Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жасаған сапары кезінде өңірде ақын Абай Құнанбайұлына арналған бірде-бір лайықты ескерткіштің болмауын үлкен олқылық деп атады

"Бүгінде ұлы Абайдың кесенесі – еліміздегі ең танымал нысанның бірі. Алайда, Жетісу облысында Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ. Бұл – ұят нәрсе, үлкен олқылық. Оны түзету керек", – деді президент.

Осы орайда Информбюро порталы Қазақстан өңірлерінде және әлемнің бірқатар елінде қойылған Абай ескерткіштеріне шолу жасады. 

Қазақстанның мүсін өнері дамуы тарихында қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының ескерткіштері ерекше орын алады. Ақынның бейнесі сурет өнері мен мүсін жанрында көптеген туындыға арқау болып, шет мемлекеттерде де оған арнап ескерткіш орнатылған. 

Сурет: depositphotos.com

Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштер ХХ ғасырдың 50-жылдарында бой көтере бастады. Алғашқысы – 1960 жылы Алматы қаласында ашылған ескерткіш. Мүсінші Хәкімжан Наурызбаев жасаған ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған. Ескерткіштің алдыңғы бетінде "Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев (1845-1904)" деген жазу бар. Басында тақия, үстінде шапан, сол қолында кітап бар.

Мүсінші Хәкімжан Наурызбаев ескерткіш жұмыстарына кіріспес бұрын Мұхтар Әуезовтің кеңесімен Абай елі Шыңғыстауға барып ақын мінез-құлқы, бет әлпеті туралы мағлұмат жинаған. Сондай-ақ, бұл ескерткіштің қалануына сәулетші Иван Белоцерковский атсалысқан.

Сурет: vk.com/@typical_semey-abay-175let

1972 жылы Семей қаласының Абай алаңында ақынға арнап ескерткіш ашылды. Тастан жасалған мүсіннің авторлары Дмитрий Элбакидзе мен сәулетші Андрей Шингарев. Мұнда да Абай басына қазақы тақия киіп, үстіне шапан жамылып тұрады. Тұғырда "Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған" деген сөздер бар. 

Сурет: Ақорда сайты

1995 жылы ақын Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Жидебай жерінде "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешені ашылды. Абай мұнарасының биіктігі – 32,5 метр, ал Шәкәрім мұнарасының биіктігі – 31,5 метрді құрайды. Кесененiң iргетасының ұзындығы – 200 метр, ал көлдеңiнен – 65 метр, биіктігі – 5 метр. Қабірлер арасы – 140 метр. 

Сурет: pamyatniki-v-rossii.ru

2006 жылы РФ астанасы Мәскеу қаласының "Чистые пруды" бульварында Қазақстан елшілігі маңайында Абайға арнап ескерткіш ашылды. Биіктігі 2 метр 60 см болатын ескерткіш ғұламаның 160 жылдық мерейтойына арнап орнатылды. Ескерткіштің екі жағына Тянь-Шаньның жеті қарағайы отырғызылған. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.

2007 жылы Иран Ислам Республикасының Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Мұнымен қатар, Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған. 

Caption

2009 жылы Өскемен қаласында тағы бір ескерткіш бой түзеді. Оның авторы мүсінші Ескен Сергебаев және Бақытжан Әбішев.


Оқи отырыңыз: Республика күні тарихын жақсы білесіз бе? Тест


2010 жылы Астанадағы Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысында орналасқан Туризм және спорт министрлігінің алдында Абай Құнанбайұлына арнап ескерткіш орнатылды. Жалпы биіктігі 14 метрден асады, ал тек мүсіннің биіктігі – 7 550 метр. Авторы – алматылық мүсінші Болат Досжанов. 

Сурет: e-history.kz

2011 жылы Әзербайжанның Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлының атындағы орталық ашылып, ғұламаның бюсті қойылды. 

Сурет: e-history.kz

2013 жылы Ташкент қаласындағы ҚР елшілігінің жаңа ғимаратының жанында ақынға арнап ескерткіш ашылды. Биіктігі 9,2 метр болатын ескерткішті қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев жасады. Сондай-ақ, Ташкент қаласының Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің біріне Абайдың есімі берілген. 

Сурет: e-history.kz

2014 жылы Қытайдың  Бейжің қаласындағы "Цзинтай" көркем музейінде Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған. Оны мүсінші Юань Сикунь жасады.

Сурет: e-history.kz

2014 жылы Венгрияның Будапешт қаласындағы Астана көшесінде қазақтың біртуар ұлына арнап ескерткіш қойылды. Қоладан жасалған мүсіннің биіктігі – 1070 мм, ені – 900 мм.

Сурет: e-history.kz

2016 жылы Францияның Ренн қаласындағы Алматы бағында Абай Құнанбайұлының қоладан жасалған бюсті ашылды. 

Сурет: e-history.kz

2016 жылы Мысырдың Каир қаласындағы саябақтардың бірінде Абайға арнап бюст ашылды. Бюстің авторы мысырлық мүсінші Усама Аль-Серуи.

Сурет: alashainasy.kz

2018 жылы Ақтау қаласындағы "Абай" атындағы мәдени демалыс кешенінің алдынан ғұламаға арнап ескерткіш ашылды. Оның биіктігі – 5 метр, ені – 3,3х3,6 см.


Оқи отырыңыз: Семей халқы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды


2019 жылы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында биіктігі 7 метр болатын Абай ескерткіші ашылды. Оны Тарбағатай тумасы Әлібек Шоқанов қалады. 

Сурет: inform.kz

2019 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында Құнанбай Өскенбайұлы мен Абай Құнанбаевқа арнап ескерткіш орнатылды. Мыстан құйылған ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Аталған ескерткіш 1851 жылы Құнанбай салдырған мешіттің қасында ашылған. Оның авторы – Сәкен Дәулетбаев.

Сурет: zhasalash.kz

2020 жылы Семейде Абай Құнанбаевтың балаларымен – Ақылбай және Төреғұлмен бейнеленген "Ұлы ақын Абай балаларымен" атты ескерткіш ашылды.