Ангинадан айығу үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі
Ангина көмекейдегі бадамша безінің қабынуынан туындайды. Тілдің екі жағындағы көмекейдегі без ағзаға түрлі бактериялар мен вирустарды түсірмей, тыныс алу жолынан сүзіп алып қорғайды. Бірақ кейде бұл қорғаныс безі инфекцияның асқынуына төтеп бере алмай, қабынады. Салдарынан адамның тамағы іріңдеп, қатты ісініп, тыныс алу жолдарын бітейді. Сондықтан, ангинадан тұншығып қалу қаупі бар. Медицинада бұл ауруды тонзиллит деп атайды.
Ангинаның алғашқы белгілері:
- Тамақтың қызарып, айқын ісінуі;
- Бадамша безінде ақ ірің пайда болуы;
- Дене қызуының 38,5 градусқа көтерілуі;
- Әлсіреп, дененің қалтырауы;
- Мойындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы және ауырсыну сезімінің болуы;
- Жөтелдің болмауы.
Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?
Егер осы белгілердің кем дегенде екеуі байқалса, онда науқастың ангинаға шалдыққан болуы мүмкін.
Ангинаның пайда болу себептері:
- Вирустар. Егер дәрігер сізде вирустық ангина бар деген қорытынды жасаса, онда ағзаңыз инфекцияларға қарсы тұра алады;
- Бактериялар. Дәлірек айтсақ, А тобындағы стрептококк. Егер бактериялы тонзиллит анықталса, дәрігер антибиотик тағайындайды;
- Тісжегі. Тіс жегісінен пайда болған инфекция ангинаның туындауына себеп. Ангинаның бұл түрі көбінесе балалар арасында кездеседі;
- Дұрыс тамақтанбау, иммунитеттің төмендеуі.
Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі
Төмендегі белгілер пайда болса, шұғыл түрде жедел жәрдем қызметін шақырған жөн:
• Тыныс алудың қиындауы;
• Тілдің не мойынның ісінуі;
• Мойын және жақ бұлшықеттерінің ауыруынан ауызды ашудың қиындауы;
• Сілекейді жұту мүмкін болмай, оның ауыздан еріксіз ағуы.
Ангинамен 15 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Тонзиллиттің қаупі жыныстық жетілуден кейін төмендейді. Сондықтан бұл сырқат ересек адамдарда сирек болады. Балалар ангинамен сырқаттанғанда дер кезінде емдеу керек. Әйтпесе бұл қауіпті дерт өлімге әкелуі мүмкін.
Ангинаны қалай емдейді?
Тамақ іріңдеп, қатты ісінбеген болса, бұл ангинаның жеңіл түрі. Ол ерекше емді қажет етпейді және өздігінен 7-10 күнде жазылады. Ал созылмалы бактериялық тонзиллит анықталған кезде міндетті түрде дәрігердің нұсқауы бойынша емделген жөн.
Оқи отырыңыз: Көзілдірік және линза: қайсысын таңдаған дұрыс?
Ангинамен сырқаттанғанда көбірек тыныққан пайдалы. Одан бөлек, дәрігерлер келесі кеңестерді есте ұстаған жөн екенін айтады:
- Ауырсынуды басу үшін температурасы өзіңізге ыңғайлы жылы сусын немесе балмұздақ жеңіз.
- Шайнауды қажет етпейтін сұйық сіңімді тағамды тұтыныңыз. Олар жұтынған кезде тамақты ауыртпайды.
- Тамағыңызды жылы тұзды сумен шайқаңыз. Егер ауру шыдатпай бара жатса, ибупрофен және парацетамол негізіндегі препараттарды қабылдауға болады.
- Құрамында бензокаин немесе басқа анестетиктер бар кәмпит дәріні сорыңыз.
- Жұтқыншақтағы аурудан арылту үшін спрейді қолдануға болады.
- Бөлмені ылғалдандырыңыз.
- Ангинамен ауырған науқасты оқшаулап, бөлек ыдыс, бөлек қол орамалын берген жөн. Науқастың ас ішкен ыдысын мұқият жуып, 10 минуттай қайнатып алу өте маңызды.
Ангинаны үй жағдайында емдеу жолдары:
- 5 ас қасық ұнтақталған қырықбуынды 1 стакан қайнаған суда 15 минут тұндырып, жылы күйінде тамақты жиі-жиі шаю;
- Бір уыс пияз қабығын жарты литр суға салып, шамалы қайнатып тұндырып, салқындағанда сүзіп алып, жылы күйінде тамақты шаю;
- Кептіріліп ұнтақталған жолжелкен жапырағын 200 мл қайнаған суға салып, 30 минут тұндырып, осы тұнбаға 1 ас қасық бал араластырып, жылы күйінде тамақты сағат сайын шаю;
- 5 грамм прополисті 10 минуттай шайнау;
- Лимон қосылған жылы шай, бал қосылған жылы сүт, минералды су, жылы компотты жиі ішу.
Оқи отырыңыз: Жөтелді үй жағдайында қалай емдеуге болады?
Ангинаны дер кезінде емдемей, асқындырған жағдайда денсаулығыңызға айтарлықтай зиян тигізеді:
- Құлақ қабынады;
- Құлақ ішінде хирургиялық жолмен ғана жоюға болатын іріңдер жиналады;
- Жүрек жұмысына кері әсер ететін ревматизмге әкеледі;
- Бүйрек жұмысын бұзатын гломерулонефрит пайда болады;
- Буын ауруын туғызады.