Алматы әкімдігі Көктөбе бөктерінде тексеріс жүргізіп, 13 қазанда Сиверс алма ағашының көшеттері мен қызғалдақ тұқымдары кімнің кінәсінен отырғызылмағанын анықтады. Қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановтың айтуынша, таудан расымен бірнеше түп көшет табылған.

Бұл жауапсыздықты "Жасыл құтқару" экологиялық қоғамының мамандары анықтап, дабыл қаққан еді.

"Мен Светлана Спатарьға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Ол өзінің белсенді азаматтық ұстанымын көрсетіп, Көктөбеде көшеттердің шашылып жатқанын анықтады. Біз тексеріс жүргіздік. Дәл сол учаскіге жауапты болған әкімдіктің кінәлі қызметкері жазаланды. Миллион ағаш отырғызған кезде, әр көшетті және ағаш отырғызу шарасына қатысқан адамдардың әрқайсының әрекетін бақылау оңай емес", – деді Ерлан Қожағапанов.


Ерлан Қожағапанов сенбілікте


Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Бақытжан Сағынтаев Жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтеновке сөгіс жариялады. Сондай-ақ, көшеттер егілуі тиіс аумаққа жауапты болған дәл сол басқарманың бөлім басшысы Олжас Жаныспаевқа да қатаң сөгіс берілді.

Қазір Көктөбеден табылған барлық көшеттер мен қызғалдақтың баданасы питомникке жеткізілген. Мамандар оларды болашақта қайта егу үшін қалыпқа келтіріп жатыр. Бұған дейін Жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов, артылған көшеттерді Шығыс айналма жолының бойына отырғызатынын мәлімдеген еді.

"Жасыл құтқару" экологиялық қоғамының жобалар менеджері Светлана Спатарь 20 қазанда тау бөктерін тағы да тексеріп шықты. Ол тауда қараусыз қалған көшеттер мен күректердің түгелдей жиналғанын растады.

Оқи отырыңыз: Көктөбе бөктеріне Алматы әкімдігі "еккен" алма ағашының көшеттері шіріп жатыр

Осыдан бір апта бұрын, Jasyl Almaty акциясы аясында әкімдік қызметкерлері мен еріктілер Көктөбенің өрт шарпыған аумағын абаттандырумен айналысқан.

"Жасыл құтқару" қоғамының белсенділері 17 қазанда Көктөбеде Сиверс алма ағашының көшеттері Қазақстан және Нұрсұлтан Назарбаев сұрыптарындағы қызғалдақ тұқымдары шашылып жатқанын анықтаған болатын.