Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары аясында көмек алған қазақстандықтар олар үшін бұл жаңа мүмкіндіктер ашқанын жасырмайды. Олардың кейбірі тіпті "бір оқпен екі қоян атып", бірнеше мәрте қолдауға ие болған. Сондай олжалы жандардың бірі – Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Данияр Елеуғалиев.

Ол ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген. Мектепті бітірген соң оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмағандықтан, сәйкесінше тұрақты және жалақысы тәуір жұмыс табу да оңайға соқпаған. Осылайша бала-шағаны асырау қамымен әр шаруаның басын бір шалады. Ал биылғы көктемде таныстары оған жергілікті әкімдіктен жәрдем сұрауға болатынын айтып кеңес береді. Мұнда "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бойынша жаңа жұмыс орындары құрылып жатқан болатын.

"Өтініш беріп едім, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияны жөндеу жұмыстарына қабылдады. Осында 4 ай қара жұмысшы болып еңбек еттім. Елімізде карантин енгізіліп, ахуал күрделеніп тұрған сын сәтте бұл нағыз қолдау болды. Осылай, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" расымен де пайдалы екеніне көзім анық жетті", – дейді Данияр Елеуғалиев.

Данияр – көпбалалы әке, әйелімен бірге төрт баланы тәрбиелеп отыр. Кенжесі бір жарым жаста. Жұбайы декреттік демалыста. Уақытша жұмыс отбасындағы қаржылық ауыртпалықты аз уақытқа жеңілдеткенмен, Даниярға тұрақты табыс көзін табу керек болады. Осыны ойға түйген кейіпкеріміз қолжетімді ақпаратты зерттеп, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы туралы біледі. Бағдарлама арқасында кәсіпкерлікке ақысыз оқып, дербес кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алуға болатынына назар аударады.

"Бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдалану қажет деп ойладым. Оның үстіне көптен бері ауыл шаруашылығымен айналысқым келіп жүр еді. Бірақ, бастапқы қаражат жоқ қой. 200 АЕК мөлшеріндегі грантқа ұсақ мал сатып алып, өзімді кәсіпкер ретінде сынап көруге бел будым. Болашақта мал басын көбейтіп, шағын шаруашылығымды кеңейтуді жоспарлап отырмын", – дейді бағдарламаға қатысушы.

Оның айтуынша, өмірді жақсартуға мүмкіндік көп. Тек бастамашылық танытып, жаңалыққа ұмтылып, әрекетке батыл кірісе білу қажет

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысу үшін 32,1 мың адам жүгінген, оның ішінде 31 мың адам бағдарламаға қатысып, 3 мыңнан астам адам "Жұмыспен қамтудың жол картасына" қатысты.