Kaspi.kz тағайындаған 10 млн теңге сыйақы иесін тапты

12 шілде күні Kaspi bank Банк бұрынғы қызметкері Руслан Сексембаевтың жүрген жері туралы ақпарат берген адамға 10 млн теңге сыйақы ұсынатынын хабарлаған болатын. Банктің Facebook-тегі парақшасында бүгін алаяқтық жасады деп күдікке ілінген Р.Сексенбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат жазылды. Таратылған мәлімдемеге сүйенсек, күдікті 21 шілде күні Екібастұз қаласында үсталған.

"Күдіктіні ұстауға жәрдемдескені үшін Kaspi Сексембаевтың орналасқан жері туралы ақпарат берген азаматқа 10 миллион теңге мөлшерінде сыйақы төледі. Бұл азаматтың есімі оның қауіпсіздігі мақсатында және тергеу мүддесі үшін жария етілмейді" деп жазылған хабарламада.

Тимур Сүлейменов ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды

Ол бұған дейін Президенттің көмекшісі қызметін атқарған. Оның орнын Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымында болған Аида Балаева басты. Ол Қ.Тоқаевтың көмекшісі қызметімен бірге Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметін қатар алып жүретін болды.

Орталық коммуникациялар қызметі енді Президентке бағынады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесін құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, Астана қаласында құрылған мекеменің штаты 33 адамнан тұратын болады. Мекеме директорын қызметке тағайындайтын да, жұмыстан босататын да Президент болмақ. Бір ай мерзімде Үкімет мекеменің жарғысын әзірлеп, бекітуін, мемлекеттік тіркеуден өтуін қамтамасыз етуі тиіс.

Президент төрт күндік еңбек демалысына шықты

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі 22 шілдеден басталған қысқа мерзімді демалысын Қ.Тоқаев ел аумағында өткізетінін хабарлады.

Елорда тұрғындарына өтініш, шағым қалдыру бұрынғыдан оңай болмақ

Осы мақсатта iKomek 109 бірыңғай қалалық байланыс орталығында қолданыстағы хат арналарына қосымша +7 (747) 109 01 09 нөмірлі WhatsApp чат-боты іске қосылды. Өтінімді жөнелтуді неғұрлым ыңғайлы сервиспен қамтамасыз ету – чат-боттың негізгі артықшылықтарының бірі ретінде аталды.

Медицина мамандары 6 жылдық оқу жүйесіне көшеді

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, "Медицина" бағдарламасы бойынша мамандар даярлаудың жаңа стандарты 2019 жылдың 1 қыркүйегінен еліміздегі барлық медициналық жоғары оқу орындарында енгізіледі. "Алты жылдан кейін түлекке жоғары білімі туралы MD/+MSc дипломы табысталады. Бұл жоғары оқу орнын бітіруші түлектің магистр дәрежесімен бірге дәрігер біліктілігін игергенін білдіреді" делінген ЖОО таратқан хабарламада.

Алты жылдық оқу бағдарламасынан кейін келесі міндетті кезең болашақ дәрігердің мамандығын таңдайтын резидентура болмақ. Мұндағы мамандықтар ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі қажеттіліктерге сәйкес жасақталады.

Қостанайлық полицейлер зейнеткерлерді өрттен аман алып қалды

Полиция майоры Ә.Омаров пен А.Ильяшов қызметтік міндеттерін атқару кезінде Сарыкөл селосындағы жеке үйлердің бірінен өрт шыққанын байқап қалады. Тәртіп сақшылары бірден кезекші бөлім мен өрт сөндіру қызметіне хабар беріп, өздері де қарап қалмай көмекке ұмтылған. Қызыл жалын шарпыған үйге енгенде кереуетте есінен танып жатқан 68 жастағы қарияны көреді. 2-ші топ мүгедегі, сал боп жатқан В.Чирковты полицейлер екеулетіп далаға шығарып, оған бастапқы медициналық көмек көрсетеді. Кейін аудандық ауруханаға жеткізген.

Өрт шыққан үйден полицейлер сондай-ақ 76 жастағы әжейді де құтқарған. Қазір олардың өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Дер кезінде көмекке келгені үшін олар тәртіп сақшыларына алғыстарын жаудырып жатыр. Ал, өрттің тұтануына құрғақ шөптің жануы себеп болғаны айтылды.

Атырауда көшені кеңейтуге кедергі келтірген ағаштар кесіліп жатыр

Бұл жағдай тұрғындардың ашу-ызасын туғызған. Қалалық әкімдік Құрманғазы мен Бейбарыс көшесінің кеңейтілуіне сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсінік берді.

"Мұндай ыстықта оларды қайта отырғызудың мәні жоқ. Оған қоса қарағаштардың кейбірі кеуіп қалғанын ескеру керек" деп мәлімдеді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қ.Қасымов. Әкімдік өкілі көшелерді кеңейту жобасына сәйкес Бейбарыс даңғылында 1,5-2,5 метрлік 2400 көшет отырғызылатынын хабарлады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Ауа райы: Солтүстікте жаңбыр, оңтүстікте аптап ыстық. Синоптиктердің хабарлауынша, 23-25 шілдеде Қазақстанның солтүстік және шығыс бөлігіне Жайық өңірінен салқын және ылғалды ауа келіп жатыр. Оңтүстік-шығыс бағытта жылжитын атмосфералық ағындармен бірге бұл өңірлерде күн күркіреп, найзағайлы жаңбыр, кей жерлерде қатты нөсер жауып, дауылды жел тұрып, арты бұршаққа айналуы ықтимал. Ал, еліміздің оңтүстік өңірлерінде Иран аумағынан ыстық ауа массаларының келуімен 38 ... 45°С ыстық ауа райы сақталады.

Baq.kz: Демалыс күндері елімізде 15 адам суға кетті.12 адам (оның ішінде 2 бала) арнайы жабдықталмаған жерге суға түскенде, 2-еуі балық аулау кезінде (киімде, жеке құтқару құралдарынсыз болған), 1 гидроцикл тепкенде (жеке құтқару құралдарынсыз болған) қаза табады. Тек осы демалыс күндері ТЖД бөлімшелері 452 алдын алу тобын құрды, олар 563 рейд жүргізді, 18 711 жаднама таратты, 5 адам құтқарылды, оның ішінде 1 бала. ҚР ІІМ ТЖ комитеті азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Тengrinews.kz: Қазақстан сақтандыру нарығы көлемі жағынан әлемде 77 орынды иеленді. 2018 жылы әлемдегі сақтандыру нарығының жалпы айналымы 5,2 триллион АҚШ долларына жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,2 процентке көп. Сақтандыру сыйақысының көлемі бірқалыпты болғанымен компаниялардың қызметіне жүгінушілер 7 пайызға кеміген. Осылайша сақтандырудың отандық нарығы 759 миллион АҚШ долларын құрады. Сараптамалық топ тізімді жасау барысында сақтандыру нарығындағы қаржының жан басына шаққандағы сомасын есептеп, негізгі критерий ретінде алған. Мәліметтерге қарағанда 2018 жылы бір адамға берілетін сақтандыру сыйақысы 55 долларға тең болды. Салыстыру үшін айтайық, дамыған елдерде жан басына шаққандағы сақтандыру сыйақысы 1-7 мың доллар аралығында.