Шараға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастаған медицина саласының өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Жаңа Кодекс әлі қабылданған жоқ

Елжан Біртанов "жаңа Денсаулық кодексі жаңа жылға дейін қабылданады" деген ақпарат жалған екенін айтты:

"Халықтың шулауына негіз жоқ. Кодекстің жай-жапсары әлі де талқыланып жатыр. Біз бұл құжатты жалаң эмоцияға емес, жауапкершілігімізге сүйеніп әзірлеп жатырмыз".

Сондай-ақ, министр 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2025 жылға дейінгі денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылатынын хабарлады. Бұл бағдарламада балаларға бөлінетін бюджеттің екі есе өсірілетіні мәлім болды.

Қазақстандықтардың органдары шетелдіктерге берілмейді

Жиында бас қосқан ақ халаттылар балаларға екпе салу, мектептердегі медициналық тексерістер, органдарды трансплантациялау, сұраусыз қалған мәйіттерді зерттеуге жіберу сияқты медицина саласындағы өзекті мәселелерді сөз етті. Сондай-ақ, олар соңғы кездері ел арасында тарап кеткен "қазақстандықтардың органдары шетелдіктерге донорлыққа жөнелтіледі екен" деген ақпаратты жоққа шығарды. Қазақстандықтардың органдары тек қазақстандықтарға ғана беріледі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, бүгінде Қазақстанда донорлық органды күтіп жатқан 3 мыңнан астам науқас бар. Атап айтқанда, қазір 2775 адам (69-ы - балалар) бүйрек, 301 адам (6-ы - балалар) бауыр, 133 адам (13-і - балалар) жүрек, ал, 7 адам өкпе трансплантациясын күтіп жатыр.

Оқи отырыңыз: Жыл сайын жүз шақты адам донор кезегін күте алмай көз жұмады

Ата-ана жауапсыз болған жағдайда, дәрігер дабыл қағады

Сондай-ақ, вице-министр науқас балалардың ата-анасы емдеуге қарсылық танытып, баланың денсаулығы нашарлаған жағдайда дәрігерлер қамқорлық органдарына жүгіне алатынын айтты:

"Кейбір ата-аналар баласының денсаулығына селқос қарауы мүмкін. Мәселен, біздің практикамызда баласының бүйрегі ауыра тұра, гемодиализден, қатерлі ісікке шалдықса да, терапиядан бас тартқан ата-аналар кездесті. Олардың арасында медицинадан бас тартып, баласын емшілерге қаратқандар да бар. Осындай жағдайда дәрігер дабыл қағуы қажет. Себебі, баланың денсаулығы бәрінен маңызды".

Биыл 4343 ата-ана екпеден бас тартқан

Ал, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин биыл Қазақстанда екпе салдырмаған 21 баланың қызылшадан көз жұмғанын хабарлады:

"Қазақстанда 2018 жылдың қараша айынан бері 13500 адам қызылшамен ауырғаны белгілі болды. Биыл елімізде 21 адам осы аурудан көз жұмды. Олардың барлығы – екпе салдырмаған балалар. Олардың өлімі үшін кім жауап береді?".

Бекшиннің айтуынша, қазір әлемде 500 мыңнан астам адам қызылша ауруына шалдыққан. Әлем бойынша 6 мыңнан аса адам көз жұмса, оның 5100-і екпе салдырмайтын Африка елдерінде тіркелген екен.

Оқи отырыңыз: Елдің батысы екпеге қарсы. Вакцинацияны міндеттеу кімнің құқығын шектейді?

Қазір Қазақстанда Б гепатитімен ауыратын бала жоқ

Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин Қазақстан екпені өз бюджетіне ала алатын аз мемлекеттің бірі екенін айтып, қазір мемлекет осы екпе мәселесін толықтай шешуге мүдделі екенін де сөз етті. Алайда, "жылдан-жылға екпеден бас тартатын ата-аналардың көбеюі процесті тежеп тұр", – дейді ол.

"Еліміздегі екпеге қарсы ата-аналардың саны 16 мыңға жетті. Біз олармен сөйлесіп, жұмыс істеген соң, 7 мың ата-ана екпеге қатысты ойын өзгертті. Биыл 4343 ата-ана екпеден бас тартқан еді, біз түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін 2 мыңнан астам ата-ананың көзқарасы өзгерді", – дейді Бекшин.

Дәрігердің айтуынша, вакцинациядан бас тартпауға тағы бір дәлел – еліміздегі Б гепатитімен ауыратын жандар санының 40 пайызға дейін қысқаруы. Мысалы, 1998 жылы 958 бала Б гепатитімен ауырса, қазір бірде-бір науқас бала тіркелмеген дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Бүйрегімді сатамын" десеңіз, сотталасыз!

Донорлыққа келісу не одан бас тарту – сіздің шешіміңіз

Ал, трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев кей адамдардың "менің не туысымның рұқсатынсыз дене мүшелерімді басқа адамдарға табыстайды" деп қателесіп жүргенін айтады:

"Әрбір адам өзі қайтыс болған жағдайда дене мүшелерін донорлыққа қалдыра алады. Оның бұған келісім беруге не бас тартуға құқығы бар. Бұл мәселе туралы бұрыннан айтылып келе жатыр. Бұл қазіргі Кодексте де, қабылданғалы жатқан жаңа Кодексте де қарастырылған. Халықаралық норманы біз де ұстанғанымыз дұрыс".

Сондай-ақ, дәрігер органдарды шетелге шығару не шетелден әкелу туралы ақпарат неге сонша шу көтергенін түсінбейді:

"Бұл – әлемде бұрыннан бар практика. Бүкіл Еуропа осы жүйе бойынша жұмыс істеп отыр. Бастысы, орган барлық өлшем бойынша сәйкес келген ағзаға салынуы керек. Мысалы, Қазақстан неге Еуразиядағы Ресей, Беларусь секілді елдермен интеграция жасай алмайды? Ең бастысы, органдарды сату және сатып алуға қатаң тыйым салынады".

Оқи отырыңыз: 2006 жылы Қазақстанда донор аймақтардың саны – 12 болатын. Қазір қанша?

Тамыздан бері бірде-бір трансплантация жасалмаған

Ал, Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова биыл орталықта тамыздан бері бірде-бір жүрек не өкпе трансплантациясы жасалмағанын қынжылыспен жеткізді:

"Қазір біздің орталықта 138 науқас жүрек, ал, 12 адам өкпе трансплантациясын күтіп жатыр. Олардың орташа жасы 40-тан асады. Тамыздан бері жүрек ауыстыру отасын күтіп жатқан бір азамат бар. Жасы 42-де. Жансақтау бөлмесі мен терапияның екі ортасында жүр. Жағдайы өте ауыр. Күн сайын донор күтеміз, алайда, жоқ деген жауап аламыз. Негізі, күнде жол-көлік апатынан қайтыс болып жатқандар көп болғанымен, бізге донор келмейді. Біз үшін 2019 жыл ауыр жыл болды. Халықтың донор болу туралы түсінігі өзгермесе, жағдай қиын".

Махаббат Сансызбайқызының айтуынша, орталықтың қазіргі дейінгі тарихында ең жемісті жыл 2014 жыл болған екен. Ол кезде 20 науқас жаңа жүрекке ие болған. Жалпы алғанда, орталықта 2012 жылдан бері 80 ота жасалған.

Орган алу үшін ешкім қасақана адам өлтірмейді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова "дәрігерлер науқастың тыныс алу аппаратын қасақана сөндіріп тастап, органдарын алады деген өтірік сөз" дейді. Сондай-ақ, ол донорға зәру жан шетел азаматы, бірақ, Қазақстан азаматының туған бауыры не ата-анасы болса, оған орган берілетінін айтты. "Біздің елімізде туыстық донорлық құпталады" дейді депутат.

Донорлыққа келісім беру не одан бас тарту үшін не істеу қажет?

Зәуреш Аманжолованың айтуынша, 18 жас пен 62 жас аралығындағы азаматтар өзі тіркелген емханаға барып, өз қолымен өтініш жазуы қажет. Егер ол емханаға барып, донорлықтан бас тартып, өтініш жазбаған болса, бірақ, аяқ астынан көз жұмып, миы өлген жағдайда, консилиум оның денсаулық картасын тексеруге құқылы. Олар көз жұмған жанның органдарын науқас адамдарға беруге шешім шығара алады.

Адамның өзі донорлыққа келісім беріп, бірақ, ол дүниеден өткен соң, туыстары келіспесе, не болады?

Депутаттың айтуынша, қайтыс болған жанның туыстары сотқа бере алады.

"Қазірге дейін осындай 2 сот болды. Негізі, біздің елімізде "келісім презумпциясы" туралы заң 10 жылдан бері бар. Алайда, біз қайтыс болған жанның туыстарының пікіріне құлақ асамыз. Себебі, еліміздегі менталитет басқа, мәйітті барлық органымен бірге жер қойнына тапсырғысы келеді. Кейбіреулер туысының органын науқас жанға бермек түгілі, мәйітханада тексеруге рұқсат бергісі келмейді" дейді Зәуреш Аманжолова.