Асығуға болмайды: жер комиссиясы ауылшаруашылық жерлерін сатуға мораторий мерзімін 5 жылға ұзартты
ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жер комиссиясы 24 сәуірдегі отырыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатуға мораторий мерзімін 5 жылға ұзартты, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандықтар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беру туралы мәселе белсенді пікірталас тудырды. Отырысқа қатысушылардың пікірі үшке бөлінді: жеке меншікті қолдаушылар, тыйым салуды жақтаушылар және жерді фермерлерге ұзақ мерзімге жалға беруді ең орынды деп санайтындар.
Комиссия мүшелері арасында бірыңғай пікір болмағандықтан, Ералы Тоғжанов осы бағытта егжей-тегжейлі жұмыс жүргізу қажеттігін қолдады.
Комиссия төрағасы жасалған ұсыныстар мен қоғамның пікірін, сондай-ақ бұл мәселенің экономика және ауыл шаруашылығы үшін маңыздылығын ескере отырып:
- елдегі барлық жерлердің топырағы мен геоботаникалық ерекшеліктерін ескере отырып, ауылшаруашылық жерлеріне толық түгендеу жүргізу;
- нарықтық бағаны ескере отырып, жер құнына толық аудит жүргізуге және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің соңғы 10 жылда өзгермеген кадастрлық құнын қайта қарау;
- жерді әділ және ашық түрде беруді қамтамасыз ету үшін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді электронды форматта және ашық қол жетімділікте беру тетігін енгізу.
"Әрине, түпкілікті шешім қабылдау үшін біраз уақыт қажет. Асығыстық жоқ. Бұл жұмыстардың сапалы орындалуы мен жүзеге асуы үшін үш жылдан бес жылға дейін уақыт керек. Қазақстандықтар үшін жеке меншікке мораторийді көздейтін норманың қолданылу мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамын", – деді Ералы Тоғжанов.
Бұл ұсынысты комиссия мүшелерінің көпшілігі қолдады.
Оқи отырыңыз: 2021 жыл соңында Жер кодексіне қатысты мораторий күшін жояды. Жер дауы қайта өрши ме?
Ералы Тоғжанов жер комиссиясының бір айдағы жұмысын қорытындылап, оның агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына оң әсер ететін маңызды шешімдер қабылдағанын атап өтті:
- қазақстандықтарға ауылшаруашылық жерлерін 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру мүмкіндігін жаңадан қарастырып, бұл мерзімді ұзартудың жаңа тетігін қарастыру қажет. Бұл ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін маңызды шешім болады;
- барлық қазақстандықтарға ұзақ мерзімді жалға берілетін ауылшаруашылық жерлері туралы жер кадастры мәліметтеріне қол жетімділікті ашу;
- жер қатынастарын цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 2023 жылдан бастап әкімдіктер жанындағы жер комиссияларын тарату;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қосалқы жалдауға тыйым салу;
- қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекіту туралы Үкімет қаулысын қабылдау;
- жайылымдық жерлердің жүктемесі туралы өзекті деректерді алу үшін космомониторинг сервисінің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз ету;
- жергілікті халыққа орман қоры жерлерін мал жаю және жем дайындау үшін 10 және одан да көп жылға пайдалану мүмкіндігін беру, сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін қоғамдық жайылымдарға ауылдың айналасына радиус енгізу.
"Комиссия ұсыныстарының негізінде қазір арнайы заң жобасы әзірленуде, ол мамыр айында Парламенттің қарауына енгізіледі. Комиссия мүшелері оны қарау кезінде жұмыс топтарына қатыса алады", – деді Ералы Тоғжанов.