Мұхит Құлмағанбетов – Гонконгтағы көз және көру қабілетін зерттеуге арналған орталықта жұмыс істейтін дәрігер-офтальмолог. Ол Ұлыбританиядағы Кардифф университетінің PhD докторанты атанған кезде әлемнің алты елінен жұмысқа шақырту алған. Оның бәрі 1998 жылдан бастап, 24 жыл бойы тынбай оқып, ізденуінің нәтижесі болса керек.

Мұхит осы уақыт аралығында жалпы медицина, хирургия, офтальмология, қоғамдық денсаулық сақтау сынды бірніше салада білім жинап, шетел студенттеріне сабақ берген. Informburo.kz тілшісі ғалыммен сұхбаттасып, көз аурулары мен емі, медицинадағы тапшы мамандықтар және кванттық офтальмология туралы сұрады.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сай, елімізде барлығы 89 мың адамның көзіне байланысты мүгедектігі бар екен. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып келе жатқан көрінеді. Себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұл жалпы бастамасы деп ойламын. Өйткені, адамдардың орташа өмір сүру жасы ұлғайып келе жатыр. Ал, жоғарыда аталған аурулардың көбі үлкен жастарда пайда бола бастайды. Мысалы, диабеттік ретинопатия – диабеттің асқынуы. Диабеттің екінші типімен көбінесе үлкен кісілер ауырады. Глаукомаға келсек, бір ғалымның: "глаукомамен барлығы ауырады, бірақ барлығы ауыратын жасқа жетпейді" деген сөзі бар. Яғни, жас келген сайын көздің қайтымсыз процестері глаукомаға алып келуі мүмкін. Ал, макулярлы дегенерация да – жасқа байланысты ауру. Сондықтан, орташа өмір сүру жасы үлкейгенімен, жас ерекшелігіне байланысты аурулар да көбейеді. Бұл – бірінші себеп.

Екінші себебі – технологияның дамуы. Адамдар бұрынғыдай табиғатта немесе ашық алаңда көп уақыт өткізбейді. Бәріміз технологияларды көп пайдаланамыз және көбіміздің көкжиекке қарайтындай мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені, уақытымыздың басым бөлігін ғимараттың ішінде өткіземіз. Сыртқа  шыққанда да көшедегі ғимараттар бір-біріне жақын орналасқандықтан, алыс объектілерге қарамаймыз. Сондықтан да жастарда миопия жиі тарап келе жатыр. Жалпы, бұл да бір үлкен проблема. Бірақ, жоғарыда айтқан аурулармен салыстырғанда оның коррекциясы бар. Көзілдірік, линза тағып немесе ота жасап орнына келтіруге болады.

– Жалпы қазір қандай көз аурулары, патологиялар жиі кездеседі?

– Ең жиі кездесетін ауруларды біз қайтарымды және қайтарымсыз аурулар деп екіге бөлеміз. Қайтарымды аурулардың қазіргі таңда радикалды емі бар. Оны бір операциямен немесе көз тамшысымен емдеуге болады. Қайтарымды офтальмологиялық аурулардың ең жиі тарағаны – катаракта. Оны ота жасау арқылы тезірек алып тастауға болады. Сондай-ақ, миопия – алыстан көру қабілетінің төмендеуі де осы аурулар қатарына жатады. Ол көбінесе жастарда кездеседі. Оны да операциямен түзеуге болады.

Ал, қайтымсыз аурулардың емі әлі табылмаған. Олардың қатарында глаукома, диабеттік ретинопатия, макулярлы дегенерация бар. Қазіргі таңда осы үш ауру жиі тараған. Сондықтан оларды әлеуметтік мағынасы үлкен аурулар деп атаймыз. Себебі, салдарынан адам көру қабілетін жоғалтып, зағип болып қалуы мүмкін. Ғалымдар емін таба алмай жатыр. Көбінесе ауруды тоқтатуға жұмыс істейміз.

Фото кейіпкердің жеке архивінен.

– Интернетте көзге арналған жаттығулардың түрі көп. Олар жұмыс істей ме? Қандай жаттығу тиімді? 

– Ол жаттығулар ауруды емдемейді. Көздің шаршауын басуға және миопияның, көздің құрғақ синдромының алдын алуға жақсы көмектеседі. Жоғарыда айтқанымдай, барлығымыз технологияны қолданамыз, ноутбук, компьютер, телефонның мониторына жиі қараймыз. Біздің көзіміз алысқа көп қарай бермейді. Сондықтан жұмыс барысында, теледидар қарап жатқан кезде арасында тоқтап, алыс тұрған заттарға қарап, көзге жаттығу жасау керек. Адам экранға қараған кезде қабағын сирек қағатыны дәлелденген. Ал ол кезде көздің беткі қабаты құрғай бастайды. Жиі құрғаса, құрғақ көз синдромына алып келеді. Кейін көз ашиды немесе қызарады, арасында өзінен-өзі жас ағатын болады. Оның алдын алу үшін жаттығу жасау керек. Ал көз ауруы бар адам ондай жаттығумен көзін емдей алмайды.

– Көзге арналған дәрумендерді адамдар дәрігердің нұсқауынсыз қабылдай ала ма?

– Жалпы "А", "Д", "Е" дәрумендерінің көзге пайдасы көп. Оларды дәрігердің нұсқауынсыз, бірақ қораптың ішіндегі қабылдау жөніндегі нұсқаулықты оқып, қолдануға болады. Жалпы, адам ағзасы ақылды ғой. Сіз қабылдаған дәрумен ағзаңызға қажет болса, ол өзі сіңіріп алып, кейін керек процестерге пайдаланады. Ал ағзаға ол дәрумен керек емес болса, сіңірмей, шығарып тастайды.

Дәрумен жетіспеушілігін авитаминоз, дәруменнің көп болуын гипервитаминоз дейміз. Гипервитаминоз сирек кездеседі. Оны "Д" дәруменіне қатысты айтады. Өсіп келе жатқан нәрестелер немесе жас балаларға қауіптірек. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда көзі нашар көретін балалардың 11 пайызы ғана арнайы оқулықпен қамтылған


– Көзге арналған лазерлік коррекция туралы айтып беріңізші. Ол туралы ең қауіпсіз ем шарасы деп айтылады. Қаншалықты рас? Операциядан кейін көздің көру қабілеті төмендеп кетуі мүмкін бе?

– Лазерлік коррекция немесе рефракционды операциялар көбінесе қауіпсіз келеді. Өйткені, операцияны компьютер қадағалап отырғандықтан, адами факторлар азаяды. Лазерлік операция кезінде көздің қасаң қабық стромасы жұқарады. Оның да қарама-қайшы көрсеткіштері бар. Мысалы, көздегі қасаң қабығы жұқа немесе көру қабілеті жылдан жылға төмендеп бара жатқан адамдарға жасауға болмайды. Операция жасардан бұрын 2-3 жыл бойы әр алты ай сайын тексеріліп отырған дұрыс. Егер сол аралықта науқастың миопиясы тұрақты болса, операция жасауға болады. Ал, егер ол өсіп кетсе, ота жасауға тыйым салынады. Өйткені, коррекциядан кейін де миопия дами беруі мүмкін.  

Фото кейіпкердің жеке архивінен.

– Көру қабілетін сақтау үшін көз дәрігеріне қаншалықты жиі қаралу керек? Не нәрсеге мән беру керек?

– Егер денсаулығыңызға қатысты ешқандай шағым болмаса, офтальмологқа жылына 1-2 рет тексеріліп тұруға болады. Ал көз ауруы ғана емес, диабет, артериялық гипертензия сынды аурулар болса, жиірек қаралған дұрыс. Кейде адамдар офтальмолог арқылы ағзасындағы өзі білмейтін ауруларды тауып алады. Халық "Көз – жанның айнасы" деп бекер айтпайды. Білікті офтальмолог көздің түбіне, көздің жағдайына қарап, адамның басқа да ауруларын анықтай алады. Мысалы, қан қысымының көтерілгенін, диабеттің бар-жоғын, нейродегенеративті ауруларды, оның ішінде Альцгеймер, Паркинсон ауруларын көздің түбіндегі симптомдарға қарап анықтауға болады. Сондықтан, офтальмологқа көрініп тұрудың ешқандай тыйымы жоқ. 


Оқи отырыңыз: Депутат зағиптарға арналған Брайль жүйесімен кітаптар шығаратын баспахана ашуды ұсынды


– Осы уақытқа дейін медицина саласында хирургия, офтальмология, қоғамдық денсаулық сақтау бойынша білім жинаған екенсіз. Медицинаның тағы қай саласында маман тапшы? Медицина саласына барғысы келетін мектеп түлектеріне, бакалавриат студенттеріне қай салаларды таңдауды ұсынасыз?

– Қазір регенеративті медицинадағы, операциядан кейін қалпына келтіру саласындағы мамандар тапшы. Жаңа технологияларды пайдаланатын медицина салалары тіпті дамымаған. Қазір елімізде офтальмологтардың ішінде нейрохирургиямен байланысты нейроофтальмолог деген мамандар жоқ. Жасанды интеллектіні пайдаланып, жаңа технологиямен интеграция жасайтын мамандардың, генетикалық дәрігерлердің де саны аз.

Болашақта гендік инженерия, геномды технологиялар арқылы емдейтін мамандар көп болса, медицинада жаңа технологияны пайдаланылып, қиын ауруларды ертерек анықтап, емдеуге мүмкіншілік болады деп ойлаймын.

Сонымен қатар, студенттер өзінің қалауынан басқа, мемлекеттік тапсырысқа да қарауы керек. Мемлекет сұранысы елдегі аурулардың эпидемиологиясына байланысты ауысып отырады. Мысалы, біраз уақыт бұрын елде жүрек-қан тамыры ауруларының саны көбейген кезде кардиология, кардиохирургия мамандарын даярлауға көбірек қаражат бөлініп,  кардиохирургтар мен кардиологтар санын біршама реттеп алғанбыз. Енді пандемияға байланысты инфекционистер мен эпидемиологтардың саны көбеюі керек. Сонымен қатар, педиатрияға сұраныс көп болуы мүмкін. Өйткені, елімізде бірнеше жыл қатарынан педиатр мамандар дайындалмаған. Болашақта сол олқылықтың орнын толтыру керек болады.

Фото кейіпкердің жеке архивінен.

– Сіз қазір Гонконгтағы  көз және көру қабілетін зерттеуге арналған орталықта жұмыс істейсіз. Бұған дейін алты ел жұмысқа шақырған екен. Неге Гонконгті таңдадыңыз? Қай артықшылығы сізді қызықтырды? 

– Шақырулар бір уақытта түскен жоқ. Бірінен кейін бір түсті. Ең бірінші шақыруды Сингапур және англиялықтардан алдым. Алайда, мен бұрыннан канадалық профессорлармен сөйлесіп жүрдім. Солармен бірге бірнеше қосымша жұмыс істедік. Соңғы бір-екі жылда олар өздеріне шақырғысы келген. Кейін профессорларыма Гонконг үкіметі көз және көру қабілетін зерттеуге арналған орталық ашқалы жатқанын айтып, сол орталыққа мамандар іздеуге тапсырма беріпті. Профессорларым бірден маған ұсыныс жасады. "Біздің командамен бірге Гонконгқа жұмысқа барғың келе ме? Сол жерде үлкен бір жоба жасайын деп жатырмыз" деді. Ұсынысты қабылдауыма, бір жағынан канадалық профессорлардың біліктілігі мен білімділігі себеп болса, екінші жағынан Гонконгтағы қаржыландыру және осы орталықтағы материалды-техникалық жабдықтау әсер етті.

Сонымен қатар, Гонконг соңғы жылдары техника, инновация, ғылым жағынан да өте қатты қарқынмен дамып келе жатыр, бұл да таңдау жасауыма түрті болған бір фактор. Дегенмен, жобаның кейбір кезеңдерін Гонконгта, кейбірін Канадада жасаймыз. Осылайша, екі елдің ортасында жүретін жоба болған соң, тек бір елді таңдадым деп айта алмаймын. 

Жоба барысында тарихта бірінші рет кванттық физика мен офтальмология сынды екі мамандық бірігіп жұмыс істейді. Бұған дейін бұл екі мамандық бір-бірімен тығыз жұмыс жасамаған. Егер жобамыз сәтті болып жатса, болашақта "кванттық офтальмология" деген жаңа ғылым түрі ашылуы мүмкін. Сондай бір үлкен ғылымның бастамасында тұрудың өзі үлкен мәртебе деп ойлаймын.

– Жобада бір фотонды пайдаланып микроскоп құрастыру бар екен. Сол туралы айтып берсеңіз. Бұл не үшін қажет? Қандай патологияларлы анықтауға көмектеседі? 

– Біз фотондардың, яғни жарық бөлшектерінің объектіге барып, кері қайтқан кездегі ақпаратын оқу арқылы көздің түбіндегі пигментацияны, фоторецептор жасушаларының қабілет-қасиетін тексере аламыз. Олардың тығыздығын анықтай аламыз. Ең бастысы, жобаны макулярлы дегенерация, пигментті дегенерация және нейронды аурулар сынды өте қатты тараған ауруларды, оның ішінде болашақта глаукома, Альцгеймер ауруларын да зерттеуге пайдаланамыз деген үмітіміз бар. Жобаны енді бастап жатырмыз. Гипотезамыз – осындай жиі тараған, соңы соқырлыққа алып келетін ауруларды анықтау үшін микроскопты пайдалану.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда өмір сүру орташа ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін арттыру көзделген