Келер аптадан бастап кинотеатрлар жұмысын қайта бастайды. Елдегі эпидахуал қандай?
Наурыз айынан бері жұмысы тоқтаған еліміздегі барлық кинотеатрлар келер аптадан бастап есіктерін қайта ашады. Бірақ олардың санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Мұндай шешімді бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тұрғындардың әлі күнге дейін коронавирустың қаупінен толық сақтанбайтынын, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау режимі мен әсіресе, қоғамдық орындар мен көліктерде міндетті түрде маска тағу мәселесінде санитарлық талаптардың жеткілікті орындалмайтынын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысы азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды және санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Ел халқының 15 пайызы – қауіп тобында. Қараша-желтоқсанда коронавирус қаупі күшейеді
Ведомствоаралық комиссия төмендегідей шешім қабылдады:
Шекарадан өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту:
- 26 қазаннан бастап шет елдердегі эпидемиологиялық ахуалды ескерумен шетелге ұшатын әуе рейстерінің санын қысқарту;
- Қазақстан аумағына келгендердің барлығын (соның ішінде ҚР азаматтарын), сондай-ақ екіжақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүргізушілерді міндетті ПТР-тестілеуден өткізу;
- шетелден келушілерге, оның ішінде ҚР азаматтары үшін де ПТР тестіден өткені туралы анықтаманың жарамды мерзімін 3 күнге дейін белгілеу.
ПТР-тестілеу:
- 19 қазаннан бастап ҚР көптеген өңірлік зертханаларында ПТР-тестілеу құны 9 мың теңгеге дейін төмендетілді.
Сырқаттанушылық өсімі болмаған жағдайда, "жасыл" тұрақты эпидемиологиялық ахуалы бар өңірлерде бизнес субъектілерінің қызметін кезең-кезеңмен қайта жандандыруға рұқсат етіледі:
- 24 қазаннан бастап сенбі күндері сағат 17:00-ге дейін СОСО, сауда үйлері, жабық базарлар жұмыс істей бастайды;
- 26 қазаннан бастап кинотеатрлар қашықтықты және маска тағу режимін сақтай отырып, 30%-дан аспайтын толығумен жұмысын қайта бастайды.
Оқи отырыңыз: Каникул кезінде үлгерімі нашар оқушылар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылады
Шектеу шараларын сақтау:
- мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, бильярд және компьютер клубтарының, ойын-сауық мекемелерінің, банкет залдарының, түнгі клубтардың қызметіне салынған тыйым сақталады;
- Облысаралық жолаушылар тасымалдарына және ортақ вагондарды құруға тыйым салу жалғасады.