Бүгінде кез келген тұтынушы өз құқығының тапталмауына жете көңіл бөледі. Кейде тауардың сапасына мән бермей, сатып алған соң ғана сан соғып қалады.

Ал сатушылар мен тауар өндірушілер тұтынушылардың өз құқын қорғай алмайтындығын, білместігін пайдаланып, оларға сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен заттарын сатып жіберуі әбден мүмкін. Зардап шегетін тұтынушы халық. Алайда бұны заңды жолмен шешуге болады...

Оқи отырыңыз: Тұтынушылардың сауаты төмен. Халық қай өнім мен қызметке көп шағымданады?

Тауарды 30 күнде де қайтаруға болады

– "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" Заңға былтырғы жылдың сәуір айында енген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, сатып алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде көңіліңізден шықпаған тауарды ауыстыруға немесе ақшалай соманы сатушыдан қайтарып алуға болады.

Бұл Заңның 30-бабында нақты көрсетілген, – дейді Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская.

Оқи отырыңыз: Дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарында тұтынушының қандай құқықтары бар?

30 күнде қайтаруға болатын тауарлар

Жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, өнімдер жөніндегі нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сай келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзылып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуы-сақталмауына қарамастан сатылған тауарды сатушы мен өндіруші қайтып алуға міндетті.

– Мысалы, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімді байқамай сатып алсаңыз, қайтарып беруге отыз күн берілген. Жарамдылық мерзімі бірінші қыркүйекке дейін болса, сіз тауарды үшінші қыркүйек алдыңыз делік, бірақ оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін екі аптадан кейін көрсеңіз қайтарып беруіңізге болады, – дейді Светлана Романовская.

Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желідегі парақшаңызды құқыққа қайшы мақсатта пайдаланып кетпесін! Абай болыңыз!

Қалғанын 14 күнде қайтаруға болады

Ал жалпы тұтынушы сатып алған кез-келген затынан не тауарынан кемшілік тапса не көңілінен шықпаған болса, оны күнтізбелік 14 күн ішінде сатушыға қайтаруға құқы бар.


Тұтынушының құқықтары / Фото informburo.kz

Қандай тауар қайтарылмайды

Тек, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш киімдер, шұлық-ұйық бұйымдар, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар ғана қайтарылмайды.

Сонда біздегі дүкендер бұл заңды шынымен білмей ме? Әлде...

Сатушыға заңды білмеу тиімді ме?

Мөлдір Әбдірайымованың Астана қаласындағы тұрмыстық техника сататын ірі дүкендер желісінің бірінен сатып алған шаңсорғышты қайтара алмай жүргеніне бір ай болды.

– Сатып алғаннан кейін үш күннен кейін қорапты ашып, шаңсорғышты қолданайын десем шаңды артынан шашады екен. Ертесінде тауарды дүкенге апарғанымда сатушы шаңсорғышты тексеріп, ақауды көрді. Алайда, ауыстырып беруден және техниканы қайтып алудан бас тартты. "Бізге сервис орталығының тұжырымдамасы керек" деп, маған акт толтыртып тауарды алып қалды, – дейді Мөлдір.

Жаңа шаңсорғыштың сүзгіші (фильтр) пайдасыз болып шықты

Мөлдірге бір аптадан кейін сервис орталығынан хабарласып шаңсорғышты алып кетуге болады деген.

– Ақау сүзгіштен, сізге жаңасын қою керек деп, маған фильтр сатып алыңыз деді. Алайда, ол да болмай шықты. Қайта телефон шалып едім, сүзгішті жуып салыңыз деді. Онысы да болмады, – дейді Мөлдір.

Айтуынша, проблеманы көрсету үшін үйге шақырған Сервис орталығының маманы, сізге жаңа сүзгіш алу керек деп кетіп қалған.

Мәселені соңына жеткізу үшін Мөлдір дүкен директорының орынбасарымен бірге шаңсорғышты қайта Сервис орталығына апарған.

– Бізден техниканы зауытқа жібереміз деп алып қалған. Бірақ үш-төрт күннен кейін тағы хабарласып, акт толтырылды, техниканы дүкенге апарып ауыстыруыңызға болады деді. Барып едім, мүлдем басқа актке қол қоюды сұрады. Ол жерде "кепілдік шарты бұзылды, шаңсорғыш жұмыс істеп тұр" деп жазылған. Мен оған қол қоюдан бас тартып, келіспейтінімді айттым. Ақыры маған бұл жұмысты қарастыруға арнайы менеджер тағайындайтын болды, – дейді Мөлдір. – Мені алаңдататыны шаңсорғыш және оның құны емес, өз құқымның ақысы. Азаматтық құқығымды таптаған осы аталған мекеме қызметкерлері тиісті жазасын алмайынша тынышталмаймын енді.

Кеше алған телефонды, бүгін қайтарып алмай қойды

Сергей Разумов Астана қаласының ұялы телефондар сататын дүкендердің бірінен смартфон сатып алған. Бірақ алғанына көңілі толмаған ол ертесіне тауарды қайтарып бергісі келген. Алайда, сатушы телефонды қайтып алмайды.

– Апарғанымда сараптамадан өткізуімді сұрады. Ал негізі чек те, қорабы да болды. Сараптамасы ақылы екен, жасаттым, бәрі дұрыс деген қорытынды шығарып берді. Енді қайтарып берейін десем, базарға барып сат дейді. Айтуларынша телефон іске қосылған (активирован). Мен оларға заңды ескерттім, елеп тұрған жоқ, – дейді Сергей.

Сергей ол жерге арыз жазып қалдырып, артынша "Әділет" тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамына жүгінген.

– Ол жер мәселе оң шешімін табады деп сендіріп отыр. Қызметтері ақылы екен. Тауардың бағасының он пайызын алады. Олардың қолынан келмесе сотқа жүгінуден басқа амал жоқ, – дейді ол.

Заңда берілген 14 күнді пайдаланып қалатын тұтынушылар да бар

Соңғы кезде жұма күні жиһаз сатып алып, сенбі-жексенбі күндері қонақ күтіп, дүйсенбі күні жиһазды қайтарып беретіндер пайда болған.

Немесе, балалардың киімдерін сатып алып, бір кигізіп, қайтарып жатады, кейде өздері қымбат көйлекті бір кешке киюге алып, қайтара салғысы келетіндер бар.

– Ол киімнің киілгенін дәлелдеу қиын емес. Егер сатушы тауардың пайдаланылғанын дәлелдесе, тұтынушыдан барлық шығынды сот арқылы өтеп алады, – дейді Светлана Романовская.

Сараптама қалай жүргізіледі?

Свтелана Романовскаяның айтуынша, сараптаманы тұтынушының көзінше де жасауға болады. Ол кәсіпкер ақшаны қайтармау үшін қасақана әрекет жасамау үшін рұқсат етіледі.

Айтуынша, сараптама кәсіпкер тарапынан емес, тәуелсіз болуы тиіс.

Етіктің кепілдік мерзімі қыста басталады

Кез келген тауардың мемлекеттік стандартқа сәйкес бекітілген кепілдік мерзімі болады. Киім-кешекте ол мезгілдік. Яғни, етік алсаңыз бір қыс киіп шығатындай болу керек. Ол аяқ киімді жазда сатып алған болсаңыз да оның мерзімі қыстың бірінші айынан басталады, –дейді Светлана Романовская.

– Заң бойынша, – дейді Светлана Романовская, – көңілден шықпаған тауарды басқасына ауыстырып ала ма, қайтарып бере ме немесе жөндеп беретін ақысын өтетіп ала ма тек тұтынушының еркінде, өзі шешуі тиіс.

Ал егер сіз алған тауарда ақау болса, оған ұқсас басқасы (аналогы) қанша қымбат тұрса да сатушы айырмасын қосып төлетпей сізге ауыстырып беруі керек. Сонымен қатар, кепілдік мерзімі соңғы алған тауарға сәйкес ұзартылуы тиіс.

Жеңілдікпен сатылған тауарды да қайтаруға болады

– Алайда мына бір жәйтті ескеру керек, – дейді Светлана Романовская:

– Не себепті төмен бағамен сатылып жатқанын біліңіз. Жұмыс қабілетіне әсер етпейтін ақау салдарынан сатылған тауар болуы мүмкін. Бұндай жағдайда оның ақауы бар екендігімен келіссеңіз және әрі қарай сатушыдан ақауларды жоюды талап етуге құқығыңыз болмайды. Мысалы сіз төмендетілген бағамен электр пеш алдыңыз делік. Оның сырты майысып қалған. Сіз оны білдіңіз, бірақ пеште басқа проблемалар бар болса, мысалы ол қызбаса, оны басқаға айырбастауды немесе оның құнын толық қайтаруды талап етуге құқығыңыз бар, – деп түсіндіреді Светлана Романовская.


Ақау салдарынан бағасы төмендетілген тауарларды сатып алғанда, сатушының ақауларды құжаттарға жазбаша түрде белгілеп алғаны дұрыс / Фото voxpopuli.kz

Ал егер, сұранысқа ие емес немесе ескі топтаманы жою мақсатындағы сатылым болса, алған затыңыз сізге қандай да болмасын параметр бойынша сай келмесе, сатушының қайтару мүмкін емес деген ескертпесіне қарамастан, қолыңызда кассалық чегіңіз болса, затыңызды дүкенге 14 күннің ішінде қайтаруға толық құқығыңыз бар.

Егер алған тауарыңыздан ақау шықса...

Тұтынушы өз бетінше сараптама жасатып, құзырлы мекемелерге шағымдану арқылы да құқығын қорғауына болады, ол үшін:

  1. Тауарды алған дүкенге барыңыз;
  2. Тауарды ауыстырып не болмаса ақшаңызды қайтарып беруін талап етіңіз;
  3. Кепілдік мерзімі бойынша жөндеп беруді талап етіңіз (тауарға байланысты);
  4. Сатушы талаптарыңызды орындамаған жағдайда мекеменің әкімшілігіне жүгініңіз;
  5. Сізге факт керек, сондықтан талабыңызды екі экземплярда жазбаша ұсынып, тіркелуін қадағалаңыз (бір экземпляр сатушыда қалады);
  6. Кіріс құжат ретінде кіріс нөмірмен тіркелуін қадағалаңыз;
  7. Арыз-талапты алған адамның аты-жөні мен арызыңыз келіп түскен ай күні мен қол қойдырып алыңыз (осылайша, заңда белгіленген мерзім өтіп кетсе, мерзімінде әкелгеніңізді растай аласыз);
  8. Тауарға тәуелсіз сараптама жасатыңыз;
  9. Барлық шығындарыңызды растайтын чектерді жоғалтпаңыз.
  10. Егер әкімшілік те талабыңызды орындамаса, тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасына өтініш жазасыз немесе бірден сотқа талап-арыз жазасыз.

Сонымен, сатушы тарапынан заңсыз әрекетке тап болсаңыз...

Тұтынушы құқығын қорғау басқармасы мамандары тегін кеңес береді. Сонымен қатар, "Әділет" тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамына жүгіне аласыз. Ол жерде қызмет құны тауар бағасының он пайызын құрайды. Және Ұлттық тұтынушылар лигасынан кеңес алуыңызға болады.

2040 (Kcell, Activ), 2518 (Beeline), +7 (727) 277-89-45 нөмерлеріне қоңырау шалып, тегін кеңес алуыңызға болады.

– Егер мәселеңізді егжей-тегжей қарау керек болса, ақылы түрде кеңес беріледі. Сонымен қатар, біздің заңгердің ақылы көмегіне жүгіне алады, Сотта жеңген жағдайда тұтынушының жұмсаған ақшаларының барлығы сатушы тарапынан өтеледі, – дейді Светлана Романовская.

Талап арыз өзге де заңнамалық құжаттардың үлгілерін мына сайттан алуға болады.