Тікелей эфир

Аяздан моторының майы қатып қалған көлікті қалай оталдыруға болады? Толықтырылған

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Соңғы аптадағы Астанадағы қатты аяз көлігі жылы орында тұрмайтындарға ауыр тиді. Көліктері от алмай қатты қиналды. Ондай жағдайда не істеу керек

Жаңа жылдың екінші онкүндігінде Астанада қатты аяз. -25-тан -30°С дейін төмендеді. Ал желдің әсерінен -35, -40°С дейін күшейгені белгілі. Ауа-райы болжамына қарасақ, аяздың әлі жалғасатын түрі бар.

Соңғы екі-үш күнде Астанада сыртта тұратын көліктердің көбі оталмай қалды

Радион Архангельский аяздан моторының майы қатып қалған көліктерді оталдырумен айналысып жүр.

Оқи отырыңыз: Көлік салығын қалай төлеуге болады?

– Біз таңертеңнен бері төрт көлік оталдырдық. Әр көлікті оталдыру үшін жарты сағат мөлшерінде уақыт кетеді. Тіптен, қала сыртында тас жолда тұрып қалған көліктерге де барамыз. Әрине мұндай суық кезде төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері жетпей қалады. Қиын жағдайға түскендер сондай кезде біздің көмегімізге жүгінеді. Біз қаладан барып олардың көлігін оталдырамыз немесе сүйреп әкелеміз, – дейді ол.

Енді Радионның төмендегі ақыл-кеңесіне құлақ түрейік.

"Аккумуляторды қойныңызға алып жатыңыз!"

Көлігі оталмай қалған азамат осылай деп әзілдеді. Кеште көлігіңіздің аккумуляторын ағытып алып, жылы орынға әкеп қоюды ұмытпаңыз дегені. Әдетте, көп жағдайда көлік аккумуляторы қатып қалады да, тоқтың күші қозғалтқышқа, оталдыратын стартерді айналдыруға жетпей қалады.

Оқи отырыңыз: Көлік іші салқын. Пешті қалай жөндеуге болады?

Немесе аккумуляторды киіз, синтетикалық төсем секілді суықтан қорғайтын заттармен қаптап қою да жақсы.

Моторы мұздап қалған көлікті оталдыру әдісі

Алдымен, көлікке кілтті салып, ашқаннан кейін екі-үш секунд тосып, бензин насосының дыбысын күтіңіз. Бензин насостың "сырылдаған" дыбысы тоқтағаннан кейін көліктің механикалық қозғалтқышы болса, ажыратқышты (сцепление) түбіне дейін басып тұрып, ақырын қоя бересіз. Сосын кілтпен от бересіз.

Кілтті бұрап, от беруге әрекет 2-3 реттен аспауы керек. Және әр реттің арасында 1-2 минут аралық демалыс болғаны дұрыс. Бұлай болмағанда аккумулятор отырып қалуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушілері білуі жөн ым белгілері қандай?

Ал аккумулятор да "тоңып" қалып, оталдырғышты (стартер) айналдыруға шамасы жетпесе, оталып тұрған көліктің аккумуляторына жалғау керек. Ол үшін ұзын, басында қысқышы бар арнайы кабельдер болады.

"Көлік те жылылықты жақсы көреді!"

Аккумулятор дұрыс болса да көлік оталмаса, мотордың майын тексерген дұрыс. Егер май тамшысы мұздап, қатқан болса, онда тек қана жылы орынға сүйреп, не итеріп апарып, белгілі уақытқа дейін қойып қоясыз. Немесе ыстық жел үрлейтін қондырғының (теплопушка) көмегіне жүгінесіз.

Оқи отырыңыз: Көлік терезесі буланбас үшін не істеу керек?


Ыстық жел соқтыратын пушка және оны аккумулиаторға жалғауға пайдаланылатын кернеу өзгерткіш құрылғы

Ыстық жел соқтыратын қондырғы және оны аккумуляторға жалғауға пайдаланылатын кернеу өзгерткіш құрылғы / Фото informburo.kz


Жылу үрлейтін қондырғыны қалай пайдаланған жөн?

Бұл қондырғы тек 220-250 вт кернеулі тоқпен жұмыс істейді. Оны машинаның аккумуляторы арқылы да қосуға болады. Ол үшін кернеу өзгерткіш (преобразователь) керек. Ал жалғайтын сымыңыз ұзын болса, тіке үйдегі тоқ көзіне қосуға болады.

Оқи отырыңыз: Алматы автобустары неге кешігеді? Көлік холдингі түсініктеме берді

Екіншіден, бір ескерер жайт, шыққан ыстық желді бірден көліктің алдыңғы не басқа да терезелеріне тіке бағыттамаңыз. Ыссылы-суықтан терезеңіздің шынысы шытынап, жарылып кетуі мүмкін. Әсіресе аяздап тұрған терезені қызған қондырғының ыстық желімен тазартуға болмайды.

Ыстық желдеткішті қосқаннан кейін...

Қондырғыны қосқаннан кейін ыстық желді машинаның қозғалтқышының астына қарай тіке бағыттау керек. Әрі машинаны айналдыра брезент жаппа, қалқа, тент, басқа немен болса да қымтап тастау тиіс. Бұндай болғанда ыстық жел сыртқа кетпейді.

Оқи отырыңыз: Шетелде тіркелген көліктер мәселесі қалай шешіледі? Бұл жағдайға кімдер кінәлі?

20-30 минуттан кейін қозғалтқыш жылып, көліктің моторының қақпағының астынан бу шыға бастайды. Осы кезде көлікті оталдыру керек.

Ыстық желдеткішті көліктің аккумуляторы арқылы қалай қосады?

Ол үшін аккумулятордың 12 вольттық тоғын 220-250 вольтқа айналдыратын арнайы кернеу өзгерткіш құрылғы (преобразователь) болады. Осы арқылы ыстық желдеткішті басқа бір оталып тұрған машинаның аккумуляторы арқылы қосу керек.

Ыстық желдеткішті екінші көлік аккумуляторы арқылы қосқан кезде ол көлік оталып тұрсын. Және ол көліктің аккумуляторы арқылы жалғанған кезде от сым мен жер сымның, яғни "+" пен "-" бойынша дұрыс қосылып тұрғанын қатты қадағалау керек.


Кернеу өзгерткіш құрылғының аккумулияторға жалғану барысы

Кернеу өзгерткіш құрылғының аккумуляторға жалғану барысы / Фото informburo.kz


Аккумулятор жалғағанда неден сақтану керек?

Көлік аккумуляторының шамасы жетпесе екінші көліктің аккумуляторына жалғау керек болса:

Ең алдымен тоқтың оң және теріс, яғни «+», «-» жақтарын анықтап алған дұрыс. Егер от сым мен жер сым дұрыс жалғанбаса өрт шығуы, тіптен адамды зақымдауы мүмкін.

Екінші көліктегі аккумуляторды ажыратпай тұрып жалғағанда, сол көліктің оталып тұрғаны дұрыс. Кейде ол көліктің акселераторына басып, моторының айналымын күшейтуге тура келеді.



Машина оталғаннан кейін көңіл бөлетін істер

Ең алдымен көліктің ішіндегі жылуын, яғни пешін бірден қатты қоспаңыз. Қосқанның өзінде ыстық желді көліктің маңдайша терезесіне бағыттамаңыз!

Олай болғанда суықтап тұрған терезенің шынылары шытынап, жарылып кетеді. Сондықтан машинаңыздың пешінің жылуын өте ақырын қосып, іштегі ауаны біртіндеп жылыту керек.

Екіншіден, аккумулятордың қуат-күші толық қалпына келгенше, көлік толық жылығанша оталып тұрғаны дұрыс.

Үшіншіден, әрине алыс жолға шығатын болсаңыз, сақтық құралдарын ала жүріңіз. Мүмкіндігінше аккумуляторды киізбен не жылу сақтайтын материалмен орап тастағаныңыз дұрыс.

Сонымен бірге қатты суық кездерде көлікті жумаңыз. Есігіңіздің айналасындағы резеңкелері қатып, ашылмай қалуы не құлыпқа су барса ол қатып, басқа да мәселелер туындауы мүмкін. Ең дұрысы көлікті жууды кейінге қалдырған жөн.

Ал жусаңыз кемінде бір-екі сағат жылы жерде кептіріп алғаныңыз дұрыс. Белгілі себептермен есігін аша алмасаңыз жаңа ғана қайнатылған ыстық су құйып ашуға болады. Не ашқышыңыздың темірін ұш жағынан оттықпен қыздырып, кейін кілтке салсаңыз да ашылуы мүмкін. Аяздың күші азғантай болса, кілттің тұсын алақаныңызбен қатты ысқыласаңыз да болады. Кейде арнайы автожылтқыш газды да пайдаланады.

Матор майын жылытып (ысытып) құю арқылы оталдыру тәсілі

Аязда майы қатып қалған көлікті ешқандай сырт көмексіз оталдыру үшін не істеу керек?
1. Алдымен көліктің аккумуляторын шешіп алып, пештің не үйдегі жылу батереясының қасына қоясыз.
2. Сосын Май құю бекетінен сатып алған 200-300 мл мотор майын пешке не жылу батереясына жақын қоясыз. Мотор майының маркасы мен стандарттық нөмірі көлігіңізге құйып жүргенмен бірдей болғаны дұрыс. Сонымен бірге егер ашық пеш қасына қойсаңыз, от түсуден сақтаныңыз, мүмкіндігінше жылығанға дейін қарап отырыңыз.
3. Әбден жылыған аккумуляторды орнына саласыз да, әлгі жылыған майды моторға құясыз. Сосын 0,5-1 минуттан кейін оталдырасыз.

Бұл тәсіл туралы Үкібай Нұрпейісов өзінің фейсбук парақшасында жазған болатын. Біз бұл тәсілді тексеріп көрген жоқпыз. Бірақ Үкібай Нұрпейісовтің айтуына сенсек, ең оңай әрі ыңғайлы тәсіл.

Сіз ысытып құйған май мотордың ішіндегіні жібітіп, жылытқандықтан тез оталады. Әдетте Қазақстанда сатылатын матор майлары -40°С суыққа жарамды деп көрсетілсе де, көп жағдайда стандартқа сай болмайтынын, яғни жалған май болатынын ескеру керек.


Қар астындағы көлік

Қар астындағы көлік / Сурет Үкібай Нұрпейісовтың Фейсбук парағынан алынды


Өзіңіз жылыта алмасаңыз, жылтып беретіндер көп

Қазір аяздан қатып қалған көліктерді оталдырып нәпәқа тауып жүргендердің жарнамасынан көз сүрінеді. Бағасы да орташа. 5-10 мың теңге айналасында. Қандай да бір қиындыққа тап болсаңыз, тым қиналмай-ақ сол шеберлердің қызметіне жүгініңіз. Әрі уақыт ұтасыз, әрі босқа суықтап қалмай, денсаулығыңызды да қорғайсыз.


Радикке тағы да тапсырыс келді

Радионға тағы да тапсырыс келді / Фото informburo.kz


Бұрын түйеге, жылқыға жабылған жабуды қазір машинаға да жабады

Көлігіңізге автооталдырғыш орнатыңыз немесе жылы жабу сатып алыңыз.

Тағы бір ескеретін жәйт. Мүмкіндігінше автооталдырғыш (автозаводка) орнаттырып алсаңыз да ыңғайлы. Қозғалтқыштың температурасы -18°С немесе -20°С болғанда автоматты оталады да, көлік қызғаннан кейін тоқтайды. Осылайша қыста қысылмайсыз.

Немесе Астананың орталық базарында сатылып жатқан жылы жабуды сатып алып, кешке көлігіңізге кигізіп тастаңыз. Сонда машинаңыз да кірлемейді, көлденең біреулер сыртын сызбайды және аязда мұз болып қатып қалмайды. Десе де оның да өз таңдау өлшемдері бар екенін ескерген жөн.


Қалың әрі жылы жабу

Көлікке арналған арнайы қалың әрі жылы жабу / Фото informburo.kz


Өрт аяқ астынан, ауру табу да оңай

Әдетте көп адамдар машинаның астына көмір жағу немесе қағаз өртеп, мотордың түбін қыздыру арқылы көлікті оталдырғысы келеді. Алайда бұл өте қауіпті.

Қазіргі көліктің асты, моторының сыртын жапқан жабынды материалдары темірден жасалмайды. Және тез жанатын болуы мүмкін. Оның үстіне қозғалтқыштың астыңғы жағында, жабындыға аққан май жиналған жағдайда өрт қаупі еселеп артады!

Егер қозғалтқыштың астыңғы тұсынан от жақсаңыз немесе от бүріккішпен қыздырсаңыз барынша сақ болыңыз.

Енді бір жағынан, көліктің астынан мотордың астыңғы қақпағын қыздыру барысында жамбастап жатып, белден, аяқтан суық өткізіп алсаңыз шеміршек өсу, ревматизм қатарлы тез жазылмайтын ауруларға душар боласыз. 5-10 мың теңге үнемдеймін деп жүріп, неше жүз мыңға емделмейтін ауру тауып алу өте өкінішті. Бұл қазір көп кездеседі. Осыны ескеріңіз!

Қайда жүрсеңізде сақтанып жүріңіз

Құдай "сақтанғанды сақтаймын" депті. Бораны мен аязы қатар Астананың қала маңындағы елді мекендердің өзінде жүріп-тұру қиынға айналатын кездерді көріп жүрміз. Сондықтан ауылдан жалғыз шығуға, сақтықсыз алысқа баруға болмайды.

Осындай кездерде мүмкіндігінше жанармайды толық құйып, аккумуляторды тексертіп, қосымша жалғайтын кабельдерді, көлік сүйрейтін арқаныңызды, күрегіңізді, жүрек жалғайтын аз-мұз азық-түлігіңізді, термосқа құйылған ыстық шайыңызды алып, жолдастарыңызбен шыққаныңыз абзал. Ол өзіңізге де, жолда кездесетін, көлігі тоқтап қалған көмекке мұқтаж жолаушыларға қол ұшын берсеңіз де қажет болады.

Қыстың қамын жазда ойла

Аккумулятордың дұрыстығын үнемі тексеріп отырыңыз. Мотор майын алмастырғанда абай болған жөн. Барынша сапалы, қыстық майға алмастыру және жалған майдан сақтану керек.

Көлігіңіздің салқындатқыш сұйықтығын – антифриз немесе тосол алмастырғанда да сапасызына, не жалғанына ұрынып қалмаңыз. Сонымен бірге қосалқы доңғалақ, күрек, арқан, оталдыруға қажетті сым сияқты заттарды ертерек қамдасаңыз арзанға түседі.

Тағы бір маңызды жәйт, қыста көлік орындығы қатты суық болатындықтан құйрықтан және белден өткен суықтың өте қауіпті екенін ескеру керек.

Дәрігерлердің айтуынша Астанада көлік иелерінде бел шеміршегінің өспесі ауруы көп кездеседі екен. Сол үшін мүмкіндігінше өзіңізбен бір орындық көрпешесін ала жүріңіз. Көрпешені үйге алып кетіп, көлікке келгенде ала шығасыз да төсеп отырасыз.

Әрине көлік орындығы электр тоғымен жылитын болса, тіптен керемет және орындықты жүні қалың терімен қапатасаңыз да суықтан қорғайды.

Жол амандығы мен ер амандығы қашанда егіз ұғым! Көліктеріңіз сенімді, денсаулықтарыңыз мықты болсын!

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары