Сең қозғалды. Тексеру басталды

Астанадағы №67 мектеп-гимназиясының ұстаздары осыдан екі апта бұрын жиналыс өткізіп, директор Әльфия Мұсаеваның жұмыстан кетуін талап еткен болатын. Кеше мектеп мұғалімдері баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Айтуларынша, сең қозғалып, құзырлы органдар ұстаздардың жанайқайына құлақ түре бастаған.

"Міне, екі айдан бері, біз – №67 мектеп-гимназияның ұстаздары, директордың үстінен арыз жазып, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Қалалық прокуратураға, Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне, "Нұр Отан" партиясына, әкімдікке хат жазып, хабар күттік.

Бірақ, Бас прокуратура ғана жедел жауап берді. Іс қалалық прокуратураға жолданыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мектепте аудит-тексерудің басталатынын хабарлады", – дейді орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің ұстазы Мәрзия Базарбекова.


Мәрзия Базарбекова: "Ұстаздар ішкі тексерумен істі аяқтаймыз деп ойлаған, бірақ директор бізді сотқа берді" / Фото informburo.kz

Білім басқармасы қылмыс құрамын таба алмапты

Мәрзия Базарбекова ұстаздардың Астана қалалық білім басқармасына алғаш рет 2017 жылдың сәуірінде хат жолдағанын еске салды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин 10 мамырда мектеп ұжымымен кездесіп, комиссия құрылатынын хабарлаған болатын.

Комиссия құрылған, тексеру жүрген. Бірақ білім басқармасы ұстаздардың арызында көрсетілгендей мектеп директорының ісі бойынша қылмыс құрамын таппағандарын, оған тек сөгіс жариялағандарын хабарлап, 31 мамырда хат жолдаған.

"Жағдайды білеміз. Бірақ, алда ҰБТ"

Қалалық Білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова informburo.kz тілшісімен телефон арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюроның қазір тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

"№67 мектептегі жағдайды біз жақсы білеміз. Ұстаздар мен ата-аналардың арызына байланысты, білім басқармасы арнайы комиссия құрып, ішкі тексеру жүргізген. Ұстаздар арызында пара алу фактілері туралы жазғандықтан, комиссия сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін ұлттық бюроға сауал жолдады. Қазір басқарма сол бюроның шешімін күтіп отыр.

Себебі, дәлелсіз айтылған фактіге сүйеніп, басқарма шешім шығара алмайды. Сондықтан, күту керек. Ал, ҰБТ басталар тұста, мектепке қайта-қайта барып, балалардың да, ұстаздардың да мазасын алу – оқу нәтижесіне кері әсерін тигізеді.

Ұлттық бюроның шешімінен кейін, біз міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат береміз. Ал, №67 мектептің директоры Әльфия Мұсаева қазір денсаулығына байланысты демалыста", – дейді Жазира Асанова.

Ұстаздардың жазғы демалысы соттасумен басталатын болды

Бірақ, мектеп директоры ауырып жатқанына қарамастан, өзіне қарсы ашық хатқа қол қойған 13 мұғалім мен осы шуды әлемжеліге таратқан блогер Ақмарал Өмірәлинованың үстінен азаматтық сотқа арыз жазған. Алғашқы сот отырысы 5 маусымда өтеді. Мектеп ұстаздарының бірі, Зайра Спаина ұстаздардың арызбен танысқанын және директордың 14 адамнан 1 млн теңге көлемінде моральдық шығын талап еткенін айтты.


Зайра Спаина / Фото informburo.kz

"Сарыарқа аудандық соты 13 мұғалім мен 1 блогерге қатысты азаматтық істің қозғалғаны туралы ескерту қағазын жолдады. Әльфия Елубайқызы бізді "ар-намысыма нұсқан келтіріп, іскерлік беделіме күйе жақты" деп айыптаған екен. Ескерту қағазын бәріміз алдық. Сотқа барамыз. Алғашқы сот отырысы 5 маусым күні сағат тоғыз жарымда, Сарыарқа аудандық азаматтық істер жөніндегі сотында өтеді деп белгіленген", – дейді Зайра Спаина.

Ұстаздардың үстінен азаматтық істің қозғалғаны анықталған соң, қалалық білім басқармасы оларды (директор үстінен арыз жазған ұстаздарды - авт.) мәмілеге келуге шақырған. Бірақ, ұстаздар бас тартып, шындыққа жеткенше күресеміз дейді.

Ұстаздарды кім қорғайды?

Директор моральдық шығын талап етіп, азаматтық сотқа арыз түсіргеннен кейін, ұстаздар "Қамқорлық" қоғамдық бірлестігінің көмегіне жүгінген. Оның жетекшісі Евгений Цай көп жылдан бері балалардың құқығын қорғап келеді.

"Бұл мектептегі мұғалімдердің мәселесі шешілген жоқ, ол енді басталды. 20 мамырда ұстаздар өтініш білдірді. Кейін бірнеше ата-ана қосылып, талап-тілектерін жазып та берді. Қазір өтініштердің саны артып келеді.

Ұстаздардың маған берген құжаттарына, бұған дейін өткен жиналыстардың хаттамаларына қарап, заңсыз әрекеттер бар деген қорытындыға келдім.

Ақша жинау мен қаражатты теріс мақсатта пайдалану сияқты қылмыстың да көріністері бар. "Қамқорлық" қоғамдық қоры мұғалімдер, ата-аналар мен балалар арасында (әке-шешесінің рұқсатымен) сауалнама жүргізді. Анықтайтын мәселе көп", – дейді Евгений Цай.

Мектеп 1 млн теңгеге әртіс жалдамақ болған

Қоғамдық қорғаушы "мектеп директоры Әльфия Мұсаеваның әрекеттерінен экономикалық қылмыс пен кәмелеттік жасқа толмағандарды заңсыз жұмысқа тарту деректерін" көруге болады дейді.

"Бір ғана дерекке тоқталайын. Жаңа жыл қарсаңында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Анарбаеваның тапсырмасымен бастауыш сынып жетекшілері әрбір баладан 1000 теңге көлемінде ақша жинап, тапсырған. Сол ақшаға театр әртістері келіп, көрініс қояды десе керек. Жиналған ақша 1 млн теңгеден асады.

Бірақ, уәде етілген театр мамандары келмеген. 10-сыныптың балаларын және қаладағы №4 мектептің оқушыларын жалдаған. Әр баланың бір күндік еңбегі 1500 теңгеге бағаланып, екі күнге оқушыларға 50 000 теңге көлемінде сыйақы берілген.

Сонда, қалған ақша қайда?

Аниматор балалармен келісім-шарт жасалмаған, әрі ата-аналарының рұқсаты да жоқ. Бұл іске қатысты "Кәмелеттік жасқа толмаған баланы заңсыз еңбекке тарту" бабы бойынша ішкі істер департаментіне арыз түсірдік".

Евгений Цай 5 маусым күні өтетін азаматтық сотта №67 мектеп ұстаздарының құқығын қорғап, олардың атынан директорға қатысты қарсы шағым түсіретінін хабарлады.

Ал ұстаздар соттың әділ өтетініне үміттіміз деп тарасты.

Оқу жылында дау-дамайдан көз ашпаған мектеп ұжымы жаз бойы соттасумен жүретін болды

Астанадағы бұл мектептегі дау-дамай туралы бұдан бұрын да жазғанбыз. Қалалық Білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің қатысуымен өткен жиналыста мектеп ұстаздары "жұмысқа орналасу үшін бұл мектептің директор орнатқан ставкасын төлеу керек" деп мәлімдеген болатын.

Директор бұның бәрі жала деп, өз уәжін айтып, дәлелдеуге тырысты. Басқарма басшысы Жанғозин әрбір ұстаздан оқу жылының басында жиналған 2000 теңгені қайтарып беруді директорға қатаң тапсырған-ды.

Ал, ұстаздар ол ақшаны директордың қайтармағанын, орнына белгісіз бір компанияның сертификатын қолдарына ұстатқанын кешегі баспасөз мәслихатында айтты. Олар әділдік үшін соттасуға дайынбыз деп отыр.

"Біздің де балалармыз, оқушыларымыз бар, ата-анамыз және басқа мектептегі әріптестеріміздің барлығы бізге үміт артып, қарап отыр. Жаз бойы демалмасақ та, соттасып, өзіміздікін дәлелдеуге тырысамыз. Сот әділ шешім шығарады деген үміттеміз", – дейді №67 мектеп ұстаздары.

Айта кету керек, мектеп-гимназияның директоры Әлфия Мұсаеваның "ар-намысыма күйе жақты" деп, мұғалімдерінен 1 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы өтініші 8 маусымда өткен сот отырысында қанағаттандырылған жоқ. Судья моральдык шығын талап ететін негіз жоқ деп тапты.