Елбасы ашқан мектепте мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен, шіріген жеміс-жидекпен балаларды тамақтандырған. Жаңалықтарға шолу.
Табыстан ұсталатын салық мөлшері азаяды
Астанада Олжас Сүлейменовтың немересінің өліміне байланысты істі қарау басталды
Жол-көлік оқиғасына айыпты Қызылорда облыстық ІІД басшысының қызы Малика Мұхитова кінәсін мойындады. Ол ҚР ҚК 345 бабы 3 тармағы ("Жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлік құралдарын пайдалану") бойынша айыпталуда.
Омбудсмен Астана әкіміне қоғамдық көліктегі кемшіліктерді жоюды тапсырды
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық жүргізген бақылау тұрғындардан қаладағы қоғамдық көліктердің қызметіне көп шағым түскенін көрсетті. Басым бөлігі жолақыны электронды жүйемен төлеуге байланысты: терминалдардың тапшылығы, ақыны онлайн төлеу мүмкіндігінің жоқтығы, кейбір бағыттағы автобустар интервалының ұзақтығы.
Жезқазғаннан 40 шақырым қашықтықта "Союз" зымыранының бөлшектері табылды
Құлаған жердегі радиоактивті және химиялық жағдай нормаға сай, зардап шегушілер жоқ деп хабарлады құтқарушылар. Ұшу траекториясы бойынша ғарыш кемесінің екінші және бірінші сатылары құлады деген Қызылорда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары аудандарының аумақтары зерттелді. Ол жерлерден ғарыш кемесінің бөлшектері табылған жоқ. "Роскосмос" мамандары пен комиссия әрі қарай іздеуді жалғастырады.
Дариға Назарбаева мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері жұмысын үшке бағалады
Баспасөз қызметінің мамандары қасаң сөйлейтін шенеуніктердің түсініксіз сөзін халыққа тәптіштеп, жіліктеп жеткізулері керек. Ал, біздегі министрліктер, әкімдіктердегі мұндай мамандарда не кәсіби біліктілік жетпейді, не уақыт тапшы деп есептейді Сенатор. "Жас қалам" форуымына қатысқан Д.Назарбаева жас журналистерді осындай олқылықтардан сақтандырды.
Қатерлі ісікті ерте анықтаған аудандық онколог-дәрігерлерге қосымша ақы төленеді
Ынталандыру үшін аудандардағы онколог-дәрігерлердің жалақысы көтеріледі, бейінді клиникаларға жаңа заманауи жабдықтар орнатылады деп хабарлады Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Д.Қайдарова. Айтуынша, аймақтарды жаңа құрылғылармен, зертханалармен жабдықтау 2022 жылға дейін аяқталады. Емдеуге қажетті дәрі-дәрмектерге бөлінген қаржы 4 миллиард теңгеге артқан.Астанадағы жаңа мектепте мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен, шіріген жеміс-жидекпен балаларды тамақтандырған
Биылғы оқу жылында Елбасының өзі ашқан №85 мектеп-лицейдің асханасын тексерген ата-аналар сұмдық жайтқа куә болды. Бастауыш сынып оқушыларына Қытайдан әкелінген балық пен күрішті, шошқа терісінен жасалған шұжықтарды берген. Балалардың содан іші ауырып, құсқан, сапасыз тамаққа шағымданған. Қалалық білім бөлімі осы фактіге байланысты тексеріс жүргізіп, ескертулер бойынша кемшіліктердің жойылғанын, қала мектептерінің бәрінде былтырдан бері тамақ сапасын бақылайтын комиссияның жұмыс істейтінін хабарлады.
АҚШ халықаралық олимпиада комитетінен Қытайдан 2022 жылы қысқы олимпиаданы өткізу құқығын қайтарып алуды сұрады
Конгресс мүшелері адам құқықтарын бұзғаны үшін Пекинде Олимпиада өткізуге болмайды деп мәлімдеді. Миллионнан астам ұйғырларды саяси қайта тәрбиелеу лагерлерінде ұстап отырған Қытай билігінің бассыздығын адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп бағалады. АҚШ тарапының пікірі Қытайда Олимпиада өткізу туралы ойлаудың өзі дұрыс емес дегенге саяды.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
abai.kz: Мәжіліс пен Сенаттағы 155 депутаттың 45-і – зейнеткер. Қатарында 69 жасқа толса да Мәжілісте вице-спикер боп отырған Владимир Божко, жасы жетпіске жеткен Бақтықожа Ізмұхамбетов, жетпістен асқан Тұрғын Сыздықов пен Қуаныш Сұлтанов, сексеннен асқан Владислав Косарев бар. Зейнеткер депутаттар тізімін 65-тен асқан Бірғаным Әйтімова мен 68-ден асқан Гүлжан Қарағұсовамен жалғай беруге болады.
inform.kz: Ақтөбеде жас жігітті пышақтап өлтірген «Алтын белгі» иегеріне үкім шықты. Кәмелетке толмаған Азат Дүсіповті пышақтап өлтірген Бекназ Кеңшілікке сот үкімі шықты. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші тарап материалдық шығын үшін 3 млн теңге, моральдық шығынға 10 миллион теңгеден астам ақша сұрады. Сот тек 2,6 миллион теңге материалдық, 3 миллион теңге моральдық шығынды өндіру заңды деп шешті.
sputniknews.kz: Өзбекстанда қамауға алынған қазақстандық 8 жылға сотталуы мүмкін. Оған контрабанда тасымалдады және салық төлеуден жалтарды деген айып тағылды деп хабарлады ҚР СІМ. Нұрлан Құлтаев көлігіне сусын мен шоколад тиеген екі Өзбекстан азаматына жалданып, 14 қыркүйек күні бекет арқылы Өзбекстанға өтпек болады. Біздің кеденшілер 33 тона жүгі бар көлікті бос деп құжат толтырып, шекара асырады. Бірақ, Өзбекстанға кіре берісте оларды ала шапандылардың кеденшілері тоқтатып, екі өзбекті бірден қамауға алады. Бір аптадан кейін 21 қыркүйекте Құлтаевты да абақтыға жапқан.