Отандық Qanaker брендінің негізін қалаушы, жас сәнгерлерге арналған New Generation Open Way 2020 байқауының жеңімпазы, Аида Кәуменова сән үйінің креатив директоры Алмас Керімбек Қазақстанның сән әлемі туралы әңгімеледі. Жас сәнгер елде мата өндірісінің жолға қойылмауы, сәнге қатысты отандық зерттеулердің жоқтығы және халықтың қазақстандық брендтерді тұтынуға дайын еместігі сынды проблемалар барын айтады. 

– Бұл салаға қалай келдіңіз? Алғаш тіккен киіміңіз есіңізде ме?

– Кішкентай кезімде үйде сән туралы журналдар көп болатын. Қағазы тозған журналдарға сол уақытта 10 жылдан асса керек. Сондағы суреттерді кесіп алып, әртүрлі коллаж, жаңа образ жасайтынмын. Яғни бұл менің кішкентай кезімнен келе жатқан арманым болды. Екінші жағынан бәріміз әдемілікке құмармыз, көркем ортада өмір сүргіміз келеді. Ал мен осы әдемілікті өз қолыммен жасағым келді. Отбасымда анам да, әкем де тігінмен айналыспаған. Қала сыртында тұрғандықтан, ол жақтан сәннің "иісі де шықпайтын". Қуыршақтарға киім тігу, эскиз салу және күнделікті киетін киімдер тігуден бастадым. Алғаш қарындасымның қоштасу кешіне арнап барбикреп деген матадан көйлек тігіп берген едім. Сән әлеміне келуіме журналдардан бөлек фильмдер де әсер етті. 

"Шайтан қалыңдығының көйлегі". Алмас Керімбектің жеке архивінен алынды

– Тағы бір есте қаларлық туындыларыңыздың бірі – "Шайтан қалыңдығының көйлегі". Онымен New Generation Open Way 2020 байқауының жеңімпазы атанған едіңіз. Тарихын әңгімелеп бересіз бе?

– "Шайтан қалыңдығының көйлегі" – экологиямен байланысты образ. Мен ол кезде көз алдыма неке сарайына басы салбырап келе жатқан табиғат-ананы елестеттім. Қолданған ауыр материал арқылы табиғат-ананың түрлі экологиялық апатқа көндігіп келе жатқанын көрсеткім келді. 

– Көйлекті қандай материалдан тіктіңіз?

– Байқау кезінде көбісінің джинса материалын пайдалантынын білгендіктен, велосипед дөңгелегін таңдадым. Кішкене кезімде қайда қарасам да, велосипед дөңгелегі шашылып жататын. Қазір де оны көп жерден табуға болады. Осы жолы әкем мен анам қара базардан сатып әкелді. 


Оқи отырыңыз: Әуесқой дизайнер Шолпан Абди: тігін өнеріне айти жетістіктерінің көмегі көп


– Ал Қазақстандағы мата өндірісі қаншалықты жолға қойылған?

Елімізде мата өндірісі мүлдем жоқ. Негізінен Қытай, Түркия, Италия және Өзбекстаннан алдырады. Қазақстан тек шетелге шикізат берумен айналысады. Ішінде Италия мен Өзбекстан мақта матасын ерекше атап өтуге болады. Кейінгісі мақта матасын Еуропа елдеріне жібереді. 

Сәнгер Алмас Керімбек

– Өндірістің дамуына не кедергі?

– Біріншіден, жемқорлық, екіншіден, мәселе сала мамандарының тапшы екенімен байланысты. Бізде мата өндірісіне арналған техника және онымен айналысатын арнайы маман жоқ. Тіпті, жоғары оқу орындарында тек дизайн және тігін мамандарын оқытады. Өндіріспен айналысқысы келетін адам болса да, күш біріктірсе де, бәрі ақшаға келіп тіреліп тұрады. 

– Отандық сәнгер Аида Кәуменовамен ортақ жұмысыңыздың қандай артықшылықтары бар?

– Аида Кәуменованың бренді мен үшін жаңа және параллель бағытта жұмыс істейтін компания. Сондай-ақ, бренд 18 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, оның үлкен тарихы бар. Бастысы – ауқымы үлкен өндірісте жұмыс істеу, құрылысын бақылау, отандық өнімнің шығуына атсалысу қызық. Мысалы, мен бір шағын бөлмеде отырып, бірнеше киім ғана тігуім мүмкін. Ал Аида Кәуменова брендінің Қазақстан бойынша бес ірі дүкені бар. Яғни, өндіріс айтарлықтай көлемді. 

– Аида Кәуменова компаниясының креатив директорысыз. Оның үстіне екі дизайнердің бірігіп бір топтама шығаруы Қазақстан үшін сирек "құбылыс". Қиын емес пе?

– Көп жағдайда ортақ шешім табамыз. Екеуіміз өз идеямызды ортаға салып, кейін жаңа өнім шығарамыз. Бұл бастапқысынан да жақсырақ болуы мүмкін. Суретшілер секілді ойлайтындықтан және экспрессив заттарды жақсы көретіндіктен, шығармашылыққа жақынырақпын. Мақсатым – эмоциямен бірге жұмыс істеу және адамдарда эмоция тудыру. Өмірлік кредом – "барлығын эмоция шешеді".  

Алмас Керімбек / Qanaker брендінің киімдері

– Qanaker брендіңіздегі киімдеріңіз арқылы қандай эмоцияларды көрсеткіңіз келді?

– Менің жеке бір ғана топтамам бар. Оған "қорқыныш" сезімі арқау болды. Өйткені, көп уақыт өзім қорқыныш сезімінің бұғауында болған сияқтымын. Қысым, әртүрлі жаман ой дегендей. Мен сол сезімнен арылу, жеңе алатыныма өз-өзімді көндіруге тырыстым. Осы туралы айтқым, көрсеткім келді. Алдағы уақытта да топтамаларымда әртүрлі эмоцияны көрсеткім келеді. Ол тұтас халыққа тән ұжымдық эмоция болуы мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Ұлттық киімнің заманауи қазақы брендін дизайнерлер әлі қалыптастыра алмай отыр


– Осындай топтамаларыңыздың бірі "Ашаршылықты" қашан көре аламыз?

– "Ашаршылық" мен үшін, барша қазақ халқы үшін маңызды тақырып. Жақсылап дайындалғым келеді, қазір эскиздерін жасап жатырмын. Шамамен күзде шығады. Онда жас, тәуелсіз, ішіндегісін шығарғысы, айтқысы келетін бірнеше сәнгер болады. Сән – жай ғана жылтыраған әдемі көйлек емес. Ол – тарих, эмоция, философиясы тереңде жатқан өнер. 

– Қазақстанның сән өнері қандай қарқынмен дамып келеді?

– Қазіргі таңда кім екенімізді танып-білуге тырысып жатқандықтан, қазақы ұлттық нақыштағы киімдер өте танымал. Алматыда көп адам қазақ тілінде сөйлемейді, ал кейбірі тіпті төл тарихын білмейді. Дегенмен жан өз түп тамырын тапқысы келеді. Ол не деген сөз? Біріншіден, біз – адамбыз, екіншіден, біз – қазақпыз. Ал бұл мәдениет, сән, музыка және тағы басқа арқылы көрініс табады. Тағы бір жағынан қазақы нақыштағы киімдерді кию арқылы тіл білмеуіміздің орнын толтырғымыз келетін сияқты. 

– Жуырда шыққан New Nomad Style атты топтаманың сипаттамасында тәуелсіз, дара ойлайтын әйелдердің образын бергісі келгені туралы жазылған. Сіздің ойыңызша, бұл қандай әйел?

– Тәуелсіз, дара әйел мен үшін өз ойын еш кедергісіз айта алатын, ойына алғанын қалтқысыз жүзеге асыра алатын, ешқандай шектеуді көрмейтін әйел. Ода сөз бостандығы бар, қалаған сүйікті ісімен айналысады. Ең бастысы іштей өзін еркін сезінеді. Бір сөзбен айтқанда өте мықты. Мысалы, менің анам. 

– Анаңызды, жақындарыңызды өзіңіз киіндіресіз бе?

– Менің сән әлеміне келуімді анам да, әкем де ерекше қолдады. Сән туралы әңгімемді сағаттап тыңдай алады. Бірақ олар менің нақты не нәрсемен айналысатынымды, адамдарға не ұсынатымды соңына дейін түсінбеуі мүмкін. Маған ұнаған киім, ол кісілердің талғамына сай келмейтін де шығар. 

– Жапон сәнгері Йоджи Ямамотоның топтамалары ерекше ұнайтынын айтқан едіңіз. Несімен бағалы?

– Оның ойлау жүйесі Еуропа сәнгерлерінен ерекшеленеді. Ол кісі де эмоцияны негізге алады және бір ғана қара түспен жұмыс істейді. Бірақ, қара түсті жан-жақты айшықтайды. Өз киімдері арқылы ұлтын танытады. 

Ал отандық сәнгерлерден кімнің топтамалары ұнайды?

– Сәнгер Айгүл Қуандықованың My Mars Expedition маркасының философиясы жапон сәнгерлерінікіне ұқсас. Жапон мәдениеті анимеге жақын. Өзім де Death Note, Zero секілді анимелерді көріп өстім, қазір де көремін. Университетте осы тақырып аясында шағын топтама жасаған едім. 


Оқи отырыңыз: Өнертанушы Күнқожа Қайрулла: Бесқала мәдениетін дамытқан қазақ өнерпаздардың есімі анықталып жатыр


– Шығармашылық бөлімін қосқанда бір топтаманы әзірлеуге қанша уақыт кетеді?

– Жарты жылдай уақыт кетеді. Осы уақыт ішінде мудбордтан бастап, өз принтімізді әзірлеп, кейін киімдер тігеміз. Тіпті, екі сәнгер қосылғанның өзінде осындай уақыт кетеді. Бірде "Ауыл" және "Қала" деген принттерді әзірлеген болатынбыз. Мен суреттерін салып, кейін Аида ханым кей жеріне түзету енгізді. Өйткені, ол кісі өз клиенттеріне не керегін жақсы біледі. Кейін принтті шетелге жіберіп дайын болғанын күтеміз. Қазір күзге дайындап жатырмыз. 

– Әртүрлі дизайнерлердің бір жылдағы топтамасында міндетті түрде ұқсастық байқалады. Бұл алдын ала келісім бе әлде кездейсоқтық па?

– Сәнгерлер арасында келісім жоқ, бірақ тенденция мен сәнді көбіне Батыс қалыптастырады. Сәнгерлер бар болғаны әлеуметтік желідегі, әлемдегі трендтерге сай келгісі келеді. Мысалы, Pantone институты түстерді зерттеп, үздігін жариялайды. Ол әдетте барша әлемнің көңіл-күйін беретін түс. Естеріңізде болса, коронавирус кезінде адамдар тазалық пен еркіндікті қалағандықтан, ақ түс жыл түсі деп жарияланды. 

– Ал Қазақстанда сән ғылым деңгейінде зерттелген бе?

– Мүлдем зерттелмеген деуге болады. Оның үстіне бізде көптеген брендтің ғұмыры қысқа. Ішінде ұзақ уақыттан бері өз туындысын ұсынып келе жатқан Аида Кәуменованың бренді сияқты. Бірақ 18 жылдың өзі өзге мемлекеттермен салыстырғанда аз. Сән әлемі ғылым деңгейінде зерттелмесе де, біз ұлттық киімдерге қараймыз. 

– Білім әрдайым керек. Десе де университеттегі қатып қалған ережелерге негізделген білім шығармашылық адамын шектеуі мүмкін бе?

– Мұның өзіндік кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Білімі бар адам белгілі бір мүмкіндіктер шеңберінде әрекет етеді. Бірақ ол көркемдік, технологиялық жағынан әртүрлі технологияны білуі мүмкін. Алайда бір кем тұсы – ол бар мүмкіншілігін белгілі бір шеңбер ішінде ғана қолданады. Мұны факті деп қарауға да болмайды. Өйткені, әр адам әртүрлі. Дәл осы тігін саласында кәсіби білім алмаған адам мүмкіндігінше қиялына ерік береді және іштей өзін еркін сезінеді. Әрдайым сәнге жаңашылдық әкеліп отырады. Сондай-ақ, кем тұсы – қандай да бір жаңа бағыттарды, техникаларды білмеуі мүмкін. Өз басым Еуропа мен Жапониядағы сән институттарында білім алғым келеді. Олар қолыма қосымша құрал береді деп ойлаймын. 

– Қазақстанда сәнгер болып табыс табу оңай ма?

– Елу де елу деп айта аламын. Өйткені, сән әлемі үлкен нар тәуекелді талап етеді. Бастапқыда көрсетілім, сұхбат және журналға шығу қызық болып көрінеді. Бірақ халқымыз әзірге Қазақстан маркасына үйренбегендіктен, қорқатындықтан, оны сатылымға шығару қиын. Екінші жағынан қазақстандық сәнгерлер өте сапалы киім тігеді. Олар халықтың дене бітімін, елдегі ауа райын, тұрмыс-тіршілікті жақсы түсінеді. Ал коммерцияға келетін болсақ, көп нәрсені қарапайым етуге тура келеді. 

– Сіз үшін сән әлеміндегі биік шың қайсы?

– Біздің сән арқылы беретін тарихты отандастарымыз ғана емес, бүкіл әлем естісе танығанын қалаймын. Шетелдіктер біз тіккен киімдерді көргенде "Мынау – қазақтың сәні" деп айтатын күнге жетуді армандаймын. Қазақ сәнінің мәдениетін қалыптастырғым келеді.