Батыс Қазақстан облысының орталығындағы Орал спорт клубының жанында Ат спорты бөлімі бар. Онда жүзге жуық бала мен студент жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар сынды ұлттық спорт түрлерін үйренеді. Сондай-ақ, ат баптап, ат әбзелдерімен танысады, мақал-мәтел, жыр жаттап, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін сіңіреді. 

Informburo.kz тілшісі ата кәсіппен айналысып отырған ерлі-зайыпты Ақылбек Ишанов пен Ақмоншақ Мақсотқызымен әңгімелесіп, бөлімнің жұмысы, ат спортын жаңғыртудың мән-маңызы туралы сұрады. 

"Осы кәсіп үшін мамандық ауыстырдық"

Ақылбек пен Ақмоншақ отбасылық кәсібін жылқы шаруашылығынан бастаған.

"2017 жылы Орал қаласының шетіндегі шағын ауданда жылқы шаруашылығын дамытып, саумал, қымыз өндіруді қолға алдық. Бірақ, ол жер жеке тұрғын үй секторы болғандықтан, қаланың шетіне көшуді жөн көрдік. Әкімге өтініш жазып, жылқы шаруашылығын дамыту, соның ішінде сүт өнімдерін шығару және иппотерапия қызметін көрсету үшін құс фабрикасы аталып кеткен бау-бақша серіктестігінің шетінен 20 сотық жер алдық. Құжаттарын реттеп, құрылыс жүргіздік", – деді Ақмоншақ Мақсотқызы.

Ақылбек Ишанов пен Ақмоншақ Мақсотқызы балаларымен бірге

Ата кәсіпті жаңғыртуды көздеген жұп мамандығын да ауыстырған. Оған дейін Ақмоншақ Мақсотқызы Назарбаев зияткерлік мектебінде баспасөз қызметінде жұмыс істесе, жолдасы Ақылбек Ишанов Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. 

"Соның бәрін тастап, біржола осы кәсіпті дамытуға көштік. Жайлап жылқы жинап, қала көлемінде қымыз өндіруші, саумалды жылы күйінде тұрақты және жүйелі ұсынушы ретінде таныла бастадық", – дейді Ақмоншақ Мақсотқызы.

Дегенмен, "ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға" дегендей, бұрынғы ұстаздар орталықта бала тәрбиелеуді, атап айтқанда өскелең ұрпаққа атбегілік өнерді, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты үйрету туралы ойлай бастайды.  

"Төрт баламыз бар. Тұңғышымыздың жасы тоғызда. Сол баламыз 4-5 жасынан бастап атқа мінеді. Оның атқа мінген, ат баптаған кездегі видеоларын анасы әлеуметтік желіге жүктеп қоятын. Соған бәрі қызығып, осындай орталықтар болса, баласын бергісі келетінін жазып жататын. Жақын маңайда тұратын балалар да қызығып келіп жүрді, оларға да атқа мінуді үйреттік. Сөйтіп балалардың шоғыры пайда бола бастады. Оларға қарап отырып "неге қала балаларын осылай атқа баулымасқа, ат құлағында ойнамаса да, тым болмаса оны ерттеудің, дұрыс мінудің тәсілдерін меңгертпеске" деген ой келді", – дейді Ақылбек Ишанов.


Оқи отырыңыз: Каскадер Әлия Ысқақова: Ең қауіпті трюктер жылқы малының қатысуымен жасалады


Осылайша 2020 жылдың аяғында Орал қаласында "Азамат" ұлттық-танымдық лагері ашылды. Ақылбек Ишанов балаларға жылқы баптау, атқа міну, ат әбзелдері, ұлттық ат спорты түрлерін үйретсе, Ақмоншақ Мақсотқызы салт-дәстүрмен сусындатып, мақал-мәтел, бата, жырлардан үзінді, танымал ақын-жазушылардың өлеңін жаттатқызады. Осылайша лагерге келген баланың бір жарым сағаты ата дәстүр мен ата кәсіптің қыр-сырын үйренумен өте бастайды. Сонымен қатар, балалар ат шанамен табиғат аясында серуендейді. Екі айдың ішінде қызығушылық күн санап артқанымен, пандемия шартына байланысты топқа тек 10 бала қабылданған.

Теңге ілу

Сол аралықта кәсіпкерлерді қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов (қазір облыс әкімінің орынбасары – ред.) қабылдауына шақырады. Ата кәсіпті жаңғыртып отырған жұптың еңбегіне риза болып, бұл туралы қала әкімі Абат Шыныбековке жеткізеді. Қала басшысы да бұл бастаманы құп алып, ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында Орал спорт клубының жанынан Ат спорты бөлімін ашуға мұрындық болады. 

"Біз спорт клубына базамызды жалға беріп, есесіне балаларды тегін оқытатын болып шештік", – дейді Ақмоншақ Мақсотқызы.

2021 жылы 26 сәуірде Ат спорты бөлімі жұмысын ресми түрде бастады. Онда ат спортының төрт түрі: жамбы ату, көкпар, теңге ілу, аударыспақ бойынша секциялар жұмыс істейді. Апта сайын жүзге жуық бала мен студент тегін жаттығады. Төрт жаттықтырушы бар.

Ақылбек Ишановтың өзі атбегі, ұлттық спорт жаттықтырушысы болғандықтан, бапкерлерді өзі таңдайды. Үнемі істің басы-қасында өзі жүреді.  Айтуынша, қазір ұлттық спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар жетіспейді.

"Ең алдымен ат құлағында ойнайтын адам болуы шарт. Одан кейін міндетті түрде дене шынықтыру пәнін оқыған болуы керек. Қазір ұлттық спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар жоқтың қасы. Себебі, біреуінің мамандығы болса, атқа мінуді білмейді, ал атқа мінуді білсе, мамандығы келмейді. Келешекте педагогикалық мамандық беретін, дене шынықтыру және спорт бойынша оқытатын жоғары оқу орындары осыған көңіл бөлуі керек. Болмаса, арнайы спорт клубтарында, спорт мекемелерінде ұлттық спорт түрлерінен жаттықтыруға мүмкіндік беретін куәлік беру мәселесін нақтылау керек. Себебі, әр салада өз ісінің маманы жүргені дұрыс", – дейді атбегі.

Қазір Ақылбек Ишанов Батыс Қазақстан университетінде ұлттық спорт түрлерінен сабақ береді. Сол жерде оқитын екі жүзге тарта студент апта сайын Ат спорты бөліміне келіп, практикалық сабақтан өтеді екен. Олардың арасынан болашақ ұлттық спорт жаттықтырушылары шығады деп сенеді кәсіпкерлер.


Оқи отырыңыз: Қазақ халқы мүшелді неге қатерлі жас санайды?


Ат спортынан жарыстар

Сонымен қатар Ат спорты бөлімі балалар мен жастар арасында ат спортынан түрлі жарыстар өткізіп тұрады. Мәселен, 10-11 жастағы балалар арасында аударыспақ, тұңғыш рет Орал қаласында тай көкпар ұйымдастырған. Оған 10-13 жастағы балалар қатысып, серке тартықан. Бұдан бөлек жамбы ату, теңге ілуден де жарыстар өтіп тұрады. Жуырда баласының жетістігін әкелері көрсін деген мақсатта "Әке мен бала ұлттық спорт алаңында" деген жарыс өткізген. Әкелер балаларының ат құлағында емін-еркін ойнаған көріп, риза болып тарқасыпты.

"Бұл жұмыс ішімізден шыққан баламыз секілді. Сондықтан әр шараға мән беріп, қызықты өтуі, нәтижеге жетуі үшін барымызды саламыз. Ата-аналар мен қала тұрғындары ерекше ықыласпен қарап, балалардың өнеріне тәнті болып жатады. Себебі мұндағы балалардың бәрі қалада туғандықтан, бұрын-соңды атқа мініп көрмеген",– дейді Ақмоншақ Мақсотқызы.

Көкпар ойнаған балалар

Қазір аймақта ат спортына қызығушылар саны арта бастаған. Ата-аналар мен ұстаздар оқушыларын экскурсияға әкеліп, ат спорты түрлері, ат әбзелдерімен танысуын қалайды екен. 

"Жас ұрпақтың атқа жақын болып өсуінің маңызы зор. Жылқы – қазақтың төл малы. Қазақты қазақ еткен, қазақты  жаудан да, даудан да аман алып қалған түлік. Қазақтың әр батырының, аузы дуалы шешенінің, ақынының астында аты аңызға айналған сәйгүлігі болған. Балалар мұны білуі керек. Бұл адамның өзін, ұлтын, тарихын тануының кілті. Қазіргі бізге келіп жүрген балалардың ата-анасы баласының қазақы танымы кеңейіп, қазақша ән тыңдап, атқа қатысты бар ақпаратты біліп отыратынын айтады. Демек, біз жайлап мақсатымызға жақындап келеміз. Қазақ жылқыны қолға үйреткен көшпенді халық деп мақтанамыз, ал жас ұрпақ сол жылқыны танымай тұрса, ат әбзелдерін білмесе, құр мақтанның бізге абырой әкелмейтіні сөзсіз. Түптің түбінде "жылқыны қолға үйреттік деп мақтанғанмен, екі қазақтың бірі атқа міне алмайды" деп біреу болмаса біреу айтуы мүмкін", – дейді Ақылбек Ишанов.

Осы ретте ерлі-зайыптылардан ұлттық спорт түрлерін қалай дамыта алатынымызды сұрадық. Ақылбек Ишановтың айтуынша, ұлттық спорт түрлерінің бұқаралық сипатын арттыру керек.

"Бізге ауылда тұратын кісілер де хабарласып, жазда келіп қатысуға бола ма деп сұрап жатады. Содан-ақ ат бар ауылдың өзінде ұлттық спортымыздың халі мүшкіл екенін көруге болады. Яғни қазір ауылда атқа мінетін бала табу қиын. Бірен-саран ғана болмаса, бұрынғыдай жаппай ат құлағында ойнайтын бала жоқ. Сондықтан спорт мектептерінің жанынан немесе мектептен үйірме ашып болса да, ер балаларды атқа мінуге тәрибелеу керек. Бұқаралық шаралар ұйымдастыру қажет. Киіз үйіміз бен ат спортымызды тек наурыз мейрамында ғана шығармай, күнделікті тіршілікте де қазақтың иісі сіңген тірлікпен айналысу қажет. Ол үшін президент мақаласын немесе басшылықтың тапсырмасын күтудің қажеті жоқ", – дейді Ақмоншақ Мақсотқызы.


Оқи отырыңыз: Абаев: Музейде ұлттық тағамдар мейрамханасы мен шеберлер дүкенін ашу турист тартуға көмектеседі


Ат спорты бөліміне хабарласып, қаланың басқа аудандарында филиалын ашуды сұрайтындар да бар. Алайда, ерлі-зайыптылар кәсібін енді аяққа тұрғызып жатқандықтан, оған әзірге мүмкіндігі келмейтінін айтады. 

Жамбы ату

"Ат спорты деген бір рет өткізіп, тоқтап қалатын жұмыс емес. Сайып келгенде бұл адамның ішкі жан қалау арқылы жүзеге асатын іс. Оның үстіне баламен жұмыс болғандықтан, қауіп те, шығын бар", – дейді Ақмоншақ Мақсотқызы.

"Біздің Батыс Қазақстан өңірінде ат спорты кенже дамыған. Өткен жылдан бері аудан-ауылдарда спорт мектептерінің жанынан ат спорты клубтары жұмыс істей бастады. Бірақ олар үлкен балаларға арналған. Біз ат спортын он жастағы балалардан бастап үйретуге болатынына көз жеткіздік. Осы тәжірибемізді ел бойынша таратқымыз келеді. Мүмкін болашақта авторлық бағдарлама ретінде ұсынатын шығармыз. Себебі кез келген салаға тән мәселе болады. Оны шешу үшін жоғарыдан келетін тапсырманы күтудің қажеті жоқ. Соның ішінде ұлтқа, қазақ халқының төл дүниесіне қатысты мәселенің бәрі әр азаматтың ішкі түйсігі, жан қалауы, жанашырлығымен шешіледі", – дейді Ақылбек Ишанов.