Астананың қоқыс алаңында өмір мен базар қайнап жатыр
Әр жұмыстың өзінің қызығы мен шыжығы бар.
Қазақстанда қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардың 2,5-3 пайызы ғана өңделеді. Ал дамыған елдерде ол 90 пайызға жеткен.
Астананың қоқыс орны қаланың солтүстік шығысында, көкбазар мен Астана жылу станциясының жанында, қалаға кіреберісте орналасқан. Себебі, Астана астана болмай тұрғанда, бұл – қоқыс алаңы болыпты.
Есектің артын жусаң да мал тап
Біз қоқыс алаңына барғанда әркімді суретке тартуды қаламадық. Олардың да суретке түсуге құлықтары жоқ. Олар мұнда еріккеннен жүрген жоқ, оларға ақша тауып, бала-шағасын асырау керек. Сол үшін біреулерге таба болса да, арланбайды, сондықтан тығылып, жасырынбайды да...
Бұл жерде өзіндік өмір, күрес бар, мүдде қақтығысы да жүріп жатыр. Бұл жерде қаңғыбас мүсәпір де, бай шенеунік те ақша табады.
Полигонының қақпасы. Қоқыс алаңына осы жерден кіреді.
Тақтада қоқыстарды жинау және өңдеу барысы мен жауапты мекемелер туралы мәліметтер жазылған.
Қаладан жиналған бүкіл қоқыс осында әкелінеді. Сосын қоқыс өңдеу зауыты оларды сұрыптап алып, өңдейді. Ең соңғы мүлдем жарамсыз дегендерін полигонға апарып көмеді.
Бай да, кедей де, ит те, құс та осында жүр
Қоқыс алаңы бай мен кедейдің арасын жалғастырып тұрған көпір секілді. Қу тірлік үшін жүрген біреуіне жаның ашиды, ал біреудің ынсапсыз тірлігіне күйінесің. Біріншісінің тірнектеп тапқаны – адал, ал екіншісінікі – адал ма, мәнсіз баю жолында қолын боққа тыққандар ма?
Кімдікі дұрыс? Байдікі ме, кедейдікі ме?
Кедейлер қоқыс алаңында қара күйелеш болып, көз алдыңда жүреді. Ал байлар үйінде жатып, осы қоқыс алаңына бөлінген субсидиялар мен әлдебір қаржыларды "игереді"...
Жартылай ғана көмілген қоқыс алаңы. Оны қарғалар мекені деп айтуға болады. Себебі, адамдардың ішім-жемінен қалған түрлі азық-түлік қалдықтары да осында көмуге әкелінетіндіктен қарғалар үшін жеткілікті көлемде.
Қоқыс төгу полигонына "Астана тазалық" МКК басқа да жүк көліктері келіп қоқыстарын тастай алады және қоқыстан жиналған, пайдалануға жарамды деп танылған заттарды тасып әкетеді.
Осы арада төгілген қоқыстар сұрыпталып, өңдеу зауытына әкетілуі керек.
Қоқыс төгу алаңына және Астана қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасының қалдық қоймасына баратын екінші жол да бекітіліп тасталған. Бірақ адамның іздері жатыр.
Қоқыстан нәпақа тауып жүргендер көп
Қоқысты осы арадан артып әкетіп, қоқыс өңдеу зауатына апарып сұрыптайды және өңдейді. Алайда қоқыс алаңында темір-терсек пен қағаз, целлофан терген адамдардың қарасы көп.
Олардың айтуынша, ел лақтырып тастаған тұрмысқа қажетті, әлі пайдалануға жарайтын заттар көп. Темірді, қағаз бен целлофанды және басқа да қолдануға болатын қоқысты іріктеп, базарға шығарып сатады. Немесе қаладағы темір, қағаз, целлофан заттарды қабылдайтын орындарға барып өткізеді.
Осылай бала-шағасын асырап отыр.
Қоқыс теру – "халал"
– Біз керек емес деп, лақтырып тастаған елдің заттарын кәдеге жаратып жатырмыз. Бұл – нағыз "халал бизнес", – дейді олар. – Зауытқа, үкіметтік мекемеге біздің қатысымыз жоқ. Осында келіп қоқыс жинап, оны сатып, жан бағып жүрміз. Сондықтан бет-бейнемізді ашық таратпаңыз, әрі аты-жөнімізді атамаңыз.
Тиеп әкелгенін қотарған көліктегі қоқыс арасынан жаңа сойылған мал терілерін де анық көруге болады. Бұл – Астанада тері өңдеу өнеркәсібінің жоқ екенінің бір көрінісі.
Қоқыс терушілер қоқыстағы заттарды түр-түрге айырып, сұрыптап қойған.
Көмуге жіберілген қоқыстың ішінде де машина доңғалақтары, целлофан мен картон, темір-терсек көп кездеседі. Бұл қоқыстың алдын-ала сұрыпталып, өңделмейтіндігін көрсетеді.
Сұрыптау қызметін кім атқарады?
Негізі сұрыптауды қоқыс зауыты орындауы тиіс. Бірақ қоқыс алаңында жай жинаушылар көп. Оларда демалыс жоқ.
Жарамсыз құрал-жабдық пен түрлі техника да жеткілікті
Олар да осы қоқыс полигонының жанында. "Тіптен арасынан пайдалануға жарамдыларын көптеп табуға болады", – дейді қоқыс алаңын мекендегендер.
Бұл полигонның пайдалану мерзімі 5 жылда бітеді
Суреттегі тордың арғы бетінде екі полигон көрініп тұр. Біріншісі әлдеқашан көміп тасталған. Ал алыстан көрініп тұрғаны – қазір қоқыс көміліп жатқан полигон. Қазірдің өзінде бұл да тола бастаған.
Полигон жабылғаннан кейін үстіне жылыжай салынады
– Мен бұл полигондар бойынша бірнеше жобаға қатысқанмын. Негізі экологиялық мәселе туындамайды деп есептеймін. Толық өңделмегенмен қоқыстар ертең көміледі. Сосын тапталады да үсті қалың топырақ қабатымен жабылады. Оның үстіне "Жылыжай" салынып, жасылдандыру жұмысы жүретін болады, – дейді "Байтақ болашақ" республикалық экологиялық альянстың атқарушы директоры, эколог Ерлан Мақажанов.
Полигонның астында жер асты көлі бар
Ерлан мырзаның айтуынша полигонның бір жақ астында жер асты көлі бар. Оны Астана су арнасы да, қаланың құзырлы мекемелері де біледі. Кезінде қоқыс алаңының асты толық дайындалғандықтан, жер асты суларына зиян келтірмейді екен-мыс.
Бірақ Астана жылу электр стансаларының күлі төгілген мұндағы полигонның сыйымдылығы аз, толып тұр. Ондағы қоқыстың көлемі нормадан асып бара жатыр. Сондықтан жер асты көліне ықпал ету мүмкін деген жорамал да жоқ емес.
Бес жылдан кейін полигон толық жабылуы керек
Полигонның қала ішіне жақын орналасқанын да айта кеткен жөн. Себебі, Астана болмай тұрғанда да қоқыс төгілген жер екен. Бұрынғы қоқыс алаңын кеңейте салған. Енді бес жыл ішінде толық міндетін өтейді екен.
Сосын басқа жерден қайтадан полигон ашылатын болады. Әзірше ол орын әлі белгіленбеген. Бұл – әкімдіктің болашақтағы жұмысы.
Енді қоқыс өңдеу зауытының жұмысын "ӨКМ" қадағалайды
Астанадағы жалпы құны 36 миллион еуроға түскен қоқыс өңдеу зауыты 20-30 пайызға істеп тұрғаны белгілі болды. Бұл туралы 2017 жылы қыркүйекте қала әкімі Әсет Исекешев айтқан болатын. Үкіметтің Қаулысымен қазір зауыт жұмысын жандандыру "Оператор РОП" ЖШС-не берілді. Ол енді Қазақстан Республикасында өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері − (ӨКМ)-нің операторы болып табылады.
Оператор функцияларына қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) кәдеге асыру алымын, тасымалдауды, өңдеуді, пайдалануды және кәдеге асыруды ұйымдастыру, екінші шикізатты алу жатады.
ӨКМ стратегиялық мақсаты – пайдалану тиімділігін арттыру және жаңартылмайтын табиғи ресурстардың тұтынылуын азайту арқылы тұрақты өндірістік-тұтыну жүйелерінің дамуы.
"Астана қоқыс" – "Аққу, шортан, шаян"
Астанадағы қоқыс өңдеу зауытын жобалап, салушылардың бірі Егор Зингер өзінің бір сұхбатында былай дейді: "Қоқыс тасу, өңдеу және көму жұмысы үш бөлек орындаушыға берілген. Яғни, тасушы бір жеке компания, өңдеуші тағы бір жеке компания, ал қоқыс көму алаңы тағы да бөлек".
Астанада қоқыс пен қалдықтарды тасу-шығару үшін адам басына 259,20 теңгеден алынады. Астанада бір миллионнан астам адам тұратынын және 10 мыңдаған компания бар екенін ескерсек, әр айда бірнеше жүз миллион теңге қаржы түседі.
Дамушы және дамыған елдерде қоқысқа бөлінген қаржының 45-50 пайызы өңдеу саласына бөлінеді. Ал біздің елде керісінше екен. 65 пайыз қоқыс тасушыға, 17 пайыз өңдеуге, 18 пайыз көмуге бөлінеді.
Міне бұл өңдеу саласының тұралауына әкеп соқтырып отыр. Әзірге шешім жоқ. Бұл үш саланы бір мекемеге біріктіру керек пе? Әлде үкіметтің бақылауына өткізген дұрыс бола ма?
Қоқыстарымыз шетелге сатылып жатыр екен
Еуропа, Ресей, Жапон елдерінде қоқыс – өте үлкен байлық көзі. Ал біздегі қоқыстан теріліп алынған темір-терсектер мен қағаз-целлофандар Ресейге, Өзбекстан мен Қытайға сатылып жатқаны белгілі.