ҰБТ 2018 – талапкерлері қай саланы көбірек таңдады?
Бірінші тесте шекті балды жинай алмаған талапкерлерге жоғары оқу орынына тапсыру үшін қайта талпыныс жасауына болады. Бірақ ақылы бөлімге. Яғни, екінші рет тест тапсырған талапкерде грант иелену құқығы болмайды.
Қай салаға түсу үшін конкурс жоғары болды?
– Құқық пен экономика саласына тапсырушылар саны азайған жоқ, – дейді Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.
Техникалық мамандықтарға сұранысты арттыру мақсатында 2018-2019 оқу жылына жоғары білімді мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру гранты 20 мыңға көбейді.
Рахман Алшановтың айтуынша, биыл биотехнологияны таңдаған талапкерлер арасында конкурс өте жоғары болған.
– Бұл салаға тек жоғары балмен қабылданды. Ең төменгі балл – 118 болды. Осыған қарап, талапкерлердің көзқарасының өзгергенін, заман талабына сай техникалық мамандықтарға құлшыныстарының артқанын аңғаруға болады. Сондықтан мемлекеттік гранттың басым бөлігінің техника мен технологиялық мамандықтарға бөлінуі дұрыс шешім екеніне көзіміз жетті, – дейді ол.
"Бір грант бос қалған жоқ"
Сонымен, биыл бөлінген мемлекеттік гранттың жалпы саны – 53594 болды. Оның 24737-і техника мен технологиялық мамандықтарға берілді. Конкурсқа түскен 75 430 талапкердің 60 327-і қазақ тілді, 14 810-ы орыс тілді, 293-і ағылшын тілінде білім алғандар.
Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде ЖОО-да бос қалған гранттар туралы ақпарат тараған болатын. Республикалық қабылдау комиссиясының құрамында болған Рахман Алшанов оны жоққа шығарды.
– Қабылдау комиссиясының мүшесі болғандықтан бұл мәселені жақсы білемін. Бос қалған грант жоқ. Кейбір мандықтарға бөлінген гранттарға талапкерлерден ұсыныс болмағанымен, олар басқа мамандықтарға берілді. Мысалы, ағылшын тіліне 1000 грант бөлінген. Үміткерлердің балы төмен болғандықтан қабылданбады. Сондықтан ондағы гранттар басқа жерге бөлінді. Сонымен қатар оралмандарға техникалық мамандықтарға грант бөлінген-ді. Олардың көбісі гуманитарлық мамандықты таңдады. Осы сияқты қалғандары да сұранысқа ие мамандықтарға берілді. Алайда бұл мәселенің барлығы келесі жылы ескерілетін болады, – деді Рахман Алшанов.
Айта кетейік, азаматтығы жоқ қазақтарға биыл 862 грант бөлінген болатын. Араларында 25 балмен "Физкультура және спорт" және 26 балмен "Мектепке дейінгі дайындық" мамандығы бойынша грант иегері атанғандар бар. Бұл мәселеге қатысты Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов: "Колледж бітірген студенттер үшін шекті балл – 25. Ал ең жоғарғы балл – 70. Кейбір бөлінген гранттарға сұраныс болмағандықтан, ең төменгі балл алған талапкерлер грант алды" деп түсініктеме берген болатын.
Енді сұраныс жоқ мамандықтарға грант бөлінбейді
– Тағы бір ескеретін жайт, биыл Павлодар, Солтүстік Қазақтан облыстарындағы оқу орындарындағы орыс бөліміне талапкерлер мүлдем болмаған. Осыған дейін солтүстіктегі талапкерлер орыс тілінде білім алуға құштар болса, олардың қызығушылығы өзгерген. Яғни, қазақ тілді білім алушылар саны артып отыр. Енді орыс бөліміне қажеттілік жоқ. Сондықтан келесі жылы сұраныс болмайтын бөлімдерге грант бөлінбейді. Тағы бір ескерер жәйт, грант саны артып, оқуға мүмкіншілік жасалғанмен, екінші курстан бастап студенттерге талап күшейеді, – дейді Рахман Алшанов.
Сессияаралық тестен сүрінбей студент берілген грантты қорғауы керек. Қажетті балды жинай алмаса, шəкіртақыдан айырылады. Кейін одан грантты қайтарып алуы мүмкін.
Биылғы жылғы өзгерістер қандай?
Осы жылдан бастап талапкерлер үшін тестілеуден өту рәсімдерін жетілдіру мақсатында Білім және ғылым министрлігі біраз өзгерістер енгізді. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеген болатын.
"Біріншіден, әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге ақпараттық парақ берілді. Онда сол баланың таңдаған профиліне сәйкес бара алатын мамандықтар тізімі, әр мамандыққа бөлінген грант саны, сондай-ақ өткен жылғы грант конкурсының өту балы көрсетілген. Барлық маңызды және қажетті ақпарат әр балаға ұсынылды. Бұл бітірушіге ҰБТ-да жинаған балымен, мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, ҰБТ-ға белгілі жағдайға байланысты қатыса алмаған бітірушіге келесі лекте немесе кешенді тестілеу барысында тапсыру мүмкіндігі берілді.
Үшіншіден, қабылдау кезінде бірыңғай call-орталық іске қосылды.
Тестке қатысушылардың 15 пайызы шекті балдан өте алмады
Е.Сағадиевтің айтуынша, ҰБТ-ға қатысуға 100 мыңнан астам түлек өтініш берген. Олардың ішінде 75% – қазақ тілінде және 25% – орыс тілінде. Сәйкесінше, комиссияның шешімімен жалпы гранттардың 75% қазақ тілінде және 25% орыс тілінде білім алуға бөлінді.
ҰБТ-ға 98 мыңнан астам адам қатысты. Орташа балл – 83. Өткен жылы бұл көрсеткіш 80,5-ті құрады. Шекті деңгейден 84 мың бітіруші, яғни қатысушылардың 85% өтті.
Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар 51 түлек ҰБТ-ға қатысты. Оларға жеке аудитория беріліп, көмекшілер, сондай-ақ ымдау тілін білетін мамандар көмек көрсетті.
Ең жоғары 140 балды Алматы қаласының №123 мектеп-гимназиясының түлегі Құдайбергенова Шиара Әбдірахымқызы жинады.
Ал "Алтын белгі" иегерлерінің саны биыл 6 мың 800 адамнан асқан.
Келесі жылы талапкерлерді қандай өзгеріс күтіп тұр?
Рахман Алшанов келесі жылы грантқа үміткерлерді тағы өзгеріс күтіп тұрғанын жеткізді.
– Осы уақытқа дейін білім грантын бөлу барасында талапкердің қай тілде білім алғаны ескерілетін. Яғни, орыс мектебін бітірген талапкердің білім грантын иеленуге мүмкіндігі көбірек болатын. Мысалы, бір мамандықтың қазақ бөліміне талапкерді 80 балмен қабылдаса, орыс бөліміне 60 балмен қабылдай беретін. Қабылдау комиссиясының мүшелері келесі жылы ондай шектеуді алып тастайтын болып, бірауыздан келістік. Яғни, мемлекеттік білім гранттары оқу тіліне, яғни, қазақ немесе орыс тілдеріне бөлмей тағайындалады, – деді.
Бөлінген гранттар тізімі
Биыл 53 594 білім беру грант иелерінің 50 944-і күндізгі оқу бөлімнің бірінші курсына қабылданды. Ал 2650 орын оқу орындарының дайындық курстарына бөлінді.
- 24 737 грант – техникалық және технологияялық мамандықтарға;
- 9499 грант – педагогикалық мамандықтарға;
- 2785 грант – ауылшаруашылық және ветеринарлық мамандықтарға;
- 2700 грант – медицина мамандығына;
- 1450 – гуамнитарлық мамандыққа;
- 100 грант – құқық мамандығына;
- 300 грант – өнер саласының мамандығына;
- 1780 грант – әлеуметтік ғылым, экономика және бизнес саласына;
- 3246 грант – жаратылыстану ғылымы саласының мамандарына;
- 2330 грант – қызмет көрсету мамандығына;
- 500 грант – әскери жұмыс және қауіпсіздік саласының мамандарына.
ҰБТ-да тәртіп бұзғандардың тест нәтижесі жойылады
Білім және ғылым министрлігінің берген мәліметіне қарағанда, ҰБТ-да 30 мыңнан астам тест сұрақтары берілді. 243 апелляциялық өтініш түсіп, оның ішінде 101-і қанағаттандырылған.
Биыл тестілеу барысында 82 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 54 мыңнан астам ұялы телефон, роутер, модем және 28 мыңнан астам шпаргалка алынған. Аудиторияда тәртіп сақтау ережесін бұзғаны және тестілеу барысында тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 9 мектеп бітірушінің тест нәтижелері жойылды. Алайда оларға кешенді тесті тапсыруға рұқсат етіледі.
Тесті қайта тапсыруға болады
Тағы бір айта кететін мәселе, ҰБТ және Кешенді тестілеу тапсырмаған және шекті деңгейден өтпеген балалар 15-19 тамыз аралығында ақылы түрде (2242 теңге) қайта тест тапсыра алады.
Қажетті құжаттар тізімі:
- Белгіленген бланкке жазылған өтініш;
- Оқу орнын бітіру туралы аттестат немесе диплом;
- Кешенді тестілеу өткізу үшін төлемақының түбіртегі;
- 3*4 көлемдегі 2 фотосурет;
- 086-У көлемдегі медициналық анықтама;
- Жеке басын куәләндыратын құжат;
- Қабыылдау комиссиясының қызметтері үшін алынатын төлемақының түбіртегі;
- Файл.
Бұл екі тестілеуден де шекті балды алмаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға қабылданып, семестр аяқталған соң тест тапсырады. Ол үшін талапкер ЖОО-на төменде көрсетілген құжаттарды өткізеді.
- Ректордың атына өтініш;
- Жалпы орта білім туралы аттестат немесе орта кәсіптік білім туралы диплом;
- ҰБТ немесе кешенді тестілеу туралы сертификат;
- 3*4 көлемдегі 8 фотосурет;
- 086-У көлемдегі медициналық анықтама;
- Флюорография түсірмесінің көшірмесі;
- 063 формадағы егу картасының көшірмесі;
- Жеке куәлік көшірмесі;
- Тіркелу куәлігінің көшірмесі (ер балалар үшін);
- Құжат тігілетін папка, 3 конверт, 1 файл.
Кешенді тестілеу басталды
Өткен жылдардағы мектеп бітірген түлектер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірген түлектер және меңгерілген мамандық бейініне қарай күндізгі қысқартылған және сырттай қысқартылған оқу нысаны бойынша ЖОО-ға түсетін колледж түлектері кешенді тестілеуге қатысады.
Өткен жылдардағы мектеп бітірген түлектер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірген түлектер үшін өтініштер 1-20 маусым аралығында қабылданады. Олар тестіні бес пәннен тапсырады.
Тест жыл сайын 14-18 шілде күндері өту жоспарланған. Шекті деңгей балы – 50.
Тест орталығының берген мәліметіне қарағанда, кешенді тестілеуге биыл 15-17 шілде аралығында 48 базалық жоғары оқу орындарында 45 677 адам өтініш тапсырғанмен, тестілеуге 42 693 адам қатысқан.
Биыл кешенді тестілеу барысында тәртіп сақтау ережесін бұзғаны және тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 22 түсуші шығарылды. Сонымен қатар, 51 талапкердің өз орнына басқа адамды кіргізгендігі тіркелген.
Тест кезінде 31110 тыйым салынған зат тәркіленді, оның ішінде 26 015 электрондық құрылғылар (смартфондар, роутерлер, модемдер және т.б.) және 5 095 қағаз жазба – шпаргалкалар, оқу құралдары және т.б.).
Мамандық бейініне қарай күндізгі қысқартылған және сырттай қысқартылған оқу нысаны бойынша 1-20 маусым аралығында ЖОО-ға түсу үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірген түлектерден өтініштері қабылданады
Тестілеудің өту мерзімі: 14-18 шілде аралығында екі пәннен тапсырады.
Барлық тест тапсырмалар саны – 60. Ең жоғары балл саны – 70. Шекті деңгей балы – 25.
Сырттай оқу тоқтатылады
Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, сырттай оқу жүйесінің тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл жоғары оқу орындарының мамандары студенттің оқу үлгеріміне қарай университетті тезірек бітіргісі келетіндерге икемді кесте дайындайтын болады деді.
Жоғары білім алудың құны қолжетімді болады
Мемлекеттік грант ала алмай қалған талапкерге жоғары оқу орнына қолжетімді бағаға түсуге мүмкіндік беріледі. Қазіргі таңда 2018 жылдың 4 шілдесінде қабылданған "Қазақстан республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына сай барлық жоғары оқу орындарының мемлекеттік гранттың құнынан төмен не жоғары бағамен ақылы оқыту құқығы бар.
Алайда осы уақытқа дейін грант құнынан төмен бағаны ұсына алмайтын. Бұл мәселе жөнінде Білім және ғылым министрлігі департамент басшысының орынбасары Бану Нарбекова:
– Енді әр талапкер материалдық жағдайына қарай ЖОО таңдай алады, – деді.
Статистикаға сүйенсек, Ақтөбе, Тараз қалаларында оқу ақысы 300 мың теңгеден жоғары болса, Қарағандыда 400 мың. Ал Көкшетауда 200 мың теңгеден басталады. Оқу ақысы ең қымбат Астана мен Алматыда 350 мыңнан басталып, 1,2 млн-ға дейін барады.
Министрдің айтуынша, биыл ҰБТ 15 рет өткізілді. 2004 жылдан бастап ҰБТ-ға 1,775 млн мектеп бітіруші қатысты. 2017 жылға дейін ҰБТ мектептегі оқуды аяқтайтын қорытынды емтихан және жоғары оқу орындарына түсу емтиханы деген екі функцияны атқарды.