Карантин талабы жеңілдеді. Енді аулаға шығуға, саяжайға баруға рұқсат
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы шешімін қабылдады.
Барлық өңірде 27 сәуірден, ал Шымкентте 1 мамырдан бастап қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтаумен жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімі бекітілді:
- өнеркәсіптік кәсіпорындар;
- құрылыс және жол құрылысы салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері;
- көлік, қоймалау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік, автокөліктерге қызмет көрсету салаларындағы ұйымдар және қызмет көрсету саласының кейбір түрлері;
- банктер мен қаржы секторының ұйымдары.
Нұр-Сұлтанда жұмысы қайта жанданады:
- қаржы және сақтандыру секторларының ұйымдары (банк қызметі мен микроқаржы ұйымдары);
- электрлік тұрмыстық техника (ауданы 2 мың шаршы метрден астам), саяжай маусымына арналған (тұқым сататын дүкендер, зоомагазиндер) тауарлар сататын ірі дүкендер;
- риэлтерлік компанияларға, агенттіктерге, жылжымайтын мүлікті бағалау жөніндегі консалтингтік қызметтер.
Алматыда жұмысын қайта бастайды:
- көлік және қоймалау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салалары;
- қаржы және сақтандыру секторлары;
- сервистік қызмет көрсету салалары (ТҚС, дөңгелек ауыстыру, тұрмыстық және кеңсе техникаларын жөндеу).
Аулаға шығуға және саяжайға баруға рұқсат
Облыстардың, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне 27 сәуірден бастап өңірлік штабтар әзірлеген ережелерге сәйкес аула алаңдары мен саяжай алқаптарының халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Нұр-Сұлтанда тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып аулаларда және балалар алаңдарында серуендеуге рұқсат берілді. Тұрғындар қорғаныс құралдарын пайдалануы қажет. Балалар алаңдарында қашықтық сақталуы шарт.
Инфекцияны жұқтыру қаупі жойылмағандықтан қаладағы ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Қоғамдық көліктің жұмысы карантин соңына дейін тоқтатылды.
Оқи отырыңыз:.Covid-19: төтенше жағдай кезінде интернет тұтынушы үшін қауіп қандай?
Балабақшалар, үйірмелер мен секциялар жұмыс жасамайды. Ал жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді.
Нұр-Сұлтанда саяжай иелеріне карантиндік аймақ шегінде орналасқан бау-бақшаға баруға рұқсат берілді. Тұқым мен көшет отырғызуға рұқсат. Қонақ шақыруға, табиғатта немесе саяжай аумағында пикниктер ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады.
Әуе рейстерін іске қосу
1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуе қатынасын қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Бастапқы кезеңде ұшу жиілігі күніне 4 рейсті құрайды. Рейстер күшейтілген санитарлық талаптарды сақтап, аз жолаушылармен және салонда ерекше қашықтықты сақтау арқылы жүзеге асырылады.
"Әкімдерге қоғамдық орындарды, өнеркәсіптік аумақтарды, әуежайлар мен балалардың ауладағы ойын алаңдарын сапалы түрде санитарлық өңдеуге, жалпы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, оған бақылау орнатуға ерекше көңіл бөлуді тапсырамын", — деді премьер-министр Асқар Мамин.