1 млн теңгенің сертификаты 50 мың қазақстандыққа беріледі

Ол бюджеттік сала қызметкерлеріне "7-20-25" ипотекалық бағдарламасының бастапқы жарнасын төлеу үшін беріледі. Жыл соңына дейін 10 мың сертификат тапсырылады. Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес баспана бағдарламасына қатысушыларды ынталандыру мақсатында бюджеттен кем дегенде 50 млрд бөлінеді. Сертификат қайтарымсыз әлеуметтік көмек немесе ұзақ мерзімді пайызсыз кредит ретінде беріледі, үміткерлерді жергілікті әкімдік анықтайды.

ШҚО автобус жүргізушілерін жұмысқа шақырады

Өскемендегі автомобильдер паркінде 40% жүргізуші жетіспейді. Қазақстанның өзге аймақтарынан келетін жүргізушілерге вахталық әдіспен жұмыс істеуге болады. Парк басшылығы оларға арнайы жатақхана ашуды көздеп отыр, – дейді қалалық "Жолаушылар тасымалын басқару орталығының" директоры Е.Мұстафин.

Жолақы – 1 теңге

Астана және Орал қаласындағы абоненттеріне арнап "Beeline"компаниясы осындай акция жариялады. Әр дүйсенбіде қоғамдық көлікте екі рет 1 теңгемен жүруге мүмкіндік беретін науқан 8 қазаннан басталып, 31 желтоқсанда аяқталады.

Храпунов сырттай 17 жылға сотталды

Оған мүлкін тәркілеумен бірге қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеу тағайындалды. Жұбайы Храпунова Лейланы 14 жылға бас бостандығынан айыру, күйеу баласы Ілиясов Айярды 5 жылға соттау жазасы кесілді. Мемлекеттік мүлікті ұрлау, алаяқтық жасау, қызметтік өкілдіктерін асыра пайдалану, пара алу және ұрлаған мүлікті заңдастыру бойынша айыпталған Храпуновтар ісіне 200 астам куәгер қатысты, іс материалдары 400 том болған.

14 қазанда Алматыда автокөлік жолдары жабылады

Сағат 0:00 бастап 12.30 дейін өтетін жартылай марафон кезінде әл–Фараби, Саин, Сейфуллин және басқа да көшелерде қозғалыс уақытша тоқтатылады. Спорт шарасын ұйымдастырушы комитетінің сайтында жабылатын жолдардың кестесі уақытымен көрсетілген.

2017 жылы шетелдік туристер Қазақстанға 2 млрд доллар әкелген

Howmuch.net америкалық рейтинг агенттігі жүргізген зерттеу нәтижесінде Қазақстан туристерден көп қаржы кірген мемлекеттердің арасында 78 орынға шыққан. Алғашқы үштігінде АҚШ (211 млрд. доллар), Испания (68 млрд.доллар), Франция (61 млрд. доллар) тұр.

Доллар 373.71 теңге

Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессиясында АҚШ валютасы 373,71 теңгеге бағаланып, теңге өткен жұма күнгі позициясына тұрақтады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

BAQ.KZ: Елімізде қар аралас жаңбыр жауады. Алдағы үш тәулікте Ресейдің Еуропалық бөлігінің солтүстік өңірлерінен жылжитын арктикалық фронттардың ықпалымен республиканың көптеген облыстарында жаңбыр жауады, кейде сулы қарға ауысуы мүмкін, және ауа температурасы 0°С төмен болады деп күтіледі.

EGEMEN.KZ: "Notre Dame de Paris" мюзиклі қазақ тілінде қойылады. Әлемдік қойылымға қатысу үшін вокалдық орындаушыларға кастинг жарияланды. Қатысушыларды әйгілі қойылымының авторларының бірі Р.Коччанте қабылдайды. Кастингте Францияның продюсерлері де қатысады. 18-38 жас аралығындағы вокалдық әншілерге арналған кастинг 8, 9,10 қазан күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін "Қазақстан" орталық концерт залында өтеді.

INFORM.KZ: Астанада үздік жас отбасылар анықталады. Байқау 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өз отбасы жайында "Отбасы – бақыт мекені" тақырыбында эссе жазып, оны astana.otbasy@gmail.com электрондық поштасына жолдауы тиіс. Жұмыстар 12 қазанға дейін қабылданады. 20 қазан күні Оқушылар сарайында өтетін екінші кезеңге 10 отбасы шақырылады. Жүлде қоры – 800 мың теңге. Толық ақпарат @astana.otbasy аккаунтының Instagram парақшасында. Байқау ережесі мен өтінімдерді толтыру үлгісі www.zhasulan.kz. сайтында.