Әкелер де декретке шыға алады. Қазақстанда соңғы бес жылда 40 мыңнан астам әке декретке шыққан
– Қазақстанда айы-күні жақындаған әйелді жұмыс істейтін не жұмыссыз деп екі топқа бөледі. Себебі соған байланысты әлеуметтік қолдау бар. Егер жұмыссыз болса, бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы төленеді, – дейді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрсұлу Кемел.
Жалпы әкелер де бала күтіміне байланысты демалысқа шыға алады. Соңғы жылдары Қазақстанда бұндай отбасылар күрт көбейген. 2016 жылы 5326, ал 2017 жылы 23054 әке бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдепті.
Баланың туылуына байланысты демалыстың түрлері
- Жүктілікке және босануға байланысты демалыс (декретті демалыс) – қызметтегі жүкті әйелдерге беріледі;
- Бала күтіміне байланысты демалысты баланың анасы, әкесі немесе заңды түрде асырап алған адам ала алады.
Бұл туралы, Еңбек Кодексінің 99 бабында жазылған.
Әкелер де бала күтіміне байланысты демалысқа шыға алады
Баланы үйде кімнің қарайтынын және бала күтіміне байланысты демалысты кімге рәсімдейтіндерін экономикалық тұрғыда тиімді тұстарын ескере келе отбасы мүшелері өздері шешеді.
Бала күтіміне демалысты анасының да, әкесінің де алуға құқы бар.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 100 бап, 1 тармағынан біле аласыз.
Тапқаның не пәтерақыңа, не тамағыңа жетпесе, ұят
Туылғаннан бері бір жарым жасар Айаруды әкесі бағып отыр.
Әйелінің табысы көбірек болғандықтан күзетші болып қызмет ететін Алмас Мустафин декреттік демалысты өзі алған.
Енді жұмысына қызы үш жасқа толғанда бір-ақ оралмақ.
– Әйелім екеуіміз кеңесіп, осындай шешімге келдік. Мен үйде отырып, қызымды бағатын болдым.
Ұялмаймын, ол – менің балам ғой. Қиын да емес. Шешесі болмаған кезде қоспа ішеді, іші ауырса аскөк қайнатып беремін, – дейді Алмас.
Айтуынша, алғашында көпшіліктің күле қарағаны рас. Өйткені, қазақы түсінікке жат.
– Сол кезде, жұмысқа қайта шығып кеткім келді, – дейді декреттегі әке. – Бірақ, тапқаның не пәтерақыңа, не тамағыңа жетпей жатса, одан да ұяттырақ.
Бала күтіміндегі қызметкер қалаған уақытында жұмысқа қайта шыға алады?
Баласының жасы үшке толмай тұрып, қызметкер кез келген уақытта жұмысқа шыға алады. Бірақ жұмыс берушіге бұл туралы бір ай бұрын ескертуі тиіс.
Ал егер, үш жыл бала күтіміне байланысты демалысты рәсімдеп, кейін аяқ-асты жұмысын жалғастыру керек болса, ата-анаға мүмкіндік беріледі.
Бұл кезде де бір ай бұрын жұмыс берушісіне ескертіп, арызын жазады.
– Бала үш жасқа толғанша бұл демалысты өз еркіңізбен пайдалана аласыз, бір ғана талап – жұмыс берушіңізді бір ай бұрын ескертіп отыру керек. Тіпті, жарты жыл бала күтімінде отырған соң, 3 айға жұмысқа шығып, қажет болғанда демалысыңызды әрі қарай жалғастыруға болады, – дейді сақтандыру қорының директоры Нұрсұлу Кемел.
Бір ескерер жайт, жүктілікке және босануға байланысты демалыс алғанда мерзімінен бұрын жұмысқа шығуға заң рұқсат етпейді.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 100 бап, 4 тармағынан біле аласыз.
Бір жасқа толмаған баласы бар, жұмыс істемейтін ата-анаға берілетін жәрдемақының көлемі қандай?
Бұл жәрдемақы бала күтімімен отырған әйелге немесе ер адамға беріледі. Бір жыл көлемінде ай сайын беріліп отыратын жәрдемақының мөлшері мынадай:
Бірінші балаға – 5,76 АЕК ( 2018 жылға бекітілген айлық есептік көрсеткіш мөлшерлемесі 2405 теңге) – 13 853 теңге;
Екінші балаға – 6,81 АЕК – 16 378 теңге;
Үшінші балаға – 7,85 АЕК – 18 879 теңге;
Төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК – 21 405 теңге;
Жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін барлық жүкті әйелдерге босану жәрдемақысы республикалық бюджеттен төленеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК, яғни 91 390 теңге; төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК, яғни 151 515 теңге беріледі;
Әке мен шешенің әлеуметтік төлемді алу құқығы бірдей
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыс істейтін ата-ананың біреуіне әлеуметтік төлемдер қордан беріледі.
Бұл жерде әкесі мен анасының құқығы бірдей.
Отбасылық өзара шешімге сай, бала күтіміне байланысты жұмысын тоқтатқанына жәрдемақының осы түрін рәсімдеуге болады.
Екеуінің құқығы бірдей.
Рәсімдегісі келсе, әкесіне ешқандай кедергі жоқ.
– Тек ескерте кететін жәйт, бұл жәрдемақы бала күтіміне байланысты табысынан айырылған адамға беріледі, – дейді Нұрсұлу Кемел. – Яғни, бала бағып үйде отырса ғана алады.
Жәрдемақы қалай есептеледі?
Ол үшін соңғы екі жыл ішіндегі жалпы табысының көлемін 24 айға бөлу қажет, содан кейін 0,4 коэффициентке көбейтеді және 10% зейнетақы жарнасын алады.
Мысалы, бала босанғанға дейін әйел 2 жыл жұмыс істейді, бір жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы әйел 80 мың теңге алды, екінші жылы 100 мың теңгеге дейін еңбекақысы өсті делік. Енді осының барлығын және зейнетақы жарналарын, табыс салығын түгелдей қосып есептейміз:
12 х 80 000 + 12 х 100 000=1 200 000 + 1 800 000 = 2 160 000 теңге
Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 2 160 000 : 24 = 90 000 теңге
Яғни, 90 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері.
Жәрдемақы осы соманың 40 пайызы көлемінде болады.
Яғни, баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін осы көрсеткішті 0,4-ке көбейтіп,
Осы мысал негізінде сіз де жәрдемақыңызды есептей аласыз.
10 пайыз зейнетақы жарналарын шегеру керек:
90 000 х 0,4 = 36 000 теңге. Осыдан 10 пайызды шегергенде, босанған әйел ай сайын 32 400 теңге алады.
Бала күтіміне демалысқа шықпасаңыз, жәрдемақы алмайсыз
Күйеуінің атына жәрдемақы рәсімдеп, оған қоса оның жұмысынан жалақы алу заңға қайшы әрекет.
Ондайға барған қулар көп. Ал шындығында мемлекетті алдауға болмайды.
Айгүл Үсенбаева – бірінен кейін бірін туып, екі бала бағып, үйде отырған ана.
Екінші баласын 2018 жылдың 13 ақпанда босанған. Әлі күнге дейін жәрдемақысы қолына тимеген.
– Көрші-қолаң, тамыр-таныстары бір ауыздан: "күйеуің жұмыс істеп отыр, әлеуметтік аударымдары бар. Жәрдемақыны күйеуіңнің атына рәсімде, біз сөйттік. Әжептәуір ақша алып отырмыз, күйеуім да жұмысын жалғастырып жатыр" деп кеңес берді, – дейді Айгүл. – Жұмысынан кетпегенін біз де көріп отырмыз.
Бірінші наурызда бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты күйеуінің атына жәрдемақы рәсімдеген. Құжатымызды түгел қабылдап алғаны туралы қолхат қолымызда бар.
Бір айдан соң бізге жәрдемақы тағайындалмайтындығы туралы хабарлады.
Оны күйеуімнің жұмыс орнынан декреттік демалыс рәсімдемегінімен түсіндірді, – дейді Айгүл.
Жалақы не жәрдемақы... Таңдау керек
Әлеуметтік салымдары бар адам үшін жәрдемақы жоғары болғандықтан, оны қызметтегі отбасы мүшесінің атына рәсімдеу тиімді.
Өйткені, жәрдемақы көлемі орташа жалақыңыздың шамамен 40 пайызын құрайтын болады.
Бұл туралы "Жәрдемақы қалай есептеледі?" деген тарауда толық мағлұмат берілген.
Ал жәрдемақыны рәсімдеп, ол тағайындалғаннан кейін жұмысты жалғастыра беру заңсыз.
Мұндай заңсыздықты болдырмау үшін Мемлекеттік сақтандыру қоры ұдайы бақылау жүргізіп отырады. Егер қызметкердің бала күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдеп, бірақ жұмысын жалғастырып жүргені белгілі болса, құзырлы мекемелер арқылы мәселені шешеміз, –дейді Сақтандыру қорының директоры.
Жәрдемақыны жалғызбасты ата-аналар да немесе ата-анасыз қалған баланы заңды түрде қамқорлығына алып отырған адам да рәсімдей алады.
Баланың бір жасына дейін берілетін жәрдемақының тағайындау үшін:
- Өтініш;
- Жеке басын куәландыратын құжат;
- Тұрақты мекенжайы бойынша тіркелгенін растайтын құжат документ, (мекенжай анықтамасы немесе ауыл округі әкімінің анықтамасы, Байқоныр қаласының тұрғындары үшін – Ресей Федерациясының Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы);
- Баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме;
- Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы құжат. Шотты кез келген ҚР ЕДБ немесе банктік операцияларды жүзеге асыратын "ҚазПошта" АҚ сияқты басқа ұйымдарда ашуға болады;
- Егер құжаттарды үшінші тұлға берсе, нотариалды куәландырылған сенімхат;
Жұмыс беруші қызметкерді декреттік демалысқа жіберуі тиіс?
Жүкті әйелге "еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы" беріледі. Осы парақтың негізінде қызметкер декреттік демалысқа шыға алады. Яғни, жұмыстағы әйелге жүктіліктің соңғы айларында және босанғаннан кейін шамамен екі ай мерзім көлемінде міндетті демалыс беріледі.
Жұмыс беруші парақта көрсетілген күннен бастап жүкті қызметкерін жұмыстан босатуы тиіс. Басқаша айтқанда, декреттік демалысқа жібереді.
Еске салайық, демалыс мерзімі: босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 (қиын босанғанда немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – 70) күнге демалыс беріледі.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 99 бабының 2 тармағында көрсетілген.
Жүкті қызметкер жұмысын жеңілдетуді талап ете алады
Жұмыс беруші жүкті қызметкерді денсаулығына зиян келтіретін жұмыстан басқа қызметке ауыстыруға тиісті (медициналық қорытынды негізінде). Сондай-ақ, мұндай жағдайда қызметкердің орташа жалақысы сақталуы керек.
Басқа жеңілі берілгенге дейін, жұмысты орындауданжүкті әйел босатылуы керек. Бұл кезде де орташа жалақысы сақталады.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 44 бабы, 1 тармағында көрсетілген.
Сондай-ақ, жүкті қызметкер вахталық жұмысқа жіберілмейді.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 135 бабы, 3 тармағында көрсетілген.
Шетелде...
Шетелде әкенің декретке шығуы – қалыпты көрініс. Мәселен, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия, Франция елдерінде қамқор әкелер ақылы демалыс алады.
Швецияда баланың әкесіне кемінде бір айға декреттік демалыс алу міндеттеледі. Финляндияда әкелердің 66 пайызы бала күтімі үшін уақытша жұмыстан босатылады.
Испанияда әкелерге жалақысының 100 пайыз сақталуы кепілдігімен он апта көлемінде бала бағуға демалыс беріледі. Исландияда баланың әкесіне жылдық орташа жалақысының 80 пайызына дейін көлемде үш ай мерзімге, жәрдемақы қысқартылып тағайындалады.