Астанаға қонаққа келсеңіз, абай болыңыз. Автобуста жүру тәртібі өзгерді
Екі күнге созылған жомарттық
Жол жүрудің жаңа тарифі астаналықтарды әуреге салды. Жолаушылар Astra жол картасын салып алғанымен, онлайн аударылған ақша түскенше 180 теңге қолма қол төлеуге мәжбүр.
Ал қоғамдық көлік қызметін реттеуші Астана LRT компанияы "сараланған тариф іске қосылған күннен бері екі күн жолаушыларға жеңілдік жасадық, енді ондай жомарттық таныта алмаймыз" деп отыр.
Баспасөз қызметінің айтуынша, 21-22 шілдеде кондуктордан Astra картасын сатып алғандарға бір рет тегін жол жүру мүмкіндігі берілген. Енді ол болмайды.
Кедергі көп
Қоғамдық көлікте қолма-қол ақша төлеп жүру ақысы екі есеге қымбаттай сала көлік картасын сатып алуға ағылған жұрттың өкпелері қара қазандай болды. Өйткені:
- Көлік картасын сатып алатын терминалдардың бірқатары істен шыққан;
- Кондуктордан алған карта бос, ішінде ақша жоқ;
- Кондукторлар жолаушыларға қажетті ақпаратты жеткізе алмайды, олардың тарапынан әлі де болса қолма-қол ақшаға қызығушылық бар;
- Qiwi терминалдары және kaspi.kz интернет-банкинг арқылы онлайн төлем жүйесінің жұмысы ретсіз, ақша сол сәтте түспейді. Тіпті, 2-3 күнге созылып кетті деп наразы боп жүрген жұрттың қарасы көп.
Жүйе оффлайн, төлем онлайн
Астана LRT баспасөз қызметінің айтуынша, онлайн жіберген ақшаның алған картаңыздың шотына түсуі үшін кем дегенде 3-4 сағат уақыт керек екен.
Өйткені, компанияның электронды төлем жүйесі бастапқыда оффлайн негізінде жасақталған.
– Ал желіде "жіберген ақшамыз 12-24 сағат бойы түспеді" деп шу шығарып жатқандар картаны пайдалануды (активтендіруді) білмеген, – дейді компанияның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева.
Сатып алған тарифті активтендіру үшін:
1. Картаны автобуста жүргізушіден сатып алсаңыз, оны терминалға түйістіріп, 3-5 секунд ұстап тұра тұру керек.
2. Міндетті түрде валидатор экранына "Толтырылды, ОК" ("Пополнение, ОК") деген хабар шыққанша күткен жөн.
3. Валидациядан тағы бір өтіп, "Валидация" деген хабарды күту керек. Осыдан кейін картаны əдеттегідей қолдана беруге болады.
RTVM-автоматтан сатып алсаңыз, V тәрізді ұяшығына картаны салып, бес секунд ұстап тұрыңыз. Автоматтың экранында картаның теңгерімі көрсетілгенше күту керек. Содан кейін картаны əдеттегідей қолдана беруге болады.
Үш күнде 100 мың көлік картасы сатылған
Астана LRT баспасөз қызметінің айтуынша, сараланған тариф енгізілгеннен бері 100 мың көлік картасы сатылыпты.
– Осыдан бірер апта бұрын жолаушылардың тек 36 пайызы жол жүру карталарын пайдаланса, бүгінде бұл көрсеткіш 83 пайызға жеткен. Ал жолаушылардың 98 пайызы электронды төлем жүйесіне көшкенде, автобустарда кондуктор болмайды. Бақылаушы қызмет ғана болады, – дейді баспасөз хатшысы.
24 градус ыстықта кондиционердің қосулы тұруын талап ете аласыз
Жолаушының құқығы ҚР заңнамасы бойынша реттеледі. Кондиционер +24 градустан бастап жұмыс істеуі керек. Алайда кейбір баласы бар, үлкен жастағы адамдар кондиционерді өшіруге сұрайды.
Жолаушы +24 градустан жоғары ыстықта кондиционерді қосуды жүргізушіден сұрауына болады.
Жеңілдігі барлар қалай жүреді?
Атаулы көлік карта иелері қала ішінде қатынайтын барлық маршруттарда тегін жүреді. Картаны да тегін алады.
Жеңілдігі бар көлік картасы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығында есепте тұрған азаматтарға ғана беріледі.
Есепте тұрсыз ба, жоқ па білу үшін, 574-777 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласып, операторға өзіңіздің ЖСН айтыңыз.
Оператор сіздің деректеріңіздің орталықтың базасында бар-жоғын тексереді. Егер базада бар болса, сіз карта алу үшін екі тəсілмен өтінім бере аласыз.
Біріншісі, alrt.kz немесе transcard.kz сайттарында онлайн-өтінім қалдырасыз. 2-5 жұмыс күн ішінде сіздің электрондық поштаңызға хабарлама келеді. Содан кейін картаңызды Орталық кассадан алып кетуге болады.
Екінші тәсілі – тікелей Орталық кассаға барып, анкета толтырасыз. Өзіңізбен бірге жеке бас және зейнетақы куəліктеріңізді ала барыңыз.
Орталық касса Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 14-үй мекен жайы бойынша орналасқан. Дүйсенбі мен жұма аралығы, таңғы 9.00-ден 18.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс жасайды.
Ал қала маңы автобустарына мінгіңіз келсе, атаулы карталарыңызға ақша жүктеп қойыңыз. Өйткені...
Қала маңындағы жеңілдігі бар жолаушылар қала ішінде тегін жүре алмайды
Бұрын электронды карта болмаған соң, олар зейнеткерлік тағы басқа жеңілдік куәліктерін көрсетіп жүре беретін және оларды ешкім есептеп, тексермейтін.
Қазір электронды жүйе енгізілгелі бұл мәселе бақылауға алынды.
Қалалық мәслихаттың шешімі бойынша (сілтемесі төменде) тегін жүру Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарға ғана беріледі. Жеңілдік тек қала ішінде жүретін бағдарларға арналған.
Карта алам десеңіз
Көлік картасын автобус жүргізушілерінен сатып алуға болатынын айттық. Одан басқа қалада 30 терминал, 6 мамандандырылған касса бар. Сондай-ақ картаны 51 сауда нүктесінен сатып ала аласыз.
Бірінші тамыздан бастап, картаны Астана LRT компаниясының transcard.kz сайты арқылы онлайн толтыру тәсілі қолжетімді болады.
Ақшаны қадағалап отыра аласыз
Картаңызда қалған ақшаны RTVM терминалдарынан және автобус ішіндегі валидаторға картаңызды тигізіп, оң жағындағы "i" деген белгі тұсындағы батырманы бассаңыз біле аласыз.
– Егер төлемді онлайн жасайтын болсаңыз, ақшаңыз азайған кезде төлеп қойсаңыз болады, – дейді компанияның баспасөз қызметі.
Осылай боларын білдік...
Компанияның электронды жүйеге көшуді жоспарлап жүргеніне біраз уақыт болды. Алайда, сараланған тариф енгізгенге дейін бұл жүйеге жолаушылардың 36 пайызы ғана көшті.
– Яғни, қалған 64 пайыз жолаушы көлік картасын алуға ұмтылатыны, ала топалаң болатыны белгілі еді. Жұрт шатаспасын деп, уақытша қысқа мерзімдік қағаз көлік карталарын сатылымнан алып тастадық, – дейді баспасөз қызметі.
Айтуынша, оңтайландыру үшін бұрынғы бірнеше тарифтің бәрі жойылып, "Көлік әмияны" мен "Айлық жол жүру" тарифтері ғана қалды.
Бір қуантарлығы, "Көлік әмияны" тарифын таңдағандар енді бұрынғыдай бөліп жармай картасына 100 теңгеден 5 000 теңгеге дейін салып, толтыра алады.
Картадағы ақшаны қалалық, экспресс және қала маңы сияқты барлық бағытта қолдана береді.
Ауысып отыру мүмкіндігі сақталады
Бір сағат ішінде бір рет басқа автобусқа ауысып отыру мүмкіндігі сақталады. Қалалықтан қалалыққа, экспрестен экспреске, қала маңы бағдарынан экспресс пен қалалық бағдарларға кез келген бағытқа ауысып отыра аласыз.
"Көлік әмияны" тарифін төлеу кезінде жол жүру құны:
- Дағдылы қалалық бағдарларда – 90 теңге (балалар – 40 теңге);
- Экспресс-бағдарларда – 180 теңге (балалар – 90 теңге);
"Айлық жол жүру" тарифінің құны:
- ASTRA Қала "Айлық" – ересектер үшін 7 500 теңге, балаларға 1500 теңге;
- ASTRA Қала "Үш айлық" – ересектер үшін 20 000 теңгені құраса, балаларға 4000 теңге;
- ASTRA Қала+Аймақ "Айлық" – ересектерге 9500 теңге, балалар үшін 2000 теңге төлейсіз.
Жолаушыларды отырғызу және түсіру ережелері өзгерді
"Астана LRT" компаниясының мәліметіне сүйенсек, екі және одан да көп есігі бар автобустарда жолаушылар алдыңғы есіктен кіреді. Ал түскен кезде алдыңғы есіктен басқасынан шыға береді.
Қоғамдық көліктің ортаңғы есігін мүгедек жандар мен арбасы сүйреткен жолаушылар пайдаланады.
50 кондуктор өз еркімен жұмыстан кетті
Науат Азанбаеваның айтуынша, 2014 жылы испаниялық Тиспа компаниясы жүргізген тәуелсіз сараптама негізінде қала бойынша күніне 850 мың жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланады деген тұжырым жасалған болатын.
Алайда, Астана LRT таза кіріс бойынша жұмыс күндері 623 мың, ал демалыс күндері 325 мың шамасында адамның қоғамдық көлікпен қатынайтынын есептеген. Сонда, қалған 200 мыңнан астам жолаушы қайда?
– Олардан түскен қолма қол ақша жымысқы кондукторлардың қалтасына түсіп жатқан болар, әйтпесе, жұрт жаппай электронды жүйеге көшкенде, 50 кондуктор өз еркімен жұмысынан кетпес еді, – дейді Науат Азанбаева.
Қала маслихатының шешімімен мына жерден таныса аласыз.
Естеріңізде болса...
Астанада жол жүру ақысын электронды төлеу жүйесін (ASTRA Plat) енгізу үшін 2015 жылы қалалық бюджеттен 4,97 миллиард теңге бөлінген болатын.
Былтыр Астана LRT жылына 10 миллиард теңге кондукторлардың қалтасына кетіп жатыр деп дабыл қаққан-ды. Сөйтіп, оның алдын алу үшін пәтер басынан 3800 теңге жинайтын "BUS/километр" жүйесін енгізуді де ұсынған еді. Алайда үлкен дау тудырғандықтан, компания ол ұсынысын жылы жауып қойды. Әзірге бұл жоба туралы сөз қозғалып жатқан жоқ.
Одан кейін компания зейнетақы кітапшасын оңды-солды пайдаланғандарды бақылауға алды. Өйткені қала бюджетінен автопарктерге кетіп жатқан қаржыны есепке алу керек болды. Әйтпесе, автобуста жүрсе де, жүрмесе де ақша аударылады. Оны айтпағанда, жалған зейнетақы куәлігін жасатып алатын пысықтар да бар болып шықты. Компания осы мәселені ретке келтіруді көздеген еді.
Компанияның сатып алған автобустарының бағасы мен электронды төлем жүйесіне көшу үшін жұмсаған қаражаты туралы мына жерден оқи аласыз.
Жегеннің аузында, жемегеннің қолында кетіп жатқан миллиардтарды қайтару үшін осы уақытқа дейін компания билет бермеген кондукторды да, билет алмаған жолаушыны да жазалап келеді. Бірақ, айласын асырып жүргендер көп.
Компания бақылауына алса да, билетті қаласа ғана ұсынатын, бір жыртылған билетті бірнеше адамға беріп, қайтарып алатын кондукторлар әлі бар. 11 аялдама арасында екі билет жыртып берген кондуктор туралы бұрын жазған болатынбыз. Дегенмен, қазір "валидатор істемей қалды" деген сылтаудан арылдық. Себебі, енді валидатор істемесе, жолаушы тегін жүреді.
Кондукторлардың айлығы туралы мына жерден оқи аласыз.
Көлік картасын кассалардан және RTVM терминалдарынан сатып алады. Мекен-жайын мына жерден біле аласыз.