Кезекші сынып, мұғалім жалақысы, мектеп жауапкершілігі. Пандемия жағдайында оқушылар қалай білім алады?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Орталық коммункациялар қызметінде өткен брифингте жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады.
Жарты миллион оқушы кезекші сыныпқа барады
Оқу жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан оқу форматында басталады. Екі ерекшелік бар:
- ата-аналардың өтінішімен 1-4 сынып оқушыларына кезекші сыныптар ұйымдастырылады;
- шалғайдағы ауылдардағы шағын жинақталған мектептерде эпидемиологиялық ахуал жақсы болса, дәстүрлі форматта оқиды.
Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы оқушылардың 80%-ы (2,6 млн оқушы) қашықтан оқиды. Ата-аналардың өтінішімен 5%-ы (530 мың оқушы) кезекші сыныптарға барады. Шағын жинақталған мектептерде оқушылардың 5%-ы (202 мың бала) дәстүрлі форматта оқиды.
"Жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастау туралы шешім қабылданды. Біз үшін ең бастысы – балалар мен мұғалімдердің денсаулығы, қауіпсіздігі. Бала үшін, білім саласы үшін дәстүрлі форматтан артық ештеңе жоқ. Дәстүрлі форматта оқыту уақытын асыға күтеміз", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Мұғалім еңбекақысы, оқулық сапасы, мектеп бюджеті. Жаңа оқу жылында болатын өзгерістер қандай?
Қашықтан оқытудың екі негізгі бағыты бар:
- Интернет арқылы оқыту. Арнайы 8 интернет-платформа бар. Платформалардың ыңғайына байланысты мектептер, қалалық және аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісімшартқа қол қойып осы платформалармен жұмыс істейтін болады.
- Телесабақтар. Екі телеарна – "Еларна" және "Балапан" арқылы қазақ және орыс тілдерінде 9 сағатқа дейін эфир бөлінген.
Дәстүрлі форматта оқитын кезекші сыныптарға бірнеше қатаң талап қойылады. Бір сыныпта 15 баладан аспау керек. Үзілістер мен сабақтар әртүрлі уақытта басталады. Сабақ ұзақтығы – 40 минутқа дейін. Балалар бір сыныпта ғана оқиды. Бір кабинеттен басқа кабинетке ауысуға жол берілмейді. Күн сайын дене қызуы өлшенеді. Жылыту, желдету бойынша тиісті шаралар қолданылады. Шағын жинақталған мектептерге де осындай қатаң санитарлық талаптар қойылады.
Кезекші сынып мұғалімдері қосымша жалақы алады
Мұғалімдер кезекші сыныптарда да, қашықтан оқыту форматында да сабақ беруге құқылы. Министрдің сөзінше, бастауыш сынып мұғалімдері үнемі жүктеменің аздығына шағымданады.
Оқи отырыңыз: Ата-аналардың көбі қашықтан оқуға қарсы. Олар балаларының пандемияға қарамастан неге мектепке барғанын қалайды?"Типтік оқу жоспары бойынша 1-сыныптарға аптасына 24 сағат бөлінген. Ағылшын тілі, дене шынықтыру секілді пәндерден басқа мұғалімдер сабақ береді. Осылайша бастауыш сынып мұғалімінің жүктемесі 15-16 сағат болып, бір мөлшерлеме – 18 сағатқа жетпей қалады. Осыған дейін бір сыныпта 30-ға дейін бала оқыса, қазіргі жағдайда кезекші сыныптарда 30 баланы 15 баладан екі топқа бөлуге міндетті. Соған сай педагог жүктемесі артып, қосымша жұмысы үшін де ақы төленеді. Оқу сағаты 28 сағат болса, онда педагог осы 28 сағаттың бәріне еңбекақы алады", – деді Білім және ғылым министрі.
Кезекші сыныптардағы әр сабақ 40 минутқа созылады
Кезекші сыныптарға ұсынылатын сабақ ұзақтығы 40 минут болуы тиіс. Ал төрт сабақты 1,5 сағатта өтуді жоспарлап отырған мектептерге қайтадан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талаптары орындауға байланысты қосымша нұсқаулық беріледі.
"Кейбір әріптестер кезекші сыныптардағы сабақтарын бір сағатқа сыйдыруға тырысса, онда кезекші сыныптар мен сабақтарды өткізудің қандай мәні бар? Ата-анаға бұл қолайлы емес. Кезекші сыныпқа беруге өтініш жазған ата-ана бір сағаттан соң баласын мектептен алып кетуі керек болса, осылай типтік оқу бағдарламасын игереміз десек... Бұл дұрыс емес", – деді Асхат Аймағамбетов.
1 қыркүйекте сынып сағаттары өтеді
1 қыркүйек – Білім күнінде жалпымектептік жиынның орнына сынып сағаттары өтеді. Министрлік білім беру басқармалары мен мектеп директорларына осыған қатысты әдістемелік ұсыныстарды жіберген. Мерекелік шараның екі форматы қарастырылған. Кезекші сыныптардың оқушылары үшін мұғалімдер кабинетте сынып сағатын өткізсе, қашықтан оқитын оқушылар мектепке келмей, оған онлайн қатысады.
"Әдетте 1 қыркүйекте балалар мектепке келіп, жалпымектептік салтанатты жиынға қатысатын. Жиын біткен соң сыныптарына барып, сынып сағаттары өтетін. Қазіргі жағдайда жалпымектептік жиын өткізудің қажеті жоқ. Әр сыныпта сынып сағаты болады. Мектепте оқитын оқушылар үшін мұғалім кабинетте сынып сағатын өтеді. Қашықтан оқитын болса, арнайы мектепке келудің қажеті жоқ. Олар үшін барлығы қашықтан ұйымдастырылады", – деді Білім және ғылым министрі.
Мектепалды даярлық сыныптарына да кезекші сынып ұйымдастырылады
"Нөлінші" немесе мектепалды даярлық сыныптарында кезекші топтар ұйымдастыруға болады. 6-7 жасар баланың ата-анасы өтініш жазса, олардың баласына мектепте жеке сыныптар, ал балабақшада жеке топтар ашылады. Балабақшаларда да кезекші топтар бар. Олар да осындай режиммен жұмыс істей алады. Кезекші топтар мен сыныптарды ашу міндеті жергілікті атқарушы орган мен нақты білім беру ұйымының басшылығына жүктеледі.
Оқи отырыңыз: Кезекші сынып оқушысының ата-анасы мектепке кіре алмайды. Олар тағы нені білуі тиіс?
Мұғалімдер қашықтан оқытуға байланысты курстан өтеді
Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге қашықтан оқыту бойынша тиісті дағдыларды үйрету үшін курстар ұйымдастырылғанын айтты. Мұндай курстарға 323 мың мұғалім қатысқан.
"Мұғалімдерге тиісті дағдыларды үйрету керек. Жаңа бағытта сабақ жүргізу оңай емес. Әріптестеріміз өте тез бейімделді. Қашықтан оқытуға қатысты 347 мың мұғалімге курстар ұйымдастырдық. 323 мың мұғалім бітірді. Қалғаны 1 қыркүйекке дейін аяқтады. IT сауаттылық және құзыреттілік бойынша тиісті мағлұматтар, жаңа киберпедагогика бойынша, асинхронды, синхронды оқыту деген не, қандай ерекшіліктері бар деген сұрақтарға жауап беретін курстар өткізілді", – деді ол.
Коронавирус жұқтырған мұғалімге біржолғы өтемақы төленбейді
Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нұсқаулықта пандемия жағдайында мектепте сабақ беретін мұғалімдерге тиісті талаптар қойылған. Мысалы, 65 жастан жоғары, жүкті, қандай да бір аурулармен ауыратын мұғалімдер сабақ бере алмайды. Мұны мектеп басшылығы қадағалап отыруы керек.
"Күнделікті дене қызуын өлшеп, санитарлық талаптарды сақтап отыру тиісті деңгейде болса коронавирус жұқтыру жағдайына жеткізбейміз. Сабақ өту кезінде коронавирус жұқтырып алған мұғалімге медицина қызметкерлері секілді біржолғы өтемақы төлеу қарастырылмаған", – деді Білім және ғылым министрі.
Кей оқушылар қатынап оқиды
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, коронавиурс пандемиясына дейін Қазақстанда 24 мың бала қатынап білім алған. Мұның себебі – кейбір жерлерде мектептің жоқтығы.
Оқи отырыңыз: Мыңға жуық ауылда интернет жоқ. Шалғай елді мекендер қашан цифрланады?"Осыған байланысты балалар күнделікті тасымал тәсілімен және интернаттарда жатып оқытылатын. Бұл індетке тікелей байланысты емес, бұрын қалыптасқан мәселе. Орталықтағы жақсы жабдықталған және тиісті мамандары бар мектепке барып білім алу ұйымдастырылса оның тиімділігі жақсырақ болады. Шағын жинақты мектептерде, өкінішке қарай, барлық маман бар деп айта алмаймыз. Маман тапшы", – деді ол.
Кемінде 420 мың компьютер оқушыларға беріледі
Министр 1 қыркүйекке дейін кемінде 420-450 мың компьютерді оқушыларға уақытша пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Компьютерлер болашақта балалар үшін мектепке сатып алынады. Оқушылар компьютерлерді кейін де оқу процесі аясында қолдана алды. Сатып алуды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. 200 мыңдай компьютер қазірдің өзінде оқушыларға берілген. Күн сайын компьютерлер балаларға жеткізіледі. Көпбалалы отбасылар мен мұқтаж отбасылар бірінші кезекте техникамен қамтылады.
Оқушы техниканы сындырып немесе бұзып алса, бұл мәселе "Мемлекеттік мүлік туралы" заңмен, Азаматтық кодекспен заңнама шеңберінде шешіледі.
"Төртінші тоқсанның нәтижесін көрдік. Ата-аналар осы мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, жақсы сапада қайтарып беріп жатыр", – деді Асхат Аймағамбетов.
Студенттер жатақханада тұрып, қашықтан оқи алады
Интернет жоқ елдімекендерде тұратын студенттер қалаға келіп, ЖОО-лардың оқшауланған жатақханаларында жатып оқи алады. Жатақханада санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталуы тиіс. Білім алушылар жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіледі. Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, жатақханада тұрып білім алатын студенттерге жеке бағдарламалар әзірленеді. ЖОО-лар интернет мәселесі бар студенттерді анықтап, оларға арнайы оқыту бағдарламасын дайындап, жатақханада тұруына жағдай жасауы керек.
Бірнеше оқушы мен мұғалімнен коронавирус анықталса, мектеп жабылады
Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың сөзінше, сыныпта бір оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталса, мамандармен эпидемиологиялық тексеріс өткізіледі. Сол сыныптың оқушылары, сабақ беретін мұғалімдер және бір инкубациялық кезеңде тығыз қарым-қатынаста болған адамдар оқшауланады. Зертханалық тексеру жүргізіледі. Ауру бірнеше сынып оқушыларында немесе әртүрлі сыныпта сабақ берген мұғалімдерде анықталса, аурудың одан әрі таралуын болдырмау мақсатында толық мектеп жабылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Оқушылар сабақта маска тағып, қолғап киюі қажет пе? Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді
Мектепте санитарлық нормаларды қамтамасыз етуге кім жауап береді?
Бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуынша, санитарлық ережелерде мектепте жауапты тұлға анықталуы керек деген тармақ бар. Мектептің өзіне, мектепте дезинфекциялау режимді жүзеге асыруға, мектеп қызметкерлеріне, мектепке баратын балаларға, оқу процесіне деген талаптар әртүрлі. Осы бағыттардың барлығына жауаптылар анықталуына байланысты бұзушылықтар анықталған соң оларға шаралар қолданылады. Барлығы қандай талаптар мен санаттардың бұзылғанына байланысты.
Оқушылар мен мұғалімдер маска тағуға міндетті
Айжан Есмағамбетова маска тағуға қатысты адамдар арасында сан түрлі пікір барын атап өтті. Бірі мұны қажет десе, бірі керек емес дейді. Біреуге маска қолайсыздық туғызса, біреуге тыныс алуда кедергі келтіреді.
"Маска – коронавирус инфекциясын жұқтырудың алдын алу жолдарының бірі. Маска тағу міндетті. Мұғалімдер мен балалардың ұзақ уақыт жабық ғимарат ішінде болуы біршама қауіп-қатерге ие. Маска тағудың зиянынан гөрі пайдасы көбірек", – деді Бас мемлекеттік санитар дәрігер.
Спорт клубтары мен секцияларына қатысуға ПТР-тест талап етілмейді
Бүгінде бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысымен санитарлық талаптар бойынша Қазақстанда ешқандай сала бойынша қызметкерлерге де, келушілерге де міндетті ПТР-тест тапсыру қарастырылмаған.
"ПТР – бұл диагностикалау тесті. Онда клиникалық немесе эпидемиологиялық көрсеткіштер болуы тиіс. Қандай да бір мекемеге немесе ұйымға теріс ПТР-тест нәтижесін алып барсақ, бұл бір-екі күннен соң тест нәтижесінің теріс болуына кепіл бола алмайды. Қоғамдық көлікке мінеміз, белгілі бір орындарға барамыз, адамдармен кездесеміз, яғни біз оқшауланбаймыз. Сол себепті қандай да бір секцияларға бару үшін ПТР-тест нәтижесін талап ету негізсіз", – деп түсіндірді Бас мемлекеттік санитар дәрігер.
Айжан Есмағамбетова нормативті-құқықтық актілерде қандай да бір орынға бару үшін "антидене болуы керек" деген талаптың да жоқ екенін атап өтті.