Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев "Алматы" телеарнасының тікелей эфирінде қосымша және ортатехникалық білім беруге жасалатын жағдай туралы айтты. Әкімнің айтуынша, балаларға мектептен тыс тегін білім беруді арттыру мақсатында Наурызбай және Алатау аудандарында 2021-2023 жылдары инновациялық шығармашылықтың екі жаңа Орталықтарын салу жоспарлануда. Бұларда мектеп жасындағы 14 мыңға жуық бала оқитын болады.

Сондай-ақ, биыл Оқушылар сарайы модернизацияланады. Бұл мектеп оқушыларына қосымша білім беру бағдарламаларын кеңейтеді. Мекемеге келген балалар VR зертханасы, аэромодельдеу, IT бағдарламалау, hi-tech-зертханасы, робототехника, жаратылыстану ғылымдарының зертханалары (химия, физика, биология, гидропоника) және басқа да жаңа бағыттар бойынша білімдерін жетілдіреді.

"Оқушылар сарайының базасында дрондарды дамыту және 3D прототиптеу орталықтары құрылады. Сондай-ақ, модернизациялау аясында обсерватория мен планетарийдің жұмысы қалпына келтіріледі. Егер бүгінде сарайға 5 мың бала келсе, онда модернизация бұл санды 2 есеге, яғни 10 мың балаға дейін арттырады", – деді Бақытжан Сағынтаев.


Оқи отырыңыз: Алматы түгел жарықтандырылып, 8 мыңнан астам пәтер беріледі. Сағынтаев тұрғындарға тағы қандай уәде берді?


Мемлекеттік тапсырысты мектептен тыс жеке ұйымдарда орналастыру арқылы тағы 22 мың бала қосымша білім алумен қамтылмақ. Осылайша, қосымша біліммен қамтамасыз етілген алматылық балалардың үлесі 88,5 пайызға артады.

"Жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды мақсатында, биыл Алатау ауданындағы Зерделі шағын ауданында 300 орынды жатақханасы бар 720 орындық колледждің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Алматы қаласының Индустриалды аймағында жатақханасы бар жаңа форматтағы колледж салу жоспарлануда. Бұл колледждер жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды. Сонымен қатар, қосымша 300 жұмыс орны құрылады", – деді ол.