"Қазақтан бұрын домбыра болған". Домбыраның тарихын білесіз бе?
Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде "ЮНЕСКО" тізіміне енгені белгілі. Табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, адамның сырын шанағынан төгілткен домбыра енді жыл сайын ұлықталатын болды.
Домбыра туралы не білеміз? Алдымен оның тарихына үңіліп көрейікші.
Домбыра б.д.д 5 мың жыл бұрын пайда болған
Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі халықтарында домбыра аспабы кең таралғанын білеміз. Қазақтың қара домбырасының тарихы тым әріден басталатындығын айғақтайтын деректер жетерлік. Домбыраны талай ғалымдар зерттеп,тер төкті. Білгендерімен бөлісті.
Оқи отырыңыз: Қолынан айрылса да, 60-тан астам күй мен 40 ән шығарған
Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидың еңбектерінде тамбур аспабы жайлы айтылады. Өзбектердің дутары алғаш рет әл-Хусейнидің "Музыкалық канон" деген трактатында кездеседі. XI ғасырда Махмұд Қашқари ежелгі түріктердің бірнеше аспаптарының түрін атап кеткен. Ол – қобыз, бубен, тамбурин, барабан, қоңырау, сыбызғы, сигналдық барабан.
– Хорезм маңынан табылған балбал тастағы суретте бала қолына бір аспапты ұстап отыр. Оған әлемде ең ұқсасы қазақтың домбырасы. Осы балбал тастың тарихы б.з.д. 5 мыңыншы жылдан басталады. Қазақ дегеннің аты да, иісі де жоқ кез. Демек қазақтан бұрын домбыраның болғандығын көрсетеді. Домбыра адамның силабикалық сезімін бере алады, ішкі ырғақ пен әсем суретті көріністі тұтастай көз алдыңа әкеледі. Ұлттық код, генетикалық жады деп көп айтып жатамыз. Осы генетикалық жады домбыраның үні мен пернеден төгілген дыбыс иірімдерінде бар, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.
Оқи отырыңыз: Жасы 70-тен асса да қолынан қашауын тастамай, ағаштан түйін түйген әже (видео)
Тастар домбырадан сыр шертеді
Жұмагелді Нәжімеденов "Домбыраның қоңыр үні" кітабында "Майтөбе" жайлауынан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) көптеген суреттердің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суретінің табылғанын жазады. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты.
Суретте әртүрлі қимылда билеп тұрған бес адамның бейнесінен беріректе, алдыңғы жақта аспап салынған. Екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, бетқақпақпен жабылған шанағына дейін ұқсас. Басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге баяғыдан жеткені баршаға мәлім.
Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан екен.Бұған біздің заманның 2 ғасырын қоссаңыз, тұп-тура 6 мың жыл шығады. Тастың тарихы алты мың жыл деген сөз. Керемет, ә! Осы сурет шындығында біздің жыл санауымыздан төрт мың жыл бұрын бейнеленген болса, онда мынадай: "Жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы – қазіргі қазақтың қара домбырасы" деген сөз жазылар еді.
Домбыраның суреті бар тас жоғалып, қайта табылды
Табылған тасты 1988 жылы Жағда Бабалықұлы Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптары музейіне тапсырған. Бірақ,1993 жылы белгісіз себептермен жоғалған еді. 2008 жылдың қазан айында қайта табылды. Оны екінші рет журналист Қанат Әбілқайыр табады. Қоймада шаң басып жатыр екен.
Кейінірек этнограф тағы бір тастың бар екендігін естиді. Соны іздеп, 1994 жылы Маңғыстау облысы Шетпе стансасындағы Қамысбай мазарына барады. Тастың бір жақ бетінде – садақ пен қылыш, екінші жағында – бет қақпағында дыбыс шығатын ойығы бар тоғыз пернелі домбыра бейнеленген. Қызыл түсті тасқа XVII ғасыр деп қашалып жазылған. Осыдан-ақ, домбыраның бағзы заманнан бері болғандығына көзіміз жетеді.
Осы тұста айта кетейік, перғауындардың да асық ойнап, домбыра тартқан. Бұл туралы естіп пе едіңіз? Өлкетанушы Мұрат Ақмырзаевтың айтуынша, Египет пирамидаларындағы, жер асты бөлігіндегі мәтінде екі ішекті, тиекті қазақтың қара домбырасының суреті салынған.
Алтайдан бітік жазуы бар домбыра табылған
Музыка зерттеушісі Мұрат Әбуғазы алғаш домбыраның шыққан жері Алтай тауы дегенді айтады. Белгілі түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасындағы үңгірден домбыра тектес екі ішекті, тоғыз пернелі көне саз аспабын тауып алған.
2008 жылы моңғолдың Дандар деген бір шопаны мал жайып жүріп, үңгірді көреді. Сосын тарих мұғалімін ертіп келіп, қарағанда үңгірден 21 жебесімен қорамсақ шыға келеді. Содан кейін археологтарды шақырады.
Ц.Төрбат бастаған археологтар тобы Нүкін-хад (Үңгіртас) үңгіріне барып,қазба жұмысын жүргізеді. Олар бір апта қазып, табылған жәдігерлерді Ұлан-Батырға әкеледі. Ол туралы "Археологийн судьлал" ("Studia archaeological" 11. худ.274-292) жинағында жарияланған.
Ц.Төрбаттың бұл мақаласында қазба жұмысының нәтижесін көрсетіп,саз аспабының суретін, басқа олжалармен (адамның қанқа сүйегі, ер, үзеңгі, садақ, қорамсақ, оқтар) бірге жариялаған. Неге екені белгісіз, саз аспабы туралы толық сипаттама берілмеген. Археолог Ц.Төрбат неміс зерттеушілерімен бірігіп, жинақ ("Current Archaeological Research in Mongolia", Bonn. 2009.) шығарады. Онда да домбыраның сипаттамасы жоқ.
Моңғолия жасаған экспедиция кезінде түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы саз аспабы туралы мәліметті алады. Содан кейін зерттеген археолог Ц.Төрбатқа барса, басында қызғанып, моңғолдардың ат қобызы (Морин-хуур) деп қоймаған.
Көне жәдігерді көрсеткілері келмегенімен Қаржаубай Сартқожаұлы ебін тауып, оның шертпелі домбыра екеніне көздерін жеткізеді. Бұл домбыраны біздің елден Қаржаубай Сартқожаұлы мен Жантегін Қаржаубайұлы ғана көрген. Қазір Моңғолиядағы Ұлттық музейде тұр.
Бұл домбыра 1500 жыл бұрын жасалған
Аспаптың шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған. Тас бетіндегі түрік ескерткіштерінен еш айырмашылығы жоқ. Пішімі алтай домбырасына келеді. Бұның ысып үн шығаратын аспап емес, шертпе аспап екендігі жіңішке мойнынан, екі құлағы мен пернесінен, тиек сипаттамаларынан көрініп тұр. Сондықтан оны ат қобыз емес деуге торлық негіз бар. Әрі табылған ер, үзеңгілер қазіргі қазақтардың ат әбзелдерінен еш айырмасы жоқ.
Шанақтың бірінші бетінде иненің көзіндей үш тесік бар.Үлкен тесігі шанақтың сыртқы бетіне айшық таңбамен ойылып салынған. Айшық – керей тайпасының таңбасы.
Саз аспабындағы жазуды алғаш рет берлиндік түркітанушы ғалым Peter Sieme оқыған. Оны Қаржаубай Сартқожаұлы тәржімалайды. Аспаптың мойнында: "Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді" деп жазылған. Байқап қарасаңыз, "күй" деген сөзден-ақ сол дәуірде күйдің болғанын аңғаруға болады. Жәдігерді б.з. V-VI ғасырына жатқызады.
Табылған домбыраның тоғыз пернесі болған. Тоғыз түркілер үшін киелі, этностың бір символына айналған сан. Пернелерді ішекпен немесе жіппен тақпаған. Ырғай, қараған немесе қайыңның ішкі жұқа қабығынан таспалап тіліп алып, перне етіп домбыраның мойнын орап жапсырған. Осы кезде домбыраның мойнына жазылған әріптердің үстін таспалаған перне қабыршықтары басып қалған екен. Жазудың кейбір әріптері қабыршық астында қалып қойған.
Бұл туралы Мәдениет арнасында толығымен түсіндіріліп айтылған. Оның сілтемесі осы мақаланың соңында.
– Үңгірде бес қаруы сақадай сай адам жерленген. Киім-кешегіне дейін бәрі бар. Бұл жыраудың бейнесі жасалып, мұражайларға қойылып, ескерткіш орнатылуы керек. Тіпті Астанадан көше берілсе дұрыс болар еді. Қазір домбыраның көшірмесі Астанада тұр. 1 шілде күні оркестрлер осы домбырамен күй шертіп, насихаттаса құба-құп болар еді. Бізге әлі ешқандай ұсыныс келіп түскен жоқ, – дейді жәдігерді көзімен көрген жас ғалым Жантегін Қаржаубайұлы.
Оңтүстіктен де қыштан жасалған тас мүсін табылған
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қой қырылған көне қаласының орнынан "Қыш тас мүсін" табылған. Шанағы дөңгелек, мойны қысқа, беті жабық аспап ұстап тұрған домбырашының бейнесі б.з. VIII ғасырында тасқа қашалып түсіріліпті. Бұл ескерткіш домбыра – түркі дәуірінің аспабы. Тура осы сияқты қанжардың сабына салынған бейне кездескен.
Нота сауаты қыпшақтардың кезінде болған
– Қазіргі қазақтың жазық даласы орта ғасырларда "қыпшақ даласы" деп аталған. Қыпшақ даласының оңтүстік және батыс аймақтарының халқын орыстар мен поляктар "половцы" ("далалықтар") десе, батыс еуропалықтар – "кумандар" ("қаз адамдар") деп атаған. Ол уақытта қыпшақтардың әсері жоғары болған және тілі кең тараған. 1303 жылы "Кодекс Куманикуста" бізге келіп жеткен қыпшақ әуендерінің романдық квадрат ноталары түрінде жазылған жазбалары бар. Олар кейіннен Батыс Еуропа музыкасында католиктік хорлар үшін қолданылған, – дейді Жұмагелді Нәжімеденов.
– Қазақтың музыкасын зерттеуші Борис Ерзакович "Біздің болжауымыз бойынша "Құман кітабында" қазақтардың музыка тілінің белгілері бар деп сенімді түрде айтуымызға болады" деп жазған. Оның осы сөзінен біз халқымыздың сазды шартты белгілермен (ноталармен) жазу үрдісінен бұрыннан хабардар болғанын байқаймыз. Біз әннің мазмұнын талдай отырып, қазақтың музыкалық тілінің кейбір элементтерін, атап айтқанда, "Ақсақ құлан" күйі мен "Елім-ай" әнінің әуендерінен байқадық. Ал, қазіргі кейбір музыка зерттеушілер нота сауаты Қазақстанға ХХ ғасырдың 20-30 жылдары келді деп жүр, – дейді ол.
Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – аманат
Сақтардың кезінде (б.д.д.VII-IV ғғ) қобыз, сыбызғы мен домбыра кең тараған. "Шыңырау" мен "Аққу" күйі – сол заманның сарқыншағы. Қазіргі қазақтың бесік жырлары, олардың әуені сол уақыттардан бастау алады. Біздің уақытымызға дейін жеткен ғұндардың күйлері (б.д.д. III-II ғғ): "Кеңес", "Сары өзен", "Шұбар ат". Б.д.д II-I ғасырдан бері аты ұмытылмай келе жатқан күйші, сыбызғышы Саймақ өмір сүрген.
Қимақтардан (б.д. VI-IX ғғ.) жеткен әуен мен күйлер: "Ертіс толқындары", "Мұңлы қыз", "Тепең көк", "Ақсақ қаз", "Бозінген", "Желмая", "Құланның тарпуы", "Көкейкесті".
Жұмагелді Нәжімеденов "Домбыраның қоңыр үні" кітабында: "Ортағасырлық, әсіресе Түрік қағанаты кезіндегі (VІ-VІІІ ғғ.) көшпенділердің музыкалық мәдениеті туралы құнды құжаттар Нара (Жапония) қаласында Сесоид императорының қазынасында сақталған. Тарихи экспонаттардың ішінде ерекше назар аудартатыны Дунухуадада табылған түріктің ноталық хаты (партитура, табулатура). Бұл Будданың жиырма бесінші сутрасының нотасы, оның әуені қазақтың халық әні "Гәккуге" сәйкес келеді. Ол кезде жапондықтар Шығыс Түркістанның музыкалық аспаптар оркестрін гагаку деп, осы аспаптарда ойнау әдісін билли деп атаған. Бұл сөздер қазақтың гәкку – әуен, музыка, би сөздеріне ұқсас. Ыбырай Сандыбайұлының творчествосы жайлы жазылған кітап "Гәкку" деп аталған. Биллиді – билер елі десек дұрысы осы болар".
"Тәңірдің 366 тармақ күйі"
Осынау "күй" сөзінің түпкі мән-мағынасы сезіммен тікелей байланысты. Көшпелі халықтардың соның ішінде түркі-монғол тектестердің дүниетанымы бойынша ең киелі, ең қасиетті ұғым. Өзгенің де, өзінің де ерік жігерінсіз белгісіз бір күштің құдіретімен берілетін іс-қимыл. Сондықтан да, түркі-монғол халықтарында "күй" сөзі мен "көк" лексикасы "Тәңірдің" синонимі ретінде беріледі. Тұжырып айтсақ, Тәңірлік наным-сеніммен ұштасады.
Түркі халықтарының қағандық заманында қағанның алтын үзікті ақ ордасында әрбір атар таңды күймен қарсы алу дәстүрі болған. Дәлірек айтқанда мұның өзі дәстүрден гөрі тәңірлік наным-сенімнің бір рәсімі ретінде атқарылған. Қаған ордасында тартылатын күйдің саны бір жыл ішіндегі күндердің санына сәйкес 366 болған. Мұны "Тәңірдің 366 тармақ күйі" деп атаған.
Жыл басы көктемдегі күн мен түн теңесунен (наурыздың 22-23-і) басталып, бұл күнді "Ұлыстың ұлы күні" деп, ұлан-асыр тойға айналдырған. Ұлыстың ұлы күнінде бүкіл қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартылған. Байырғы грек тарихшысы Квинт Курций Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің "Ескендір жорығы" деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілердің Ұлыс (наурыз) мейрамын қалай тойлайтынын жазады. Ұлыс күні таң шапақтанғанда қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға өңшең қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбаланың шығатынын, бір жылдағы тәулік санын білдіретін 365 бозбаланың мерекені бастайтынын тамсана суреттейді.
Бұл туралы қазақ күйін зерттеген белгілі этнограф-ғалым А.Сейдімбек былайша түсінік береді. Онда: "Ең бастысы тәңірлік наным-сенімнен шыққан семантикалық негізі ортақ. Күні бүгінге дейін қазақтар көктемдегі күн мен түннің теңесер кезін жыл басы санап, "Ұлыстың ұлы күні" дейді. Яғни, мемлекеттің, ұлттың ең ұлы күні деген сөз. Мұндай күнде қаған ордасында киелі 9 күйдің тартылуы Тәңірге деген мінәжаттың белгісі, жыл басын аман-есен көрген қуаныштың айғағы. Мұның әдемі мысалын қазақ халқының күйшілік дәстүрінен әлі де байқауға болады. "Тоғызтарау" деп аталатын тармақты күй қазақ арасында қазір де тартылады. Тәттімбет Қазанғапұлының бір күйі "Тоғызтарау" деп аталады. Белгілі "Кертолғау" күйі ертеректе "Тоғызтарау – Кертолғау" деп аталған тармақты күй екенін көнекөз қарттар айтады".
Қоңыр үнді домбыра қоңыр баланың шерін тарқатқан
"Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп, Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы" деген ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлең жолдарынан "қоңырдың" қазақ үшін ерекше ұғым екенін аңғарасыз. Ғалымдар домбыраның қос ішегінен төгілген дыбысын компьютерге жазып алып, спектограммасын математикалық жолмен жан-жақты тексерген. Сол кезде "қоңыр" үннің параметрлері көрсетілген. Қара торы баланы қоңыр қозыға теңеген әженің сөзін естіген боларсыз.
– Жер шарын ыстық үйек, суық үйек, ортасын қоңыр үйек деп бөледі. Сол қоңыр үйекті мекендеген біздің ата-бабаларымыз қоңыр күйді таңдаған болуы керек. Сол сияқты аңдар да өздерінің жақсы-жаман қасиеттеріне қарай жыртқыш аң, қоңыр деп бөлінеді екен. Табиғат дыбыстарының бәрі дерлік адам болмысына сәйкес өлшеммен өлшенеді. Қазақтар домбыраның шертілуіне, күйдің мән-мағынасына, ырғағына қарап, қоңыр дыбысты, қоңыр үнді деп атайды. Онысы көңілге қонымды дегенді білдіреді, – дейді Жұмагелді Нәжімеденов кітабында.
Домбыраның 20-дан астам түрлері бар
Домбыраның түрлері туралы қаузар алдында күйші, жазушы Таласбек Әсемқұловтың "Домбыраға тіл бітсе" деген еңбегіне тоқталуды жөн көрдік.
Қазақта домбыраның ең көп тараған екі түрі бар. Қауақ домбыра форма жағынан пәлендей түрленбейді. Өзгеретін тек шанақтың көлемі мен мойынның ұзындығы ғана. Батыс Қазақстан, Түркменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Ауғанстан жерінде кеңінен тараған. Ал қалақ домбыра өзінің сыртқы түрімен қалаққа ұқсас болғаннан кейін осылай аталған тәрізді. Оның үш түрі бар – иықты, бүйірлі және сауырлы домбыра Жиделібайсын, Жетісу мен Сарыарқаға тараған.
– Адамның бойының ұзындығына, тарту мәнеріне қарай домбыраны арнайы шеберлерге жасатады. Мысалы, Қалиқожаның домбырасының үні гүрілдеп, Ғарифолла Құрманғалиевтікі шапшып шығады. Күйшілердің домбырасы бірдей болуы мүмкін. Ал әншілер даусына қарай ішегінің жуандығына мән беріп, құлашының ұзындығына қарай таңдайды.
Шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтың қолы сойыл ұстайтындай жуан болатын. Сондықтан, домбырасының сабы ұзын, жуандау болып келеді. Мысалы, ағам Мұхамеджан Тілеухан менің домбырамды ұстаса, саусағы шашылып қалады. Бір бармағы екі пернені басып кетеді. Оның домбырасын мен ұстасам, құрық ұстағандай сезінемін, – деді informburo.kz тілшісіне берген жауабында Бекболат Тілеухан.
Домбыраның түрлері:
- Ән мен күй домбырасы;
- Торсық;
- Тұмар;
- Кең шанақты (екі нұсқасы;
- Балдырған;
- Балашық;
- Шіңкілдек;
- Аша;
- Үш ішекті;
- Қуыс мойын;
- Шертер;
- Оркестр домбыралары;
- Қоңыр дауысты (альт);
- Жіңішке дауысты (прима);
- Ащы дауысты (секунда);
- Қозықұйрықты.
Домбыраны таңдағанда ағашына мән беріледі / e-history.kz сайтынан алынды
Мысалы, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак десе, буряттар домбро, моңғолдар домбор деп атайды. Түріктер – томбра, телеуіт – комус, шор – кобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп атайды. Қарап тұрсаңыз, аспаптың дыбысты бейнелейтін этимологиялық атауы түркі елдерінің қатарында бар.
Жиһангер Марко Поло қазақтың қобызын Еуропаға алып кеткен дейді. Ендеше, музыкалық аспаптар тарихы біздің домбыра мен қобыздан таралады.
Қазақстанның батыс бөлігінде өзгелерге ұқсамайтын дәстүр қалыптасқан
Батыс Қазақстанда қауақ домбыра кеңінен тараған. Оның шанағы сопақ, көлемі үлкен, мойны жіңішке, перне саны көбірек. Яғни, 12-14 пернемен дауылды күйлерді дүниеге әкелген.
XVIII-XIX ғасырда Батыс Қазақстанның Бөкей ордасында домбырашылар мектебі қалыптасады. Күй атасы Құрманғазы қазақ күйінің деңгейін көтеріп, әуен, ырғақ, мағыналарын байытумен қатар дауылдатқан екпінімен, тастай тегеурінділігімен, өршіл батылдығымен, кең тыныстылығымен ерекшеленеді. Қазір әрбір жас "Адай", "Сарыарқа" күйлерін терең түйсінбесе де өзгеден ажырата алады.
"Қауақ домбыраның ішіндегі сфералық (домалақ) кеңістік дыбысқа қосалқы акустикалық қасиеттер дарытады. Біз қазіргі оркестрлерге қолданып жүрген домбыра жайлы айтып отырғанымыз жоқ. Батыс Қазақстан күйлерінің ерекше кеңдігін, тыныстылығын, серпінділігін осымен түсіндіруге болады. Дауылды күйлер шыңыраудан тасты жарып шыққан бұлақтай таза, қол батпайтын шымыр дыбысты талап етеді. Сылқым шертісті күйлер тәтті, бұйра дыбысты қажет етеді", – дейді Таласбек Әсемқұлов "Домбыраға тіл бітсе" еңбегінде.
Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрін дәріптегендер: Сәйтек Мәмен, Дина, Ерғали, Соқыр Есжан, Түркеш, Әлікей. Арынғазы, Жантөре, Дәулеткерей, Салауаткерей, Түркеш тағы басқа күйшілер ақсүйектер әулетінен шыққан.
Махамбет Өтемісұлының "Исатайдың ақтабаны-ай", "Қиыл қырғыны", Жұмыр Қылыш","Өкініш", "Қайран, Нарын" күйін атап өткен жөн.
Әр өңірдің дәстүрлі домбырашылық мектептері бар
Арқа күйшілік дәстүрінде шертпе күй дамыған. Арқа күйлерінде көбіне сабырлы, салмақты, сұлу шертіс тән. Тәтті мұңға батырып, адам қиялын тербеп, биік арманға жетелейді. Екі ішекті алма-кезек даралап қағып, бір ішекті бойлай шертеді. Бұл мектептің ең көрнекті тұлғасы – Тәттімбет Қазанғапұлы. Оның ізін басқан Тоқа Шоңманұлының есімі ерекше аталады. Қыздарбек, Әбди, Сембек, Ақмолда, Мақаш, Кәрібек, Аққыз, Бегімсал күйшілердің орны бөлек.
Арал, Ақтөбе өңірінің күйшілік дәстүрінде төкпе күй дамыған. Соның ішінде Қазанғап Тілепбергенұлының мектебі ерек. Ол домбырашылық өнердегі ілме қағыс пен сүйретпе қағысты астастыра алды.
Сыр бойы күйшілік дәстүріндегі күйлерде әуені ұдайы бір-бірімен қабысып, үзілмей жалғасып, күрделі иірімге толы. Құрманай Төремұраттың "Сыбызғы күйлері" аталғанымен домбырада орындалатын күйлер кездеседі. Бұл мектептің өкілдері: Асан Көнек, Бекпенбет, Мырза Тоқтаболатұлы, Әлшекей Бектібайұлы, Досжан Құрақұлы.
Қаратау күйшілік дәстүрі – шертпе күй саласының бір тармағы. Бапыш Қожамжарұлының "Ыңғай төкпе" күйі шертпе күй мен төкпе күйдің арасынан шыққан желдірме тартыстан тұрады. Сүгір күйлері терең ойға, философиялық астарға, сырлы сезімге толы болып келеді. Қыпшақтан шыққан Жұмабай, қоңыраттан шыққан Есенберілі, Иса деген домбырашылар мен Сүгірден кейінгі дәстүрді жалғастырушы Төлеген Момбеков болды.
Жетісу күйшілік дәстүрінде қазақтың ежелгі жыр, ертегі сюжеттерінің желісіне құралған күйлер теріс бұрау арқылы домбыра шанағынан төгілген. Көне күйлердің бірі "Аққу" үш күйден тұрады.
- "Атамекеніне қайтқаны";
- "Бидайық құс қуғаны";
- "Балапандарын аймалауы". Ежелгі аңыз-ертегілердегі басты кейіпкерге айналған "Жалғыз көзді әулие", "Көк серке", "Жиренше шешен", "Мұңлық-Зарлық", Тазша бала" т.б. Жетісу домбырасының пішіні қырғыздардың қомузына келіңкірейді.
Маңғыстау күйшілік дәстүрі әріден келе жатқан ескі күйлерімен әйгілі. Олар: "Қазақ пен ноғайдың айырылысуы", "Ноғай сазы", "Алпыс тараулы Науаи". Ерте заманнан тамыр тартқан Кетбұғаның "Ақсақ құлан, Жошы хан" күйі. Сол сияқты аңыз-әңгімеден жеткен күйдің бірі – "Нар идірген". Абыл Тарақұлының есімі Абайдың "Абыл", "Нараду" күйлері арқылы жеткен. Есір Айшуақұлы, Есбай Балұстаұлының есімдерін де айта кету керек. Маңғыстау домбырасы түрікмен дутарына ұқсас. Күйдің құдіреті соншалықты бір ұлыстың тағдырын шешті емес пе? Күйлердің желісімен танысқыларыңыз келсе, мақаланың соңына қарай сілтемесін жариялаймыз.
Қазақ тіліндегі "күй" сөзіне байланысты талдау берсек
Күй – қазақтың аспапты музыкасы.
Күй – адамның белгілі бір сезім сәті, ол сезімнің қуанышты болуы да немесе мұңды, қайғылы болуы. Адамның көңіл-күйі.
Күй – бұйрық райлы мәндегі сөз. Мәселен, "отқа күй", "біреу үшін біреу күймек жоқ", "әбден шыдамым таусылып күйіп кеттім", "нақақ күйдіру" деп келетін бейнелі образды тіркестер.
Күйші – музыкалық аспапта күй тартушы.
Күйле – бұйрық рай. "Домбыраның құлақ күйін келтір", т.с.с.
Күйлеу – етістік. 1). Жан-жануардың табиғи әсерленуі, шағылысуы, сезімге берілуі. 2). Музыкалық аспапты бабына келтіру.
Күйлі – адамның және малдың жай-күйінің мықты болуы.
Күйіт – адамның және көңіл қошының келуі, сезімге бөленуі.
Күйгелек – қызу қанды, тағатсыз адам.
Күйзелу – адамның сезімге беріліп қиналуы, қайғыруы, қажуы.
Ұлттық домбыра күні биыл қалай тойланады?
– Бірінші шілдеде "Қазақ елі" монументінің жанында киіз үй тігіліп, ұлттық музыкалық аспаптардың көрмесі өтеді. Көрмеде Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбановтың домбыралары көрсетіледі. "Домбыра – асыл мұра" концертінде мыңдаған күйші мен домбырашы Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналады.
www.asyldombyra.kz сайтына тіркеліп, кез-келген жанның өз өнерін паш етуге мүмкіндігі бар. Бүгінде 1300-ге жуық домбырашы тіркелген. Мен де оркестрмен бірге өнер көрсететін боламын. Елестетіңізші, бір мезетте мыңдаған күйші домбырасының қос ішегінен қоңыр саздар төгіледі.
Қатысқысы келетіндер кем дегенде бес күйді білуі керек: "Көңіл ашар", "Адай", "Балбырауын", "Ерке сылқым", "Сарыарқа". Дайындық 30 маусым күні сағ.12-де басиалады, – дейді Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Можағұлов.
Естеріңізге сала кетсек, 1 мамыр күні "Бәйтерек" монументінің жанында 500 домбырашы атақты күйлерді орындаған болатын. Содан кейін ұйымдастырушылардың ойына қалай тойлау керектігі жөнінде идея келеді.
Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап Астанада Домбыра-party тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатыр. 2013 жылы Шымкентте блогерлердің құрылтайында арнайы таныстырылған болатын. Кейін халықаралық деңгейге шыққан. Енді 21 маусым күні Кенесары ескерткішінің маңында сағат 19:00-де өтуі мүмкін. Толығырақ құлағдар боламын десеңіз, Facebook парақшадағы Домбыра Party тобына тіркеліңіз. 1 шілде күні де бұл шара міндетті түрде өтетін болады.
Тіл күрмеліп, жүрек өрекпіп қиналғанда айтар ойды күймен жеткізген небір дәулескер күйшілер болған. Қаралы хабарды күй арқылы естірткені туралы аңыздар бар. Осындай күйлердің желісі туралы білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз.
Көне домбыра туралы хабар Мәдениет арнасынан 2015 жылы 26 сәуірде көрсетілді.