Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шәпкенов 42 500 теңгенің қайта тағайындалуы туралы сұраққа жауап берді:

"Бұған дейін әлеуметтік төлем төтенше жағдай және карантин кезінде төленді. Ал қазіргі уақытта карантин талаптарын жеңілдету процесі жүріп жатыр. Кәсіпкерлердің бір бөлігі жеңілдетілген режимде жұмыс істеп бастайды. Ал, қиын жағдайға тап болған кәсіпорындарды қолдау мәселесін ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ұлттық экономика министрлігі қолға алмақшы. Сондықтан, дәл қазір азаматтарға 42 500 теңге тағайындау туралы сөз қозғалып жатқан жоқ".

"Карантин талаптары жеңілдетілгенімен, әлі де жұмысын бастауға рұқсат берілмеген нысандар бар. Онда істейтін адамдар жұмысқа да шықпайды, 42 500 теңгені де ала алмай ма?" деген журналист сұрағына вице-министр былай деді:

"Карантин режимі жеңілдетілген орындардың қызметкерлері жұмыс істей береді. Ал жұмысқа әлі де шыға алмай отырғандарды қолдау мәселесін ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ұлттық экономика министрлігі қарастырады".

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?

Қазақстандағы кедейлердің саны қанша?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Қазақстанда кедейшілік шегінде өмір сүретіндер - атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар.

"Бүгінгі таңда елімізде мұндай 131 мың отбасы бар. Осы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек, азық-түлік және басқа да көмектер жаңаша форматта беріле бастады", – дейді вице-министр.

Серік Шәпкенов 2020 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті 107 мыңға жуық адам алғанын айтады:

"Бұл кісілерге төлем пандемия басталғанша да, пандемия кезінде де төленді. Ал, пандемия басталғаннан кейін тағы 29 мың адам электронды үкімет порталы арқылы АӘК алуға өтініш берді".

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлемді тұрақты негізде жасау: масылдық па әлде қажеттілік пе?

Cоңғы 7 айда 743 мың азаматқа жұмыс ұсынылған

Серік Шәпкенов 2020 жылдың басынан бері 740 мыңнан астам қазақстандықтың жұмыспен қамтылғанын хабарлады:

"Биыл біз 1,2 млннан астам адамды жұмыспен қамтимыз деп жоспарлағанбыз. Осы мақсатта жүзеге асырылып отырған бірден-бір маңызды бағдарлама "Еңбек" бағдарламасы. "Еңбектің" аясында 600 мыңнан астам адамға жұмыс ұсыну көзделген. Қазірге дейін 379 мың азамат жұмыспен қамтылды".

Вице-министрдің сөзінше, халықты жұмыспен қамту мақсатында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы да қабылданған.

"Бұл бағдарламамен 255 мың азаматты жұмысқа тартуды көздедік. 7 ай ішінде 154 мың адам жұмысқа орналасты. Одан бөлек, "Нұрлы жер", "Нұрлы жол" сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында 364 мың қазақстандықты жұмыспен қамту жоспарланды. Ал, бағдарламаларды іске асыру барысында 210 мың адам еңбекке араласты", дейді вице-министр.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күзгі толқынына дайындық. Дәрі тапшылығы тағы қайталана ма?

Жыл соңына дейін 700 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға дейін өседі.

"Ал, нақты болжам елдегі эпидемиологиялық жағдайдың даму қарқынына және күз айларында карантиннің болу-болмауына тәуелді. 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз, ал екінші жартыжылдықта 5 пайызға жетті", дейді Серік Шәпкенов.

Оқи отырыңыз: "Үйде білім алу оқу үлгерімін төмендетеді". Жекеменшік мектептер неге online білімге қарсы?

Вице-министрдің айтуынша, "жыл соңына қарай елдегі жұмыссыздар саны көбейеді" деген болжамға пандемия айтарлықтай әсер етіп отыр.

"Қазір біз пандемияның екінші толқыны келеді деп болжап отырмыз. Солай болған жағдайда карантин шаралары да жалғасады. Ал бұл факторлар жұмыссыздық деңгейінің өсуіне әсер етеді", дейді ол.

Серік Шәпкенов елдегі жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға дейін өскен жағдайда еңбекке жарамды 700 мың қазақстандық жұмыс қалатынын айтты. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы 7 айында жұмыссыздық деңгейі 8 есе өскенін хабарлаған болатын.