Борыш жүктемесі жеңілдетілетін адамдардың тізімі анықталды. Тізімде бар-жоғын қайдан білуге болады?
Борыш жүктемесін азайтуға кімнің құқы бар?
- Көп балалы отбасылар;
- Асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар;
- Мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар;
- Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар;
- Жетім балалар;
- Кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 29 жасқа толмаған балалар.
Екі миллионнан астам адамның мәліметі Несиелік бюроға жіберілді
– Тиісті құжаттарға сәйкес, аталған санаттарға жататындар айқындалды. Бүгінде Несиелік бюроға 2 млн 289 мың адамның (жалпы, несиесі бар) жеке мәліметтері берілді. Әрі қарай Несиелік бюро тізімді екінші деңгейлі банктердің мәліметтерімен салыстырып, аталған тұлғалардың (борыш жүктемесі азаятын санатқа жататын) несиелерін анықтады.Бұл мәліметтерді Несиелік бюро Проблемалық несиелер қорына тапсырды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.
Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы анасының атына рәсімделген жағдайда, Әділет министірлігі және АХАЖ бөлімімен бірлесе әкесінің жеке деректері де анықтаған. Ондай 465 жұп бар екен.
– Бүгінгі таңда несиесі өтелуге жататын 507 мың адам белгілі болды. Дегенмен, әлі сұрақтар көп. Мәселен, отбасындағы екі адам несиелерінің біріккен сомасы 3 млн теңгеден аспаса, онда олардың да несиелік берешегі өтеуге жатады. Аталған жағдайда бір отбасының 600 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы жабылады, – деді вице-министр.
Тізімде бар-жоғын адамдар қайдан біледі?
– eGov порталына адамдар несие борышы жағынан өз мәртебесін анықтай алатын қызмет енгізілген болатын, яғни, кез келген азамат Президенттің борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлығына сай келе ме, жоқ па – сол жерден анықтай алады. Әрбір адам өзінің электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы кіріп, порталда авторландырып, ЖСН нөмірін енгізіп жауап алады.
Артынша, аталмыш сервисті жетілдіріп, кері байланысқа шығу мүмкіндігін қарастырмақпыз. Себебі, қазіргі таңда өз мәртебесін анықтай алмаған тұрғындардан сұрақтар жиі түсіп жатыр. Мұндай жағдайда біз оларға тізімнің әлі толық бекітілмегенін айтамыз. Егер борышы жеңілдейтін санатқа жататынын дәлелдей алса, тізім толықтырылады, – деді Светлана Жақыпова борыш жүктемесін азайту мәселесі қозғалған Үкіметтің баспасөз орталығындағы жиында.
Мәліметтер базада болмауы мүмкін
Вице-министр борышы жеңілдейтін санатқа жатқанымен, ол туралы мәліметтер порталда болмауы мүмкін екенін де жеткізді.
– Мәселен, егер 29 жасқа дейінгі тұл жетім eGov порталындағы тізімнен өзін таба алмай қойса, ол жазбаша түрде Білім және Ғылым министрлігіне (БҒМ) жүгініп, тізімге енгізуін сұрай алады. Оған қоса, ол өтінішпен бірге ата-анасының қайтыс болғаны туралы құжатты, туу туралы куәлікті тапсыруы тиіс. БҒМ осыдан кейін онлайн режимде бұл ақпараттарды бізге тапсырады да, порталдағы тізім толықтырылады, – деді Светлана Жақыпова.
Мәліметтер базасы 2008 жылдан бастап цифрандырылған, яғни, неке 2008 жылдан кейін қиылса, бала да 2008 жылдан кейін туылса ешқандай проблема болмауы керек.
Қор әрбір Екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) және Микроқаржы ұйымымен (МҚҰ) 2019 жылғы 9 тамызға дейін берешекті өтеу туралы келісім жасайды.
"Қаражат тиісті институттарға аударылды"
– Қазіргі таңда қаражат тиісті қаржылық институттарға аударылды. 5 қыркүйекке дейін банктер қарыз алушылардың шоттарына бұл қаражаттарды тарату жұмыстарын жүргізуі керек. Ал 9 қыркүйекте Үкіметке және осы бағдарламаның операторларына қаражаттың шоттарға аударылғаны туралы ақпаратты беруі тиіс, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.
ЕДБ және МҚҰ 2019 жылғы 9 қыркүйекке дейін қарыздар бойынша төлемдер графигін қайта қарайды және қорға әрбір борышкер бойынша берешектің өтелгені және оның қарызы туралы ақпарат ұсынады.
Қор 2019 жылғы 13 қыркүйекке дейін ҚР Ұлттық Банкі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берешекті өтеудің жүзеге асырылғандығы туралы ақпаратпен қоса адамдардың тізімін ұсынады.
Борышкерлер тізімін қалыптастыру өтініш берушінің қатысуынсыз мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады.