Отандық кинолар бәсекеге қаншалықты қабілетті? Қазақстандық режиссерлер танымал "вайнердің" Сенаттағы сынын қалай қабылдады? Көрерменнің талғамы қандай?


"Қазақфильм" киностудиясының әкімшілік ғимараты / Фото weproject.kz сайтынан

Жақында Мейіржан Төребаевтың (актер, вайнер) ҚР Парламент Сенатында сөйлеген сөзі қоғамда қызу талқыға түсті. Әзілкеш "Қазақфильм" киностудиясының жұмысына көңілі толмайтынын әжуаға айналдыра айтып, депутаттардың "ыстық қошеметіне" бөленген болатын.

"Қазақфильмнің" "минусы" мен "плюсі"

Қазақстандық режиссер Елзат Ескендір актер Мейіржан Төребаевпен келіспейді. Алайда "Қазақфильм" киностудиясының қызметіне көңілі толатын, толмайтын тұстарын да жіктеп айтып берді.

"Вайнердің көптеген ойлары Қазақстандағы кино саласын, жалпы киноөндірісінің бағыттарын толық білмейтіндігін байқатады. Мейіржан Төребаев барлығын тек ақшамен өлшейді, яғни, жеке студиялардың кассалық деңгейімен ғана бағалайды. Кино – өнер болғандықтан, көрерменнің деңгейіне құламай, керісінше интеллектуалдық қуатын, ішкі танымын, ойын өсіруі керек", – дейді ол.


Режиссер Елзат Ескендір / Фото жеке мұрағаттан

Жас режиссерлерге көңіл бөлінбейді

Кем тұстары да, дұрыс жақтары да бар. Біздің көңілімізді толтырмайтын мәселе: киностудияда 20 мен 35 жас арасындағы авторларға көңіл бөлінбейді. Бұрын Т.Жүргенов академиясын бітірген студенттерге дебют орталығында алғашқы қысқаметражды туындысын түсіруге мүмкіндік беретін. Қазір ол жерде жас авторлар жоқтың қасы. Яғни, жас режиссерлерге "Қазақфильмнен" жоба алу өте қиын", – деген пікірде Елзат Ескендір.


"Қазақ елі" тарихи сериалының түсірілім алаңынан көрініс / Фото informburo.kz

"Қазақфильм" арзанқол комедияларды түсірмейді

Себебі, режиссердің айтуынша, ұлттық киностудия сұранысқа қарай емес, көрерменді рухани тәрбиелеуге жұмыс істейді.

"Қазақфильмнің" мақсаты – кассалық фильм түсіру емес. Негізгі бағыт – идеологиялық, тарихи, авторлық-интеллектуалдық фильмдер. Түсірген фильмдер не себепті коммерциялық жетістікке жетпейді деп кінә тағуды сауатсыздықтан деп айтар едім. Өйткені кассаны қуатын болса, "Қазақфильм" көрерменнің деңгейіне түседі. Мемлекет ақша бөліп отырғаннан кейін, мақсат – ақша табу емес, халықтың рухани-мәдени деңгейінің өсуі" – деп, Елзат Ескендір киностудияның ұлттық идеологияға жұмыс істейтінін айтты.

Тұрсынов "қорғанды", Нарымбетов "долданды"


Кинорежиссер Cатыбалды Нарымбетовтің КВН-щиктер түсірген фильмдерге көңілі толмайды / Фото zhasorken.kz сайтынан

Вайнердің сөзі министрдің көңілін бұзды ма? Өйткені, әзілкеш киноның жайын айтудан бұрын оның жеке басына қаратып та сын айтты. Алайда министрлік тарабы бұл жағдайға байланысты ресми пікір білдірмеді. Есесіне еліміздегі танымал режиссерлер кәдімгідей шамданып қалды.

Қазақстан кинематографистері одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов: "Қазіргі уақытта бүкіл шоу-бизнес, бүкіл КВН, әншілер киноға лап қойды. Ал мен олардың өнімдерін бес минуттан артық уақыт қарай алмаймын. Әлеуметтік желіде бір вайнердің (М. Төребаев) видеосы жүр. ...Ол бір сөзімен бүкіл кинематографистер одағына тіл тигізді. Ал, мен одақтың басшысы болғандықтан, өзімізді қорғағым келеді", – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде мінберге жүгіре басып шыққан ол.

Ал белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің арнайы жазған экспромт-мақаласынан бұл сынға күйінгенін, кәсіби маман ретіндегі ашынғанын байқадық. Режиссер соңғы жылдары жеке меншік студияларда түсіріліп, прокаттан табыс тауып жүрген кинокартиналарға "арзан күлкіден тұратын даңғаза фильмдер" деген анықтама беріпті. Ал ол фильмдер табыс көзіне айналып, жыл сайын қатары көбейіп келеді.

2018 жылы ең көп ақша түсірген отандық фильмдер

2018 жылы елімізде елуге жуық кинокартина прокатқа шыққан. "Меломан" компаниясы, "Тикетон" онлайн билеттер сервисі таратқан деректер негізінде "Kinostan.kz" жобасы жасаған рейтинг бойынша кассалық түсімі жөнінен үздік ондыққа көз жүгіртіңіз.


"Африкадағы қазақша бизнес" фильмі – 2018 жылы ең көп ақша түсірген отандық картина / Фото kino.kz сайтынан

  1. Қазақша бизнес Африкада / Бизнес по-казахски в Африке – 573 883 750 теңге
  2. Құдалар – 390 617 555 теңге
  3. Бизнесмендер / Бизнесмены – 195 559 200 теңге
  4. Ұлы дала комедиясы – 183 463 410 теңге
  5. Мен күйеумін! / Я – жених! – 161 742 400 теңге
  6. Гудбай, мой бай – 146 089 950 теңге
  7. Таиландтағы каникул / Каникулы в Таиланде – 127 101 927 теңге
  8. Сиситай – 99 408 465 теңге
  9. Әміре / Amre – 74 803 200 теңге
  10. Свадьба.kz – 73 028 323 теңге

Салыстыру үшін. Әлемдік прокатта 2 миллиард АҚШ долларын жинаған "Кек алушылар: Шексіздік соғысы" ("Мстители война бесконечности") фильмінің Қазақстандағы табысы – 832 305 443 теңге.

Отандық фильмдердің қомақты табыс таппауының себебі неде?

Режиссер Елзат Ескендір "Қазақфильм" түсірген туындылардың прокатта аз жүруі, тіпті шықпауы олардың көркемдік бағытына байланысты деп ойлайды. Мәселен, онда көбінесе авторлық-интеллектуалдық бағыттағы фильмдер түсіріледі.

"Олар кинотеатрдан көрсетілсе, пайда әкеледі дей алмаймыз. Себебі ол фильмдердің көрермені – кинотеатрға көп бармайтын аудитория. Бірақ біздің мәдени-рухани кеңістігіміздегі бос қуысты толтыратын аса қажет дүниелер бөлек қой.

Мысалы, былтыр көктемде шыққан "Әміре" фильмі прокатта жақсы жүрді. Мәдениетімізде дүмпу болған Самал Еслямова басты рөлді сомдаған "Айка" фильмі қазір кинотеатрларда жүріп жатыр. Сонымен қатар "Брат или Брак 2" комедиясы прокатта аншлагпен көрсетіліп жатыр. Мен әлеуметтік желіде байқап отырамын. "Айка" фильмінде залда 5-6 адам ғана отырдық деген жазбалар шықты. Бірақ біз оған қарап, "Айканың" деңгейін "Брат или брак" фильмімен салыстыруға болмайды ғой.

"Айка" – авторлық бағыттағы туынды. Көрерменді өзінің деңгейіне шақырады. Қоғамда біз білетін, білмейтін қандай адамдар тіршілік етеді және қалай өмір сүреді деген сұрақты қояды, сол арқылы адамның санасына ой салып, жүрегін қозғайды. Ал айтып отырған комедияның мақсаты көрерменнің деңгейіне түсіп, сол арқылы ақша табу. Екеуінің бағыты екі түрлі болған соң салыстыруға мүлде келмейді", – дейді режиссер.


Киноблогер Ернар Бекенов / Фото жеке мұрағаттан

"Kinostan.kz" жобасының жетекшісі Ернар Бекеновтің айтуынша, Қазақстанда киноға бару тұрғындардың өмір салтының бір бөлігіне айналмаған. Алматы мен Астанадан өзге қалалардағы кинотеатрлар тіпті үлкен табыс табады деуге келмейді. Отандық фильмдердің дұрыс табыс таппауын киноблогер бірнеше себеппен түсіндіреді.

"Біріншіден, фильм өз-өзін ақтау үшін прокатта барынша көбірек көрсетілуі керек. Қазақстанда 60-70 кинотеатр бар. Қандай да бір фильм бір апта көрсетілсе, өте аз пайда табады. Америкада 6000, Ресей аумағында 4000-ға жуық кинотеатр бар. Екіншіден, отандық туындыларға қарағанда бәрібір шет елдік фильмдердің танымалдығы басым. Оларға баратын адам көбірек. "Көшпенділер", "Жаужүрек мың бала" секілді көрермен жинау сирек құбылыс. Бірақ, болып тұрады. Онымен мәселе шешілмейді", – дейді киноблогер.

Қазіргі қазақстандық көрерменнің талғамы қандай?

"Оны анықтаудың түрлі жолдары бар. Тек кинотеатрға қарап, бағалайтын болсақ, ол қуантарлықтай емес. Бірақ оған қарап, қазақстандық көрермендердің деңгейін өлшеуге болмайды. Мәселен, Тарковскийдің шығармаларын түсінетіндердің, қайталап көретіндердің ішінде алыс ауылдарда тұратын азаматтар бар. Немесе А.Звягинцевтің фильмдерін асыға күтіп көріп отырады. Михаэл Ханекенің туындыларымен таныс дегендей.

Жалпылама алғанда көрерменнің деңгейі аса мәз емес. Қазіргі жастар ертең қоғамға араласады. Түрлі қызметтер атқарады. Ал олардың талғамын Голливудтың екінші, үшінші сортты фильмдері қалыптастырып жатыр. Көрермен талғамын, деңгейін көтеру үшін мектеп қабырғасында жоғарғы сыныптар үшін кино саласын пән ретінде енгізу керек", – деп есептейді режиссер Елзат Ескендір.


Әнші, режиссер, сценарист, продюсер Бүркіт дебюттік фильмін 70 миллион теңгеге жуық қаражатқа түсірген / Фото brod.kz сайтынан

"Цирк – еліміздегі ең танымал өнер болса, әншілер – клоун болар еді"

Қоғамда әншілердің кино түсіре бастауы үйреншікті тенденцияға айналды. Эстрада өкілдері кино түсіруге өздерінің танымалдығын асыру үшін барады. Бұл – киноблогер Ернар Бекеновтің пікірі. Оның ойынша, әншілер елге танылудың қандай жолы бар, соған барудан бас тартпайды.

"Кино өнерінің өмірдегі рөліне мән бермейді. Кино – үлкен өнер. Оған әнді де, психологияны да, тарихты да, тіпті өмірді, бәрін сыйғызамыз. Сол өнерге әншілердің араласуы сырт көзге өте оғаш көрінеді. Мысалы, әнші Бүркіт (Айбек Жансейітов) фильм түсірді, режиссері, сценарисі, продюсері де өзі болды. Кей әншілер өзі туралы да кино түсіреді. Қазір кинодан басқа танымал бір бағыт болса, олар сол бағытқа да бас сұғар еді. Мысалы, цирк – елдегі ең танымал өнер түрі болса, әншілер – клоун болып шығар еді", – деп ойлайды киноблогер.

"Кино туралы" заң нені түзейді?

Қазақ киносындағы шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелер жаңадан қабылданған "Киноматография" туралы заңның шеңберінде шешімін табуы мүмкін. Үш жыл бойы дайындалып, Президент Н.Назарбаев қол қойған Заң жобасы осы салада құқықтық негіз орнатуға бағытталған. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фейсбук әлеуметтік желісіндегі жазбасында заңның негізгі үш міндет – ұлттық кино өндірушіні қолдау, ұлттық киноны прокатта жылжыту, қазақстандық киноны әлемдік кино нарығына белсендірек шығаруға бағытталғанын жазған болатын.


ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы / Фото министрдің facebook парақшасынан


Мәдениет және спорт министрі жаңадан жасақталған А.Мамин үкіметінің құрамында қалды. Енді еліміздің көрсетілімдегі барлық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау, не субтитр беру немесе кадрдан тыс аударманы қамтамасыз ету сынды мақсаттар жүзеге аса ма? Заң жобасы Қазақстандағы киноөндірісті қаншалықты дамытады? Ол уақыттың еншісінде.