Ел азаматтары енді қате есептелген не өзі бүгінде иесі болып табылмайтын көлік салығы міндеттемелері бойынша жаңсақ мәліметтерді өздері түзете алады. Бұл оларды артық және өзі төлеуі міндетті емес шығындардан құтқарады.

Ол үшін не істеу керек? Informburo.kz назарларыңызға нақты кеңестер ұсынады.

№1. Салық берешегінің бар-жоғын қалай тексеруге болады?

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында салыққа қатысты бірнеше электронды сервис бар. Сол жерден салық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеруге болады. Ол үшін мына сілтеме арқылы өтіп, ЖСН мен суреттегі кодты теру қажет. Сервис келесі мәліметтерді ұсынады:

  • берешек қортындысы, салық сомасы (теңге);
  • мiндеттi зейнетақы жарналары, кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек (теңге);
  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешек;
  • әлеуметтiк аударымдар бойынша берешек (теңге).

Сондай-ақ, eGov порталында да салық берешегі мен өсімпұлдің бар-жоғын анықтауға болады. Портал онлайн режимде төлем жасауға да мүмкіндік береді. Ол үшін ЭЦҚ қажет емес. Бір реттік парольмен кіріп, ЖСН мен суреттегі кодты теру жеткілікті.

Сонымен бірге банктердің мобильді қосымшаларында "Төлемдер" бөлімінен де салық берешектерін тексеріп, төлеуге болады.

Оқи отырыңыз: Көлік салығын қалай төлеуге болады?

№2. Көлік салығы калькуляторы

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы онлайн калькулятор арқылы көлік салығын есептеуге болады. Ол үшін келесі мәліметтерді енгізу/таңдау қажет:

  • салықты есептеу жылы;
  • есептеу жылындағы айлар саны;
  • салық салу нысаны;
  • қозғалтқыш көлемі.

Бұл мәліметтерді енгізгеннен/таңдағаннан кейін сервис көлік салығының мөлшерін көрсетеді.

Сондай-ақ, калькулятор e-Salyq мобильді қосымшасында да бар. Ол жерде көлік құралы мен жеке табыс салығын, сонымен бірге өсімпұлды да есептеуге болады.

№3. Салық қалайша қате есептеледі?

Көлік салығының қате есептелуінің негізгі, ең жиі кездесетін себебі –

көлікті сенімхат немесе келісімшарт арқылы сату. Бұл жағдайда көлікті сатып алған адам оны өз атына ресімдемесе, меншік иесі ретінде салықты негізгі иесі төлеуі тиіс.

Сенімхатпен көлікті сату Азаматтық кодекске сәйкес мүлікті иеліктен айыру не меншік құқығын беру болып есептелмейді. Сол себепті көлікті сатқанда оны алған адамның атына бірден ресімдеп берген жөн. Мәліметтер базасында сізге тиесілі емес көлік болса немесе көлік құралы базада мүлде жоқ болса, тіпті, көлік ұрланған жағдайда да оның иесі ретінде сіздің атыңызға салық туралы хабарлама келеді.

Бұдан бөлек, көлік құралының мәліметтері (қозғалтқыш көлемі, көлік құралының санаты және өзгелер) дұрыс көрсетілмесе де салық қате есептеледі.

Оқи отырыңыз: Көлік терезесі буланбас үшін не істеу керек?

№4. Қате есептелген көлік салығын қалай түзеуге болады?

Мемлекеттік кірістер комитеті e-Salyq мобильді қосымшасында көлікке қате есептелген салықты түзетуге болатын функцияны іске қосты. Қосымшаны App Store және Play Market-тен жүктеуге болады.

Түзету енгізу үшін келесілерді орындау керек:

  • мобильді қосымшаға кіру;
  • "Салық әмияны" сервисіне кіру;
  • "Салық салу объектілері" бөлімін таңдау;

  • "Түзетуге өтініш" бөлімін таңдау;

  • "Көлік құралым бойынша қате мәлімет туралы хабарлау" бөлімін таңдау;

  • Өтініш түрін таңдап, қажет мәліметтерді енгізу.

Осылайша сіз салық салу нысандары туралы ақпаратты жаңарту үшін өкілетті органдарға (ІІМ әкімшілік полиция комитеті мен "Азаматтарға арналған үкімет" МК) электронды өтініш жібересіз.

Өтінішті төрт негізгі санат бойынша беруге болады:

  • Көлік маған тиесілі емес – мәліметтер базасында иесіне тиесілі емес көлік құралы болса.
  • Көлік туралы ақпаратты түзету – көлік құралының санатын, қозғалтқыш көлемін, мемлекеттік нөмірін және тіркеу күнін түзеу.
  • Көлік құралы базада жоқ – атыңызда еш көлік құралы болмаған жағдайда.
  • Көлік ұрланып кеткен – ұрланып кеткен көлігіңіздің салығы сіздің атыңызға келсе, мобильді қосымша арқылы түзету енгізе аласыз.

№5. Салықты кешіктірген жағдайда қалай өсімпұл төлемеуге болады?

Салықты кешіктірген әр күн үшін өсімпұл қосылады. Алайда, биыл коронавирус пандемиясына байланысты 2019 жылы қолданыста болған салықтық рақымшылық ұзартылды. Соған сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін негізгі салықты төлеген жағдайда, өсімпұл есептен шығарылады. Ол үшін арнайы өтініш жазудың қажеті жоқ. eGov порталы немесе банк қосымшалары арқылы негізгі салықты төлесе жетікілікті. Өсімпұл 3 жұмыс күні ішінде есептен шығарылады.

2019 жылы 1,4 млн салық төлеушінің 61 пайызы өзінің негізгі салығын төлеп, өсімпұлдан құтылған. Биыл 1,2 млн адам 13 млрд теңге берешегін төлеп, 4,3 млрд теңге өсімпұл кешірілген.

Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушілері білуі жөн ым белгілері қандай?

№6. Көлік салығынан кімдер босатылады?

  • ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер арнайы техникалардың;
  • мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері қарауындағы қозғалтқыш көлемі 3 мың см3 аспайтын бір жеңіл автокөлік және бір автобустың;
  • ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілгендер, тылда еңбек еткендер, Кеңес одағының батырлары мен Социалистiк еңбек ерлерi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және "Отан" орденiмен наградталған адамдар, "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар қозғалтыш көлемі 4 мың см3 аспайтын бір автокөліктің салығынан босатылады.