АҚШ доллары халықаралық мәртебесінен айырыла ма? Сараптама
Наурызда америкалық ФедРезерв АҚШ экономикасының минусқа кетпеуі (рецессия) мен доллардың құнсызданбауы (инфляция) үшін несие берудегі пайыздық көрсеткішті төмендетіп еді. Сол кезде теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 381-ден 461 теңгеге өсіп кетті.
Сол кезден бастап орыс басылымдары "АҚШ-тың саяси әрі экономикалық гегемониясы бітті" немесе "Доллар құрдымға кетеді" деп жарыса жазды. Ақшасын долларда жинап жүрген қазақтар орыс басылымдарын қарап, уайымдай бастады. Мұны орыстардың әдеттегідей АҚШ дискредиттеу процесі деп білемін. АҚШ долларына әлі сенуге болады. Неге екенін бірге анықтап көрейік.
Оқи отырыңыз: "Елімізге қажет өндіріс". Қазақстандық инженер АҚШ-та "смарт" бетонды сынақтан өткізді
Долларға жауапты АҚШ елі болғандықтан, оның экономикасы мен халықаралық абыройы, қаржы айналымы бірқатар дамыған елдердің ЖІӨ-інен асып түсетін қаржы институттарының АҚШ-та орналасуы және ФедРезерв (Federal Reserve System, US Central Bank), Бүкіләлемдік банк (The World Bank) және Халықаралық валюта қоры (International Monetary Fund) сынды қаржы мониторингімен айналысатын институттың да осы елде болғаны валютаға деген сенімді құрамдайды. Егер АҚШ-тың саяси және экономикалық қуаты әлсіреп, аталған институттардың абыройы төмендесе, долларға да сенім азаяды. Ал егер бүкіл әлем долларды жаппай сатуды бастаса және сатып алушы мүлде болмаса, доллар гиперинфляцияға (құрдымға) кетеді. Бірақ бұл әзірге сюрреализм.
Сосын, қазіргі бүкіл әлемдегі байлықтың 65 пайызы АҚШ доллары эквивалентінде сақталған. Ал Қытай юані оның 12 пайызын құрайды. Қытай осы көрсеткішіне соңғы 40 жылда жеткен. Сондықтан пайыздық көрсеткіштер бір түнде ауыса қоймайды.
Демек, АҚШ доллары қазақ теңгесі сияқты бір түнде құлдырап кететіндей осал емес. Бірақ алыс болашақта АҚШ долларын Қытай юані ауыстырады деген болжам бар. Десе де, ол кем дегенде 2050 жылдан кейінгі болатыны анық.
Оқи отырыңыз: Америкалық миллионер қазақ: АҚШ-та бизнес жасау әлдеқайда жеңіл
Қазіргі таңда, халықаралық келісім бойынша кез келген экспорт/импорт процестері АҚШ долларында жүргізілетінін білесіздер (Неге олай екенін білгіңіз келсе, Бреттон Вудс келісімі жайлы оқыңыз). Бірақ соңғы жылдары Қытай үкіметі оңтүстік-шығыс Азиядағы елдермен сауда айналымында өз валютасын қолданып жүр. Тіпті өз территориясында АҚШ-тағы Бүкіләлемдік банк пен Халықаралық Валюта қорының аналогын құрып, көрші елдерге юанмен несие беруді бастаған. Бұл Қытай валютасының халықаралық сахнадағы сенімін арттырады.
Сонымен коронавирус пандемиясынан туған экономикалық дағдарыс АҚШ долларын халықаралық мәртебесінен айыра ала ма? Қысқа жауабы: Жоқ.
Себебі, пандемия АҚШ экономикасына әсер етіп жатқан сыртқы фактор, яғни ол ішкі құрылымының құлдырауынан әлсіреп жатқан жоқ. Демек АҚШ экономикасы латынның V әрібі сынды тез құлап, тез қайта қалпына келуі тиіс. Сарапшылар жыл соңына дейін экономика қайта қалпына келеді деп болжап отыр. Бірақ қазіргі вирустың таралуы саябырси қоймаса, V әрібі U-ға ауысады, яғни қайта қалпына келу процесі біршама кешігеді.
Оқи отырыңыз: Қазақ жігіті 19 жасында АҚШ-қа кетіп, 40 адамды жұмыспен қамтитын өз ісін ашып үлгерген
Пандемия АҚШ-тың шағын және орта бизнес секторына үлкен соққы болып отыр. Мысалы, дәл қазір АҚШ-тағы 30 миллион шағын және орта бизнестің 90 пайызы карантин себебінен жабылған. Егер мамырдың басында олар қайта жұмысқа кіріспесе, 10 миллионы банкрот болады. Ал карантин маусымның соңына дейін жалғасса, АҚШ-тағы шағын және орта бизнестің тең жартысы дефолт жариялайды. Бұл осы бизнестерге жалданып істейтін америкалықтар да жұмыссыз қалатынын білдіреді.
Кез келген елде шағын және орта бизнес экономиканың негізгі құрамдаушы қүші болып саналады. Сондықтан АҚШ үкіметі үшін де бұл айтарлықтай ауыртпалық тудырып отыр және оны қайта бұрынғы қалпына келтіру үшін бірнеше жыл қажет болуы да мүмкін. Бірақ бұл АҚШ долларына еш әсер етпейді. Себебі АҚШ қаржы институттары доллар құнсызданбауын пайыздық мөлшерлемені төмендету арқылы қамтамасыз ете алады.
Оқи отырыңыз: АҚШ: тәуелсіздік жолындағы күрес. Фоторепортаж
Қазір жалпы ішкі өнімі бойынша, яғни табысы бойынша АҚШ әлемде бірінші орында. Бірақ экономикалық болжамға орай, Қытай АҚШ-ты осы жыл соңына дейін басып озуы тиіс. Қазіргі коронавирус пандемиясы Қытайдың басып озатынын уақытынан ерте дәлелдеді. Ал 2030 жылға қарай АҚШ-ты Үндістан да басып озуы тиіс. Сосын 2040 жылы Қытай ЖІӨ АҚШ-тан екі есе көп болады. Дәл осы онжылдықтан кейін Қытай бүкіл әлемге өзінің саяси әрі экономикалық гегемониясын күштеп көрсетуді бастайды.
Ал 2040 жылға дейін АҚШ доллары құнсызданбайды.