Арыс халқы үйлеріне оралып жатыр

Билік апат болған аймақта қауіп жоқ деп сендіріп отыр. Бүгін таңертеңгі сағат 06.00-ден бастап Шымкенттегі эвакуациялық пункттерден Арыс тұрғындарын үйлеріне арнайы автобустар тасымалдап жатыр.

Жарылыстан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіруге аймақтардан 160 бригада келетін болыпты. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев "Арыста радиация жоқ, атмосфералық ауа таза, су да, топырақ та ластанбаған. Министрлік қаланың экологиялық қауіпсіздігіне кепілдік береді" деп мәлімдеді.

Сағынтаев Президент әкімшілігінен кетті

Мемлекет басшысының жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Оның орнына Президент әкімшілігін басқаруға бұған дейін Қызылорда облысының әкімі болған Қырымбек Көшербаев келді.

Парламенттің жұмысы 5-ші шілдеге дейін ұзартылды

Үкімет басшысы А.Мамин алтыншы шақырылымның 4-ші сессиясының жұмысы Президенттің мұқтаж жандардың борыш жүктемесін азайту туралы қаулысын жүзеге асыру үшін ұзартылып отырғанын мәлім етті.

Айтуынша, осы шаралардың аясында биылғы жылдың аяғына дейін 300 мыңнан астам жұмыссыз "Бастау бизнес" және "Жас кәсіпкер" бағдарламалары бойынша кәсіптік білім беру арқылы жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылады. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балаларына кешенді әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылады. Соның ішінде, биыл 5 мың білім гранты бөлініп, тегін жол жүру, мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Осы шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу қажет.

Ресей Қазақстанға 76 млн доллар өтемақы төлейді

"Транснефть" қазақстандық жүк жөнелтушілерге Ресей мұнайын сапасыз тасымалдағаны үшін барреліне 15 доллардан өтемақы төлейтін болды. Мәміле шарттарына сәйкес өтемақының жалпы сомасы 76 млн долларды құрайды. Бұл сомаға мұнай сапасын жоғалту салдарынан келтірілген шығындардың бәрі кіреді.

Астана күнін тойлауға арналған бюджет үш есеге қысқартылды

Елорда әкімінің орынбасары Е.Қаналимов осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, бұрын бас қаланың туған күніне 300-ден астам шара ұйымдастырылатын болған. Биыл бюджет шығынын азайту мақсатында оның саны 100-ге қысқартылған. Оның ішінде қыруар қаржы беріп шетелдің және отандық эстрада жұлдыздарын шақырып, ашық аспан астында өткізетін Open Air сынды шаралар бар.

Айтпақшы, биылға бекітілген шаралардың 73-іне кіру тегін. Осы жылы қаланың орталық көшелерінде кептеліс болмас үшін іс-шаралардың басым бөлігін қаланың шетіндегі саябақтар пен скверлерде, бульварлар мен Есіл өзенінің жағалауында өткізу жоспарланыпты.

Елордадан тағы 30 көпбалалы отбасы Екібастұзға көшірілді

"Nurly Ertis" бағдарламасы аясында Екібастұзға қоныс аударған көп балалыларға жергілікті билік бір жыл бойы ай сайын 75 мың теңгеге дейін жалға алған пәтерінің ақысын төлеп береді. Сонымен бірге ипотекалық несиелеу үшін бастапқы жарнаға 900 мың теңге береді. Бүгінге дейін өңірге астаналық 64 отбасы қоныс аударған. Жыл соңына дейін тағы да осындай 58 отбасы көшірілмекші.

Жазғы маусымда Алакөлге қатынайтын пойыз жолға шығады

"Жолаушылар тасымалы" АҚ 30-шы маусымнан 30-шы тамызға дейін Нұр-Сұлтан – Достық бағытында пойыз іске қосылатынын хабарлады. Аптасына екі рет жолға шығатын пойыздың жол жүру уақыты 25 сағат 4 минут. Билет құны плацкартқа – 5081 теңге, купеге – 7849 теңге.

Мобильді интернет құны ең төмен елдер рейтингісінде Қазақстан екінші орында

Content Review ақпараттық-сараптамалық агенттігі осындай ақпарат таратты. Оның дерегінше, Қазақстанда маусым айында мобильді интернеттің бір гигабайтының орташа бағасы шамамен 175 теңгені құраған. Біздегіден арзан интернет Иранда (1 гигабайты 30 теңге) екен. Рейтингте үшінші орында Египет (222 теңге). Төртінші орында Ресей (228 теңге). Ең арзан мобильді интернеті бар елдердің бестігін Израйль (240 теңге) тұйықтайды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Massaget.kz: Ауаның ластануы салдарынан жыл сайын 600 мың сәби қайтыс болады. Жер шарындағы ауаның ластануынан жыл сайын 7 миллион адам көз жұмады, оның 600 мыңы сәби. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының “Prescribing clean air” деп аталатын жаңа баяндамасында улы газдардың халықаралық стандарттардан 6 есе жоғары болған жерлерде 300 миллион адам өмір сүретіні айтылған. Азия және Африка – ең көп адам өлімін құрайтын құрлықтар. ДДСҰ айтуынша, лас ауа темекіге қарағанда адам өліміне көбірек себепші болады. Ауаның ластануы құлақ инфекциясы, семіздік, көздің көру қабілетінің төмендеуі сынды ауруларды тудырады.

Qamshy.kz: Атамбаевтың ескертуі: Мені ұстауға келсеңдер атамын! Кеше Қырғызстанның Жоғарғы кеңесі Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырды. Атамбаевтың жақтастары оның Қой-Таш ауылындағы үйіне жиналды. Саясаткер журналистермен әңгімелесіп, жағдайды түсіндірген. Оның сөзінше, елде қазір бұрынғы президентті қамауға алуға дайындық жүріп жатқаны туралы ақпарат бар.

– Мен бәріне дайынмын. Қарсылық көрсетемін. Егер ұстауға келетін болса, сыйға алған тапаншам бар екенін ұмытпасын, мен мұны ашық ескертіп жатырмын. Оңайшылықпен беріле салмайтынымызды білсін. Алайда маған жіберетін жігіттерді аяймын. Қырғызда "жатып өлгенше, атып өл" деген сөз бар. Менің жанымда ешкім болмайды, – деді Атамбаев.