Қазақстандағы танымал егіздер кімдер?
Спорт, өнер, саясатта үлкен жетістіктерге жеткен егіздер Қазқстанда да көп.Жуырда егіз спортшылар Мадина мен Жәмила Бақбергеновалар Маңғолияның астанасы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Жәмила Бақбергенова 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Азияның екі дүркін чемпионы атанды. Ал оның егіз сіңлісі – Мадина Бақбергенова 68 келі салмақта чемпион болды. Егіз қыздардың бір уақытта чемпион атануы қоғамның назарын аударды.
Осы ретте Informburo.kz тілшісі спортта, саясатта, өнерде жүрген, танымал егіздер туралы шолу жасады.
Мадина мен Жәмила Бақбергенова
Егіздер 1996 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауданында дүниеге келген. Спортпен 14 жасынан бастап шұғылданған. Басында 2 жыл таэквондо үйірмесіне барған спортшылар бүгінде қыздар күресімен айналысады.
Екеуі де топ жарған Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтті. Спортшылар өзінің салмақ дәрежесіндегі барлық балуанмен әр айналымда белдесіп, жеңімпазды анықтады. Жәмила аталған жүйе бойынша 72 келіде барлық қарсыласын бірдей жеңіп, уақытынан бұрын алтынға қол жеткізді. Бұл оның Азия чемпионатындағы екінші алтыны. Ол бұған дейін 2020 жылы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында үздік атанған. Жарыстың алғашқы күнінде оның сыңары Мадина Бақбергенова 68 келі салмақта топ жарған болатын.
Геннадий мен Максим Головкин
Орта салмақтағы WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің егізі Максим да бала кезінде бокспен айналысқан.
Олар 1982 жылы 8 сәуірде дүниеге келді, ал Геннадий Максимнен 15 минутқа үлкен.
Қазір Максим Головкин Геннадийдің GGG Promotions компаниясында жұмыс істейді және ағасына жекпе-жектерге дайындалуына көмектеседі.
Оқи отырыңыз: "Жеті рет рекорд жаңартқан". Гиннестің рекордтар кітабына енген қазақстандық спортшылар
Айбек пен Нұрбек Оралбай
Егіздер 2000 жылдың 11 маусымында Жамбыл облысы Айша бибі ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасынан шыққан бокстың жас жұлдыздары – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы Республикалық спорттық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты колледжінің студентері.
Ағайындылар Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының жүлдегерлері.
Қорлан мен Бағлан Жақанша
Бағлан мен Қорлан Жақанша 1992 жылы дүниеге келген. Кілеммен әкесінің арқасында 9 жасында танысқан. Отбасында әкесі күреспен шұғылданып, бапкерлік қызметте жүргеннен кейін балаларын спортқа баулыған. Екеуі де – бүгінде ел білетін білікті балуан.
Оқи отырыңыз: Теңге ілу Қазақстан аумағында спорт ретінде тіркелді
Ғұмар мен Ғұсман Қырғызбаев
Егіз балуандар 1992 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында дүниеге келген. Ғұсман Қырғызбаев – дзюдодан ұлттық құрама үздігі. Сыңары Ғұмар Қырғызбаев – Еуропа кубогының қола жүлдегері.
Саматәлі мен Санатәлі Төлтаев
Саматәлі мен Санатәлі 1999 жылы 11 қарашада дүниеге келген. Қос боксшы жасөспірімдер мен жастар арасында бақ сынаған барлық дүбірлі додада топ жарып, ересектер арасында да ел сенімін ақтап жүр.
Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан спартакиадасында жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды.
Александра және Екатерина Немич
Синхронды жүзу спортынан Александра және Екатерина Немич 2013 жылдан бері халықаралық додаларда дуэт ретінде ел намысын қорғап келеді. Егіздер 1995 жылы 3 қаңтарда дүниеге келген. Олардың бірі кішкентайынан белсенді, жан-жақты болғанын айтыпты.
Оқи отырыңыз: Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясының саяси кеңесінен шықты
Нұрлан мен Ерлан Нығматулин
Нұрлан мен Ерлан Нығматулин 1962 жылы 31 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Нұрлан Нығматуллин – мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы. Мәжіліс төрағасы қызметін атқарды. Оның сыңары Ерлан Нығматулин – ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты.
Ботагөз бен Болат Тыныбеков
Болат пен Ботагөз 1985 жылы 24 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Болат Тыныбеков – виолончелист. Ресейдегі, Түркиядағы, Чехиядағы халықаралық байқаулардың жүлдегері, қазақстандық виолончелист және вокалист. Сыңары Ботагөз – скрипкашы. Цюрихтік Өнер Университетінің (Швейцария) магистратурасын үздік бітірген.
Егіздер түрлі оркестрдің құрамында Альберт-Холл (Лондон), Концертхаус (Берлин), Тонхалле (Цюрих), Виктория-Холл (Женева), Пекиндік Опера залдарында және тағы басқа залдарда өнер көрсеткен.
Оқи отырыңыз: Grammy иегері Иманбек Зейкенов. Өмірі мен өнері жайлы
Ришат пен Муслим Абдуллин
Ағайынды Абдуллиндер орыс және шетел классиктерінің музыкалық шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде қазақ тыңдаушыларына бірінші болып жеткізген. Әнші ағайындылар қазақ әндерін дуэтпен алғаш орындағандар.
Муслим тенорлық партияларды орындады, олардың ішіндегі ең жарқыны Ленский ("Евгений Онегин"), ал Ришат - баритон: Евгений Онегин, аттас опералардағы Демон, Жермон ("Травиата"), Эскамильо ("Кармен"), Киазо ("Даиси") және т.б. Ағайынды Абдуллиндер қазақ композиторларының опералық қойылымдарының тұрақты қатысушылары. Олар естен кетпес образдар жасады: Мүсілім – Төлеген ("Қыз-Жібек"), Қайрақпай ("Жалбыр"), Балпан ("Ер-Тарғын"), Әзім ("Абай"), Ришат — Абай, Ер-Тарғын, Қожағұл ("Біржан мен Сара"), Гүлмата ("Назугум").
⠀
Ришат Абдуллин Қазақстанның музыка мәдениеті тарихында Абай партиясын тұңғыш орындаушы ретінде мәңгілік қалды. Дәл осы опера арқылы ағайынды Абдуллиндер 1948 жылы қазақ өнерінің онкүндігінде мәскеуліктерге Қазақстан өнерін ұсынып, үлкен табысқа жетті.
⠀
Үкімет ағайынды Абдуллиндердің еңбегін жоғары бағалап, Муслимге – Қазақ КСР халық әртісі, Ришат – КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген құрметті атақтар берді.