Биылғы 25 мамыр күні блок бекетте жол апатын жасап, екі полиция қызметкерін жазым еткен Азат Азаматовтың ісіне қатысты басты сот талқылауы басталды. Істі Қарасай аудандық сотының судьясы Мәди Көшікбаев қарап жатыр. Елдегі карантин шектеулерінің әлі де жалғасып жатқанына қарамастан атышулы іс оффлайн режимде өтті. Оған себеп – сот өтіп жатқан Қаскелең қаласындағы интернет байланысының нашарлығы.


Сот залына келген адам қарасы көп / Іnformburo.kz фотосы

Сотқа жиналған адам санының көптігі сонша, залға әрең сыйды. Сондықтан, жиналғандардың тек маска таққаны болмаса, санитарлық талаптарды сақтауға мүмкіндігі жоқ. Процеске апат кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының жұбайлары мен көп туысы келді. Қара жамылғандар залға кірген бойда Азат Азаматовты қарғап, көздеріне жас алды.


Марқұмдардың туыстарының көңілі құлазулы / Іnformburo.kz фотосы

Оқи отырыңыз: "Жаппай жазаланса да, сабақ алмады". Алматы полициясы блок бекеттегі көлік апаты туралы шындықты неге бұрмалады?

Сотталушы орындығында – Алматы полиция департаментінің экс-қызметкері Азат Азаматов. Ол 25 мамыр күні Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай шағын ауданындағы блок бекетте жантүршігерлік жол апатын жасағаны үшін істі болып отыр. Тергеу дерегінше, BMW көлігін тізгіндеген Азаматов жоғары жылдамдықпен келіп, бақылау-өткізу пунктінің бетон қоршауын қақ бөліп өткен. Одан әрі жолдың арғы бетінде тұрған патрульдік көлікке соғылған.

Апат салдарынан қызметтік көлік ішінде отырған екі полицей Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқанов қаза тапты. Тағы бір тәртіп сақшысы Ербұлан Сейдазым қатты зардап шегіп, ұзақ емнен соң оңалды. Кейін анықталғандай, Азат Азаматов сол күні автокөлікті мас күйінде басқарған. Алматы Полиция департаментінің дерегінше, ол 21 мамырда, яғни, апаттан 4 күн бұрын жұмыстан босатылған.


Сотталушы Азат Азаматов / Іnformburo.kz фотосы

Бастапқыда Азат Азаматовтың ісі Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Кісі өлтіру" бойынша тергелді. Кейін оған 345-1-бабының 4-бөлігіне сәйкес, мас күйінде көлік жүргізіп, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол апатын жасағаны үшін айып тағылды.

26 жастағы Азат Азаматовтың өзі сотқа жайбарақат келді. Оның көңілінен еш қобалжу білінбеді. Сотталушының адвокаты бірден БАҚ өкілдерінің процеске қатысуына қарсылық білдірді. Бірақ, судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Мемлекеттік айыптаушы сол күнгі оқиғаның жай-жапсары жазылған айыптау актісін оқып, сотталушының жол апаты болған күні жалған нөмір тағылған көлікпен жүргенін мәлімдеді. Одан кейін прокурор сотталушыдан жауап алу үшін Азат Азаматовтың өзіне сұрақ қоюға кірісті. Сотталушы сұрақтың бәріне тергеу барысында жауап бергенін айтып, қарсылық танытуға тырысты. Алайда, судья сот тәртібін ескерткен соң ғана сабасына түсіп, оқиғаны есіне түсірді.


Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқып тұр / Іnformburo.kz фотосы

26 жастағы экс-полицей сөзін өзін жұмыссыз ретінде таныстырудан бастады. Бұрын істі болмағанын, сондай-ақ, үйленген және бір баланың әкесі екенін де алға тартты.

Азат Азаматовтың айтуынша, оны 24 мамыр күні жол-патрульдік полициясында бірге қызмет еткен бұрынғы әріптестері шақырған. Сондықтан ол үйінен 23.00-де шығып, Көксай ауылына келген. Сотталушының сөзінше, сол жерде тәртіп сақшылары сыра ішкен.

"24-мамырда жол-патрульдік полициясында бірге қызмет еткен Мағжан, Берік және Жандос деген әріптестеріммен кездесіп, түнгі сағат екіде сыра іштік. Мен 2-3 бөтелке іштім. Содан кейін көлігіме келіп ұйықтағанымды білемін, кейін не болғаны мүлде есімде жоқ. Есімді тек ауруханада жидым. Маған сол жерде жол апатын жасағанымды және апаттан 2 адам қаза тапқанын айтты. Тізем кесіліп, көзім жарақаттанған екен", – деді сотталушы.


Азат Азаматов сотталушы орындығында / Informburo.kz фотосы

Биыл ғана аға лейтенант шенін алған Азат Азаматов 20 мамырда Полиция департаментінің басшылығына өз еркімен өтініш жазып, 21 мамырда жұмыстан босатылған. Сотталушы қызметтен бас тартуын әбден шаршағандығымен және жалақының аздығымен байланыстырды. Ол төтенше жағдай кезінде 38 күн демалыссыз еңбек етіп, қалжырағанын жеткізді.

"Жалақы аз болған соң жұмыстан кеттім. Полицейлердің барлығы жұмыстан сол үшін кетеді ғой. Ертелі-кеш үй көрмейміз. Сондықтан, арызды жол апатына дейін өз еркіммен жаздым", деді Азат Азаматов.

Оның қанша мөлшерде сыра ішкенін біліп, алайда жол апатын қалай жасағанын ұмытып қалғаны жәбірленушілердің ашуын келтірді. Сот барысында марқұм Дастан Әбдіқановтың жарының адвокаты экс-полицейдің 2017 жылдан бастап 4 рет сөгіс алғанын мәлім етті. Алайда, Азат Азаматов өзінің бірнеше рет сөгіс алғанын тек сотта ғана естігендей сыңай танытты.

Ол, сондай-ақ, жалған нөмір тағылған көлікпен не себепті жүргенін де дұрыс түсіндіріп бере алмады. Тек кінәсін мойындап, өткен іске қатты өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ, қайтыс болған қос полицейді де жақын танитынын, олармен қарым-қатынасы жақсы болғанын айтты.

Оқи отырыңыз: Қонақүйдегі бала өлімі: ұлыбританиялық ұшқыш Алматыда бір жасар сәбиін қалай өлтірді?

Сотқа жантүршігерлік оқиғада ауыр зардап шегіп, аман қалған үшінші полицей Ербұлан Сейдазым келген жоқ. Оның қорғаушысы ғана төбе көрсетті. Ал марқұмдардың қайғы жамылған жұбайлары Азат Азаматовқа кешірім бермейтінін және оның заң алдында қатаң жазаға тартылуын қалайтынын жеткізді.

"Кешірмеймін! Оның кішкентай баласы бар болса, менің үш балам жетім қалды. 14, 10 жастағы қыздарым мен бір айлық ұлым бар. Күйеуім ұлын көрмей кетті. Жарас таңғы 8.00-де кезекшілігін тапсырып үйге келетін. Қайғылы оқиға алдында кешкісін телефонмен сөйлестік. Ол 25 мамырдан бастап еңбек демалысына шығатынын айтқан еді. Қаралы хабарды көршілерім жеткізді, қатты есеңгіреп қалдым. Қазір бала күтімімен жұмыссыз отырмын, сондықтан келесі сот отырысында азаматтық арыз-талабымды жеткіземін. Бүгін оған дайын емеспін", деді марқұм Жарас Жанғазиевтың жары Аида Жетпісбаева.


Марқұм Жарас Жанғазиевтің жұбайы Аида Жетпісбаева / Informburo.kz фотосы

Аида Жетпісбаева күйеуінің қазасынан соң мемлекеттік көмек ретінде оларға пәтер мен 1 миллион теңге көлемінде көмек берілгенін айтты. Ал қаза тапқан екінші полиция қызметкері Дастан Әбдіқановтың отбасына пәтер берілмеген. Дастан Әбдіқановтың әкесі ұлының жуықта несиеге бір бөлмелі пәтер рәсімдегенін айтты.

"Асыраушысының қайтыс болуына байланысты Азат Азаматовтан Дастан Әбдіқановтың жесірі Аман Динараға олардың апат салдарынан әкесіз қалған ұлы кәмелет жасына толғанға дейін ай сайын 169 447 теңге мөлшерінде барлығы 36,6 миллион теңге талап етеміз. Ал моральдық шығын ретінде сотталушыдан 1 млн теңге өндіруді сұраймыз", деді жәбірленуші тараптың адвокаты Шолпан Нұрияхметова.


Адвокат Шолпан Нұрияхметова / Informburo.kz фотосы

Бұған дейін марқұмдардың отбасына "жауапкершіліктен қашпаймын, шамам келгенше көмек беремін" деген Азат Азаматов тек бір отбасының материалдық-моральдық шығыны туралы естіп, есеңгіреп қалды. Ол бірден "мұндай ақша төлеуге шамам жоқ" деп кесіп айтты. Жәбірленуші тарапты сот отырысының соңына дейін Азаматовтың ешкімнен кешірім сұрамай, жайбарақат отырғаны қынжылтты. Бұл туралы адвокаттар шағымданғанда ғана бұрынғы тәртіп сақшысының ұяты оянғандай болды.

"Мен соңғы сөзімде кешірім сұрайын деп ойлаған едім. Қазір сұрау керектігін білмедім. Барлығынан кешірім сұраймын. Олар маған бөтен адамдар емес, әріптес болатын. 6 жыл бірге жұмыс істеген адамдарым, іштегі сырымды да соларға айтатынмын. Өмірімнің 70 пайызын әріптестеріммен бірге өткіздім", – деді Азат Азаматов.

Соттың келесі отырысы 25 қыркүйек сағат 16.00-ге жоспарланды. Ол күні оқиға куәгерлерінен жауап алынбақ. Сондай-ақ, тараптардың арыз-талабы қаралады.