Каникул кезінде үлгерімі нашар оқушылар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылады
Мұғалімдер мектеп бағдарламасынан қалып қойған оқушылармен каникул кезінде жеке жұмыс істейді. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Informburo.kz сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Оқушының әр пәннен үлгерімі тоқсан соңында мониторинг нәтижелері бойынша анықталып, міндетті түрде мектептің педагогикалық кеңесінде талқыланады. Педагогикалық кеңестің шешімімен әр сынып пен белгілі бір пәннен туындаған мәселелерді жою үшін іс-қимыл жоспары әзірленеді. Оны мектептің педагогикалық кеңесінің төрағасы бекітеді.
"Мектептің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес демалыс кезінде жеке кесте бойынша кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, каникул уақытында оқушыларға өткізілетін қосымша сабақтарды оқу пәніне қарамастан мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары бақылайды", – делінген министрлік жауабында.
Қосымша жеке сабақтарға кез келген оқушы қатыса алады. Бірақ белгілі бір пәннен артта қалған оқушыға баса назар аударылады
Мектеп директорының нақты тапсырмасы көрсетілген бұйрығы негізінде мектептің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес сынып жетекшісі қосымша сабаққа қатысатын оқушылардың тізімін жасайды. Үлгерімі нашар оқушылар көп болса, әр мектеп қосымша кезекші сыныптардың жұмысын онлайн режимінде ұйымдастырады.
Оқи отырыңыз: Қашықтан оқудың кемшілігі не? Қазақстандықтардың жартысына жуығы бұл форматқа қарсы
Қосымша сабақтарға қатысатындар БЖБ, ТЖБ қорытындылары және тоқсан қорытындысы бойынша бағалаумен іріктеледі. Қашықтықтан оқыту кезінде формативті бағалау жүргізіледі. Баға "Күнделікке" қойылады. Каникул уақытында қосымша сабақтарға қатысатын оқушылардың саны әр мектеп үшін әртүрлі. Ол тек оқушы үлгеріміне қарай анықталады.
Бағдарламадан қалып қойған оқушылар үшін қосымша сабақтарды бастауыш сынып мұғалімдері, сондай-ақ пән мұғалімдері өткізеді. Кейбір жағдайда мектеп қосымша сабақтар өткізу кезінде пән мұғалімдерін қайта бөлуі мүмкін.
Жеке қосымша сабақтардың саны каникул кезінде қамту жоспарланған материалдың көлеміне байланысты бекітіледі. Шектеу іс-шаралары жағдайында 20-30 минут сабақ өткізуге рұқсат етіледі.
Жеке сабақтар өткізген мектеп мұғалімдеріне қосымша ақы төленбейді, себебі демалыс кезінде сабақ өткізбесе де мұғалімдердің жалақысы сақталады.