Фонограммаға тыйым, жаттықтырушы жалақысы, ішкі туризм. Мәдениет және спортты дамытуда қандай жұмыстар қолға алынды?
Жаттықтырушылардың жалақысы 2 есе өседі
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларына жалақының 100 пайыз көлемінде қосымша ақы беріледі. Ал мәдениет және өнер ұйымдарында жұмыс істейтін 34 мың қызметкердің жалақысы жыл басынан бері 35-50 пайызға өскен.
"2023 жылға дейін мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж педагогтарының жалақысы жыл сайын 20 пайызға көбейіп отырады. Сонымен қатар, спорт саласындағы жаттықтырушы оқытушылардың, мұғалімдердің, 4 интернат-колледж бен спорт мектебінің жаттықтырушыларының жалақысы өседі", – деді Ақтоты Райымқұлова.
Одан бөлек, кем дегенде 20 жыл еңбек еткен балет әртістері ай сайын соңғы 3 жылдағы жалақысының 60 пайызындай төлем алатыны белгілі болды. Ал, допингке қарсы зертхана, ұлттық допингке қарсы орталық, дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік талдау орталығының спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларының жалақысы екі есе өседі.
Оқи отырыңыз: Кітапханашының жалақысы – 81 мың, мұрағатшыныкі – 78 мың теңге. Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы өсе ме?Фонограмма қолдануға тыйым салына ма?
Министр кейінгі кездері халық арасында эстрада өкілдеріне қатысты наразылықтың күшейгенін, әсіресе, фонограммамен ән салушыларға қатысты сынның көбейгенін айтты. Оның сөзінше, Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселені шешу мақсатында "ҚР мәдениеті туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, парламент мәжілісінің қарауына жіберген. Заң жобасының үкіметтік нұсқасында "фонограмманы пайдалану тәртібі" (телевидение мен радиодан басқа жердің бәрінде тыйым салу) туралы норма қарастырылған.
"Әрбір заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен "Атамекен" ҰКП мақұлдауынан өтеді. Біз заң жобасы арқылы аудиторияға фонограмманың пайдаланылатыны туралы алдын ала хабарлау тәртібін ұсынамыз. Осыдан соң, тыңдарман жанды дауыстағы ән тыңдай ма, жоқ па, оны өзі шешеді", – дейді Мәдениет министрі.
Токио олимпиадасы кейінге қалдырылды. Қазақстан қанша қаржы үнемдеді?
Ақтоты Райымқұлова пандемияның әсерінен кейінге шегерілген халықаралық спорттық шаралар, оның ішінде Токио олимпиадасы туралы айтып берді."Пандемия кезінде әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстардың кестесі өзгергенін білесіздер. Осыған байланысты, халықаралық, лицензиялық жарыстардың кестесі мен спортшылардың дайындық шарасы қайта қаралды. Токио олимпиадасының өтетін уақыты 2021 жылға ауыстырылғандықтан, өткен жарты жылда республикалық бюджетке 4,3 млрд теңге қайтарылды", – деді Ақтоты Райымқұлова.
Токио олимпиадасы халықаралық олимпиада комитеті және Жапония үкіметінің ұйғарымымен 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамыз аралығында өтетін болды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның әлі күнге дейін туристік бренді жоқ. Мәселе 10 жылдан бері неге шешілмей келеді?"Қазақфильм" жекешелендірілмейді
Министр Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы тарамайтынын мәлімдеді.
"Қазақфильм" – Қазақстанның кинобренді, Орталық Азия аумағындағы кино шығаратын ең ірі өндіріс ошағы. Киностудия қазір мемлекеттің қатысуындағы акционерлік қоғам ретінде жұмысын жалғастырып жатыр. Яғни, ол мемлекеттік субсидияға зәру емес", – деді ол.
Бұған дейін "Қазақфильмге" жыл сайын мемлекеттен 270 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп келген.
"Қазақфильм" киностудиясы 2019 жылдың қыркүйегіне дейін жекешелендірілетін нысандардың қатарында болды. Алайда, Үкімет пен Мәдениет және спорт министрлігі киностудияны жекешелендірілетін нысандар тізімінен алып тастады", – деді министр.
2019 жылы Қазақстанда 1 300-ге жуық спорт кешені салынған
Бұл нысандардың қатарында "Жекпе-жек" көпсаласы спорттық кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорттық-сауықтыру кешені және Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі бар.
"Қазіргі таңда аймақтарда 100 спорттық-сауықтыру кешенінің жұмысы үйлестіріліп жатыр. Оның 13-і өткен жылы пайдалануға берілсе, 48 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы алғанда, есеп беру кезеңінде елімізде 1 300-ге жуық cпорт кешені салынды", – деп хабарлады Ақтоты Райымқұлова.
Сонымен қатар, ын айтты.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау – "Жердегі Марс". Бұл – қазақстандық ішкі туризмді дамытуға арналған бірегей кейс"Қазақстанда жалпы саны 477 спорт мектебі бар. Онда 350 мыңнан аса балалар мен жасөспірімдер оқып жатыр. Бұл мектептердегі барлық үйірмелер тегін. Елімізде спортпен тұрақты түрде айналысатын адам саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 5,7 млн адамға жетті. Оның 544 мыңы – балалар мен жасөспірімдер", – деді ол.
Түркістанда халықаралық туризм және спорт университеті ашылады
Мәдениет және спорт министрі ішкі туризмді дамытудың жоспарын да баяндап берді. Оның айтуынша, таяуда елдегі ең үздік деген 10 туристік орын таңдалып, Қазақстанның туристендіру картасы жасалған. Соған сәйкес, қазір Бурабай, Баянауыл, Алакөл, Балқаш және Каспий теңізінің жағалауы абаттандырылып жатыр."Негізінен, инфрақұрылымды, жолдарды, қонақүй қызметін дамытуға басымдық беріп отырмыз. "Нұрлы жер", "Жұмыспен қамтудың жол қартасы" және "Еңбек" бағдарламалары аясында 44 жоба қаржыландырылып жатыр. Бөлінген қаражат туристік аймақтарды инженерлік, коммуникациялық және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге жұмсалады", – деді министр.
Сондай-ақ, шетелдік туристерді тарту мақсатында "Tax Free" деп аталатын қосылған құн салығын қайтару жүйесі мен "Е-Қонақ" жүйесі жасалып, шетелдік азаматтардың 30 күнге дейін тіркеу процесінен босатылатыны белгілі болды. Туристік индустрияның кадрлық әлеуетін дамыту мақсатында Түркістан қаласында халықаралық туризм және спорт университеті ашылатыны да айтылды. Министрдің айтуынша, жаңа университет туризм, спорт, қолөнер және реставрация саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлайды.