Қазақстанда көкөністер қыс айларында да арзан бағамен сатылатын болады. Жаңалықтарға шолу
Суханбердиева сот залынан айыппұлмен босап шықты
Бүгін жемқорлық бойынша істі болған бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиеваға қатысты соттың шешімі шықты.
Есіл аудандық №2 сотының судьясы Б.Есенов Э.Суханбердиеваны кінәлі деп танып, оған "2500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салу туралы" шешім шығарды.
Сот шешіміне сәйкес, айыпталушының қамаудағы бір күні 4 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни ол 6 миллион 312 мың 500 теңгенің (2500 АЕК-тің) 5 миллион 948 мың 900 теңгесін (2356 АЕК) төлейтін болады. Сонымен қатар, судья оны мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырып, "Ерен еңбегі үшін" берілген президент сыйлығы қайтарып алынсын" деді.
Қайрат Нүкенов Павлодардың әкімі боп тағайындалды
Ол бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары болған. Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов қаланың жаңа басшысына металлургтер паркінің мәселесін шешуді, қаладағы қоқыстарды кәдеге жаратып, көгалдандыруды, сондай-ақ өңірге инвестиция тартуды жүктеді.
Nur Otan партиясына жаңа хатшы келді
Бұл қызметке бұған дейін Алматының Қоғамдық даму басқармасының басшысы болған Әлібек Әлденей тағайындалды.
Әлемде жасы 100-ден асқан 533 мың адам бар
Біріккен ұлттар ұйымы таратқан мәліметке сүйенсек, соңғы 20 жылда дүние жүзінде ғасырдан көп жасаған адамдардың саны 4 есеге артқан. 2000-шы жылдары олардың саны 151 мыңға жетіп жығылған. Олардың 80%-ы әйелдер көрінеді.
"Хан шатырда" қайтыс болған қыздың ата-анасы директорының үстінен сотқа арыз түсірді
3-ші маусым күні ойын-сауық кешеніндегі бассейнге батып кетіп, көз жұмған 9 жасар Ажар Қабылованың әкесі мен заңгерлері Астанада баспасөз жиынын өткізді. Онда олар қайтыс болған қыздың артынан жала жауып, ғайбат сөздер айтқаны үшін №10 мектеп-гимназиясының директоры мен сынып жетекшісін қылмыстық жауапкершілікке тартуға бел байлағандарын мәлімдеді.
Бұған дейін марқұм қыз оқыған мектептің басшысы М.Тәшенова БАҚ беттеріне сұхбат беріп, А.Қабылованың дамуында ауытқушылық бар деп жалпақ жұртқа жария қылған. Әкесі директордың сөзін жоққа шығаратын құжаттарды жинап әкеліпті. Қара жамылған отбасының заңгері марқұм қыз бен оның отбасының ар-намысын қорғау мақсатында сотқа азаматтық талап арыз дайындап жатқанын хабарлады.
Құмар Ақсақалов жалақыны конвертпен беретіндер туралы хабарлауға халықты шақырды
Солтүстік Қазақстандықтардың табысы Республикалық көрсеткіштен 30 пайызға төмен болып отыр. Төмен жалақы мұнда агроөнеркәсіптік кешенде, өнеркәсіпте және құрылыс саласында тіркелген.
Облыс әкімі тұрғындарды билікке кәсіпорындардағы еңбек шартын бұзу деректері туралы хабарлауға шақырды.
– Ең төменгі жалақы құрылыс саласында. Бізде бюджеттік құрылыс 70%-ды құрайды, ақша бөлінеді. Жұмыс берушілер құрылыс материалдары мен жалақыдан үнемдейді. Мемлекет барлық бағыттар бойынша бизнесті қолдап келеді, алайда жағдай бәрібір мәз емес, – деді облыс әкімі. Бұл тұрғыда өңір басшысы ұжымдардағы кәсіподақтар жұмысын сынға алды.
Маусымаралық кезеңдерде көкөністер арзан болады
Премьер-министрдің ресми сайтында Қазақстанда логистикалық қуатты арттыру мақсатында 2020-2023 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Көкшетау, Атырау және Ақтау қалаларында 8 өңірлік тарату орталығынан тұратын желіні құру жоспарланғаны хабарланды.
Бұл тетік фермерлерден өнімдерді ерте сатып алып, қажетті қор жасап, одан кейін өнімдерді желтоқсан айынан сәуір айына дейін сауда желілерінде арзандатылған бағамен сатуға бағытталған. Жобаны іске асыру нәтижесінде бағалардың тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына маусымдық алыпсатарды, үстеме бағаны болдырылмайды. Жоба іске асқанда салынған бір теңгеден жиынтық әлеуметтік-экономикалық тиімділік 30 теңгеден асады.
Қазақстан Еуразия экономикалық одағынан дәрі-дәрмек тасымалдаушыларға жеңілдік ұсынады
Бұл туралы Еуразия экономикалық комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады. Ақпаратқа сүйенсек, ұлттық режим Одаққа мүше елдердің тасымалдаушыларына дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдерге мемлекеттік тапсырыс жарияланған жағдайда ұсынылады. Бұған дейін бұл тауарларға мемлекеттік тапсырыстар кезінде тек Отандық өндірушілерге жеңілдіктер жасалғаны белгілі болды.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер 2019 жылдың қараша айынан бастап бірыңғай көлік құралдарының электронды куәлігіне көшеді.
Құқық қорғау органдары Арыстағы жарылыстың 6 себебін қарастырып отыр
Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев осылай деп мәлімдеді. Олардың арасында адам факторы, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, салғырттық, техникалық себептер бар. Оқиға орнында қасақана өртеу болуы мүмкіндігі де айтылды. Министр тергеу қорытындысына сәйкес лауазымды тұлғалардың әрқайсының жауапкершілігі анықталатынын қосымша хабарлады. Бұл ретте ведомство басшысы Арыстағы апатқа байланысты өзінің де жауапты екенін жария етті.
– Осы қызметке тағайындалғаннан бастап, яғни 2018 жылдың 7 тамызынан бері қарулы күштер саласына жауаптымын. Ешқашан жауапкершіліктен жалтарған емеспін, жалтармаймын да. Тергеуден анықталған кінәлілер заң бойынша қатаң жазаға тартылады, – деді Н.Ермекбаев.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстанда 43°С ыстық болады. Синоптиктердің болжамынша, шілденің ортасына қарай жаздың ең ыстық кезеңі басталады. Алдағы үш күнде күн райы жауын-шашынсыз болады. Күндіз сынап бағаны 30-38°С, кей жерлерде тіпті 40...43°С-ты көрсетеді. Бұл көп жылдық орташа мәннен жоғары. Синоптиктердің айтуынша, тек батыс өңірлерде ғана жаңбыр себелеп өтуі мүмкін, сонда да басқа өңірлердегі сияқты күн қатты ысиды.
Baq.kz: Қазақстанда балалар өлімінің негізгі себебі – суға кету. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2016 жылы елімізде 217 бала суға кеткен. Суға батып кеткен балалардың басым бөлігі (70 пайызы) – ұлдар. 1 жастан 4 жасқа дейінгі балалар қаупі жоғары топта.