Балажан қазақ базарға не дүкенге барса, көздің жауын алған ойыншықтың бірін баласына сатып әпермей қайтпайды. Көбінесе әдемілігі мен бағасына қарай таңдайды. Ал оның неден жасалғанына онша мән бермейді.

Құрамында не бар? Сараптамадан өткен бе? Сәбидің денсаулығына зияны жоқ па? Отандық өнім бар ма, болса, сапалы ма? Осы сұрақтарға үңіліп, ақиқатын іздестірдік.

Informburo.kz тілшісі балалар жиі қолданатын ермексаздың құрамын тексерту үшін Ұлттық сараптама орталығына алып барды. Ол туралы кейінірек баяндаймыз. Алдымен...

Енді бес ойыншық мүлдем сатылмайды

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан былай – есеп комитеті) 23 мыңнан астам тауарды тексерді. Бесеуі сатудан алынып, сатушыларға 2,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Атын атап, түсін түстесек:

– "Карапуз" көпфункциялы қуыршақ пен "ЛАВА" жұмсақ ойыншығы (Қытай);


Балаңыздың қолындағы қуыршақ улы емес пе деп ойланып көрдіңізбе? / Есеп комитетінен алынды

– "Весенняя прогулка" сыйлық жинағы ("АЭЛИТА" пластмасса өңдеу зауыты. Ресей);


Бір жасқа толмаған балаға бұл ойыншықпен ойнауға мүлде болмайды. Қақалады / Есеп комитетінің жеке мұрағатынан алынды

– "Лягушка с лягушатами" пластмасс ойыншығы ("Огонек" зауыты. Ресей);


Резеңкеден жасалған бұл ойыншықта формальдегид, фенол және стиролдың мөлшері шектен тыс көп/ Есеп комитетінің жеке мұрағатынан алынды

– "Циферка" үстел үсті ойыншығы (Беларусь Республикасы).

ҚР мемлекеттік санитариялық бас дәрігер Жандарбек Бекшиннің айтуынша, аталған ойыншықтар өте қауіпті. Бұларды негізінен Қостанай облысындағы "Союз-игрушка" ЖШС тасымалдайды екен. Ойыншықтар қазір сатылымнан алынды. Қорабының сыртында сараптама нәтижесі бар болғанмен, құрамындағы химиялық қосындылардың мөлшері шектен тыс көп. Олар – формальдегид, фенол және стирол деген химиялық заттар.

Олар базарға қалай келеді?

Елге ойыншықтар ешқандай бақылаусыз әкелінеді. Есеп комитеті камералық бақылау арқылы анықтағандай көлемі 5 252 тонна ойыншықтар 50 мыңнан астам тауарлық позициямен әкелінген.

Бұл жердегі тауарлық позиция дегеніміз – Кеден Одағы аясындағы әрбір тауарға белгіленген код. Нәтижесінде шығаруға рұқсат етілмейтін тауарлардың тізбесі әзірленді.

Айта кеткен жөн: ойыншықтарға сертификатты Кеден одағының Сертификаттау жөніндегі органдары сынақ зертханаларында (орталықтарында) тексергеннен кейін ғана береді. Бірақ, ойыншық нарығын түгел қамтып тексеріп шығу мүмкін емес.

Ойыншық мәселесі "ойыншық" емес

Өнімнің қауіпсіздік бақылауы бойынша, ойыншықтардың 36%-ы техникалық регламент талаптарына жауап бермейді.

Ол талаптар бойынша:

  • таңбалау қағидалары бұзылған;
  • заттаңбадағы бала жасын шектелуі дұрыс емес;
  • материал құрамындағы зиянды заттардың көлемі шекті мөлшерден асқан (2017 жылы тексерілген ойыншықтардың 4,7%-да токсикологиялық көрсеткіштердің артуы анықталған);
  • ал 95,3%-да шығарылған ел көрсетілмеген.

Көрдіңіз бе, ойыншық қорабының сыртында көрсетілген әрбір жазуға мән беру керек. Сертификат берілмеген өнімнің қорабында ойыншықты өндіруші компанияның атауы, тауардың құрамы, "ЕАС" (Еуразиялық Одақ) деген жазу болмайды.

Дыбыстың да шегі бар

Денсаулық сақтау министрлігі таза ауада ойнайтын музыкалы ойыншықтардағы әуен дыбысының қаттылығы – 85 dB-ден (децибел) аспауы қажет екенін де ескертеді. Сондай-ақ:

3 жасқа дейін – 70 dB-ден;

3 жас пен 6 жас аралығы – 75 dB-ден;

6 жастан жоғары – 80 dB-ден асып кеткен жағдайда баланың есту қабілетіне қатері мол. Тіпті саңырау болу қаупін тудырады. Тағы бір қатаң ескерер жайт, музыкалық ойыншықтармен баланы бір сағаттан артық ойнатуға болмайды.

Ермексазға арнайы зерттеу жүргіздік

Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ) қоғамдық комитеті "Ұлттық сараптама орталығының" Астана қаласындағы филиалымен байланыстық. Полимерлі заттар токсикологі, ермексазға зерттеу жүргізді.


Құрамында фенол мен формальдегиді бар ойыншықтың бәрі бірдей улы емес

– Көбінесе ойыншық полипропилен мен полиэтиленнен жасалады. Олар – мұнайдан, газдан өндірілетін өнім. Дайындау кезінде белгілі мөлшерде фенол мен формальдегид қосылады. Шекті нормадан артып кетсе ғана, балалар организмі үшін қауіпті. Осыны есте сақтаған дұрыс. Себебі, қазір фенол мен формальдегид сөзін кездестірсе болғаны, көпшілік "зиян" деп дабыл қағуға әуес, – дейді Жандарбек Бекшин.



Мөлшерден тыс болса...

– Құсу, жөтел, қолқаның қысылуын тудыруы мүмкін;

– Олар тері, жоғарғы тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолы арқылы тез сіңеді;

– Бүйректе және бауырда шоғырланып, баланың иммундық жүйесін жояды;

– Ауыздың, мұрынның, жұтқыншақтың, жоғары тыныс алу жолдарының және асқазан-ішек жолының шырышты қабығын тітіркендіріп, кері әсерін тигізеді.

Мұның барлығы тұмауға, бас айналуға, бастың ауыруына, құсуға, ұйқының бұзылуына, ентігуге және жүректің қағуына алып келуі мүмкін. Сондай-ақ фенол жүйке талшықтарын жояды және аллергиялық реакцияларды тудырады. Егер бала қолқа демікпесінен зардап шегетін болса, онда фенол өлімге алып келуі мүмкін. Формальдегид ағзадағы генетикалық материалға, репродуктивтік органдарға, тыныс алу жолдарына, теріге және көзге зиянын тигізеді.

Үш жасқа дейінгі балалардың тұтынуына болмайтын белгісі бар ойыншықтарға мән берген дұрыс. Өйткені бүлдіршіннің барлығы ойыншықты қолына ұстап, аузына салады, – дейді ол.

Егер ойыншық құрамында сынап пен қорғасын табылса...

– Сынап пен қорғасын – өте улы заттар. Тіпті оның аз мөлшері де неврологиялық және басқа да бірқатар ауруларға себепші болуы мүмкін. Ағзаға өкпе арқылы түскен буы әртүрлі улы қосылыстарды түзеді. Нақтырақ айтсақ, адам ағзасындағы түрлі заттардың сынаппен байланысы улануға әкеледі. Бауыр, бүйрек және ішек зақымданады.

Сынаппен уланудың белгілері:

  • Бас айналады;
  • Жүрек айниды;
  • Күрт арықтайды;
  • Невроз.

– Бұл белгілер көбіне әлсіздіктен пайда болады. Сынап қосылыстары бірте-бірте қанға өтіп, бүйректе, бауырда және мида жинақталады. Нәтижесінде еш себепсіз тынышсыздану, қан тамырларының білеуленуі, беттің қызаруы, жүректің соғуы, қолдың үнемі дірілдеуі, кейде аяқтың дірілдеуі пайда болады.

Қалқанша без ұлғаяды, үнемі бас ауырып, ұйқысыздық, ашушаңдық, жылауықтық және депрессия байқалады. Білесіз бе, баланың сынаппен улануы айықпас соқырлыққа, тырысқаққа және талмаларға, бұлшық еттің әлсіздігіне, сондай-ақ мылқаулыққа әкелуі мүмкін, – дейді ҚР мемлекеттік санитариялық бас дәрігер.

Қоспалар шекті мөлшерден аспағанымен, ойыншық қорабында қателер болды

– Бір жасқа дейінгі балалардың емізігінде фенол мен формальдегид сияқты улы химиялық қоспалар мүлдем болмауы керек. Ал, үш жастан асқандарға арналған ойыншықтарда шекті мөлшері болады. Сондықтан, қорап сыртындағы әр белгіге мұқият назар аударған дұрыс.



Кез келген адам біздің орталықта баласының ойыншығын ақылы түрде тексерте алады. Оның бағасы құрамына байланысты 5000-25000 теңге аралығында, – дейді полимерлі заттар токсикологы Фарида Боранғазықызы.


Байқап тұрғаныңыздай, қорап сыртындағы жазулар талапқа сай емес / "Ұлттық сараптама орталығындағы" зерттеудің нәтижесі


Ойыншық құрамындағы фенол мен формальдегид шамадан тыс / "Ұлттық сараптама орталығындағы" зерттеудің нәтижесі

Балаларымыз көбіне Қытайдың ойыншығымен ойнап жүр

Қазақстандағы ойыншықтардың басым бөлігі Қытай (65%), Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан және Украина (23%) сияқты елдерде шығарылған. Базардағы ойыншықтардың 12%-ның қай елде өндірілген белгісіз.

Ал отандық өнім саусақпен санарлық.

Елімізде ойыншық шығаратын екі ғана зауыт бар

Бірі – "Наурыз-пластик" болса, екіншісі –"Baby plast". Екеуі де Шымкент қаласында.

– Ойыншықты жасау үшін қолданылатын жабдық Қытайдан әкелінсе, шикізатты Ресейден алдырамыз. Мысалы:

  • Термопласт-автомат станогы – Қытай;
  • Ойыншықтарға пішім беретін құрылғы – Қытай;
  • Полипропилен мен полиэтилен шикізаты – Ресей;
  • Бояулар – Ресей.

– Арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы көлеміне қарай ойыншықтың пішімін келтіреміз. Ойыншықты жасау – балқыту температурасы, құю кезіндегі қысым мен суыту мерзімі сияқты кезеңдерден тұрады. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен өте қиын процесс. Шикізатты Ресейден алдыруымыздың себебі – құрамында улы заттар жоқ. Біз шығаратын өнімдердің бала денсаулығына кері әсері жоқ екеніне кепілдік береміз. Өнімдерімізді экспортқа шығарғымыз-ақ келеді. Гүржі, әзірбайжан, тәжік, қырғыз елдерінен сұраныс бар. Қолға алайын десек, құжаттың жыры көп, – дейді "Наурыз-пласт" фабрикасының инженер-технологы Шухрат Юлдашев.

Отандық өнім Қырғызстанға экспортталып жатыр

– Ресейден әкелінген шикізаттың құрамы зерттелген. Сондықтан, біздің өнімде улы заттар жоқ. Себебі, ойыншықтарды нарыққа шығарар алдында Алматы қаласындағы "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығына" тексертіп аламыз. Бір жылға сертификат алғаннан кейін ойыншықты сатуға шығарамыз. Сұраған тұтынушыларға ғана ойыншықтың құжатын береміз. Биылдан бастап өнімімізді Қырғызстанға экспорттап жатырмыз, – дейді "Baby plast" ойыншық фабрикасының директоры Нұралы Тіленшиев.

– Ойыншықтағы фенол, формальдегид, сынап, кадмийді көзбен көре алмайсыз. Оны тек сараптама орталығы анықтай алады. Олардың мөлшері тым көп болса, ойыншық тез сынады. Компаниямыздың аты "Baby plast". Енді ұлттық нақыштағы "Бөбегім", "Бал-бала" сияқты тауар маркасын қалыптастыру ойда бар. Ең кішкентай өніміміз – тойбастарға, шашуға арналған 7 см-лік машина. Ең үлкені – ұзындығы 70 см, биіктігі – 36 см. Жалпы ойыншықтың 50-ге жуық түрін шығарамыз, – дейді ол.


Шымкенттіктер ойыншық жасаудың технологиясын меңгеріп алды / "Baby Plust" фабрикасының суреттерінен жинақталды

Қуыршақ шығарудың майда-шүйдесі көп

Шебер Роза Сәрсебаева пластикті ойыншық жасауға қажетті материал деп есептемейді. Ұлттық нақыштағы қуыршақтарды қыштан жасайды. Киімдері этнографиялық кітаптағы нұсқаға негізделген.

Ал, Нұралы Тіленшиев "Baby plast"-та қуыршақ шығару жоспарда болғанымен, шығыны көп екенін айтады. Өйткені жабдықтарды сатып алумен қатар киімдерін тігіп отыратын тұрақты дизайнер керек.

"Робот ойыншықты шығаратын болсақ, нарыққа төтеп бере алмаймыз"

– Қазір балалар туа салысымен ұялы телефонды жаңғақтай шағады. Солардың қызығушылығына қарай планшет арқылы басқарылатын роботтарды шығарайын десек, қымбатқа шығып кетейін деп тұр. Жапония, Қытай бөлшектерді өздері ойлап тауып, өздерінде шығаратындықтан, роботтарының бағасы көңілге қонымды. Ал біз оның әрбір бөлшегін шетелден алып келеміз.

Алдағы уақытта, сұранысқа орай арзан, әрі сапалы ойыншықтарды жасағымыз келеді. Пультпен басқарылатын ойыншық шығару жоспарымызда бар, – дейді Нұралы Тіленшиев.

Отандық мультфильм кейіпкерлерінің ойыншығы сұраныс болғанда ғана пайда болады

– Жаңа анимациялық технологиямен шығарылған шетелдік мультфильмдер қызықты. Бала телміріп қарап отырады. Содан кейін, дүкенге барып, өзі көрген кейіпкердің қуыршақ бейнесін көріп, сатып ала бастайды. Міне, бізге де қазіргі заманға лайықталған кейіпкерлер керек. Қазақстанда еңбектеген балаға дейін бәрі бірдей "Алдар көсе", "Бауырсақты" көрмейді. Отандық анимация биікке көтерілгенде ғана біз де ойыншықтарды шығара бастаймыз.

Біздің анимациялық компаниялар, авторлар мультфильм кейіпкерлеріне патент ала ма, белгісіз. Егер олар патенттелмеген болса, онда фабрикалар сондай ойыншық жасап нарыққа шығаруға құқылы. Бірақ, нақты зерттеп көрмегендіктен, кесіп-пішіп айту қиын. Десе де, кейіпкерлердің суретін салдырып, пішімін келтіртетін арнайы құрылғыға Қытайға тапсырыс беруге болады. Бірақ дәл қазір сұраныс жоқ. Сондықтан, нарыққа шығару ойымызда жоқ, – дейді ол.


Қорқынышты қуыршақтар бала психологиясына кері әсер етіп, қатігездікке тәрбиелейді / Фото informburo.kz

"Әлемде жоқ ойыншықты ойлап тапсаңыз, патент алғанды қолдаймын"

– Мысалы, Қазақстандағы біздің бәсекелесіміз "Наурыз-пластик" бір ойыншықты сатылымға шығарды. Мен де дәл соны жасап шығарғым келіп, 37 мың долларлық құрылғыларды сатып алған болатынбыз. Олар қазір экспонат болып тұр. Әу баста "Наурыз-пластиктің" әрбір ойыншығын патенттеп қойғанын білген жоқпын. Өйткені, кезінде осы ойыншықты Ираннан тасып, сатқан болатынмын. Сонда мұны "Наурыз-пластиктің" өзі ойлап тапқан жоқ қой.

Енді біз де ойыншықтарды патенттедік. Сосын "Наурыз-пластик" біздің өнімді нарыққа шығармақ болғанда, біз де қарсы болдық. Мұндай "патент" болған жерде, ішкі бәсеке болмайды. Бәсеке болмаған жерде сапа да жоқ. Үкімет осы мәселені қолға алып, патентті тек әлемде жоқ ойыншықты ойлап тапқан авторға берсе ғана "Made in Kazakhstan" өнімдері көбейер еді. Осындай жағдайлардан кейін отандық өнімнің өрісі тарылып отыр, – дейді"Baby plast" фабрикасының директоры.

Ойыншықтарды таңдар алдында неге мән беру керек?

Біріншіден, ойыншықтарды сатып алған кезде қауіпсіздік сертификатын немесе басқа да ілеспе құжаттарды талап етіңіз. Сонымен қатар, өнімнің сапасы мен фирмалық таңбасына назар аудару керек.

Екіншіден, "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентінің (008/2011 КО ТР) 5.3. тармақшасына сәйкес таңбасында мынадай ақпарат болуы тиіс:

  1. Ойыншықтың атауы;
  2. Дайындаушының, уәкілетті адамының, импорттаушының атауы және орналасқан жері, олармен байланысу ақпараты;
  3. Дайындаушының тауар белгісі;
  4. Баланың оыншықпен ойнауға болатын ең төменгі жасы немесе баланың жасын белгілейтін пиктограмма;
  5. Негізгі конструкциялық материалы (3 жасқа дейінгі балалар үшін);
  6. Ойыншықты күтіп-ұстау тәсілдері;
  7. Сақтау шарттары.

Үшіншіден, жұмсақ ойыншықтардың ішінде қатты немесе өткір, бөтен заттар болмауы тиіс. Тігістерінің беріктігіне мән беріңіз. Ойыншықта жағымсыз иіс болмағаны дұрыс.

Төртіншіден, ойыншықтар қолданған балалардың, оларды күтіп-ұстайтын адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіндей болып әзірленуі тиіс. Құрамында қолданылатын материалдарын ауыстырмай, функциясын, негізгі сипаттамаларын өзгертпей, ойыншық жасау.