"Аудитория сапалы қазақша контент үшін ақы төлеуге дайын". Қазфорумда тағы қандай пікірлер айтылды?
Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызының пікірінше, қазір қазақ тілінде онлайн контент жасауға қатысты 6 мәселе бар:
- Журналистиканың ықпалы төмен;
- Салалық журналистика дамымаған;
- Сапалы контент жетіспеушілігі;
- Өңірдегі журналистер жаңа медиа мүмкіндіктерін меңгеруге мұқтаж;
- Мемлекеттік тендер мен тапсырысқа тәуелділік;
- Журналистік мектептің ұмытылуы.
Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары"Соңғы кездері журналистік мектептің жоғалып бара жатқаны алаңдатады. Бұрынырақта Шерхан Мұртазаның, Сейдахмет Бердіқұловтың мектебі болатын. Ал, қазір аға буын мен ортаңғы буынның арасында байланыс жоқ", – деді Нәзия Жоямергенқызы.
"Қазақтілді сайттардың көпшілігі өз аудиториясын зерттемейді"
Internews Kazakhstan ұйымының аймақтық медиа кеңесшісі Асхат Еркімбайдың айтуынша, Орталық Азиядағы медиа тұтыну және медиасауат бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесі қазір қазақ онлайн медиаcына керемет мүмкіндік туып тұрған кезең екенін көрсеткен.
"Қазақтілді сайттардың көпшілігі өз аудиториясын зерттемейді. Оқырман нені қалайды, қандай тақырыпты оқығысы келеді? Cайт иелері Chartbeat қызметі арқылы аудиториясын зерттесе, өздері үшін үлкен мүмкіндікке жол ашар еді", – деді Асхат Еркімбай.
Орталық Азиядағы медиа тұтыну және медиасауат бойынша зерттеу Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың 59,6 пайызы ақпаратты теледидардан, ал 45,5 пайызы әлеуметтік желілерден алатыны белгілі болған. Сондай-ақ, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда интернетте сауда жасау көрсеткіші жоғары екені анықталды.
Оқи отырыңыз: Интернеттің саясилануы неге әкелмек?
Асхат Еркімбай Қазақстандағы аудитория сапалы қазақша контент үшін ақша төлеуге дайын екенін айтты:
"Бұдан бірнеше жыл бұрын азаматтар банк картасының өзін қолдануға қорқатын. Қазір біздің аудитория электронды дүниені сатып алуға және сатуға әбден машықтанды. Адамдардан "сіз онлайн контент сатып алу үшін қанша теңге төлеуге дайынсыз?" деп сұрағанымызда, олар "2-3 мың теңге төлеуге қарсы емеспін" деп жауап берді".
"Атамекен Business" медиа холдингінің бас директоры Қанат Сахария 2019 жыл қорытындысы бойынша арнада қазақ тіліндегі материалдар көп оқылғанын айтты. Сондай-ақ, телеарнаның YouTube арнасындағы 10 үздік видеосының 9-ы қазақ тілінде әзірленіпті. Қазақша көп ізделген тақырыптар үштігіне:
- атаулы әлеуметтік көмек;
- мұғалімдердің жалақысы;
- Арыс оқиғасы кірген.
Оқи отырыңыз: Ақпараттық қауіпсіздікті қалай қорғаймыз
Қазақстандықтар YouTube арнасында жеңіл-желпі видеоларды жиі қарайды
Форумның екінші сессиясында қатысушылар YouTube платформасының әлемдік және жергілікті трендтері туралы пікір алмасты. Youtube платформасының ресми серіктесінің өкілі Сұңғат Өтеболатов Қазақстан, ТМД елдері және АҚШ арасында жүргізілген зерттеу нәтижелерімен таныстырды. Оның айтуынша, қазақстандықтар YouTube арнасында телевизиялық шоу, жеңіл-желпі видеолар, көлік апаттарын жиі қарайды.
Сонымен қатар, қазақстандық аудитория YouTube-те музыкалық контентті ТМД мен АҚШ-қа қарағанда азырақ қолданатыны белгілі болды. "Өкінішке қарай, Қазақстанда білім, технология туралы видеоларға қызығатындар өте аз" деді Сұңғат Өтеболатов.
Оқи отырыңыз: Айтылмаған сөз жетім
2019 жылы сұхбат пен подкаст жанры танымал болған.
"Өткен жылы әр адам өзін Дудь сезініп, сұхбат ала бастады. Алайда, бұл – уақытша құбылыс. Бәрі айналып келіп, бір адамдардан сұхбат ала береді. Ал, бұл көрерменді тез жалықтырып жібереді", – деді Сұңғат.
Атамекен TV интернет-редакциясының бас редакторы Жанасыл Болатбек YouTube-те қазақша видео көретін аудиторияның талғамы жоқ екенін айтты:
"Өкінішке қарай, қазақтілді аудитория Youtube арнасына тек эмоциясын қанағаттандыратын платформа ретінде қарайды. Бір мысал келтірейін. Қайбір жылы осыған дейін тек діни жаңалықтар жасаған YouTube арнасының иесі арнаны 100 мың жазылушысымен бірге басқа бір адамға сатты. Оны сатып алушы арнаның атын "Немене" деп ауыстырды да, жеңіл-желпі контент жасай бастады. Бұрын тек діни видео қарап жүрген көрермендер арнадан кететін шығар деп едім. Керісінше, арнаның қаралымы одан сайын артты. Бұл – көрермен талғамының төмендігін білдіреді".
Оқи отырыңыз: Баспасөзге басымдық бермей, қоғам сенімі күшеймейді
"Salem social media халыққа қашан мағыналы видео ұсынады?"
Сондай-ақ, Жанасыл Болатбек YouTube арнасында жарнама беретін агенттіктер қазақтілді аудиторияны менсінбейтінін сөз қылды. YouTube-те Жанасыл жүргізетін 2-3 арна 2019 жылы 2-3 мың доллар табыс тапқан. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда Youtube арнасы арқылы ақша тапқысы келетіндерге тиімді екі-ақ жол бар: біріншісі – Salem social media компаниясына кіру, екіншісі – жарнама жасау.
Форумда Александр Аксютиц басқаратын Salem social media компаниясы сынға ілікті. Форумға қатысушылар арасында "компания халыққа мағынасыз видеолар ұсынып отыр", "неге Salem social media көрерменге ғылыми видеолар ұсынбайды?" деп пікір білдіргендер болды.
Бұған Александр Аксютиц: "біз халықты ақымақ қылу мақсатында жұмыс істеп отырған жоқпыз. Әр адам өз баласын тәрбиелесін. БАҚ адамдарды тәрбиелемейді. Біз аудиторияның сұранысына тәуелдіміз. Халық қазір YouTube-те нені көргісі келcе, соны көріп отыр" деген уәж айтты.
Сессия қорытындысында спикерлер алдағы уақытта веб-сериалдар мен өзекті тақырыптағы жылдам шолулар және тікелей эфирдегі шынайы ақпарат трендте болады деген болжам айтты.