Қазақстандықтардың зейнетақы жарналарының көлемі қалай өзгереді?
2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Қазақстанда жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы енгізіледі. Жұмыс беруші 10% зейнетақы аударымынан бөлек әр қызметкерінің жалақысынан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) тағы қосымша 5% жарна аударуға міндеттеледі.
Бұл заң 2015 жылдың 2 тамызында қабылданды. Жүйені 2018 жылы енгізу жоспарланған болатын, алайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бірінші тұрғандықтан, ол кейінге қалдырылды.
Informburo.kz пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдан бастап жұмыс берушілерге не өзгеретінін және бұның қазақстандықтардың зейнетақы көлемінде қалай көрініс табатыны туралы толықтай түсіндіреді.
№1. Зейнетақы аударымдарының көлемі қалай өзгереді?
2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жұмыс берушілерге міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Жұмыс берушілер осы уақыттан бастап БЖЗҚ-на қолданыстағы заңнамаға сәйкес аударылатын 10% зейнетақы жарнасынан бөлек әрбір қызметкердің жалақысынан 5% көлемде тағы қосымша жарна төлеуге міндеттеледі.
Осылайша, жұмысшының жеке зейнетақы шотына ай сайын жалақысының 15%-ы түсіп тұрады: 10% – жұмысшының міндетті зейнетақы жарнасы, 5% – жұмыс берушінің есебінен аударылатын зейнетақы жарнасы.
№2. Қосымша зейнетақы жарнасы кімге аударылуы тиіс?
Жұмыс істейтін барлық қазақстандықтарға. Соның ішінде жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар да бар.
Ал, жаңалық төмендегілер санатына қолданылмайды:
- Жұмыстар мен қызметтерді азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарт негізінде көрсететін тұлғаларға;
- Зейнеткерлерге;
- Әскерилер мен күш құрылымдарындағы қызметкерлерге;
- Еңбек сіңірген жылдар үшін зейнетақы төлемдерін алушыларға;
- Өмір бойына ай сайын ақы алып отыратын, доғарыстағы судьяларға.
№3. Зейнетақы көлемі қалай өзгереді?
Зейнетақы көлемі еңбек өтіліне, табысына, зейнетақы жарнасына байланысты еді, енді жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасына да тәуелді болады.
Мәселен: 33 жыл еңбек өтілімен 172 мың (2019 жылғы ҚР-дағы орташа айлық) жалақы алатын жұмысшыны алайық. 33 жылда оның 10%-дық зейнетақы жарнасы шамамен 12,7 млн теңге болады (есептеуде жалақының өсуі есепке алынбады). Зейнетке шығар алдында зейнетақы көлемі 140 мың теңгені құрайды. Бұл сома жинақталған 110 мың теңгеден және базалық – 30 мың теңгеден құралды. Жұмыс берушінің жарнасы есебінен зейнетақы тағы 50 мыңға өседі де 190 мың болады.
Бөлек тәртіпте төмендегілерге зейнетақы есептеледі:
- Әскерилер мен күш құрылымдарының қызметкерлері;
- Еңбек сіңірген жылдар үшін зейнетақы төлемдерін алушыларға;
- Өмір бойына ай сайын ақы алып отыратын, отставкадағы судьяларға.
№4. Еңбек өтілі зейнетақы көлеміне қалай әсер етеді?
Зейнетақы жұмысшының еңбек өтіліне тікелей тәуелді.
Ортақ (еңбек) зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтіліне байланысты. Базалық зейнетақыда 1998 жылға дейінгі де, одан кейінгі де жұмысшының еңбек өтілі есептеледі.
Жинақтаушы зейнетақы жұмысшының міндетті зейнетақы жарналарын аудару ұзақтығына, толықтығына, және уақытылығына тәуелді.
Еңбек министрлігіндегілер жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу базалық және ортақ зейнетақы үшін жұмысшының еңбек өтілін есептеуге әсер етпейтінін айтып, сендірді.
№5. Жұмысшы қайтыс болған жағдайда мұрагерлері жұмыс беруші аударған жарнаны ала ала ма?
Жоқ. Жұмыс беруші аударған жарнаның жинақталған сомасы жұмысшының жеке қаражаты боп саналмайды. Өйткені қаражат жұмыс берушінің есебінен аударылады. Сол себепті ол мұрагерлікке де өтпейді. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы төмендегілердің шотында жатқан БЖЗҚ-дағы басқа да салымшылар арасында бөлінеді:
- Қайтыс болған адамдар;
- Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға көшіп кеткендер;
- Жинақтары күнкөріс минимумының екі еселенген көлемі деңгейінде (2019 ж.) өмір бойына төленетін төлемдердің сомасына жететін тұлғалар.
Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Пенсионные взносы казахстанцев. Что изменится в правилах отчисления с 1 января 2020 год
№6. Қосымша зейнетақы жарнасы не үшін енгізілді?
"5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізу қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және еңбек өтіліне сәйкес азаматтарды кепілдендірілген көлемде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда зейнетақы мемлекет есебінен және жұмысшының өз жарнасы есебінен төленіп жатыр. Алайда жұмыс беруші өз жұмысшыларын зейнетақымен қамтамасыз етуге мүлдем қатыспайды", – деп хабарлады Еңбек министрлігінен.
Міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы деп аталатын зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер үшін төленетін 5% жарна бұған қосылмайды.
№7. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасынан БЖЗҚ портфелі қаншалықты толығады?
6,6 млн қазақстандық жыл сайын 10% міндетті зейнетақы жарнасын төлейді. Жұмыс берушілер мен өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың орташа саны – 670 мың.
Жұмысшылардың БЖЗҚ-на аударып отыруға міндетті 10% жарнасының ай сайынғы көлемі шамамен 70 млрд теңгені құрайды.
Ал, жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасының көлемі ай сайын 35 млрд теңгені құрайды деп күтіліп отыр.
№8. БЖЗҚ аударымдарды қалай басқарады?
Жұмыс берушілер аударатын қаражат бірыңғай қордан жұмысшы атындағы шартты зейнетақы шоттарына түсіп тұрады. Олар зейнетақы төлемдері үшін пайдаланылады.
"Инвестициялық табыстарды алып, сақтау үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы есебінен жинақталған зейнетақы активтері қаржы құралдарына қойылуы мүмкін. Оның тізімін Үкіметпен және инвестициялық декларациямен анықталады", – деп хабарлады БЖЗҚ-нан.
2019 жылдың 1-ші шілдесінде БЗЖҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 10 млн-нан асты. Оларда 10 трлн теңге бар. Негізгі үлесін – 9,7 млн теңгеден көбін міндетті зейнетақы жарнасы бойынша шоттары құрайды.
№9. Жұмыс берушілер жалақыны конвертпен бере бастаса қайда шағымдану керек?
Еңбек министрлігіндегідер жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу жұмысшылардың ресми жалақысын азайтуға сеп болмайтынына сенімді. Өйткені еңбек шарттары мен жалақы көлемі алдын ала еңбек келісім-шартында келісіледі дейді олар. Келісім-шартқа енгізілетін кез-келген өзгерістер жұмысшы мен жұмыс берушінің өзара келісімімен жүзеге асырылуы тиіс.
Егер қандай ма бір кәсіпорын әлеуметтік төлемдерін азайтып төлей бастаса, салық органдары мұны бірден байқайды.
Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда жұмыстың мекен-жайы бойынша еңбек инспекциясына не болмаса + 7 (7172) 74-34-91, 74-35-72 телефон нөмірлері бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне жүгінуге болады.
Авторы Зарина Жақыпова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.