"Арақты қою үшін бармаған жерім жоқ". Анонимді алкоголиктер тобындағы әйелдің хикаясы
Анонимді алкоголиктер тобы деген не және ол ішімдікке құмарлықты қоюға қалай көмектеседі?Анонимді алкоголиктер тобында ішімдікке құмар жандар жиналып, өз хикаясымен бөліседі. Ол жерде адамдардың аты-жөні құпия сақталады. Маңыздысы – жылдар бойы қоя алмай тәуелділігін жеңуге көмектесу. Осындай топтардың сайтында қауымдастықтың қалай жұмыс істейтінін сұрадық және солардың көмегімен арақ ішуді қойып кеткен әйелмен тілдестік. Әрине, бұл мақалада да кейіпкердің аты-жөні құпия сақталады.
"Арақты аузыма алмайтыныма толықтай сенімді болдым"
Арақтың шырмауына ілігіп, одан шыға алмай 15 жылдан артық уақыт күрестім. Қазір жасым 51-де, үш балам бар, Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын.
Балаларымның әкесінен 28 жасымда осы арақтың кесірінен ажырасқан едім. Жолдасым қатты ішетін еді. Шыдай алмай, балалардың болашағын ойлап, басқа қалаға көшіп кеттім. Сол кезде арақ ішкен адамды көрсем, жиіркеніп қарайтынмын.
Өзімнің арақты аузыма алмасыма 100 пайыз сенімді болдым, бірақ өмір ойлағаныңдай болмайды екен.
Отбасымның шырқы бұзылған соң, балаларымның қамын ойлап, саудаға шықтым. Балаларға қарайласу үшін анамды шақырып алдым. Пәтер жалдадық. Алғашқы бес жылда еңбегім жанып, үш бөлмелі пәтер сатып алдық. Кішкентай сауда орным үлкен көтерме сауда орнына айналды. Сол кезде ішімдік ішіп үйрене бастадым.
Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?
Басында ішкен кезде ішіме жылу барып, көңілім көтеріліп, еңбекқорлығым артып, шаршағаным басылғандай күй кешетінмін. Кейін бұл күнделікті әдетке айналды. Бас жазуды үйрендім. Көп ұзамай араққа тәуелді бола бастағанымды сездім.
Соңғы 12 жылда отбасымның шырқы әбден бұзылды. Анам, балаларым, жанашыр ағайындарым "енді ішпе, бұл саған жақпайды, абырой әпермейді" деген сөздерін естісем де, өзімді қолға ала алмадым. "Енді ішпеймін" деп сөз берсем де, былай қарай шыққан соң, өзімід басқара алмай қалатынмын. Балаларымнан арақ қымбат болып көрінетін жағдайға жеттім.
Осы арақты қою үшін бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Туыстарым емші, балшы, наркология ауруханасына, Қорғанға монастырға да апарды. Неше мәрте "кодирование" де жасаттым. Имамдарға жүгініп, дұғалармен су оқытқызып алып іштім. Кіші қызымның ақылымен бір ай ораза ұстап, намазға жығылдым. Алайда, ниетім дұрым болмады ма, бес айдан кейін бөтелкелес ескі досыммен кездесіп, тағы ішіп кеттім.
Оқи отырыңыз: "Тек жарты бөтелке арақ іштім". Алматы облысында көлікпен оқушы қыздарды қаққан жүргізуші сот алдында жауап берді
Әр ішкен сайын өзімнен өзім қорқа бастадым. Аузыма 50 грамм тисе, тоқтай алмай, апталап ішіп кететін жағдайға жеттім. "Құлқыным қашан тояды?" деп жылайтынмын. Арақтың алдын да дәрменсіз күй кештім, қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төктім. Бұл ащщы шындық.
Соңғы рет сегіз күн қатарынан ішіп кеттім. Сол кезде жағдайдың балаларымның менен теріс айналып кетуіне әкеле жатқанын сездім. Оның үстіне өлердей күйге түстім. "Арақтан өліпті" деген атақпен өлетін болдым" деген оймен үлкен қызыма бардым. Ол отбасылы, күйеу баладан қанша ұялсам да көмек сұрадым.
Қызым кезінде американдық кинодан ішімдікен күресіп жүргендер үшін анонимді маскүнемдер тобы болатыны туралы көргенін айтып, осындай топтарды іздеп тауып берді.
Анонимді алкоголиктер тобына қосылғалы көзім ашылды. Миымдағы, үнемі "іш-іш" деп отыратын дауыс кетті. Қазір әр сағатымның, әр минутымның қадірін білемін. Айналамдағы, алдымдағы барымды бағалауды, бүгінгі күнмен ғана өмір сүруді үйрендім. Аллаға сансыз алғыс айтамын.
Оқи отырыңыз: "Бірінші кезекте ата-ана жауапты". Буллингпен кино арқылы қалай күресуге болады?
Бұл топ ешқандай секта емес, бұл жерден тек рухани азық алатыныңызға, ішімдікпен күресіп жүрген жалғыз адам емес екеніңізге көзіңіз жететініне 100 пайыз кепілділік беремін.
Қиналып шығар жол таппай,, "қу арақтың" құрсауынан шыға алмай жүрген бауырларыма шығар жол бар екенін айтқым келеді. Міне, мен содан бері 3 жыл 6 ай өтті, бірде-бір рет ішімдік ішпедім.
Өзім араққұмар болып кетпегенде, басымнан бұл жағдай өтпегенде, ешқашан маскүнемдікке шалдыққан, "қу арақтың" шырмауынан шыға алмай жүрген бауырларымның қалін түсінбес едім. Қазір ішімдікті қоя алмай жүрген адамдарға қол ұшын созуға дайынмын. Біздің анонимді маскүнемдер тобына хабарласыңыздар. Қазақ тілінде де топтарымыз бар, бірақ келушілер аз. Бұл қазақ тілдіілердің ішінде ішетін адамдар аз дегенді білдірмейді. Біздің қазақтар біреу естіп-біліп қалады деп қорқады. Олай қорқудың қажеті жоқ. Бұл топта бәрі құпия болады.
"Маскүнемдік деген: ата-ана үшін – ақталмаған үміт, жар үшін – жылаумен өткен ғұмыр, балалар үшін – бақытсыз балалық шақ, достар үшін – адасқан тағдыр, қоғам үшін – жоғалған адам. Не істеу керек – ішпеу керек", – деп марқұм Бейсен Құранбек бауырым айтқандай, қанша ащы болса да, бұл шындық.
Анонимді алкоголиктер тобы. Бұл не?
Бұл ерлер мен әйелдерді біріктіретін достастық. Негізгі мақсаты – бір-бірімен алкогольден айығу жолындағы үміті, күш-жігері және тәжірибесімен бөлісу. Достастықтың мүшесі болудың жалғыз шарты бар — ішуді тастауға деген ұмтылыс.
Сайтта жазылған ақпаратқа сүйенсек, топ мүшелері үшін ешқандай міндетті төлем жоқ. Топ ерікті қайырымдылық үлестері арқылы, өзін-өзі қаржыландырады.
"АА – ешқандай дінмен, сектамен, саяси бағыттармен, діни сенімдермен, ұйымдармен байланысы жоқ және ешқандай пікірталасқа түспейді. Біздің негізгі мақсатымыз — үнемі сау қалып және басқа да алкоголиктерді дені сау, салауатты өмір қалыптастыруына жәрдем беру" деп жазылған сайтта.
Қай қалаларда бар?
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Қостанай, Павлодар, Семей, Талдықорған, Өскемен, Орал, Көкшетау, Риддер қалаларында Анонимді алкоголиктер тобы жұмыс істейді. Олардың байланыс номерін сайттан алуға болады.