауын қадағалаңыз.