Бизнес жүргізуге қолайлы елдердің рейтингінде Қазақстан 65-ші орында

Forbes журналы 2019 жылы бизнес жүргізуге ең қолайлы елдердің рейтингісін жариялады. 161 елдің ішінде Қазақстан 65 орынға жайғасты. Елдегі ЖІӨ өсімі, жан басына шаққандағы ЖІӨ және сауда айналымы бағаланды. Бұдан бөлек меншік құқығы, инновация, салық, технология, сыбайлас жемқорлық, саяси қауіп-қатер бойынша көрсеткіштер де есептелген. Соңғы жылдардағы елдегі оң өзгерістерге қарамастан, инвесторлар Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға алаңдайтын көрінеді.

Бірінші орынды Ұлыбритания иемденсе, екінші орында – Швеция, үшінші орында – Гонконг.

Қазақстанда бір адамға шаққандағы несие қарызы орта есеппен 908 мың теңге

2018 жылдың қазан айының соңында қазақстандықтардың жеке қарыздарының жиынтық мөлшері 6 трлн теңгеге жеткен. Бұл жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 14,4 пайызға артық. Несиелердің жартысынан көбі (2018 жылдың қазандағы есеп бойынша 53,1 пайызы) – тұтынушылық несиелер. Оны бір адамға шағып, есептегенде осы жылы 5 пайызға өсіп, 908 мың теңге болған. Ең көп несиені отандастарымыз банк секторларынан (91,4%) алған. Екінші орында ( 6%-ы) микроқаржы ұйымдары, үшінші орында (2,4%-ы) онлайн-несиелеу.

Астанада автобус жүргізушісі 200 мыңнан 400 мыңға дейін жалақы алады

"Астана LRT" көліктік бақылау департаментінің басшысы С.Шаймерденовтың айтуынша, орта есеппен алғанда Елордада автобус жүргізушілерінің жалақысы 250 мың теңге төңірегінде.
"Консультантсыз жұмыс істейтіндерге үстемеақы төленеді. Валидация жоспарын артық орындағандарға да қосымша бонус беріледі. Бір жүргізуші екіншісінің орнын ауыстырып, көбірек жұмыс істеуі мүмкін. Сонда төменгі жалақы 200 мың теңгеден басталып, 400 мың теңгеге дейін жетеді", – дейді ол.
"Астана LRT" басшысы Б.Игенбердиновтың сөзінше, ұйымда жүргізушілерді ынталандыру жүйесі жақсы жұмыс істейді. Ол бойынша жүргізушілер батыр, супербатыр, құрмет тақтасы деп бөлінеді. Ешқандай шағымы жоқ, жол-көлік оқиғасына ілікпеген, барлық шарттар мен талаптарды орындайтын, өз жұмысын жақсы көретін жүргізушілер супербатыр санатына ілігетін көрінеді. Сәйкесінше, олардың жалақысы да жақсы. Қазір Елордада кәсіби біліктілігі жоғары 900-ге жуық жүргізуші жетіспейді.

Емханаларда есепте тұрған ауруларға берілетін денсаулық білезігі таныстырылды

Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы К.Нәдіровтың айтуынша, QR-коды бар денсаулық білезігі негізінен естен тану қаупі жоғары жүрек-қан тамырлары аурулары, жоғары қысымы бар, сондай-ақ қант диабетімен ауыратындарға беріледі. Есінен танып қалған пациенттің қолындағы білезіктегі QR-кодты сканерлеу арқылы жедел жәрдем қызметкерлері ауру жайында (бойы, салмағынан бастап, қандай да бір дәрі-дәрмекке аллергиясының бар-жоғы, созылмалы аурулары туралы) барлық қажетті ақпаратты алады. Ал, білезікті сканерлегені туралы хабарлама науқастың жақын туысының ұялы телефонына да келіп түседі.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, бұл жобаның құны аса қымбат емес. Қала бойынша барлығы 120 000 диспансерлік науқас болса, олардың 60 мыңында есінен тану қаупі бар.

Астанада жаңа жылдан бастап электр қуатына тариф төмендейді

1 қаңтардан бастап елордалықтар электр энергиясына 14 теңгенің орнына 12 теңгеден асатын ақша төлейді. Сөйтіп 1,5 теңгеден 2 теңгеге дейін үнемдейді. ҚР Энергетика вице-министрі С.Есімхановтың айтуынша, тарифтің төмендеуі "Астана-Энергиядан" энергия қуатын арзандатылған бағамен (бұрын 7,5 теңге болса, енді 6,1 теңгеге) сатып алумен байланысты.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Алдағы үш күнде аяз күшейе түседі. Демалыс күндері және дүйсенбіде суық, көбінесе жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, тек республиканың жеке аймақтарында қар жаууы мүмкн, тұман оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарында сақталады. Батыс аймақтарда да тұман түседі, сонымен қатар көктайғақ болады. Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда бұрынғыдай түнде 30…39°С аяз күтіледі, бұл климаттық нормадан 7…10°С төмен.

Inform.kz: 2019 жылы медициналық сақтандыру жарнасын төлеу тәртібі де, жарна мөлшері де өзгермейді. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады. "Қазір жарнаны жұмыс берушілер ғана төлеп жатыр. Олар келер жылы да жұмыскер табысының 1,5 пайызы көлемінде аударым жасайды. Ал, жеке кәсіпкерлер өзі үшін жарна аудару міндетінен 2018 жылы босатылған болатын. Бірақ олар жұмыс беруші ретінде қарамағындағылар үшін аударым жасауға міндетті", – дейді ол.

Қалған санаттағы азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жарнасын 2020 жылдан бастап төлейді. Жұмыскерлер табысының 1 пайызын Медициналық сақтандыру қорына аударады. Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететіндер де осылай істеуге міндетті. 2020 жылдан бастап мемлекет те жарна аударуға кіріседі. Міндетті сақтандыру шеңберінде медициналық көмек 2020 жылдан бастап көрсетіледі. Оған дейін жинақталған қаражат Ұлттық банкте сақталып, 2020 жылы сақтандыру пакеті бойынша көрсетілген қызмет ақысын төлеуге жұмсалады.