Ауыл жастарына өмірге қажет дағдыларды үйрететін "Жалын" жобасы басталды
Жоба аясында 900-ге жуық оқушыға білім беру көзделген.Маңғыстау облысының Боранқұл ауылы мен Атырау облысының Құлсары қаласында мектепте оқитын жасөспірімдерге өмірлік маңызы бар дағдыларды қалыптастыруға арналған "Жалын" жобасы өз жұмысын бастады. Жоба "Теңізшевройл" ЖШС қаржылай қолдауымен "Жүректен жүрекке" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
Бағдарлама 12-18 жас аралығындағы оқушы балаларға арналған және оларға өзіне деген сенімділік, өзге жандармен қарым-қатынас жасау, шешім қабылдау және мақсат қою сияқты жастардың жеке қасиеттерін жетілдіруді, командада жұмыс істей білу, ынтымақтастық сияқты табысты жұмысқа орналасу үшін қажетті дағдыларды дамытуды, қажетті білім мен дағдыларды беруді көздейді.
"Коммуникативтік дағдылар, қоғамға қызмет ету, әлеуметтік құзыреттілік және өзінің болашақ кәсібін анықтау сияқты дағдыларды үйрену және меңгеру – бәсекеге қабілетті маман болу дегенді білдіреді. Сондықтан біз өскелең ұрпақты мектеп қабырғасынан шыққан кезде осы білімді толыққанды санасына құйып шықсын деп мақсат қоямыз", – дейді "Жалын" жобасының менеджері Мерей Ануарбеков.
Пандемияға байланысты жоба карантиндік-санитарлық талаптарды сақтай отырып Құлсары қаласында 12 мектеп пен Боранқұл ауылында 3 мектептің жасөспірімдері үшін жүргізілуде. 20-24 ақпанда жоба философиясымен таныстырып, жасөспірімдерге шығармашылық жолдармен оқыту үшін тренерлерге арналған арнайы тренингтер өткізілді. Бағдарлама сабақтары формалды емес білім алу әдістеріне сай тренинг форматында өтуде.
"15 наурыздан бастап "Жалын" жобасының сабақтары басталды. Алғашқы сабақтардан-ақ оқушылардың белсенділігі, қызығушылығы, шексіз, шетсіз талқылаулары мен терең әңгімелесулері жасөспірімдер үшін аса қажет жоба екені аңғарылды", – деді жоба тренері Сауле Жаймұханова.
Оқи оытырңыз: Балалар мен жасөспірімдермен қалай оңай тіл табысуға болады? Психолог кеңесі
Жоба аясында 24 топта 360 жоғары сынып оқушылары оқытылуда. Жыл соңына дейін жобаға 900-ге жуық оқушы қатысады. Олар арнайы дайындалған әдістемелер бойынша эмоцияларды тану әрі басқару, жауапкершілік, жеке құндылықтар, мақсат қою, өзін және өзгелерді құрметтеу, күйзелісті жеңу жолдары, мамандықты бағалау механизмдері және тағы да басқа өмірде аса маңызды дағдыларды қалыптастыру туралы білім алады.
"Жалын" білім беру бағдарламасы маған қатты ұнайды, әрі қарай қатыса бергім келеді. Себебі бұл жерде өзіңді тану жайлы қызықты сабақтар өтеміз. Бізді қызықтыру үшін ойындар қосады. Мен "Жалын" жобасынан қысылмауды, ашық, еркін сөйлеуді, қоғамға бейімделуді, қалай жақсы өмір сүру керек екенін үйреніп жатырмын", – деді жоба қатысушысы Жангүлім Қасым.
Жоба үш раундтан түрады және әр раундты сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификат табысталады. Жоба соңында тәлімгермен бірге қатысушылар әлеуметтік жоба дайындап, қоғам жақсаруына үлес қосуды практика жүзінде үйренеді.