Ел мектептерінде бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Ата-ана нені ескеруі қажет?
Биылдан бастап балаларды бірінші сыныпқа қабылдау құжаттарын Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тапсыруға болады. Informburo.kz бірінші сыныпқа оқушы қабылдау тәртібін түсіндіреді.
№1. Бала бірінші сыныпқа қай жастан қабылданады?
Жалпы білім беру ұйымдарының бірінші сыныптарына 6 жасқа толған балалар және осы күнтізбелік жылы 6 жасқа толатын балалар қабылданады. Яғни, 2014 жылы қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар бірінші сыныпқа бара алады, себебі күнтізбелік жылдың соңына дейін олар толық алты жасқа толады және мектепке қабылдануға құқығы бар.Оқи отырыңыз: Педагог жалақысы, бір ауысымды мектеп, оқулық сапасы. Білім берудегі күрмеулі мәселелер қалай шешіліп жатыр?
№2. Құжаттарды қашан және қайда өткізу қажет?
Құжаттарды 1 маусым мен 30 тамыз аралығында Egov.kz арқылы электронды түрде, болмаса ХҚКО-ға не мектепке барып тапсыруға болады. Egov.kz порталында құжат 1 тамызға дейін қабылданады. Мектептің қабылдау комиссиясы оқуға өтініш берген кезде басқа қосымша құжаттарды талап етпеуі тиіс.
№3. Egov.kz арқылы қалай өтініш беру керек?
Ата-аналар порталдың "Білім", "Орта білім" бөлімдеріне кіріп, өтініш беруі тиіс. Оған мектепке қажетті құжаттарды қоса жолдайды. Құжат тапсыруға 15 минут уақыт жеткілікті. Содан кейін ата-ананың "жеке кабинетіне" баланы қабылдау туралы хабарлама немесе себептері көрсетілген дәлелді бас тарту келеді.
Оқи отырыңыз: Баланы бірінші сыныпқа беру тәртібі өзгерді. Енді ата-ана мектепті өзі таңдай алады
№4. Қандай құжаттар қажет?
- ата-аналардың немесе оларды алмастыратын тұлғалардың өтініші;
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- "Бала денсаулығы паспорты" 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 3х4 көлеміндегі 2 фото.
№5. Шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалар қосымша қандай құжаттар ұсынады?
- шетелдік азамат – шетелдіктің Қазақстанда тұруға ықтиярхаты;
- азаматтығы жоқ адам – азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігі;
- босқын – босқын куәлігі;
- пана іздеуші – пана іздеуші адамның куәлігі;
- оралман – оралман куәлігі.
№6. Мамандандырылған білім беру ұйымдар құжатты қашан қабылдайды?
Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау емтихандары 18 маусымнан бастап өткізіледі. Құжаттарды қабылдау 15 мамыр – 17 маусым аралығында электронды форматта жүзеге асырылады.
Оқи отырыңыз: Балаларға арналған баспана. Жаңа "Арнау" тұрғын үй депозитінің артықшылықтары қандай?
№7. Өтінішті кімнің атына жазу керек?
Бірінші сыныпқа қабылдау туралы өтініш мектеп директорының атына жазылады. Мамандандырылған облыстық мектеп болса – өтінішті облыстық немесе қалалық білім басқармасына жазу қажет.
№8. Ата-ана мектепті өзі таңдай ала ма?
Баланың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері баласын оқыту үшін бос орын болған жағдайда кез келген білім беру ұйымын таңдай алады. Алайда бірінші кезекте сол аумақтың тұрғындарының құжаттары қабылданады.
№9. Баланың тұрғылықты мекен-жайы басқа қалада болса не істеу керек?
Мұндай жағдайда оқушының тұрғылықты мекен-жайы талап етілмейді. Бірақ, мектепке хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, мәселені шешуге болады. Мектеп алдымен өзінің микроучаскесіндегі оқушыларды қабылдауы керек. Биылғы талап бойынша әр үш бала сол мектеп маңындағы үйлерден алынса, төртінші бала басқа аумақтан келе алады. Нормаға сәйкес, әр сыныпта 25 балаға дейін болуы керек.
Оқи отырыңыз: 132 мың үміткер – 54 мың грант. Биылғы түлектер ҰБТ-дан сүрінбей өтуі үшін нені білуі тиіс?
№10. Бірінші сыныпқа баратын бала тест тапсыра ма?
Бірінші сыныпқа қабылдау кезінде (мамандандырылған білім беру ұйымдарынан, гимназиялар мен лицейлерден басқа) емтихан, тестілеу, сынақтар, байқау жүргізілмейді. Балаларды тестілеуден өткізуге бірде бір мектептің құқығы жоқ. Олар баланы емтихансыз қабылдауға міндетті.
№11. Мамандандырылған мектептерде баламен әңгімелесу өте ме?
Иә, өтеді. Мекен-жайына қарамастан балаларды байқау арқылы таңдау тәртібі жоғарғы дәрежелі үлгідегі мектептерде – гимназиялар мен лицейлерде қарастырылған. Мұндай іріктеуде ережеге сәйкес, бала өзінің оқуға дайындығын анықтауға мүмкіндік беретін әңгімелесуден өтеді. Әңгімелесуді құрамына бастауыш сыныптарының мұғалімдері, психолог және әлеуметтік педагог кіретін комиссия жүргізеді.
№12. Бірінші сыныпқа қабылданатын бала жазғы мектепке бара ала ма?
17 тамыздан бастап ақысыз жазғы мектептер жұмысын бастайды. Оған ата-аналардың қалауы бойынша мектепке дейінгі мекемелерде болмаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар бара алады. Мектеп алды дайындықпен бірінші сыныпқа баратын барлық балалар қамтылуы тиіс. Бұл мектепалды сынып, балабақшадағы дайындық сабақтары немесе қысқа мерзімдік курстар болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады? Министр түсіндірмесі
№13. Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды қабылдау қалай жүргізіледі?
Ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау баланың ата-анасының немесе өзге заңды өкілдерінің келісімімен педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация қорытындысы ескеріле отырып жүзеге асырылады. Өзге құжаттармен қоса консультацияның қорытындысы ұсынылуы тиіс.
№14. Мектеп әкімшілігі ата-аналарға түсіндірме жүргізуі тиіс пе?
Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау кезінде оқу орнының басшылығы балалар мен олардың ата-аналарын қабылдау ережелерімен, жарғы мен оқу үрдісін реттеуші өзге де құжаттармен таныстыруы қажет.
№15. Алдағы уақытта құжаттарды қабылдау мерзімі өзгере ме?
Иә. 2021 жылдан бастап бірінші сынып оқушылардың құжаттарын қабылдау маусымнан емес, бірінші сәуірден басталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Бұл өзгеріс ата-аналарға ыңғайлы болмақ. Олар мектепті алдын ала анықтап, оқуға түсу үшін қажетті құжаттарын мектеп ұжымы немесе өздері еңбек демалысында болған уақытта емес, одан ертерек тапсыра алады.
Оқи отырыңыз: Алматыда оқушылар жазғы мектепте IV тоқсан сабақтарын оқи алады
№16. Денсаулығына байланысты үйде оқыту үшін қандай құжат тапсыру қажет?
Денсаулығына байланысты мектепке ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды үйде жеке тегін оқытуды ұйымдастыру бойынша құжаттарды қабылдау үшін үйде оқыту жөніндегі ұсынымы бар дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы қосымша ұсынылады.№17. Шалғайда тұратын балалар мектепке тегін тасымалдана ма?
Шалғай ауылдық елді мекендерде тұратын балалар жалпы білім беру ұйымдарына және оқудан соң үйлеріне тегін тасымалданады. Ол үшін Egov.kz порталында өтініш, қызмет алушының жеке басын куәландыратын құжат, "АХАЖ тіркеу пункті" ақпараттық жүйесінде мәліметтер болмаған жағдайда не Қазақстаннан тыс жерде туған жағдайда баланың туу туралы куәлігі, оқу орнынан анықтама ұсынылады.