Арбаға таңылып отырып, екі сәби сүйді
Айсұлу Асан – сынақтан тұратын жалған дүниенің сынына ұшыраған жанның бірі. Кейде жүрегінің түкпіріндегі жан жарасын қозғағысы келмейді. Бірақ, аяқ-қолы балғадай адамдардың бордай езілетінін көргенде, оларды өзінің басынан кешкен өмірі арқылы жігерлендіргісі келеді. Өмірдің тауқыметін тартса да, сынбады, қасқайып қарсы тұра алды.
Апат айтып келмейді
Айсұлу 21 жасында академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін "журналистика" мамандығы бойынша бітірген соң, күйеуге шығады. 2004 жылы жол апатына ұшырағанда тұңғыштары жеті айлық қана болған екен. Сәбиді періште қаққан болар. Қазір Айымның жасы 14-те. Ал Айсұлу...
"Жазмыштан озмыш жоқ". Өзінің сүйектері сынып, мойын омыртқасы қатты зақымданды. Айсұлудың қолын дәрігерлер сақтап қалғанымен, саусақтары икемге келмей қалды. Қазір сол қолының бас бармағы мен шүлдір шүмек саусағы арқылы мәтін тереді. Ал қалған саусақтарын басқа жұмыстарға пайдалана алады.
Бірнеше күрделі отаны бастан өткерді. Бірақ, аяғына тұрып кете алмады.
"Мүмкіндігі шектеулі" адамның ішкі әлемі шектеусіз
Ол Қарағанды облысы, Шет ауданы, Сәкен Сейфуллин кентінде тұрады. Отбасын құрғанына 15 жыл болды. Бүгінде жұбайымен бірге екі қыз, бір ұл өсіріп отыр. Жолдасы кәсіпкерлікпен шұғылданады.
Көлік апатына ұшырағаннан кейін алты жылдан соң шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелді. Бірінші топ мүгедектігі барына қарамай, Айсұлу ұрпағын көбейтуді ойлады. Дәрігерлер қиын болатынын алдын ала ескертіпті.
– 18 күн бойы күйеуімен бірге бір палатада жатқан мүмкіндігі шектеулі әйел – перзентхана үшін тосын жағдай. Баласын емізе алмай отырған әйелді көргенде перзентхананың қызметкерлері түсіністікпен қарады. Біреуі іштей есі ауысқан деген шығар, енді бірі оның қайсарлығына таң қалуы мүмкін. Екеуі де емес. Жәй ғана өмірімді махаббат пен қамқорлыққа толтырғым келді. Төрт қабырғада еңсеңді басар ауыр ойлардан арылудың бірден бір жолы – бала. Сонымен қатар жолдасыма ұл сыйлағым келіп еді. Күйеуімнің қолдауының арқасында өмірге басқа көзқараспен қарай бастадым. "Көз – қорқақ, қол – батыр" деп қазақ бекер айтпаған. Қазір Қасылқастың жасы – сегізде. Қолқанатым болып отыр, – деп Facebook парақшасында ішкі толқынысымен бөліскен.
Үшіншісіне жүкті екенін Германияда білген
2011 жылы Германия қаласына емделуге барып, аяғының ауырлап қалғанына бес апта болғанын біліп қайтады. Біреуінен соң үстемелеп берген Алланың сыйы деп ерлі-зайыптылар бұл жаңалықты қуана қабылдайды. Сонымен отызды еңсергенде тағы бір сәбиді дүниеге әкеледі. Қазір Мерейдің жасы – алтыда. Үнемі анасының көңіл-күйін көтеруді ойлап жүреді екен.
"Балаларды өсіруге ата-енем көмектесті"
– Ата-енеммен бірге тұрамын. Сол кісілердің көмегінің арқасында, балаларым өсіп қалды. Әрине, оңай емес. Көтерген кезде де қиын болды. Арбаға алдыма алып алатынмын. Адамның басына түскен қиыншылыққа қарай икемделеді екен. Ет үйренгендіктен бе, кенжемді сәл де болса жеңіл босандым. Қайын апаларымыздың үйлері бізге жақын орналасқан. Әрқайсысы кезек-кезек келіп, көмектесіп кететін. Сондықтан, өзім сияқтыларға "сіздер жалғыз емессіздер, айналаңызда қол ұшын беретін жанашырларыңыз бар ғой, ештеңеден қорықпаңыздар" деп, ерік-жігерлерін қайрап отырамын.
Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанның арқасында қаншама қиындықты еңсердік. Бір тіземе біреуін, екінші тіземе екіншісін отырғызып алатын едім. Енді қазір балаларым жұмсағанға жарап қалды. Мен оларға ана мейірімін сыйлап едім, енді олар өзіме көмектесіп жүр. Біреуі сабақта болғанда, біреуі қасымда болады.
Олар: "Бізді туғанда осы арбада отырған ба едің?" деп сұрайды. Балаларымызға ештеңені де жасырмай айтамыз, – дейді Айсұлу.
Тамақты Айсұлудың өзі де, енесі де істейді
Ол өзінің икемсіз саусақтарына пышағы мен шәйнегін лайықтап алған. Енді қазір тамақты да, түрлі-түрлі тәттілерді де өзі пісіре береді. Үйді сыпырып, тіпті еденді де жуады.
"Дүкенге барғанда маған бәрі қарап қалады"
– Өзге отбасылардан ерекшелігіміз – тек сыртқа шыққанда барлығының назары бізге ауады. Біз де үй жинаймыз, тамақ істейміз, сабақ оқимыз, қыдыруға барамыз. Айына кем дегенде екі рет қаладағы дүкенге барып қайтқанды жөн санаймын. Ол кезде электр қуатымен жүретін арбамен шығамын. Алақаныммен дөңгелегін итеріп отырамын. Азық-түліктердің, киімдердің бағасын біліп, үйге қажетті тауарларды таңдаймын. Балаларым оларды қоларбаға салса, жолдасым ақшасын төлейді. Тек балаларыммен баратын болсам, өзім төлеймін. Арнайы ойын алаңдарына апарып, қыдыртамын. Менің аяқ-қолым – жолдасым мен балаларым, – дейді Айсұлу.
Қайын атасы үйінің алдына сырғыма баспалдақ жасап бергелі, сыртқа шығып таза ауа жұтуына мүмкіндік туыпты."Мен бір күнде "мықты" болып кеткен жоқпын"
– Көлік апатынан кейін бес жыл уақытым текке кетті. Кенеттен мүмкіндігі шектеулі болып қалған кез-келген адам торығуы көп мұндай күйзелісті кезеңді бастан өткереді. Психологиялық тұрғыдан өзімді басқара алмадым. Ол кезде "қалай өмір сүретінімді" елестете алмаған едім. Қазір қайсар әйел атанып отырмын. Бірақ, бұл күнге жетудің өзі оңай болған жоқ. Мен бір жыл төсекке таңылып жаттым. Түрлі оталарды бастан өткердім.
"Қалауын тапсаң, қар жанар"
– Қайғырудан, өмірге наразы болудан қажып кеткендіктен, амалын іздедім. Таптым. "Өлім аузынан аман қалған екенмін. Енді өмір сүруім керек" деген байламға келдім. Содан кейін ғана сәби иісін иіскегім келді. Арбаға таңылып отырып, біріншісін босанған соң, екіншісіне де өмір сыйлай алатыныма күмәнданған жоқпын.
Балаларым аяқтанған соң, келесі қадамымды ойлана бастадым. Енді не істеу керек? Өзімнің жаныма жақын, рахаттанып іске кірісетін жұмыс іздей бастадым.
Мұның бәрі оңай емес. Күнделікті қажырлы күреске толы сатылардан өткендер ғана белгілі нәтижеге қол жеткізе аласың.
Әрине, "Мемлекеттен берілетін жәрдемақы аз. Ештеңеге жетпейді" деп, арбаға таңылған күйі қол қусырып қарап отыра беретін болсаң, ешқандай белесті бағындыра алмайсың, – дейді Айсұлу.
Осы тұста денсаулығында міні жоқ жандардың жұмыссыз жүргендігін ойлайсың. Жер басып жүрген қаншама адамның сан түрлі тағдыры бар. Бірі денсаулықтың қадірін түсінсе, енді бірі бір сәттік ләззат үшін нәпсіге еріп, өз ағзасын улаумен әлек.
"Жұмысты ресейлік сайттардан таптым"
Айсұлудың журналист мамандығын алғанымен, еңбек өтілі жоқ еді. Сонда да ештеңеге қарамай қашықтықтан істейтін online жұмыстарды іздестіре бастайды. Бастысы – табатынына кәміл сенді. Тапты да.
2014 жылы ресейлік бірнеше сайтта фрилансер болып қызмет атқарады. Жалақысы аз болғанымен біраз нәрсені үйренеді. Өйткені, жарқын болашаққа ұмтылған жас өмірін өзгерткен апаттың кесірінен еңбекке араласып үлгермеді. Ал университетті бітіргеніне 10 жыл болып кетті. Осы аралықта журналистика мүлдем өзгерді. Электронды форматқа көшті.
Қайсар қыз мойымай әлеуметтік желілердегі түрлі топтарға жазып, жұмыс іздеуін жалғастыра берді. Тағы бір сайт видео-сұқбаттардың мәтіндерін баспаға түсіретін қызмет ұсынады. Келісімін беріп, аянбай еңбек етіп, еңбек өтілін қалыптастырып алады.
Арбада отырсаң да, шетелге ұшып барудың еш қиындығы жоқ
– Бұрын күйеуім мені шетелге емдетуге апаратын. Кейіннен демалу үшін де барып қайтатын болдық. Арбада отырсам да Ресей, Қытай, Германия, Түркия елдерін, Дубайды аралап шықтым. Арбамен де ел аралауға болатыны жөнінде әлеуметтік желідегі парақшама түрлі лайфхак жаза бастадым. Әуе компаниясына ұшар алдында айтып қойсаңыз, арнайы қызметкері бастан-аяқ жаныңда жүреді. Көлдерге барғанда, дөңгелек шарлардың көмегімен суға шомыламын. Айналамдағы жұрт маған таң қалып қараушы еді.
Саяхат – мүмкіндігі шектеулі жандарға таптырмас ем. Көрмеген жерлерге барып, тау-тастарды, табиғатты аралап, жаныңа шипа табасың. Арбаға таңылғандардың басым көпшілігі саяхаттауға жүрексінеді, қорқады. Діттеген жеріңе ұзақ ұшудан, ыстықтан, бағасының қымбаттығынан шетелге шығудан бас тартады. Бірақ күнді, теңізді, құмды көргенде бәрін ұмытып кетесің. Өмірімізде басқа әлемді де көруіміз керек қой.
Осылай мәскеулік "Everland" компаниясына тап болады
– Алдымен "Arzhan" қоғамдық қоры менің әлеуметтік желідегі жазбаларымды байқап, Алматыдағы халықаралық туризм конференциясына шақырды. Күйеуіммен бірге жолақысын төлеп, бес жұлдызды қонақ үйден орын алып берді, – дейді Айсұлу.
Екі жыл қатарынан осындай конференцияға қатысып, басшыларымен, қызметкерлерімен етене танысады. Олар бірде Мәскеудегі мүгедектерге арналған Everland компаниясы туралы айтады. Айсұлу бірден өтініш жазып, 2016 жылы күзде тағылымдамаден (стажировка) өтеді.
Жоғары оқу орнын бітірген, еңбек өтілі бар, жаза алатын, мүмкіндігі шектеулі журналистер некен-саяқ. Тағылымдамада жүрген төрт адамның екеуін таңдапты. Соның бірі – Айсұлу еді. Барлық шарттарына сай келгендіктен, жұмысқа шақырады. Бір жыл штаттан тыс жұмыс істейді.
Қазір штаттағы қызметкер. Айлық жалақысы – 160 мың теңге. Қосымша мемлекеттен берілетін 50 мың теңге жәрдемақысы және бар. Еңбек демалысына да шығады. Барлық жұмысын үйде компьютер арқылы жасайды. Өзіне ыңғайлы. Денсаулығы сыр берген күндері жұмыстан сұранады. Өзі тағдырлас екі адамды тартып, сол жерге жұмысқа орналасуына себепші де болыпты.
Айсұлу – контент маманы
Мәтіндерді сол қолының бас бармағы мен шүлдір шүмек арқылы пернетақтаны жылжыта отырып жазады. Ол:
- Журналист;
- Пиаршы;
- SMM-маманы;
- Дизайнерлік жұмыстардың мәтіндерін жазып, қызметкерлерді, тағылымгерлерді оқытады. Тұтынушының кез келген тапсырысын орындауға сақадай сай.
– Қазір қол жетпейтін нәрсе жоқ. Бәрі көз алдыңда. Сөйлей алатын мүгедектер болса, арнайы call-орталықтар бар. Ғаламторды түртіп қалсаңыз, не керек шыға келеді. Мотивация беретін видеосабақтар жетерлік. Түрлі бағдарламаларды көшіріп алып, үйренуге болады. Ең бастысы – ниет керек.
"Арбаға таңылдым деп денемен алысқанша, миыңды жұмыс істеткіз"
– Арбада отырған жандар тек қана массаж алумен айналысса, онда оның өмірін өзгертуге уақыты жоқ. Ауруханадан ауруханаға сабылып жүретін болса, қай кезде жұмыс істейді? Ойының бәрі – жансыз денені жандандыру. Егер дәрігер оның ауруын ешқашан жазылмайды дейтін болса, денемен алысудың қажеті шамалы. Рухани жақты, ары қарай қалай өмір сүру керектігін ойлау керек. Бойыңдағы қабілетті оятып, жұмыс табатын болса, ойының бәрі басқа нәрсеге ауып, қапалануды қояр еді. Жұмыс – тек ақша табу емес қой. Менің мақсатым – нағыз маман болып қалыптасып, күнде бір нәрсе үйренуді көздеймін. Таңнан кешке дейін төрт қабырғада қамалып, ештеңе істемей, қоғамға ренжи бергеннің несі қызық? Одан да біреуге пайдаң тисе, өзіңді бақытты сезінесің.
Мұның бәрін маған қазір айту оңай шығар. Басында мен де қаншама күрделі сатыдан өттім. Қазір IT-технология дамыған заманда бәрін үйде отырып үйренуге болады. Жоғары білімі жоқ болса, арнайы оқу орындарында оқып алуға мүмкіндік жетерлік. Болмай жатқан күннің өзінде тоқыма тоқып, әшекей жасап, торт пісіріп те нәпақа табуға болады ғой, – дейді Айсұлу.
Адам –тек құлқынның ғана қамын күйттейтін мақұлық емес. Біле білгенге шектеулі мүгедек дегендердің алға қарап, ұмтылғандарының алдына шексіз мүмкіндік бар. Тек бір орында тоқтап қалма.