Бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын кім ала алады?
Сертификат алуға өтініш үш жұмыс күні ішінде қарастырылады. Тұрғын үй сертификаты ақысыз негізде беріледі және бұл соманы қайтаруды талап етпейді.Нұр-Сұлтан әкімдігінің "Тұрғын үй қоры" мәліметінше, бастапқы жарнаның бір миллионын жабатын тұрғын үй сертификаты:
- "Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары", "Жетім балалар" және "Көп балалы отбасылар" санаттары бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар;
- білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының қызметкерлері және ІІМ жанындағы Полиция департаментінің қызметкерлері (кезекке тұрғанына немесе тұрмағанына қарамастан) ала алады.
Қандай тұрғын үй бағдарламаларына сертификат алуға болады?
"Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары", "Жетім балалар" және "Көп балалы отбасылар" "Бақытты отбасы" (2-10-20) және "Шаңырақ" (5-10-20) бағдарламасы шеңберінде сертификатқа үміткер бола алады. "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша сертификат бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үй сатып алуға беріледі. "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша сертификат бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алуға беріледі.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне ведомстволық бағынысты білім беру (тек педагогикалық қызметкерлер: мұғалімдер, тәрбиешілер және тағы басқа), денсаулық сақтау (тек медицина қызметкерлер: дәрігерлер, медбикелер және т.б.), мәдениет және спорт, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және ІІМ жанындағы Полиция департаментінің қызметкерлері (тіпті тұрғын үйге кезекте тұрмайтын) "7-20-25" бағдарламасы шеңберінде сертификатқа үміткер бола алады.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық
Тұрғын үй сертификатына қашан және қайда жүгіну керек?
- көрсетілген тұрғын үй бағдарламаларының біріне қатысуға өтініш беру;
- төлем қабілеттілігі рәсімдерінен өту;
- нарықта тұрғын үй табу;
- банктен ипотекалық қарызға мақұлдау алу.
Тек осыдан кейін ғана тұрғын үй сертификатының сомасын есептеу үшін банктен деректемелері бар хабарламасымен Республика даңғылы, 32 мекенжайы бойынша орналасқан Тұрғын үй орталығына жүгінуге қажет.
Сертификат алудың іріктеуі қалай жүргізіледі?
2021 жылға табыс отбасының әрбір мүшесіне 68 604 теңгеден аспауы тиіс. Мысалы: кәмелетке толмаған екі баласы бар толық емес отбасының ай сайынғы ресми табысы 205 812 теңгеден аспауы тиіс (68 604*3=205 812).
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Қандай құжаттар қажет?
- нысан бойынша өтініш (құжаттарды тапсыру кезінде Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасында толтырылады);
- өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (жұбайы (зайыбы), кәмелеттік жасқа толмаған балалары) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (сәйкестендіру үшін түпнұсқасы);
- еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызмет бойынша соңғы 6 (алты) айдағы табысы туралы анықтама (отбасының барлық мүшелеріне (жұбайы (зайыбы);
- халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қоспағанда, жұмыс орнынан анықтама;
- ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның сомасы, мөлшері және ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтер бар өтініш берушіге тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы ЕДБ хаты;
- өтініш беруші мен жұбайының (зайыбы) соңғы 6 айдағы кірістерін растайтын зейнетақы үзінді көшірмесі (аударымдар кірістер туралы анықтамаға сәйкес келуі тиіс).