Тарыдай болып кіресің...

Қазақстанда орта білім берудің 12 жылдық бағдарламасын толық жүзеге асыру үшін биылдан бастап балалар 1-сыныпқа 6 жасынан барады.

Жаңа ереже білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бекітілген. Бұған дейін "Білім туралы" заңға сәйкес 11 жылдық оқу бағдарламасы балаларды алты және жеті жастан бастап мектепке қабылдауға мүмкіндік жасап келген. Енді 2019 жылдан бастап осы заңға жаңа норма енгізіледі.


2018-2019 жылы сабаққа барған 1 сынып оқушылары / Фото informburo.kz

Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтованың айтуынша, баланы алты жастан бастап оқыту біраз мемлекеттерде жақсы нәтижесін көрсеткен.

– 12 жылдық бағдарламаның мәні – мектепалды білім берудің бірыңғай типтік бағдарламасын енгізу. Яғни, 5-6 жасар балалар үшін дайындық тобы ашылады. "Дайындық тобы +11 сынып" қағидаты 12 жылдық білім беру бағдарламасының негізгі схемасы деуге болады. Жалпы, орта білім жүйесі жаңартылған мазмұнға толығымен 2020 жылы ауысып бітеді, – дейді журналистердің сұрағына жауап берген Зейнеп Мақсұтова.

...таудай болып шығасың

Орта мектеппен қоштасатын әрбір баланың жыл сайынғы уайымы – ұлттық бірыңғай тестілеу. Биыл тестілеуге де бірқатар өзгеріс енгелі отыр.

Біріншіден, ұлттық бірыңғай тест тапсыру уақыты биыл жазда емес, қыста, осы қаңтар айының 15-інен басталады.

Іnformboro.kz тілшісіне Ұлттық тестілеу орталығынан хабарлағандай, қаңтардағы тестке 11 (12) сынып оқушылары, сондай-ақ, 2018-2019 оқу жылдарының басында университеттердің бірінші академиялық кезеңі аяқталғанға дейін күндізгі ақылы бөліміне түскен студенттер қатыса алады.

Бұлардан өзге, бұл тестке шығармашылық мамандығынан басқа мамандыққа ауысқысы келген студенттердің қатысуы заңды. Тестілеуге қатысамын деген талапкерлердің өтініші 2018 жылдың 1-15 желтоқсаны аралығында қабылданған.

Өтініш білдіргендердің жалпы саны 35 838 адам. Соның ішінде, 11 (12) сыныпта оқитын 29 789 бала, ЖОО-ларға қабылданған және мамандығын ауыстырғысы келген 6049 бала бар. Тестке қатысу бағасы – 2242 теңге.

Наурыз айындағы ҰБТ да ақылы болады және талапкерлердің білімін пысықтауға бағытталады. Қаңтар және наурыз айында тест тапсырған 11 (12) сынып оқушыларының сертификаты жазғы грант конкурсына қатыса алмайды, бірақ, ақылы оқуға түсуге жарамды.

Ал, гранттарға үміткер боламын деген талапкерлерді тестілеу маусым және шілде айларында (үшінші рет) өтеді де осы тестен алған балына қанағаттанбаған балалар тамыз айында (төртінші рет) аппелациялық тест тапсыра алады.


Білім министрі Ерлан Сағадиев 2017-2018 жылғы түлектермен бірге ҰБТ тапсыру залында / Фото informburo.kz

Білім министрлігі жекеменшік мектептерге де ақша бөледі

Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы жекеменшік мектептердің барлығы жан басына қаржыландыру жүйесіне ауысады. Яғни, жекеменшік мектептерде де әр бала үшін бюджеттен ақша бөлінеді. Жекеменшік мектепте оқитын 22 мың балаға мемлекет бір жылда 12 млрд теңге жұмсайды деген сөз. Бірақ, білім министрлігінің хабарлауынша бұл қаражатты ала ма, жоқ па, оны мектеп әкімшілігінің өзі шешеді.

Ал, жалпы, мемлекеттік мектептерде жан басына қаржыландыру жүйесі біртіндеп енгізіліп келеді. Ілкі жобаға сәйкес, ең алдымен Астана және Алматы қалаларындағы 5 мемлекеттік мектепке әр баланың біліміне жеке қаржы бөлінді. 2020 жылға дейін еліміздегі бүкіл мемлекеттік орта білім беру ұйымдары жан басына қаржыландыруға ауысуы керек.

Колледж студенттері үшін "сүйінші" жаңалық

Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жақсарту мақсатында колледжер серіктес университеттермен бірігіп ілкі жобаны бастады.

Енді студенттердің колледжде алған кредит бағасы университетке түскенде автоматты түрде есепке алынады. Бұған дейін колледжді тәмамдаған балалар жоғарғы оқу орнына түссе, мамандығының оқу бағдарламасын басынан бастап қайта оқитын.

Биылдан бастап Қазақстандағы бүкіл колледждер осы жүйеге ауысады деп күтіліп отыр. Былтыр 46 колледж пилоттық жобаға қатысып көрген. Колледж тәмамдаған студенттер ЖОО-ларға бұрынғыдай ҰБТ тапсырып, қабылданады.

Мамандардың айтуынша, бұл бағдарлама студенттің уақытын үнемдеп, мол білім алуға мүмкіндік жасайды.

Ал, студенттердің мемлекеттік стипендиясы 2019 жылы...

...өзгермейді. Грантқа түскен университет студенттері үшін ең төменгі стипендия 20 949 теңге, колледж студенттері үшін 16 759 теңге болып бекітілді. 2019 жылы Интерндер 37 945, магистранттар 53 530, докторанттар 81 998 теңге шәкіртақы алады. Жақсы оқыған университет студенттерінің шәкіртақысы 24 091 теңге, колледж студенттерінің көбейген шәкіртақысы 19 273 теңге, магистранттардың шәкіртақысы 61 560 теңге болады. Президенттің шәкіртақысына ие болған университет студенттері 41 898 теңге, магистранттар 107 060 теңге алады.

Магистратура мен докторантурада да өзгеріс бар

Биылдан бастап Қазақстанда магистр және PhD атағын аламын деген жастар да жаңа ереже бойынша құжат қабылдайды.

Бұл өзгерістер туралы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

Вице-министрдің ақпаратына сүйенсек, келесі жылдан бастап магистратураға бөлінген гранттар үміткерлердің бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінеді.

Яғни, бұған дейін магистратураның гранттары ЖОО-ларға беріліп, тиісінше, емтихан тапсырмасын университеттердің өздері дайындап, өздері емтихан өткізіп, түсу туралы шешімді өздері қабылдап келген.

"Енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан болады. Яғни, үміткерлерге Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешендік тестілеуден өту керек".

Ал, докторантураға түсу үшін енді халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL және т.б.) талап етіледі, яғни, докторантураға тапсыратындар үшін шет тілінің тестілеуі енді Ұлттық тестілеу орталығында өтпейді. IELTS, TOEFL тестерінің қажетті төменгі балы – 6.0 болады.

Қазақстанда сырттай жоғары білім алу жүйесі өзгереді

2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстанда сырттай жоғары білім алу формасы тоқтады. Бірақ, қазір сырттай білім алып жатқан студенттер оқуларын сол ақысымен келісілген уақытта аяқтай алады.

Бұл өзгеріс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы 2018 жылды 4 шілдеде бекітілген заңға сәйкес еніп отыр.


1 қаңтардан бастап Қазақстанда сырттай оқу жүйесі жойылады / Фото informburo.kz

Сырттай білім алудың орнына Білім министрлігі part time баламасын бастады. Яғни, жұмыс істейтін азаматтар жұмысынан қалмай, кешке немесе демалыс күндері жоғары білім ала алады.

– Негізі, бұл өзгерістің басты ерекшелігі енді университетті демалыс не кешке оқитын студенттер бағдарламаның 100 пайызын толық игереді деген үмітте. Бұрын сырттай білім алған студенттер мамандығының 65 пайызын ғана игеріп шығатын, – дейді министрлік өкілдері.

Биыл тұңғыш рет "Педагог мәртебесі" туралы заң қабылданады

2018 жылдың соңында Білім және ғылым министрлігі "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасын жазып бітті. Заң жобасының мәтіні жылдың соңғы жұмасында, 29 желтоқсанда ашық үкімет порталына ілінді. Енді 14 қаңтарда порталдағы талқылау аяқталады.

Оқи отырыңыз: "Заң жобасы әлі жазылған жоқ". Білім министрлігінің өкілдері өз сөздерінен өздері шатаса бастады ма?l

Заң жобасы парламентте мақұлданып, Президент құжатқа қол қойса, ұстаздардың арына дақ түсіргендер мен оларды сабақтан тыс жұмысқа тартқандарға айыппұл салынады.

  • Мәселен, педагогтың ар-намысына тигені үшін 5 АЕК көлемінде, яғни, 12 625 теңге айыппұл;
  • Педагогты кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартқаны үшін 10 АЕК, яғни, 25 250 теңге айыппұл;
  • Ұстаздың жұмысына негізсіз араласып, кедергі жасағаны үшін ескерту немесе 3 АЕК көрсеткіш (7575 теңге) айыппұл;
  • Мұғалімнен Қазақстан Республиуасыныі заңнамаларында жоқ ақпарат немесе есеп талап еткені үшін ескерту немесе 3 АЕК (7575 теңге) айыппұл;
  • Сабақ өткізуге қажет құрал-жабдықтарды ұстаздың өз қалтасынан төлеткені үшін 3 АЕК (7525 теңге) айыппұл көзделген.

Ұстаздарға бастапқы жарнасыз үй алуға басымдық берілмек

Заң жобасы сондай-ақ педагогтарға жеңілдікпен кредиттеу бойынша бастапқы жарнасыз баспана, сондай-ақ қызметтік баспана немесе жатақхана алуға басымдық беріледі деп күтіліп отыр. Ал, жергілікті атқарушы органдар өзіне қарасты әкімшілік аумағынан педагогке баспана алуға сертификат беруге құқылы болады.

Заңда педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша қолдау шаралары, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер учаскесін беру ұсынылған. Ал, қорасында малы бар мұғалімдерге жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жем-шөп, мал жаятын жайылым мен шөп шабатын орын берілуі керек.