Еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады. Құттықтау ҚМДБ ресми сайтында орналастырылған.

"Сіздерді исі мұсылман баласының ұлық мерекесі – ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Отбасыңызға бақыт пен береке, деніңізге саулық, жұмысыңызға табыс тілеймін. Ораза айт – жүрекке қуаныш пен мейірім сыйлайтын, адамзат баласын ізгілікке, достық пен бауырластыққа, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін мейрам. Айт сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу, қарымта деген ұғымды білдіреді. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мереке", – деді бас мүфти.


Оқи отырыңыз: ҚМДБ ораза айт намазына қатысты мәлімдеме жасады


Қазақстанның бас мүфтиі айт күндері әлемнің барлық мұсылмандары хал сұрасып, бір-бірін құттықтап, мәре-сәре күй кешетінін айтты. Сонымен қатар, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, оларды да қуанышқа бөлейтінін атап өтті.

"Алла Тағала: "...Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн..." дейді.  Жаратушы Иеміз сіз бен біздің қуанышты күндерімізді еселей түссін деп тілеймін. Ораза айт – отбасылық мереке. Айт күндері ата-анамызды, ұл-қыздарымызды, аға-бауырларымызды қуанышқа кенелтіп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен мүгедек жандарға көмектесудің сауабы мол", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Ораза айт күні сәресін ішу керек пе?


Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айында еліміз бойынша ауызашар қораптарын таратып, қайырымдылық жобаларды жүзеге асырды. Бас мүфти игі іске атсалысқан еріктілерге, демеуші азаматтар мен жомарт жандарға алғысын білдірді.

"Еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, Діни басқарманың пәтуасы мен мешіт тәртібіне бағынып, құлшылығын үйде орындап, оразасын оқшау түрде ұстаған жамағатқа да Алла разы болсын! Құрметті жамағат! Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, жәрдемге мұқтаж жандарға үлестірген садақамызды қабыл еткей! Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік! Жер бетінен жұқпалы дерт жойылып, мерекелі, берекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!", – делінген құттықтауда.

13 мамырдан бастап үш күн барша мұсылман қауымы Ораза айт мерекесін тойлайды. Айт намазы бүкіл ел бойынша мешіттердің аулаларында өткізіледі. Санитарлық талаптар сақталуы тиіс:

  • маска тағу;
  • үйден дәрет алып келу;
  • намаздан соң қол беріп амандаспау;
  • намаздан кейін көп кідірмей үйге қайту;
  • жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу.